Аналардың отбасы мен бала тәрбиесіндегі орны

0
1891

Жас ұрпаққа берілетін кез-келген тәрбие түрінің өзегі отбасынан, ата-ананың тәрбиесінен бастау алады. Яғни, алғашқы тәрбиенің алтын ұясы-отбасы.  Ал отбасы тәрбиесінің басы-қасында ана, әже, келін тұр емес пе?

Келіннің жақсы болуы енемен арадағы қарым-қатынасқа да байланысты. Егер екеуінің арасында ұлы Абайдың асыл әжесі Зере мен анасы Ұлжан арасындағыдай шынайы сыйластық болса, әрбір қазақтың қарашаңырағында ұлтын ұлықтаған, үлкенін қадірлеген көргенді ұрпақ қанат жаяры анық.

Қазақ халқы қашанда қыз баланы алақанға салып аялап өсіріп, шаңырақтың ұйытқысы бола алатындай дәрежеге жеткізуге айрықша мән берген. «Қыздың жолы жіңішке» деп, әр қадамын бақылау мен електен өткізіп, бағыт-бағдар беріп отырған. Бүгінгі қыз бала – ертеңгі келін, ошақ иесі, отбасының ұйытқысы ғой. Сондықтан да мектеп бағдарламасында қыз тәрбиесі құндылықтарын  меңгерту — әрбір сыныптың тәрбие жоспарына енгізілген.

Қазақтың ең жанды жерінің бірі- тілі. Ана тілінен мейірі қанып ішпеген бала ұлтының жоғын жоқтай алмайды. Балалар оз ойын ана тілінде  толық та шұрайлы тілмен жеткізіп бере алмайды. Бүгінгі аналар мен әжелер, аталар немерелеріне ауыз әдебиетінің озық үлгілері- ертегі оқып, жыр- дастандарды құлағына құйып, Тазша баланың 40 өтірігіндей бай мұраны, шешендік сөздерді үйретсе ғана тіл шұрайлығы бай, ойы терең ұрпақ алдындағы парызымыз өтелер еді.

Дастархан — әйелдің әйелдігін танытады. Осы орайда қазақтың ұлттық тағамдары : ірімшік жасау, сүзбе дайындау, қарынбүрме пісіру, жент дайындап, талқан тартып, қазы айналдырып, қой үйіту жолдарын келіндеріне үйретер Енелер  өнегесін насихаттауға көңіл бөлінсе дейміз. Жергілікті баспасөз беттерінде «Ұлттық тағамдарды даярлау» рубрикасы ашылса да тиімділігі артар еді.

«Жақсы бол, жақсы бол» дегеннен бола қалса жер бетінде жаман адам қалмас еді. Тәрбие айтқаннан емес, үлкендердің іс-әрекетін қабылдау арқылы сіңіріледі емес пе?

Отбасындағы ынтымақ, ауызбіршілік, сыйластық аурасын көріп өскен бала өнегелі, кішіпейіл болып өседі. Имандылықтың алтын арқауы —  Қасиетті дініміз арқылы беріледі. Балалардың мешіттерден дәріс алуға көптеп тартылуы да құптарлық іс. Обал-сауапты, арам-адалды біліп өскені  ғанибет қой. Аза бойың қаза болар қасіретті жағдайларға, өзегіңді өртер өкініштерге  саналы түрде бармас еді. Қазір отбасылы әйелдер арасында да жеңіл жүріске салыну, арақ ішу, темекі тарту, қыздардың төбелесі, оң жақта отырған қыздың некесіз бала туу- тастап кету жағдайлары Аналардың өз міндетіне салғырт қарауынан туындап отыр.

Көшеде болсын ,мейлі мейрамханада болсын, мейлі көзбен көрген оғаштықтарға үлкендер мән беріп, назар аударып, үлкендігін айтса, санасыздың санасында саңлау қалмас па еді…

Тентегін тезге салған ата жолымен әр әулеттің Ақсақалдар алқасының ортасына салуды тапсырса, мұндай келеңсіздіктер болмас па еді…

«Жақсы бала есіктегі басыңды төрге сүйрейді», «Сүйер ұлың болса ,сен сүй, сүйінерге жарар ол» дегендей, отбасы тәрбиесінің жемісі әулетіңнің абыройын асқақтатып, мәртебеңді көтеретіні хақ.

Кулымбетова Асмагуль

Аудандық білім бөлімі әдіскері

Қызылорда облысы, Жаңақорған кенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ