ЗАҢГЕРЛЕР ҚАРАШАҢЫРАҒЫ – ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

0
1959

 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті – еліміздегі ең үздік жоғарғы оқу орындарының бірі әрі бірегейі десек қате айтқанымыз емес. 83 жылдық тарихы бар білім ордасы әлі күнге дейін алдыңғы қатардан көрінумен келеді. Ректорымыз Ғ.Мұтанұлы өз сөзінде «Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Болон үрдісіне енуі аталмыш білім ордасын тәмамдаған студенттерге Болон Хартиясына мүше елдің кез-келгенінде жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді» деген болатын.  2003 жылы Болонья қаласында (Италия) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Нәтижесінде, ол Қазақстан мен Орталық Азия ЖОО арасында бірінші болып Орталық Азия аймағы университеттерінің әлемдік білім беру кеңістігіне тәжірибелік енуіне жол салды. Ал, бұл жетістікке дейін 2006 жылы университетіміз сапа саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығы лауреаты атанған мемлекет тарихындағы алғашқы ЖОО болған еді. Бұл да көптеген білім ордаларынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ін  жекелеп алып, «бірегей» деп атауымыздың бірден бір дәлелі болса керек.\r\n\r\n Білікті кадрлар даярлау ісі – университетке жүктелсе, студентті өз мамандығының шебері етіп шығаруда  әр факультеттің атқарар міндеті зор. Біз қызмет атқарып жүрген Заң факультетінің де еңбегі осы тұста елеусіз қалмасы анық. Себебі, заң және әділет қалыптаспаған мемлекеттің кемелді келешегі күмәнді болмақ. Мемлекеттік маңызы зор деп табылған мамандық – заңгерлердің қарашаңырағы осы оқу ордасы.  61 жылдық тарихқа ие факультет осы күнге дейін 36 мыңға жуық құқық саласындағы мамандарды, яғни сот, прокуратура, ішкі істер органдары мен мемлекеттік қауіпсіздіктің жоғары білікті жауапты қызметкерлерін, нотариустарды, адвокаттарды, заңгерлерді дайындап шығарды. Әр жыл сайын факультеттің 20-ға жуық оқытушылары шет мемлекеттердің оқу орындары мен ғылыми орталықтарына барып, ғылыми тәжірибеден өтеді. Бұл мемлекеттердің қатарында Ұлыбритания, Тәжікстан, Италия, Түркия да бар.\r\n\r\nДекан  Байдельдинов Дәулет басшылық етіп отырған факультетте бүгінде  4 кафедра жұмыс істейді. Олар:\r\n\r\n1) Мемлекет және құқық теориясы және тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасы\r\n\r\n2) Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасы\r\n\r\n3) Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы\r\n\r\n4) Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы\r\n\r\n Әр жылы факультетімізде студенттердің білімін саралап, оқу саласындағы ынта-жігерін арттыру мақсатында дәстүрлі түрде халықаралық және республикалық конференциялар мен олимпиадалық сайыстар өткізіліп тұрады. Соңғы жылдары Заң факультеті университет көлеміндегі ғылыми, мәдени шараларда белсенділік танытып, ұжымның бірлігінің арқасында жиі көзге түсіп жүр. 2015 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті Тәуелсіз аккредитация және рейтинг агенттігі рейтингісінің ЖОО- қатысушылары арасында бакалавриаттың 5В030100-Құқықтану мамандығы бойынша 1 орынды иеленсе, аталған жылы факультетіміз «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік факультеті байқауында» 2-ші орын тұғырынан көрінді.\r\n\r\n  Үлкен жетістіктерге ие осы факультеттің студенті атанамын десең, асық, талапкер! Заңгер мамандығы қашанда сұранысқа ие, классикалық үлгідегі мамандық болып қала береді. Қазақ Ұлттық Университеті – жарқын келешегіңнің кепілдігі. Халық Қаһарманы Б.Момышұлы атамыз  «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ер болмайды» дейді. Тәртіп пен заң бір ұғым. Отанымыздың тәртібі мен заңына үлес қосар айбынды азамат пен азаматшаларды оқуға шақырамыз!\r\n\r\n \r\n\r\nЗаң факультеті, Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы Худайбердина Гүлнұр, оқытушы Калкашев Нұрсұлтан


ПІКІР ҚАЛДЫРУ