Ұрпақпыз жер қадірін біліп өскен…

0
1911

О, туған ел, қасиетті топырағың, 
Сендік махаббаттымның оты – жалын. 
Сені қалай сүюдің керектігін, 
Мен ешқашан кітаптан оқымадым.
   Фариза Оңғарсынованың осы өлең жолдарында айтылғандай, туған елге деген сүйіспеншілік сезімі әруақты бабаларымыздың қанымен берілетінін бәріміз де жақсы білеміз.
  Туған жер – адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенмен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап-ақ адамда туған жерге деген махаббат сезімі оянады.  Отан… Атамекен… Атажұрт… Тарих… Бұл қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп,ес жиып, етек жия бастаған сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды.
  Еліміздің өзіне лайық тарихы бар десек, соның кесек бір бөлігі Сыр өңірі – ежелден-ақ таңғажайып Сыр мен жырға толы өлке. Әйгілі Тұран ойпатының құйқалы топырағына нәр тасыған сұлу Сырдария — ғасырлар бойы осы жерді мекендеген халықтың қасиетті дариясы, жерінің күре тамыры болып келеді. Адамзаттың тіршілігі ең алғаш сулы, нулы, жайлы мекендерден басталуы табиғи заңдылық, тіршілік қағидасы. Көне заманнан Шығыс пен Батысты жалғастырушы алтын көпір Сыр өңіріне сұқтарын салған Кир мен Дарий де, Ескендір Зұлқарнайын да жаужүрек ата тегіміз сақ тегеуріне шыдай алмай кері қайтқан. Бұл біздің халқымыздың жауынгерлік дәстүрі тым ертеден киелі Сыр өңірінен бастау алғанының көрінісі.   Қорқыт ата мен Асан қайғы бабаларымыз «Жер ұйық» деп атап, сүйсіне қарап өткен Сыр өңірінің дүниежүзілік өркениет тарихына да қосқан үлесі орасан зор деп білемін. Тек үлесін қосып қана қоймай, бірнеше мәдени ықпалды қорытып, өзі де мол рухани қазына, бай мұраны дүниеге келтірген және мейлінше терең дәстүрі бар аса күрделі өзіндік сипаты бар мәдениетті кейінгі ұрпағына қалдырды.Олай болса, Қазалы шаһарының тарихы Сыр өңірінің сан ғасырлық шежіресінің үлкен бір бөлігі деп айтсам артық айтқандық болмас.
 Қазалы – батырлар мен би-шешендердің елі. Адам ақыл – ойының озық өкілі, бақсылардың қамқоршысы Қорқыт бабамыздан бастап талай талант иелерін дүниеге келтірген топырақ, сымға тартқан күмістей нұсқалы сөздің дүкені, Әйтеке би бабамыз сынды шайырлар мен шешендердің отаны, елі үшін дара туған, атағы алты алашқа жайылған Әбілқайыр хан сияқты батырлар мен баһадүрлердің елі, түбі бір туысқан барша Орта Азия халықтарының бір туар перзенті Ғани Мұратбаев сынды зерделі зиялылардың кіндік кескен жері- Қазалы өлкесінің қазақ тарихынан алатын орны айрықша болмақ.
   Жалаңтөс батырдың арғы аталарының, ұлт азаттығы жолындағы күрестің қолбасшылары, дүйім елдің арқа сүйер тірегі, ел қорғаны болған Жанқожа мен Ақтан батырлардың осы өңірде дүниеге келуі Қазалы топырағының киесін аңғартса керек.Өз заманынан асып туған мемлекет және қоғам қайраткерлері де Қазалыдан көптеп шыққан. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, кеңестік кезең тұсында лауазымды қызметтер атқарған Қазмұхамед Күлетов, Оразалы Бораев, Меңдулла Күзембаев, Ғани Мұратбаев, Шақпақ Артықбаевтар тарих сахнасында мәңгілік қалған тұлғалар. Солардың бірі, менің үлгі тұтар ұлағатты атам, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің негізін салушылардың бірі, ҚазақКСР-нің білім және ғылым министрі Зинаддин Бұлақбаев та Қазалы өңірінде туған қоғам қайраткері. Сыр сүлейі Ерімбет Көлдейбекұлы мен Нұртуған Кенжеғұлұлы бастаған асқақ ойлы ақын-жазушылар мен халық қаһарманы Роза Бағланова, Кеңес Дүйсекеев, Мәдина Ералиева секілді өнер қайраткерлері бүкіл қазақ халқының рухани құнды қазынасы.
Сыбызғыдай сызылтып азалы үнін,  Өкпек желі соққанда Қазалының.  Есігін аш,ен де кет,тосырқама  Қазалының кез келген қазағына, — деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, Қазалы халқының азаматтық қасиеті өз қара басына емес, басқаға жасаған қайырымды істерімен бүкіл қазақстандықтарды мойындатып отырғаны хақ.
    Біз өзімізді туған жердің, кіндік қанымыз тамған жердің нағыз патриоты санайтын болсақ, ең алдымен осы өңірден шыққан әруақты бабаларымыздың есімдерін мақтан тұтып, құрметтеуге тиіспіз. Бұл, әсіресе, өскелең жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті дамыту үшін аса қажет.

Әбілдос Рамазан
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ