Пунктуация туралы жалпы мағлұмат

Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Жоспар:

I. Кіріспе бөлім: Пунктуация туралы жалпы мағлұмат.

II. Негізгі бөлім: а) Пунктуацияның қолданылу тарихы.

ә) Тыныс белгінінің түрлері және оларды дұрыс

қолдана білу.

б) Пунктуация ережелері.

в) Пунктуацияны мектепте оқыту.

III. Қорытынды бөлім: Қорытындылау.

Пунктуация жазуда қолданылатын тыныс белгілерінің құрамын атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналарын және оларды қолдану ережелерін зерттейді. Пунктуация – латынның «пунктум» деген сөзінен алынған. Пунктумның мағынасы – нүкте. Қазіргі уақытта пунктуация тіл білімінің тыныс белгілері туралы, оларды қолдану ережелері ілім деген мағынаны білдіреді. Тіл дыбыстарының таңбалары сияқты, тыныс белгілері де графикалық шартты белгі болып табылады. Бірақ шартты белгі болғандарымен, атқаратын қызметтері жағынан да, қолданылатын орындары жағынан да бұл – екі бөлек категория.

Әріп сөздің және оның формасының жеке дыбыстарын таңбалайды. Сондықтан ол — сөздің бір бөлшегі, жеке бір элементі болып есептеледі, де лексика мен морфологияға байланысты болады, яғни әрбір жеке сөзде қолданылады. Ал тыныс белгісі олай емес. Ол жеке дыбыс түгіл, тұтас сөзбен де беруге болмайтын күрделі ұғымды білдіреді. Мағыналарының күрделілігі жағынан алғанда, тыныс белгілері жазу тілінің көнерек заманында қолданылған пиктографиялық немесе идеографиялық белгілер тәріздес. Қолдану орны жағынан алғанда,тыныс белгілері, әріп сияқты, сөзде емес, сөйлеуде, сөйлемде қолданылады. Сөйлеудің, сөйлемнің қандай бөлшектерден құралғандығын, оларды қандай ырғақпен, қандай мәнермен, қандай сазбен оқу керектігін, қай жерде үзіліс, қай жерде кідіріс барлығын байқату қызметін атқарады. Сондықтан пунктуация сөйлеуге, сөйлемге, яғни синтаксиске, байланысты қолданылатын категория болып табылады.

Пунктуация, емле сияқты, дұрыс жазудың, жазылғанды дұрыс оқып, дұрыс түсінудің құралы.

Пунктуация жазылған мәтіннің мазмұнын, негізгі ойды дұрыс түсінуге, оны мәнерлеп оқуға мүмкіндік жасайды. «Пунктуацияның негізгі қызметі – сөйлемді жазуда ойды беруге қатысты бөліктерге бөлуді нұсқау», — дейді С.И.Абакумов. Яғни пунктуация тілдің басқа элементтері сияқты жазуда ойды дұрыс беруге қызмет етеді. Пунктуацияны игеру – адамның сауаттылық мәдениетін арттырады. Мектеп оқушыларының тыныс белгісін еркін қоюын қамтамасыз ету үшін мұғалімнің пунктуациялық іскерлігі болуы тиіс. Ондай іскерлікті пунктуацияны оқыту оқыту әдістемесі қарастырады.

Пунктуация – адамдар арасында қатынас құралы қызметін атқаратын жазу тілінің маңызды бір саласы. Сондықтан жалпы тіл, қала берді жазу тілі сияқты, пунктуация да жалпы халықтық болып табылады. Оны қолдануда болсын, оқып тануда болсын жалпы халық таныған заң, ережелер басшылыққа алынуға тиіс. Олай болмаған жағдайда, пунктуацияның әрбір белгісінің мәнін, атқаратын қызметтері мен қолданылатын орындарын тануда, білуде жазушылар мен оқушылар арасында бірлік болмаған жағдайда, тыныс белгілері өзінің қатынас құралылық қызметін атқара алмайды. Егер ол жазу практикасында орныққан, көпшілікке танылған заң, ережелерге сай болмай, теріс қолданылса, оқуды, түсінуді жеңілдету былай тұрсын, қайта оны қиындатады, теріс ұғымның, теріс түсініктің тууына себепші болады.

Жазғанды, айтқан ойды басқалар қалай қабылдайды дегенді әр уақытта естен шығармаған жөн.

Сөздерді дұрыс орналастырып айтпасақ, тыныс белгілерімен дұрыс бөліп жазбасақ, айтайын деген ойың теріс беріледі.

Пунктуация жазу тілінің дамуымен, әсіресе баспа ісінің дамуымен тығыз байланысты. Бірақ ол жазу тілімен бірге туып, әрдайым онымен қатар жасап келе жатқан категория емес. Тыныс белгісінсіз де жазу болған. Жазудың пикторграфиялық және идеографиялық түрлерінде жеке сөйлемге, жеке сөздерге сараланбай жүрген тізбекті жазу дәуірлерінде ешқандай тыныс белгісінің де және оған мұқтаждықтың да болмағандығы мәлім.

Тыныс белгісі – жазу тілінің жазу мәдениетінің, әсіресе баспа ісінің, дами түскен кейінгі дәуірінің жемісі. Баспаның өркендеуі, оның халық арасына тарап, оқушылар санының артуы жазу мәдениетінің көтерілуін, жазудың жалпыға бірдей ортақ заңдарға, ережелерге негізделіп, бір жүйеге келуін талап етеді. Жазылған пікір оқуға оңай, түсінуге жеңіл болуы үшін, түрлі ықшамды ұсақ бөлшектерге бөлу, әр бөлшектің бір-бірімен мағыналық қатынастарын көрсету қажеттіктері туады. Сол қажеттіліктен келіп, тыныс белгілері пайда болады.

Жазу мәдениеті дамуының қазіргі сатысында тілдерде тыныс белгілерінің түрі де, атқаратын қызметтері де әр алуан. Бірақ солардың бәрі бір мезгілдің ішінде, бірден пайда бола қалған емес. Жалпы жазу тілі сияқты, тыныс белгілері де, оларға байланысты заң, ережелер де бірте-бірте дамып, жетіліп отырған. Алғашқыда тыныс белгілері жазылған пікірді әр түрлі мәнді бөлшектерге бөліп тұру функциясында ғана қолданылған. Сонымен бірге, олар түр-тұрпаты жағынан да, қызметі жағынан да қазіргі тыныс белгілерінен өзгеше болған.

Орыс тілі пунктуациясын зерттеген ғалымдар орыс тілінің қолжазба түрінде сақталған ертеректегі жазу нұсқаларында сөйлеудің әрбір мағыналы бөлшектерінен кейін, көбінесе жеке сөздерден кейін, нүкте немесе бірнеше нүктеден құралған ромбик, қос нүкте тәріздес түрлі белгілердің қойылғандықтарын және олардың өздері де белгілі бір заңға, ережеге негізделмей, еркін қолданылатындықтарын айтады. Дәл осы тәріздес жағдай түркі тілдерінің көне замандардан қалған жазу ескерткіштерінде де кездеседі.

Біздің жыл санауымыздың V- VІІ ғасырлары шамасында жазылып сақталған Орхон-Енисей жазулары деп аталатын ескерткіштердің кейбіреулерінде әр сөзден кейін қос нүкте тәрізді белгі қойылса, кейбіреулерінен кейін төрт нүктеден құралған ромбик тәрізді белгі қойылып отырған. Ал араб әрпімен жазылып сақталған ертеректегі қиссаларда, дастандарда өлең жолдары арасына қойылған, тіліміздегі қазіргі графикалық белгілердің бірде-біріне ұқсамайтын түрлі белгілер кездеседі. Бұл жағдайлар тыныс белгілерінің бастапқы функциясы сөйлеуді тек әр түрлі мәнді бөлшектерге бөлу ғана болғандығын, бөлуші белгілердің түр-тұрпат жағынан қазіргі белгілерден өзгеше болғандығын байқатады.

Қазіргі заманда тілдерде кездесетін тыныс белгілеріне тән тағы бір қасиет – олардың интернационалдығы.

Тыныс белгілері түр-тұрпаты жағынан да, мағыналары мен функциялары жағынан да тілдердің басым көпшілігінде біркелкі болып келеді.

Қазақ тілінің пунктуациясы кенжелеп туып, кеш дамыды. Октябрь революциясына дейін белгілі бір жүйеге келтірілген, көпшілікке танылған пунктуациялық заң, ережелер болған жоқ. Ол уақыт үшін пунктуациялық ережелердің болмауының өзі де табиғи нәрсе еді. Өйткені тыныс белгісі баспасөз үшін керек. Ал пукнтуацияның тууына, оның дамуына ең бірінші қажеттілік болып табылатын баспасөз Қазақстанда тек совет дәуірінде ғана етек алып дами алды. Респуликамызда баспасөздің дамуы, оның бүкіл халық илігіне айналып, оқушылар санының артуы жазу мәдениетінің, сауаттылықтың шешуші бір саласы болып табылатын пунктуация мәселесін ғылыми негізде қалыптастырып реттеу міндетін қойды.

Қазақ тілінің қазіргі графикасында, баспасөз тәжірибесінде ғылыми негізде қалыптасып орныққан, тұрақты жүйеге келтірілген әрқайсысының қолданылатын орындары, атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналары айқындалған тыныс белгілері бар. Құрамы, атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналары жағынан қаза тілі графикасындағы тыныс белгілерінің басқа тілдерде қолданылатын тыныс белгілерінен ешқандай өзгешелігі жоқ. Яғни тыныс белгілеріне тән интернационалдық қасиет қазақ тілі графикасында да берік сақталған.

Қазақ тілінің пунктуациялық жүйесі мен негіздері орыс тілінің пунктуациялық үлгілерін басшылыққа алу арқылы қалыптасты. Бас түркі тілдері де негізінде орыс тілінің пунктуациялық ережелерін басшылыққа алады. Орыс пунктуациясының жалпы теориялық жағынан танылуы ертеден басталды.

Жазуларында ешбір тыныс белгісінің қолданбайтын халық та бар дей келіп, Л.Н.Харитонов оған қытай, араб, монғол тілдерін жатқызған.

Жазуда тыныс белгілерінің алғашқы элементтері болмаса, қалыптасқан таңбалар жүйесі де, оларды қолдану заңдары да болмаған еді.

Түркі тілдерінің бұрынғы ерекшеліктерінде тыныс белгісі таңбасының алғашқы элементтері кездеседі. Ол кездегі бар белгілер көбінесе тыныс белгісі қызметінен гөрі бір сөзді екініші сөзден айыру қызметін атқарған.

Қазақ тілінде шыққан алғашқы баспасөзіміздің бірі «Дала уалаяты» газетінің (1888-1902) тұңғыш шыға бастаған жылдарындағы нөмірлерінде де тыныс белгілерінің ешқайсысы қойылмайды. Кейде ұзақ күрделі ой немесе бір күрделі пікір біткенін білдіру үшін, екінші ой жаңа жолдан басталып жазылды. Бірақ ол абзацтар сөйлемдерді бір-бірінен ажыратуға себін аз тигізді. Тыныс белгілері қолданылмағандықтан, бас әріп болмағандықтан кейбір жазылған жолдарды ұғу, түсіну өте қиындық келтірді.

Бертін келе, 1894 жылдан бастап, газет кейбір сөйлемдердің жігін ажыратуға әредік сызықша (-), әр түрлі жұлдызшалар (*) сияқты шартты таңбаларды қолданады. Ондай жұлдызшалар сөйлемнің біткенін, дауыс үзілісін білдіретін тыныстық белгілер болғанға ұқсайды. Пікірміз дәлелді болу үшін, газеттен үзінді келтірейік:

«Байан ауылдық қазақ орыслары қазақлардың үстінан көб арыз бирады бізлерді қазақлар қағыб соғыб күн көрсатбайды диб – бұлармин сөйласіб китсак қазақлар ұры қазақлар залым қазақлар атұрдағыштар диб айта бастайды* бұған қарағанда қазақ мин қазақ орыслар бірүн бірі күндиб жау боб жатыр диб ойлауға болады оларда рас айтсақ мұндай нарсе болмаса керек* біз қазақлар қазақ орысларды жик көрмайміз жаңғызақ біздир өтірук жаладан ақтануға үмит итіб ойлаймыз ақ іс барча іслардан жоғары болса керек ғой диб* арамызда жаман айыбсыз адам жоқ диб таңбаймыз».

Жалпы әрбір тыныс белгісінің өзінің қолданылу, пайда болу тарихы бар. Мысалы: «Дүниежүзінде тұңғыш рет үтір белгісі (кіші тыныс белгісі) кітап бетінде XV ғасыр мен XVI ғасырдың арасында пайда болды. Оны алғаш рет кітапқа енгізген венецияның атақты баспаханашысы Альт Мануций еді. Бұл уақытқа дейін кітаптарды тек қана екі тыныс белгісі – нүкте мен қос нүкте ғана қойылады екен. Кітап соңына мазмұн жазуды да алғаш енгізген Мануций еді. Ол сонымен бірге кітаптың ірі әріппен терілген алғашқы бетін кітап дүкенінің маңдайшасына іліп қояды екен. Бұл дүние жүзіндегі алғашқы кітап жарнамасы еді». Ал тырнақшаның өзінің шыққан уақыты бар.

Профессор С.Е.Маловтың айтуынша, түріктердің Енисей жазуында қос нүкте – нүкте және тыныс белгісі есебінде жұмсалған.

Арғы кездерді былай қойғанның өзінде беріректе жазылған түркі тілдеріндегі арабша басылып шыққан кейбір кітаптардың өзінен бірде-бір тыныс белгісін кездестіре алмаймыз. Мәселен: 1915 жылы өзбек тілінде шыққан «Adab-us-Salixin», «Fatima Zuhra», 1984 жылы шағатайша басылған «Mir cali eir Nanai», 1911 жылы шыққан «Bahram dulandam», 1916 жылы шыққан «Sufi Allaiar-Subatul Fadiem» атты кітаптардан, сондай-ақ Н.Н.Пантусовтың 1880 жылы ұйғыр тілінде шыққан «Kitab Furat dar malik ein» атты кітабынан, т.б. еңбектерден бірде-бір тыныс белгісі табылмайды. М.Терентьевтің айтуынша, тыныс белгілері XIX ғасыр кезінде парсы тілінде де болмаған. Қазақтың араб әліппесіне негізделген жазу кезіндегі кейбір кітаптарда да ешбір тыныс белгісі қойылмай жазылады.

XIX ғасырда шыққан түркі тілдері грамматикаларында тыныс белгілерінің элементі пайда бола бастағанын аңғаруға болады. Мәселен, профессор А.Қазембектің 1839 жылы шыққан «Түрік-татар тілі грамматикасының» 35-бетінде бір жұлдызша, 34 және 46 — беттетінде екі жерде сызықша қойылған. Ал 1869 жылы шыққан «Алтай тілі грамматикасында» тыныс белгілерінің бірсыпырасы кездеседі және олар бірсыдырғы орынды қойылған. Жоғарыда айтқанымыздай, М.Терентьев парсы тілінде тыныс белгілерінің болмауын сынағынымен, өзі жазған грамматикада орынды пайдаланбаған.

Академик В.В.Радловтың 1870 жылы шыққан «Образцы народной литературы тюрских наречий» деген еңбегінде тыныс белгілерінің бірсыпыра түрі кездеседі. Бірақ олар жүйелі түрде қалыптаспаған. Бұл еңбекте тыныс белгілері төмендегіше берілген (cөйлемдермен олардың тыныс белгілері кітаптың түпнұсқасынан өзгертілмей алынып отыр). Бала айтады «Мен қайдан тудым?» дейді. Шешесі әкесін айтпайды, «сол балама айтсам әкесін іздеп кетер» деп айтпайды.

В.В.Радлов текстерінде тыныс белгілері ішінен жақша мен көп нүкте ғана кездеспейді. Лютштің 1883 жылы басылып шыққан «Киргизская хрестоматиясында» тыныс белгілері былайшы қойылған: Сонда інісі ағасына: «Мен мұны түсімде көрдім, соның үшін білемін, жауап беріпті. Орынбай: екі шешен қосылса аттай желер, көп жаңғалақ шешеннің сөзін бөлер».

П.М.Мелиоранскийдің 1897 жылы шыққан «Краткая грамматика казак-киргизского языка» деген кітабында мысалдарға қойылған тыныс белгілері мынадай түрде болып келеді: Қысқа бақай, тар мықын, кебеже қарын, кең құрсақ… тарланым; Битке өкпелеп тоныңды отқа салма; Жігіт айтты: атын байлайтқғын болмасын.

В.Катаринский 1897 жылы шыққан «Грамматика киргизского языка» деген еңбегінде мынадай сөйлемдер келтіреді: «Орысша сөйлей білсек, бәрін де айтар едім. Бір жол бар – жақын, жақын болса да алыс. Әуелі ойла, сонын соң істерсің. Бұл мысалдардан П.М.Мелиоранский мен В.Катаринскийдің қазақ тілі грамматикаларында да тыныс белгілерінің бірсыпыра түрлерінің кездесетіндігі көреміз. Дегенмен, мұнда да пунктуациялық жүйе сақталынбайды.

1915 жылы шыққан «Жазу қағидалары» деген кітапшада тыныс белгілерінің қолданылуы туралы ережелер берілген. Онда тыныс белгілерінің жеті түрі ғана аталып, олардың әрқайсысына берілген ережелерге мысалдар келтірілген. Леп белгісі «дауыс ишараты» деп, сызықша мен жақша және көп нүкте «ишарат» деп, тырнақша «екі ишарат» деп аталады.

Бұл келтірілген мысалдардан XIX ғасырда және XX ғасырдың басында түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде баспадан шыққан кітаптарда тыныс белгілері дұрыс, жүйелі түрде қолданылмаса да, таңбалардың элементі мен оларды пайдаланудың алғашқы тәжірибесі көріне бастағанын аңғартады, екіншіден, қазақ тілі пунктуациясы жүйелі, ғылыми негізде Ұлы Қазан социалистік революыиясынан кейін ғана орыс тілі пунктуациясы үлгісін басшылыққа ала отырып, қалыптаса бастады деген пікірімізді толық дәлелдей алады.

Орыс алфавитіне көшкен кезде, кейбір қазақ тілі мамандарының «Жазуда тыныс белгілерін дұрыс қоя білу керек, осы уақытқа дейін жұрттың бәріне бірдей заң болатындай тыныс белгілерінің ережелері жоқ, қазір қазақ халқы орыс алфавитіне көшір отырғанда, жазуда үлкен маңызы бар тыныс белгілерін дұрыс қоя білу мәселесін де осы бастын қолға алу керек» деген сияқты баспасөз бетіндегі пікірлері де қазақ тілі пунктуациясына назар аударып, оны жазудың көмекші құралы ретінде тануға түрткі болғандығы сөзсіз.

Қазақ тіліне ғана емес, басқа түркі тілдерінің жазуларындағы тыныс белгілерінің қолданылуына да орыс тілі тыныс белгілері игілікті әсер етті.

Түркі тілдері Қазан революциясынан кейін де біраз уақыт тыныс белгілерін ешбір ережесіз қолданды. Тіпті қазіргі уақыттың өзінде кейбір тыныс белгілері орыс текстерінде де солай қойылып жүр. Мысалы, бұрын жалпылауыш сөздерден соң қос нүкте қойылушы еді. Кейінгі уақытта жалпылауыш сөздерден соң сызықша қойылып келеді. Қазақ жазуындағы бірыңғай мүше алдындағы қос нүкте орнына қойылып жүрген сызықша орыс пунктуациясының әсерінен екендігі айқын. Демек, қазіргі қазақ тілінде тыныс белгілері бірыңғай мүше алдынан осылай екі түрлі болып келсін деген ережелерді кездестіре алмаймыз.

Біз сөйлем ортасында айтылған автор сөзінің екі жағынан үтір мен сызықшаны былайша қабаттастырып қоятынбыз: Өзімізді таныстыруға рұқсат етіңіз, — деді жігіт баяу ғана майда қоңыр дауыспен, — осы араның аңшысымын, атым — Владимир… («ҚӘ»). Бұл жөнінде «Сөйлем ортасында айтылған автор сөзінің екі жағынан үтір және сызықша қойылады» деген ереже болса да, қазір газет-журналдарымыз төл сөздің ішінде келген автор сөзінің екі жағынан тек үтір қойып жазып жүр.

Орысша текстерде қойылған интонациялық сызықша қазақша аудармасында да қойылады. Мысалы: қазақшасын алсақ, былай болып келеді: Бейбітшілік үшін сыйлық – бейбітшілік үшін берілген сыйлық емес дейтін адамдарды мен түсінбеймін («СК»). Орысшасы: Я не понимаю людей, которые говорят, что пермия за мир – это не премия за мир («Каз. Правда»). Міне, осы сияқты көптеген салыстырма мысалдар М.Әуезовтің: «Орысша текстің өзінде болған тыныс белгілерінің көбі қазақша тексте де қолданылады», – деген пікірін растайды. Сонымен, жазу мәдениеті қалыптасқан тілдегі пунктуцияны зерттемеуге, пунктуациялық дағдыларды жетілдіріп, сараламауға болмайды.

Қазақ тіл білімінде пунктуация мәселелерінің зерттелу тарихын баяндағанда, тыныс белгілері жөнінде жазылған азды-көпті еңбектерді негізгі үш салаға бөліп қарауға тура келеді: тыныс белгілері туралы жазылған жеке мақалалар; тыныс белгілерінің мектеп оқушыларына арналған оқулықтарда баяндалуы; тыныс белгілеріне арналған жеке кітапшалар және олардың жетістік жақтары мен кемшіліктері. Бұларға қысқаша тоқталайық

Хронологиялық жағынан алғанда, қазақ тілінің тыныс белгілері жөнінде жазылған алғашқы еңбектердің бірі – Ш.Сарыбаевтың сөйлемде үтірдің жазылатын орындары туралы шағын мақаласы. Автор бұл мақаласында оқушылар тыныс белгілерін дұрыс қоя білмейді, оның себебі қазақ тіліндегі интонациялық қалыптың бір ізбен өріс алып кете алмағандығынан деп көрсетеді. Автордың тыныс белгілерін қоя білуде интонацияның рөлін бағалауы, әрине дұрыс. Дегенмен, автор мұнда тыныс белгілерін тек интонацияға ғана байланыстырып қарап, мәселені бір жақты шешеді, интонация пунктуациялық негіздердің бір түрі ғана екені ескерілмейді.

Ш.Сарыбаевтың «Тыныс таңбалары деген мақаласында қаратпа сөздердің сөйлемнің басқа мүшелерінен үтір арқылы ажыратылатыны жөнінде дұрыс ереже беріледі.

Тыныс белгілері жөнінде С.Жиенбаевтың шағын көлемді екі мақаласы бар. Оның екеуі де «Тыныс белгілері» деп аталады. Автор бірінші мақаласында жалпы тыныс белгілерінің маңызына тоқтала келіп, үтірдің қойылатын орындары туралы ережелер береді. Автордың сөзімен айтқанда, олар мыналар: «араларында демеу жоқ біртектес мүшелердің үтірмен ажыратылатындығы; тектес мүшелер арасында «я», «немесе» сияқты демеулер тұрса да, үтір қою керектігі, ал тектес мүшелер арасында «мен», «және», «тағы да» т.б. осы тәріздес жалғау демеулердің бірі қолданылса, олардан соң үтірдің қойылмайтындығы; салалас құрмалас сөйлемдер құрамына енген жай сөйлемдерді бір-бірінен үтір арқылы ажырату керектігі; қаратпа, қыстырма, оңышаланған мүшелерді сөйлемнің басқа мүшелерінен үтір арқылы бөлу қажеттігі» т.б. С.Жиенбаев «Тыныс белгілері» деп аталатын екінші мақаласында бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша, төл сөз бен бөгде сөз, бірыңғай мүшелерден соң немесе бұрын қолданылатын жалпылауыш сөздің тыныс белгілерінің кейбір мәселелеріне тоқталады.

Х.Басымов «Сөйлемнің тыныс белгілерін дұрыс жаза білейік» деген мақаласында көп нүкте, нүкте, сұрау, леп белгілерінің қойылатын орындары жөнінде біраз түсініктер береді.

М.Балақаевтың «Сауатты жазудың негізгі шарты – тыныс белгілерін дұрыс пайдалану» деген мақаласында тыныс белгілерін дұрыс қоюдың негізгі грамматикалық құрылыс және дауыс ырғағы делінеді. Алайда, автор бұл дұрыс пірікірін тереңдетіп, нақты дәлелдемеген. Мақалада сұрау мен леп белгілерінің қойылатын екі жағдайы ғана сөз етіледі.

Қазақ тілі пунктуациясы жөнінде мақала жазған авторлардың бірі — Ә.Хасенов. Тілші-ғалым өз еңбектерінде қазақ тілі пунктуациясының қалыптасуында бірнеше ғасырлық тарихы бар, замандар бойы сұрыпталып, қалыптасу дәуірін басынан кешірген орыс тілі пунктуациясының орасан зор роль атқарғанын дұрыс көрсетеді. Еңбекте сөйлемнің оңашаланған мүшелері, қыстырма сөздермен сөйлемдер және бұл категорияларды бір-бірінен ажырата білу, оларға қолданылатын тыныс белгілері жөнінде бірсыдырғы дұрыс айтылады.

Сонымен, қазақ тілі пунктуациясын қалыптастырып, бір ізге түсіру және оның ережелерін саралап, жақсарту мәселесінде мектеп оқушыларына арналып жазылған қазақ тілі грамматикаларының да маңызы зор болды. Бұл оқулықтарды тыныс белгілерінің жалпы теориялық мәселелері, тыныс белгілерін айқындаудағы принциптер мен критерийлер, тыныс белгілерінің қарым-қатынастары және әрбір тыныс белгілерінің мағыналары толық ашылып, олардың қолданылатын жерлері түгел айтылмады.

Тыныс белгілерінің зерттелу тарихын сөз еткенде, тағы бір көңіл бөлетін нәрсе – осы тақырыпқа арналып жазылған төмендегі жеке кітапшалар: С.Жиенбаевтың «Сөйлемнің тыныс белгілері», А.Ысқақов пен Ә.Хасеновтың «Тыныс белгілері», Р.Сыздықова мен Қ.Неталиеваның «Тыныс белгілері ережелері» Ф.Мұсабекованың «Жай сөйлемнің пунктуациясының негіздері», Ф.Мұсабекованың «Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы».

Қазақ пунктуациясының тарихы бойынша жазба текстердегі алғашқы тыныс белгілері – дауыс үзілістері. Дауыс үзілісінің өзі текстегі мағынаға қарай әр түрлі айтылады., яғни сөйлемдегі сөздердің арасында кідіріс түрліше болады. Ол кідіріс әрбір сөзден, сөз тіркесінен не сөйлемдерден кейін бірде аз, бірде көп тоқтауды қажет етеді. Бірақ олардың бәрі тыныс белгісі арқылы белгілене бермейді.

Кейбір жазушылар да пунктуациялық сауаттылыққа айрықша көңіл бөлген. А.П.Чехов «Леп белгісі», «Ойшы» деген әңгімелерінде пунктуациялық сауаттылықтың мәдени өмірде көп пайдасы бар екенін тамаша көрсеткен. А.П.Чеховтың «Ефим Фомич Перекладин» деген кейіпкері 40 жыл бойына жазуды көп жазып жүріп, леп белгісін бірде-бір рет қоймаған екен, екінші бір Меринов деген кейіпкері әрбір сөзден кейін үтір қойып жазады.

Сөйтіп, қазіргі қазақ тілі тыныс белгілерінің зерттелу тарихына көз жібергенде, біріншіден, тыныс белгілерінің көптеген мәселелерін зерттеп, өздерінің үлестерін қосқан қазақ ғалымдары аз емес, бірақ дегенмен де пунктуациялық теория және практикалық мәселелерін ғылыми тұрғыдан шешу аса зор еңбекті қажет етеді.

Пунктуация жүйесіндегі белгілерді мағынаға қарай дұрыс қолданудың маңызы зор, себебі бір тыныс белгісінің беретін бірнеше мағынасы болады. М.Н.Петерсон: «один знак может иметь несколько употреблений и, наоборот, одно и то же явление может обозначаться различнями знаками» – деп, өте дұрыс айтқан. Тыныс белгілерін дұрыс қолдану үшін, мүмкіндігі болғанша, олардың әрқайсысының қызметін даралап, оларға берілетін ережелерді бірыңғайластыру керек. Тыныс белгілерінің ережелерін бірыңғайластырумен бірге әрбір тыныс белгісінің бір ғана атпен аталуын да бір ізге түсірген жөн. Мысалы, нүктені біреу «ноқат» десе, біреулер «ұлы тыныс» дейді.; үтірді «қайырма», «кері үтір» десе, нүктелі үтірді «үтірлі ноқат», «үтірлі нүкте», «нүктелі үтір» дейді; қос нүктені «екі нүкте», «екі нүкте», «екі ноқат», «қабат белгі», «қос нүкте» деп, төрт түрлі айтады т.б.

Біздіңше, тыныс белгілерінің қалыптасқан мынадай терминдерін қолданған жөн: нүкте, көп нүкте, қос нүкте, үтір, нүктелі үтір, сызықша, тырнақша, сұрау белгісі, леп белгісі және жаңа жол (немесе абзац).

Тыныс белгілерінің дұрыс қойылмауы да кездеседі. Мысалы, кейде дефис пен сызықша бір көлемде қойылады. Бұдан мағынаға онша нұқсан келмейді. Бірақ дефистің морфологиялық белгі екендігін айыру керек. Тыныс белгісіне кірмейтін морфологиялық дефис сызықшаның жарты сызығындай ғана көлемде қойылуға тиіс. Осы тәрізді, тырнақшаның алғашқы сыңарын тырнақшаға алынатын сөздің я сөйлемнің бірінші сөзінің төменгі жағынан ашудың орнына, оны сөздің жоғырғы жағынан ашып, екінші сыңарын тырнақшаға алынған сөздің я сөйлемнің соңғы сөзінің нүкте қойылатын жерінен төменірек қоюшылық бар. Мысалы: «Мүмкіндік», «реальность» дегенді мен де білемін дегенде тырнақшаның бірінші сыңары жоғары қойылмай, «мүмкіндік» сөзінің төменгі жағынан, ал екінші сыңары сөздің жоғарғы жағынан қойылады.

Жазба түрде берілген ойды қағазға айқын түсіру үшін, ойымызды екінші біреуге жазба түрде дұрыс айтып беру үшін, әрбір дыбыстарды, әрбір тыныс белгілерін орын-орнына қоя білуіміз керек. Орфография мен пунктуацияны білмейінше, сауатты жазу мүмкін емес.

Бұл туралы К.Белинкский мен М.Уваров: «…только наличие единой орфографии и пунктуации в языке дает возможность читателю понимать пишущего» – деп, өте дұрыс айтқан.

Тыныс белгілері дұрыс қойылған сөйлемді оқу да, ұғыну да жеңіл. Тыныс белгісін дұрыс қою арқылы жазушы өз ойын, сезімін жазба түрде дәл жеткізеді және айтпақ ойын екінші адамдардың сондай дәрежеде дұрыс түсінуіне жәрдемші болады.

Пунктуацияны дұрыс қоя білудің бір критерийі – интонация болып табылады. Мұнсыз ешбір мағына айқындығы болмайды. Пунктуация жазу тіліміздің құралы болса, интонация – ауызекі тіліміздің құралы. Бұл екеуі бір-бірімен байланысты. Сөйлеген сөзіміз екінші біреулерге түсінікті, құлаққа жағымды болу үшін, сөздерді мәнеріне келтіріп айта біліп, тыныс белгісі дұрыс қойылған текстерді айқын етіп оқи алатындай болуымыз керек, өйткені бір сөйлемді әр түрлі интонациямен оқу салдарынан сол сөйлемнен әр түрлі мағына туады, яғни адамның шындыққа, әр түрлі оқиғалар мен құбылыстарға қалай қарайтындығы сөйлеу интонациясынан аңғарылады. Қысқасы, сөйлеу интонациясы жазуда пунктуация арқылы беріледі.

Әрбір тыныс белгісі – сөйлемнің мағынасын айқындаушы көрсеткіш. Сондықтан бір тыныс белгісінің орнына екінші тыныс белгісін қоя салсақ, бір сөйлемнен әлденеше мағына ұғынылатынын түсіну керек. Тіпті кейбір оңашаланған айқындауыш мүшесі бар сөйлемдегі сөйлемдегі айқындауышты үтірмен бөліп жазсақ, оны қарсылықты жалғаулықсыз салалас деп қалуға болады. Мысалы: Халықтың қалап ұсынған кандидаттары – әр түрлі мамандықтың адамдары – ірі ғалымдар мен өндіріс жаңашылдары, жазушылар мен жұмысшылар, тоқымашылар мен академиктер.

Демек, әрбір тыныс белгісі – әр сөздің, әрбір сөйлемнің мағыналарын дәлелдеп дұрыс түсіндіруші шартты белгі, олай болса, аяқталған ойды білдіретін тілдің бір бүтін бөлшегі сөйлем болса, ол бір сөзден де, бірнеше сөзден де құралады. Сөйлем арқылы адам өзінің айтайын деген пікірін екінші біреуге ауызша не жазбаша түрде жеткізеді. Сөйлем сазына қарай қойылатын тыныс белгілері сөйлемдегі айтылатын оймен тығыз байланысты болады.

Тіліміздегі тыныс белгілері сан жағынан онша көп болмағандарымен, мағыналары, қолданылатын орындары жағынан алуан түрлі болып келеді.

Енді солардың әрқайсысның түрлері мен мағыналарына, атқаратын қызметтеріне тоқталайық.

Сөйлем соңында келетін тыныс белгілері

Біршама аяқталған ойды білдіретін жай немесе құрмалас сөйлемдерден кейін олардың мағыналарына, айтылу саздарына қарай нүкте, сұрау, леп белгілерінің бірі қойылады. Сондықтан тыныс белгілерінің бұл үш түрі сөйлем соңында келетін белгілер деп аталады.

Сөйлем келетін белгілердің әрқайсысы, негізінен екі түрлі мағынада екі түрлі функцияда қолданылады: біріншісі – сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп көрсету, екіншісі – сөйлемнің қандай мақсатта, қандай мағынада айтылатындығын байқату. Бұл екеуі – сөйлем соңында қолданылатын тыныс белгілерінің қай-қайсыларының да ең негізгі мағыналары мен функциялары. Сонымен бірге, олардың әрқайсысының кейде сөйлем ішінде тұрып та атқаратын қосымша функциялары мен қосымша мағыналары болады. Оларға өз орнында тоқталамыз:

1. Н ү к т е. Нүкте, біріншіден, сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрса, екіншіден, ол сөйлемнің хабарлы сөйлем екендігін байқатады. Мысалы, Жанат – осы үйдің ер жеткен жалғыз баласы. Ұлы да, қызы да қадірлі қонағы да бір өзі. Шаршап шыққанға ұқсайды. Тіл қатпастан қарақат көзін анасына бір, Бейсенге бір төңкере салмақпен қарады да, үлкен бөлмеде ерсілі-қарсылы жүре берді. Айсыз ашық аспан. Жұлдыздар сайрап тұр. Тымырсық аяздағы тымық әуені сіміре, Жақып күндегі әдетімен аулын аралап келеді. (Ғ.Мұстафин). Бұл мысалды жай сөйлем де құрмалас сөйлем де бар. Олардың барлығы да хабарлау, баяндау, суреттеу түрінде айтылған.

Бірақ нүкте әрдайым хабарлау, баяндау, суреттеу түрінде айтылған сөйлемдерден кейін ғана қойылып отырмайды, солармен қатар, ерекше екпінсіз айтылған бұйрықты сөйлемдерден, жауап алу үшін айтылмаған, бірақ сұраулық мәні бар сөйлемдерден кейін де қойылады. Мысалы: Қазір аттаныңдар да, күн батқанша қайтып оралыңдар. Малқардың келіні еркімен отыр ма, зорлықпен отыр ма оңашалап сұраңдар. Егер зорлықпен отырса, күйеуімен қосып, осында алып келіңдер. (Ғ.Мұстафин).

Сөйлем соңында келетін тыныс белгілерінің қай-қайсылары болса да, сөйлемнің құрылысына қарай қойылмайтыны сияқты, нүкте қоюда да сөйлемнің құрылыс ерекшіліктері ескерілмейді, тек мағыналық жағы, айтылу сазы ескеріледі. Соныдықтан нүктемен бөлінетін сөйлем құрылысы жағынан алуан түрлі (жалаң, жайылма, толымды, толымсыз, жай, құрмалас т.б.) бола беруі мүмкін.

Жоғарыда ескерткеніміздей, сөйлемнің аяқталғандығының және оның мағыналық ерекшелігінің көрсеткіші болы – нүктенің ең негізгі функциясы. Бірақ осы негізгі функциясымен қатар, оның қосымша функциясы да бар. Олар мыналар:

а) Драмалық шығырмаларда әркімнің сөзінің алдында сол сөздің иесі болып табылатын кейіпкердің аты-жөні келтіріледі де, олардан кейін әрдайым нүкте қойылады. Мысалы:

Ғ а н ш и н. Алдындағы қашқын, артындағылары қуғыншылар, ә?

Қ а д и ш а. Қашқан екеу ғой.

М ұ р а т. Қысқасы, бұл, тегі, сыртқы ел драмасының бір сахнасы ғой өзі. (М.Әуезов).

Драмалық шығармаларда оның кейбір жақтарын актерлерге түсіндіру мақсатымен автор тарапынан берілетін ремарка деп аталатын ескертпелер болады. Ондай ескертпелер кеіпкерлер аттарынан кейін тұруы да, оған берілген сөз ішінде тұруы да мүмкін. Егер ремарка кейіпкер атынан кейін берілсе, нүкте кейіпкер атынан кейін қойылмайды, жақшамен қоршалған ремаркадан кейін қойылады. Мысалы:

М ұ р а т (бинкольмен қарап). Тоқтай қал. Мынауың не қылған серуен?

Қ а д и ш а ( о да қарап). Артындағы шаңның молын байқаймысың? (М.Әуезов).

Егер ремарка кейіпкер сөйлемдерінің арасында келсе, оның тыныс белгісі кейіпкер сөйлеміне байланыссыз, дербес болады да, ол жақшаның ішінде тұрады. Мысалы:

М ұ р а т. Е, Садық, сен бе едің? (Жарқынға.) Сенің атың кім?

М ұ р а т (халыққа). Не әзәрләктерің бар, не айтасыңдар? (Үн жоқ.) Қарсысыңдар ма, әлде? (Үн жоқ.) Қарсы болсаңдар оларыңды айт. (М.Әуезов).

Егер ремарка кейіпкердің бір сөйлемінің ішінде келсе, ол нүктемен бөлінбейді, тек жақшамен қоршалады. Мысалы:

С а д ы қ. Мен оған (Жарқын кеткен жаққа қарап) көрсетермін.

ә) Санай көрсетілген ой тәртібін, ой қатарын білдіру үшін қолданылатын пункттік цифрлардан, әріптерден кейін нүкте қойылады. Бірақ онда әр пункттің аяқталған сөйлемдер болып тұруы шарт. Мысалы:

1. Тізбектеліп бір ұғымды білдіретін бірнеше зат есімдер.

2. Тізбектеліп бір ұғымды білдіретін зат есім мен көмекші есім.

3. Күрделі сан есімдер.

4. Зат есім мен есімшенің тізбегі.

5. Заттық мағынадағы түрлі қос сөздер т.б. («Қазақ тілі грамматикасы».)

б) Кейбір сөздердің шартты түрде қысқартылып жазылған графикалық белгілерінен кейін нүкте қойылады. Мысалы: Ж.Жабаев, А.Құнанбаев, Тург., Мұст., «Х. М.» журналы, т.б., с. С., т., ж.

Бұл мысалда Жамбыл, Абай, Тургенев, Мұстафин, «Халық мұғалімі», тағы басқа, тағы сол сияқты, тағы тағылар, жыл деген сөздер қысқартылып беріледі де, олардан кейін нүкте қойылып отырылған. Бірақ тіліміздегі қалыпты қысқарған сөздер мен қысқартылып алынған ұзындық, ауырлық және көлем өлшеулерінен кейін нүкте қойылмайды. Мысалы: МТС, совхоз, пединститут, КазПИ, 50 м, 20 кг, л, С.

2. С ұ р а у б е л г і с і. Сұрау белгісі де негізгі екі түрлі мағынада, екі түрлі функцияда қолданылады: біріншіден, сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрады, екіншіден сөйлемнің мағыналық жағынан сұраулы екендігін аңғартады. Мысалы:

– Коммунизмді бүгін орнат демекпісің? Әлде мені сабаққа жаңа түскен бала деймісің? Бұдан он бес жыл бұрын кім сенің үйіңе ат басын бұрып еді? Ал бүгін бұрған екен, осынша көкуің не? (Ғ.Мұстафин).

Нүкте сияқты, сұрау белгісі де сөйлемнің құрылысына қарай қойлмайды. Сондықтан сұрау белгісі қойылатын сөйлем толымды, толымсыз, жай я құрмалас т.б. болып келе береді. Кейде сөйлем бірыңғай сұраулы ғана болмай, оның үстіне лепті мағынада болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда сұрау белгісіне қабаттаса леп белгісі де қойылады, яғни екі түрлі белгі тіркесе қолданылады. Мысалы:

– Мұрның құрғыр пысылдаған, не іздеп кетті екен, ә?!

– Е, үйтіп жібермек пе едің?!

– Бетім-ау, өмірі екеуі шай деспей, келіп, бұнысы несі?!

Бұл мысалдағы сөйлемдердің ешқайсысы да таза, жалаң сұрау емес, сұрауға қосымша оларда реніш, кею, таңдану, ашу, кекету бар. Сондықтан мұндай сөйлемдерден кейін тек сұрау белгісін ғана қою жеткіліксіз.

Сұрау белгісінің жоғарыда аталған негізгі екі түрлі функциясымен қатар, кейбір қосымша функциялары да бар. Жазушы біреудің еңбегінен келтірген цитаттың кейбір сөзінен кейін жақша ішіне сұрау белгісін қоятыны болады. Мұндай жағдайда сұрау белгісі автордың цитат иесінің сөзіне түсінбегенін, оның дұрыстығына күмәнданатынын немесе «мұнысы несі» дегенін білдіреді. Мысалы: Екатерина Ивановна отыра қалып, рояльдің баспаларын қос қолдап басып-басып жіберді; онан кейін іле-шала (?) бар пәрменімен тағы басып жіберді. (Т.Ахтанов). Цитат иесінен кейінің әбден тіліміздегі іле-шала деген сөзді іле-шыға теріс қолдануының түсініксіздігін байқату және оның солай бұрмаланып қолдануының дұрыстығына өзінің күмәнданатындығын білдіру үшін, іле-шыға дегеннен кейін жақша ішіне сұрау белгісін қойған.

3. Л е п б е л г і с і. Леп белгісі лепті мағынада айтылған қуанышты, күйінішті, өкінішті, қорқынышты, өктем бұйрықты, тілекті, таңдануды, түңілуді, үндеуді, кекесінді, қарғысты сөйлемдерден кейін қойылады. Сөйлем соңында қойылатын басқа да тыныс белгілері сияқты, леп белгісі де негізгі екі түрлі мағынада, екі функцияда қолданылады. Оның бірінші мағынасы мен бірінші функциясы – сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрса, екінші мағынасы мен екінші функциясы – сөйлемнің лепті сөйлем екендігін білдіру. Мысалы: Жеңіл барып, ауыр қайт! Жеңіліп барып, жеңіп қайт! Рақмет, достарым, айтқандарың келсін! Қазанқап Шәкенге қосып отряд әкелсе де, тобыңды жазба! Бермейміз! Тәукені! Не көрсек те, бір көреміз! Пай-пай, сенің дегбірсізің-ай! Түсінсеңші! Шолпан, қайт! Түс, алдыма! Құдай берді қолға! Асықта басың қалғыр-ай, қаңсытты-ау! Ұстап қана берсеңдерші біреуің! (Ғ.Мұстафин).

Леп белгісі қойылатын сөйлемдер құрылысы жағынан алуан түрлі болады: ол бірнеше жай сөйлемнен құралған құрмалас сөйлем болуы да, оқшауланып айтылған жеке бір қаратпа немесе одағай сөз болуы да мүмкін.

Леп белгісі лептікпен қатар азды-көпті сұраулық та мағынасы бар сөйлемдерде сұрау белгісімен қабаттаса да қолданылады.

Сұрау белгісі сияқты, леп белгісі де кейде төл сөздің кейбір сөзінен кейін жақша ішіне алынып қолданылатыны болады. Ондай леп белгілері автордың цитат иесінің сөзіне таңданатынын, оған өзінің қосылмайтынын немесе оқушының назарын аударғысы келетінін байқатады. Мысалы: «Өзі аса ірі. Екі тізесі аттың екі құлағын қағып (!) келеді. Жалмұрат кірпігі жыпылықтап, бөксе жағы қыпылық қағып (!), жер шұқылап қалды. Балықшылар жарыла (!) күлді. Оның сөзіне Федоров та ылығып (!) қалған сияқты» — деп жазады Ә.Нүрпейсов. (Жұлдыз журналынан).

Сөйлем ішінде келетін тыныс белгілері

Сөйлем ішінде қолданылатын тыныс тыныс белгілерінің атқаратын негізгі қызметі – оқушыларға сөйлемнің құрамын, оның қандай бөлшектерден құралатындығын, ол бөлшектердің бір-бірімен мағыналық және синтаксистік қатынастарын байқату. Солай болғанмен, сөйлем ішінде қолданылатын тыныс белгілері түр-тұрпаты жағынан да, мағыналары мен функциялары жағынан да алуан түрлі. Енді солардың әрқайсысына жеке тоқталайық:

1. Ү т і р. Үтір – тыныс белгілері ішіндегі функцияға ең бір бай белгі Бұл жай сөйлемдерді бір-бірімен бөлу үшін де, сөйлемдегі сөздерді немесе сөз тіркестерін бір-бірінен бөлі үшін де қолданылады. Үтірдің қолданылатын орындары мен атқаратын қызметтері төмендегідей:

а) Үтір құрмалас құрамындағы жай сөйлемдерді бір-бірінен бөліп көрсеті үшін қолданылады. Мысалы: Абай, Әбіштер келгенде, ауыр ойда отыр еді. (М.Әуезов).

– Күн бұрының жоқ демесең, ортаңа түспей кететін нем болушы еді менің, – деп, Боздақ биге қарап езу тартты да, Игілік өзінің ел аузына таратқысы келген сөзімен аяқтады. (Ғ.Мүсірепов). Рахимовтың Степнов пен Борисовтай сенімді көмекшілері болғандықтан, олардың ісіне көп араласа қоймаушы едім. (Б.Момышұлы). Ушков Қарағандыдан Некрасовты алдырып, Бернер екеуімен ақылдасты да, Рязановқа алдын ала қайтарар жауабын айланып жалғыз қалды. (Ғ.Мүсірепов)

ә) Үтір сөйлемнің бірыңғай мүшелерін бір-бірінен бөліп тұрады. Мысалы: Аңға Байжан, Самарқан, Дәулет үшеуі ғана шықты. Экскаваторлар, комбайнда, грейдерлер аз күнде каналдың арнасы жүретін жерлерді жыртып тастады. (С.Мұқанов).

б) Үтір қаратпа сөзді сөйлемнің басқа мүшелерінен бөліп тұрады. Мысалы:

Арылма, өлең, арыла.

Домбырам, күйден жаңылма» (Жамбыл).

Таласпаңыз, Карл Карлович, қазақша Алма-ата емес, Алматы, Алмалы деген сөз. (Ғ.Мүсірепов).

в) Үтір қыстырма сөзді сөйлемнің басқа мүшелерінен бөліп тұрада. Мысалы: Жабайдың айтуынша, көп уақыттан бері бұл өзеннің аса бір мол тасуы екен. (С.Мұқанов). Бүгін де кешкі шайдан кейін, Ұлжанның қозғауы бойынша, кеше бітпей қалған әңгімесіне кірісті (М.Әуезов).

г) Үтір одағай сөзді сөйлемнің басқа мүшелерінен бөлу үшін қолданылады. Мысалы: Ойбай, Шықаң мәселені қабырғасынан қойды ғой! (Ғ.Мұстафин). Е, ол белгілі ғой! Жә, әлгілер қайда кетті, жаным-ау?! (Ғ.Мүсірепов).

д) Үтір сілтеу, мақұлдау, келіспеу мәнінде айтылатын кейбір оқшау сөздерден кейін қойылады. Мысалы: Иә, айта беріңіз. Жоқ, мен сізге ештеме де айтпаймын. Қазір, міне, бүгінгі жүрісті өзі билеген Дәрмен Әбішті сол ауылдың үстінен байқаусызда түсірген кісі болды. (М.Әуезов). Әне, өздері де келе жатыр. Бәрекелді, болсаң, осындай бол! Кәне, енді жүрмейміз бе? (Ғ.Мұстафин).

е) Үтір оңашаланған мүшені сөйлемнің басқа мүшелерінен бөліп тұру үшін қолданылады. Мысалы: Абай соңғы күндерде, әсіресе осы соңғы түнде, өзіне бұрын дағдылы болмаған бір халде. Жақын жерде, көгелды бұлақ басында, жеті-сегіз үйлі ауыл отыр екен. (М.Әуезов).

ж) Үтір хабарлы сөйлем түрінде айтылған төл сөзден кейін, автор сөзінің алдында қойылады. Мысалы: «Таулы жер бұлақсыз, сулы жер құрақсыз болмас», – дейді халық мақалы. Итбай толық денесін бұрып алып:

– Мен сыны жоқ, сыпайылығы жоқ, құр абажадай бірдеңе бола ма екен деп те қорқып едім. Әзір жат көрініп тұрған жоқ сияқты екен, – деді.

2. Нүктелі үтір. Нүктелі үтір – хабарлы сөйлемдерден кейін қойылатын нүкте мен үтірдің аралығындағы тыныс белгісі. Мұның мәні, нүктеден дәрежесі төменірек те, үтірден жоғарырақ. Бұл – аралары үтірмен бөлінген сөйлемнің күрделірек бөлшектері арасында да, мағыналары өз ара байланысты, ортақ немесе бірыңғай тұлғалы мүшесі (әсіресе баяндауышы) бар талдап, саналап, пункттеп баяндау түрінде айтылған тиянақты сөйлемдер арасында да қолданылады. Мысалы: Колхоздың қырманына баратын ұзақ жолдың үстінде, ай далада, жүк машинасының үстінде ұйықтап, соққан желге қарсы қарап отырып шырқатып ән салу; дәнінің салмағынан сабағы майысқан ұшы-қиыры жоқ қалың егіннің арасында жұмыс істеу; толқындай жайқалған ақ сұлының арасында маужыраған майда түнде армансыз әңгімелесіп, саңқылдап күлу; үйлердің төбесінде ұзық түндерді кірпік қақпай өткізу оларға қатты ұнайтын еді. (А.Фадеев).

Нүктелі үтір тек жай сөйлемдер арасында ғана емес, сонымен қатар мағыналары өз ара жақын, ұласа айтылған құрмалас сөйлемдер арасына да қойылады. Мысалы: Кімде-кім өзін сынаудан қорықса, оның әлсіздігі; кімде-кім өз мінін көре алмаса, оның саяздығы. (Ә.Әбішев).

3. Қос нүкте. Қос нүкте мынадай орындарда қолданылады:

а) Соңғы жай сөйлемі алдыңғы жай сөйлемдегі пікірді талдап, саралап ашып түсіндіретін құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдері арасына қойылады. Мысалы:

Кісі Қызылорда елінің екі ісіне қайран қалады: бірі – кетпен шабу, бірі – егін ору. (С.Мұқанов). Қазір жайлаушылардың дені екі жерге жиналған: бір жиын Аман отырған көп ауылда, енді бір жиын Шәкен аулында. (Ғ.Мұстафин).

ә) Бірыңғай мүшелер алдында келген жалпылауыш сөзден кейін қойылады. Мысалы: Мұстафаның оларға қолданған шаралары мыналар: байталдың төрт сирағы төрт жылқы, денесі бір жылқы, – барлығы бес жылқы. (С.Мұқанов).

б) Төл сөзден бұрын келген автор сөзінен кейін қолданылады. Мысалы: Шалабайдың бойынан табылған документ, құралдарға қарап отырып: – Қағаздағы аты жөніңіз басқа екен ғой? – деді Аман. – Аман біздің ауылдың мөрін кім басқан?

4. Көп нүкте. Көп нүкте пікірдің аяқталмағанын, әлдеқандай себептен сөйлемнің түсіп қалғандығын білдіреді. Көп нүкте көркем шығармалардың кейіпкерлерінің сөздерінде жиі кездесіп отырады. Оларда, негізінде, сөйлеушінің қуанғаннан я қысылып ұялғаннан сөзі аузына түспей, сөз таба алмай мүдіргнін, сасқалақтағанын білдіру үшін, немесе сөз, сөйлем аралығында ұзақ кідіріс болғандығын білдіру үшін қойылады. Мысалы:

– Тақсыр… қарағым… шырағым-ау… Арғы атам Арғынбайдың шаңырағына мініп келген… – дей бергенде Аман келді де, қолтықтап апарып скамейкаға отырғызды. (Ғ.Мұстафин).

– Ие, кітап… Ойдан шығару… Сырлау… Соын да мыжушылар бар-ау әлі! Маған тіпті бір алты қырдың астында тұрғандай-ау өзі… Қайда, қайда!? Қашан да қашан боп сырғып кетіпті-ау, сірә… Е, барса, барсын… өмір кітабы да жетеді…

– Әзірше бір жағына маман қазақ дайындау ниетіндеміз ғой. Сондықтан… – деп, жөткіріп ап, – он студентке степендия… тағы төрт студентке степендия… Дауласар, айтар сөз жоқ.

Сонда да Қасен:

Біз кадр… кадр… Өлкелік мекеме… жауапты қызметкер! – дей беріп еді, келгендер қараған жоқ. (М.Әуезов).

Кейіпкерлердің сөзінде кездесетін, бірақ жазуға ерсі, дөрекі, тұрпайы сөздер жазылмай, оның орнына көп нүкте қойылады.

Көп нүкте саяси, ғылыми әдебиеттерде, көбінесе, цитаталарда кездеседі. Цитата келтіруші цитата иесін сөздерін, сөйлемдерін толық алмай, қысқарту, ықшамдау мақсатымен кейбір сөздерін түсіріп қалдырған орындарға көп нүкте қойылады.

5) Сызықша. Үтір сияқты, сызықша да мағынаға, функцияға орасан бай тыныс белгісі. Мұның мағынасы мен функциясы үтірден де көп. Сызықша сөйлеудің белгілі бір бөлшектерін басқа бөлшектерден бөлу үшін де, жақындастыру, қосу үшін де, сөздердің арасындағы мағыналық, синтаксистік қатынастарды айқындау үшін де қолданылады. Мұндай функцияда қолданылғанда, сызықша кейде қосарлы, кейде дара болып келе береді.

а) Сызықша бастауыш пен баяндауыш мүшелер арасына қойылады. Бұл орында ол бұл екі мүше арасында азды-көпті кідіріс барын білдіріп, ол екеуін сөйлемнің басқа мүшелерімен шатастырмауға, бұл екеуінен құралған сөйлемді оған ұқсас сөздер тіркесі мен шатастырмауға жәрдемдеседі. Мысалы: Адам – ардақты ат. Астық – халық дәулеті.

ә) Өзінің алдындағы сөздің немесе сөздер тіркесінің мағыналарын айқындау, саралап ашып көрсету үшін қолданылатын оңашаланған айқындауышты бөлу үшін қойылады. Мұндай орында ол қосарлы түрде қолданылады.

6. Тырнақша. Тырнақшаның қойылуы кідіріске, интонацияға немесе сөйлеудің құрылыс ерекшеліктеріне байланысты болмайды. Сондықтан ол шын мәнісіндегі тыныстық белгі де емес. Тырнақшаның мағынасы да, функциясы да алуан түрлі, ол бір жағдайда тырнақшаға қоршалған сөздің я сөйлемнің бөгде біреудікі екенін білдірсе, екінші бір жағдайда тырнақшаның ішіндегі сөздің, сөздер тіркесінің өзінің тура мағынасында қолданылмай тұрғандығын, болмаса бірдеңелердің шартты аталуы екендігін білдіреді.

7. Жақша. Жақшаға алынатындар, негізінде, сөйлеммен тікелей байланысы жоқ, оның мүшелерімен грамматикалық қатынаста тұрмайтын, жазушының айтқанын айқындай түсу үшін қолданатын кейбір ескертпе сөздері мен сөйлемдер.

Жоғарыда келтірілген бұл ережелер М.Балақаев пен Т.Қордабаевтың негізінде көрсетілсе, енді Р.Сыздықованың ережесі бойынша келтірейік:

Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша.

Бастауыш зат есімнен немесе заттанған басқа сөз таптарынан жасалып, баяндауыш та атау тұлғадағы зат есімнен не заттанған басқа сөз таптарынан болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Тіл – қоғамдық құбылыс.

Баяндауыштың алдында не артында ғана, ғой т.б. сияқты шылаулар тұрса, сызықша қойыла береді: Қаланың қасында көз толатын табиғат – шалқар көл ғана (С.Мұқанов).

Бастауыш I, II жақтық жекеше не көпше тұлғадағы есімдіктен, баяндауыш жіктік жалғауы түсірілген есімдердің біреуінен болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Мен – тауда ойнаған қарт марал (Махамбет). Біз – қырғауыл, сіз – тұйғын (Абай). т.б.

Бастауыш та, баяндауыш та сан есімнен болғанда, екеуінің арасына сызықша қойылады: Үш жердегі үш – тоғыз. Екі бесіміз – он.

Бастауыш ол, бұл, мынау, сонау, анау деген сілтеу есімдіктерінен жасалып, баяндауыш атау тұлғадағы зат есім немесе зат есім мағынасындағы басқа сөз табы болғанда, сілтеу есімдіктерінен кейін сызықша қойылады: Бұл – адам көз сүйегі, — деді ханға (Абай).

Ол, бұл деген сілтеу есімдіктерінен болған бастауыштар өзінен кейінгі сөздің анықтауышына ұқсап, шатасып кететін жағдайда, бастауышы қай сөз табынан жасалса да, одан кейін сызықша қойылады: Мұндай бастауыштары бар сөйлем өзінің алдындағы сөйлемдермен логикалық байланысты болады, сондықтан олар контеске қарай ажыратылады: Тіл-тілдің қай-қайсысында болсыг сөз мағынасы көбіне метафора арқылы ауысады. Сөйтіп, бұл – сөз мағыналарының ауысу тәсілдерінің ішіндегі метафораның айрықша орын алатындығын көрсетеді. (К.Аханов).

Ескертулер. Бұл ережені орынсыз қолдана беруге болмайды. Анытауыш деп танылып кететін қаупі жоқ жерде ол, бұл деген есімдіктерден дасалған бастауыштан кейін сызықша қойылмайды: Ол біздің үйге келді.

Бастауыш – у жұнақты етістіктен не ол араласқан тіркестен жасалса, баяндауыш атау тұлғадағы зат есімнен немесе – у жұрнақты етістіктен және керісінше болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Елдің шетін күзету – ең ардақты правоң (Жамбыл).

Бастауыш – ған (-ген, -қан, -кен) жұрнағымен жасалған есімшеден (не есімше аралас тіркестен) болса, баяндауыш не зат есім, не есімше, не есімдіктен жасалғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Бұған таяу отырған – Ыбырайдың Ысқағы (М.Әуезов).

Бастауыш зат есімнен не сілтеу есімдігінен, баяндауыш есімшеден болғанда, екеуінің арасына сызықша қойылмайды., өйткені мұнда есімше өзінің етістік қызметінде қолданылады: Мектеп үйі жаңадан салынған. Сол екі жігіт Абайды таңдандырған.

Ал баяндауыш болып тұрған есімше зат есім мағынасында қолданылған болса, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Осы кездік – саған тартқаным (соңғы есімше тұлға «тартқан сыйым» деген мағынада қолданылып тұр). Енді осы – тоқтатқаны (Ғ.Мүсірепов).

Бастауыш бірі, біреуі, біріншісі, екіншісі, алдыңғысы, соңғысы деген заттанған сан есім, сын есімдерден және көбі деген сөзден, баяндауыш атау тұлғадағы зат есімнен не жұрнақты етістіктен (және керісінше) болғанда, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Жаяу Мұса – Біржан бастаған Арқадағы әншілер тобының көрнектілерінің бірі (М.Әуезов).

Бастауыш болып тұрған сөз баяндауыштың құрамында қайталап, бастауышқа жалғас тұрса, бастауыштан кейін сызықша қойылады: Физикалық денелерден құралған заттар сол қалпында: шыны-шыны қалпында (қалады), парафин-парафин қалпында (қалады), мыс-мыс қалпында қалады («Химия оқулығы»).

Қаратпа сөздердің тыныс белгілері.

Жанды, жансыз заттарға қарата қарата айтылған сөздер сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтірмен ажыратылады. Қаратпа сөз сөйлемнің басында тұрса, үтір оның соңынан, ортасында тұрса, екі жағынан, соңында тұрса, одан бұрын қойлады:

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат. Жүрегім, нені сезесің? Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел (Абай).

Қаратпа сөздің алдында өз анықтауыштары болса, қаратпа сөзден тыныс белгісімен бөлінбейді. Қаратпа сөз анытауыштармен тұтасып, сөлемнің басқа мүшелерінен үтңрмен ажыратылады:

Қарағанды шахтерлері , ұр еңбектің дабылын!(И. Байзақов)

Алдынан не соңынан келген эпитет сөздері бар қарапалар да тұтас тізбек құрайды, эпитет пен қаратпа сөз бір-бірінен тыныс белгісімен ажыратылмайды:

Жарайды, Абайға аға, қаршыға жайында ма?

Қаратпа сөзбен қатар келген одағайдан кейін үтір қойылады:

Уа, Горький, халық ырысы- күнді сүйдің (Жамбыл).

Қартпа сөзбен қатар келген о деген одағайдан кейін де үтір қойылады:

О, күн-ау, төге түсші сәулеңді сен (Жамбыл).

Қаратпамен қоса айтылған шылулар да күрделі қаратпа сөздің құқрамына енеді де, екеуінің арасына дефис қойылады:

Жеңеше-ау, Абай ағамның мысқылына ажалды кісі тап болсын да.

Қаратпа сөз сөйлем басында келіп, көтеріңкі дауыспен айтылса, одан кейін леп белгісі қойылып, келесі сөз бас әріппен жазылады:

Тоғжан! Япрмай, жақсы айттыңыз-ау! (М. Әуезов).

Қаратпа сөз сияқты, бірақ нақты біреуге арналып айтылмаған, жалпылық-белгісіздік немесе одағайлық мағынасы бар сөздер сөйлем ішінде үтірмен бөлінеді. Олар да күрделі, шылаулы болып келе береді:

Менің айқаным да, естігенімде де осы ғана емес пе еді, сығыр-ау!

Қыстырма сөздің тыныс белгілері

Қыстырма сөздер (жалаң және күрделі) сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтірмен бөлінеді. Қыстырма сөз сөйлемнің сөйлемнің басында келсе, үтір одан кейін, ортасында келсе, екі жағынан , соңында келсе , алдынан қойылады:

Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған (М.Әуезов).

Қыстырма болатын сөздер мен сөз тіркестері көбінесе мыналар:

а) Автордың түрліше сезімін: қуанышын, қайғырғанын, өкінішін, сенімін, күмәндануын т.б. білдіретін сөздер: амал қанша, несін айтасың, бәсе, әрине, рас, сірә, тегі т.б.

Дүниеде сірә, сендей маған жар жоқ (Абай).

ә) Айтылған ойдың кімнің тарапынан шыққанын білдіретін сөздер:….айтуынша,….айтқандай, жұрт айтқандай, меніңше, менің байқауымша , менің аңғаруымша ,…. айтқандай, жұрт айтқандай, меніңше, менің байқауымша, менің аңғаруымша, ұмытпасам т.б. Мысалдар: Менің аңғаруымша, сіз тарихқа көп ат салысқан сияқтысыз. (М.Әуезов).

б) Ойдың желісін, ретін (бастамасын, түйінін) білдіретін сөздер: біріншіден, екіншіден,….әуелі, алдымен, демек, сөйтіп, қысқасы, сайып келгенде т.б. Мысалдар:

Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз…

Не, немесе, қалай, ендеше, осы сияқты сөздер де сөйлем мұшесі болмай, айтушының(автордың) белгілі бір сезіміне байланысты қолданылғанда , қыстырма сөз ретінде үтірмен бөлінеді. Мысалы:

Не, бәрің осы баланы мүйіздей бересіңдер? (Ғ.Сыланов).

Сөйлемдегі сөздермен синтакистік байланысы жоқ қыстырма сөйлемдер көбінесе үтірмен бөлінеді:

Ұмытып барады екем, жуырда елінен Әміржан келіп қалды. (С. Мұқанов).

Сөйлемдегі негізгі ойды, не бір сөзді айқындау, дәлелдеу, түсіндіру үшін қолданылған қыстырма сөйлемдер не сөз тіркестері екі жағынан жақшаға алынады (бірінші сөзі жалпы есім болса, кіші әріппен жазылады):

Бірақ менімен Раушанның (Рауза деп бірге оқитын жолдастары атап кеткен көрінеді ) оқысында үлкен айырма бар екенін сезгендеймін

(М. Иманжанов).

Оңашаланған мүшемен келетін мысалы, айталық, шынында сияқты қыстырма сөзден кейін үтір қойылмайды.

Көктемде жыл құстарының алды, мысалы қаз бен үйрек, келе бастайды. Географиялық атаулар айталық, тау аттары, бас әріппен жазылады.

Мағынасы жағынан қыстырма сөздерге ұқсас келетін, дауыс кідірісімен айтылатын мынадай сөдер сөйлемнің басында не жай сөйлем ішінде үтір арқылы бөлінбейді: ал, тіпті, дегенмен, алайда, бірақ, сонымен қатар, сондай-ақ, әсіресе, тек. Мысалдар:

Ырғызбай ішінде әсіресе осы Қарашрқыға қызығушылар көп болатын.

Сөйлем мүшелерімен синтакиситік байланысы жоқ, өз алдына жеке сөйлем сияқты қыстырма конструкциялардың да екі жағынан үтір қойылады. Ол конструкциялар көбінесе қасында, ішінде, басы…. болып деген тәрізді сөздердің қатысуымен жасалады, оларды алып тастағаннан сөйлем мағынасы ойсырамайды. Мысалы:

Бір топ адам, басы Жомарт болып, егінге қарай беттеді. Газиктің рулін өзі ұстап, қасында Жақып бар, Жомарт келеді.

(Ғ. Мұстафин).

Жақшаға алынған қыстырма сөзді не сөйлемдерді енгізген кім екенін білдіру үшін редакция деген сөз немесе автордың әріптерден қыстырылып көрсетілген аты-жөні (инициалы) қойылады. Ондайда қыстырмадан кейін нүкте мен сызықша қойлып , автордың қысқартылған аты-жөні немесе редакция деген сөз бас әріппен жазылады да, жақша жабылады:

Шоқан Уәлиханов Қашқарда қалай тұруы туралы былай дейді: «Қашқардың және Алты шаһардың ғұрпы бойынша, шет мемлекетпен бұл елге келгендер үйленуге міндетті, (Кейін анықтасам, бұл әдет мұсылмандар үшін ғана екен. С.М.). Кіші Бұхара (Қашқария – С.М.) имам Ханифке (мұсылмандар дүниесіндегі төрт мәзһәптің, орысша сектаның біреуі. – С.М.) бағынғанмен, … бұл арада уақытша үйлену толық күшінде екен». Бұл мысалдардағы С.М. дегендер – Сәбит Мұқановтың инициалы.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1) Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы» Астана, 2000ж.

2) Ф.Мұсабекова «Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы» Алматы, 1991ж.

3) М.Балақаев, Т.Қордабаев «Қазіргі қазақ тілінің грамматикасы» Алматы, 1971ж.

4) К.Аханов «Тіл білімінің негіздері» Алматы, 2003ж.

Басқа да материалдар

Мұғалімдерге

Ашық сабақтар

Сабақ Жспарлары

Оқушыларға

Рефераттар

ҰБТ

Шығармалар

СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ