БАЛАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ НЕГІЗІ- ОТБАСЫ МЕН БАЛАБАҚШАНЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫНДА

0
3166

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халқымыздың қасиетті
сөзінен отбасының бала тәрбиесіндегі орны ерекше екенін көруге болады. Отбасынан
бастау алған бала тәрбиесі, балабақша тәрбиесіне ұласады. Баланың сәби кезіндегі аса
жауапты тіршілік әрекеттері, отырып- тұрудан бастап, тамақ ішу, тазалық сақтау, бір-
біріне қайырымдылық жасау, тіл үйрену, айналаны танып-білу балабақшадағы тәлім-
тәрбиеден бастау алатыны даусыз. Дегенменде осы заманғы балабақша, мектеп
тәрбиесі бұрын- соңды болмаған отбасы қолдауын қажет етеді. Сондықтанда бала
тәрбиесін дұрыс жолға қою үшін тәрбиешілер мен ата-аналар барлық уақытта да өзара
ынымақтастықта болуы керек. Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы заңында» елдегі білім беру- тәрбиелік процесті мемлекеттік- құқықтық реттеудің мәселелеріне айырықша көңіл бөлінген. Ата- ана және басқа құқық өкілдері балаларға өмір сүру мен білім алу үшін салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасау керек, бала жеке тұлғасының интеллектуалды, дене- күш және адамгершілік қасиеттерінің дамуын қамтамасыз етуі керек делінген [1]. Сондай- ақ Елбасы үстіміздегі жылдың 17 қаңтар күнгі «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауындаөмірдің баға жетпес құндылығы – балаға, бала тәрбиесіне, болашағына көп көңіл бөліп отыр. Отбасы, әке мен бала, бала мен ана мәселесіне –«Бала тәрбиелеу — болашаққа үлкен инвестиция» деуінде үлкен мән жатыр. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр дей келіп, 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3 — 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100
пайыз қамту жоспарланды. Бұның барлығы ұлттық құндылықтарды сақтап, дамытуға
бағытталған әрекет [2].
Көптеген жылдар бойы қоғамдық тәрбие, яғни балабақша, мектеп және т.б- бала
үшін негізгі тәрбиеші, ал отбасы оның көмекшісі және одақтасы деп саналып келді.
Олардың санасына ата-аналар педагогиканы жете білмейді, яғни бұл саладағы
тәрбиеден хабарсыз деген ой бекіп қалған. Осылай бола тұра мұндай кәсіби
педагогтар сондай «жете білмейтін немесе құзырлықсыз» ата-аналарға балаларды
тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерімен, мазмұнымен, маңыздылығымен таныстырған жоқ.
Балабақшаға тәрбиешілер тек мекемені жинауға көмек талап етілген кезде,
көгалдандыру мерзімінде, жөндеу уақытында ғана және оларды мейрам мен
жиналыстарға шақырғанда ғана қатыстырылған. Ал қалған күндері балабақшаның
есігі олар үшін жабық болған.
Алайда сол кезеңнің өзінде «Барлық балалардың тәрбиесі ана күтімісіз өмір
сүретін жағдайға жеткеннен бастап мемлекеттік мекемелердің және мемлекеттің
есебінің жауапкершілігінде»,-деген пікірге педагог-марксист, социолистік оқу-ағарту
ісін ұйымдастырушы Н.К. Крупская қарсы шықты. Ол «мектеп жасына дейінгі
балалар мекемелері семьямен тығыз байланыста болуға тиіс»,- деп үйретті. Ол
қоғамдық тәрбие мен семья тәрбиесі арасында тұрақты байланыс жасап аналардың
балбақшаға келуіне мүмкіндік беру, бала мен балабақша арасындағы қатынас үзілмеу
үшін балалармен жүргізілетін жұмысқа көмектесу керек дегенді алға тартты. Н. К.
Крупская балабақшаны балалардың ата-аналары жұмыс істейтін ұйымдармен тығыз
байланысты мәдени қоғамдық ұя деп қарап, балабақша қызметкерлерінің
коллективтерін мектепке дейінгі тәрбие беру идеяларын жаппай насихаттауға
шақырды. Бұл ретте ол насихаттың дерексіз және мүмкін болғанша неғұрлым
қарапайым да нақты ат үсті нұсқау беру түрінде емес, жолдастық ақыл-кеңес рухында
жүргізілуге тиісті екенін атап көрсетті [3, 9-б].
Қазіргі қоғамдық өмірде болып жатқан әлеуметтік, экономикалық және
демографиялық өзгерістер жанұяға белгілі бір қиыншылықтар туғызады. Ата-
аналардың жұмыстан қолының босамауының нәтижесінде, балаға көп уақытын бөле
аламайды. Көпшілік ата-аналар балаларын балабақшаларға беріп, ал үйдегі уақытында
балаға көңіл бөлмей баланың дұрыс қалыптасып, тәрбие алуын балабақша
тәрбиешілеріне жүктеп қойған. Алайда бала өмірінде жанұя тәрбиесінің
артықшылығы басым, оны қоғамдық тәрбиенің қандай саласы болса да алмастыра
алмайды. Отбасының негiзгi қызметі баланы өмiрге келтiру ғана емес, оның бойына
көне заманнан келе жатқан ұлттық тәрбиенің тағылымдары мен аға ұрпақтың
тәжiрибесiн сiңiру, қоғамға пайдалы жеке тұлға етiп тәрбиелеу болып табылады.
Отбасы — бала үшін барлығының басы, жан-жаты дамуының негізі болатын негізгі
институт. Отбасындағы ата-ана мен баланың қарым-қатынас нәтижесінде,
адамгершілік, эстетикалық, дене тәрбиесінің алғашқы үлгілері қалыптасады.
Ал әке мен шеше — баланың алғашқы тәрбиешілері. Сондықтан ата-ананың өз
борышын мүлтiксiз орындауы – үлкен тәрбие мектебi. Бастысы ата-ана- баланың
бүгінгі жасаған қадамы, ертеңгі тұлға қалыптасуына әсер ететіндігін білулер керек.
Қазақстан Республкасы Конституциясында бекітілген жанұя тәрбиесінің
құқықтық принциптері «Неке және отбасы туралы» заңда нақтыланған. Осы заңның
«Бала құқықтары» атты 9-тарау, 52-бабында баланың жанұялық тәрбиесі, оның
құқығы және мақсат-мүдделерінің қорғалуы айқын көрсетілген: «Баланың өз ата-
анасы тарапынан тәрбиеленуіне, оның тілек қалауларының орындалуына, жан-жақты
дамуына, оның адами қадір-қасиетінің құрметтелуіне құқығы бар» [4].
Ф.Жұмабекованың «Мектепке дейінгі педагогика» оқулығында педагогикалық
білім беру- бұл бала тәрбиесінің көкейкесті мәселелерімен ата-аналарды таныстырады
және олардың негізгі педагогикалық мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі делінген
[5, 150-б]. Ата-аналардың педагогикалық білімін, мәдениетін жоғарылату үшін
тәрбиеші педагогтар мен қарым-қатынаста болуы керек. Педагогтардың ата-
аналармен қарым-қатынасына байланысты А.С. Макаренко мынадай пікір айтып
кеткен болатын: «Көптеген жақсы педагогтар бар, алайда олардың барлығы да бірдей
ата-аналармен жоғары деңгейде дұрыс жұмыс жасай алмайды, оларға ата-аналармен
қарым-қатынас өнерін үйрету керек» [6,19-б]. Яғни, кез келген педагог ата-аналармен
жағымды қарым-қатынас орнатып, жұмыс мазмұны мен формаларын ойластыруы
міндетті. Мектепке дейінгі ұйымдардың басты мақсаты – отбасында баланы тәрбиелеуге
кәсіптік көмек беру, оны ауыстырмай, тәрбиелік функцияларын жүзеге асыруды
толықтыру және қамтамасыз ету арқылы жүргізу.Одан кейін отбасының ортақ
мәдениетін көтеруге және ата-аналардың психологиялық – педагогикалық
құзырлығына ықпал ету, оларға балалармен жұмыстың дағдыларын қалыптастыруда
теориялық және практикалық көмек көрсету, отбасына жеке-дифференциалды тәсіл
нәтижесінде ата-аналармен жұмыста әріптестіктің әртүрлі формалары мен біріккен
шығармашылығын қолдану.
Балабақша мен отбасы бірлестігінің негізгі бағыттары:
— Ата-аналардың педагогикалық, психологиялық сауаттылығын арттыру;
— Балалармен бірлескен шығармашылық іс-әрекет түрлеріне қатысу;
— Отбасы жағдайында жеке тұлға қалыптастыру;
— Балабақша мен отбасы бірлескен түрде- баланы мектепке даярлауды
қамтамасыз ету;
Отбасымен педагогикалық ынтымақтастық- баланың қанағаттану деңгейі мен
тәрбиешінің жұмысының сапасын арттырады, ол төмендегі жағдайларға негізделеді:
өзара сапалы қарым-қатынас, өзара сыйластық, әлемге деген түсіністік көзқарас және
оның тиімділік ықпалын ұзақ уақыт бойы сезіну, бір-біріне серіктестік барлық
қатысушыларға жағымды әсер ететіндей болуы тиіс, сонда ғана тәрбие мен білім беру
өз нәтижесіне жетеді[5, 149-б].
Педагогтардың ата-аналармен қатынасында мынадай қағидалар есепке
алынады:
— Ақыл үйретпей кеңес беру керек. Бірлескен іс-әрекеттер туралы бірге
ойласу, кеңесу;
— Өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын, олардың көмегі мен кеңесіне
мұқтаж екендігін көрсету;
— Ата-аналық құрмет пен сүйіспеншілікке үндеу;
— Балаларды сипаттай отыра, ең алдымен бала туралы жақсыны ғана айту
қажет;
— Ата-аналардың тұлғасына, олардың еңбектегі жетістігіне жоғары құрмет
көрсету.
Жоғарыда айтып өткеніміздей отбасы тәрбиесінде кездесетін сәтсіздіктер ата-
аналардың педагогикалық сауатсыздығынан және оларда тәрбие жұмысын жүргізуге
қажетті тәжірибенің жоқтығынан болады. Балаларды тәрбиелеудің дұрыс жолын табу
үшін ата-аналарға көмектесу тәрбиешілердің міндеті.
Осы орайда «ата-аналармен жүргізілетін жұмыс түрлерін қалай
ұйымдастыруға болады?»,- деген сұрақ туындайды. Ол үшін педагогтар ата-
аналармен жақынырақ танысып, отбасының әлеуметтік жағдайын , отбасы
мүшелерінің бала тәрбиелеудегі рөлін анықтау үшін, ата-аналардың ұсыныс-
пікірлерін, ойын бөлісу мақсатында сауалнамалар, анкеталық сұрақтар алуға болады.
Сонымен бірге жыл бойғы жұмыс түрлерін ата-аналармен бірлесе отырып жасаған
тиімді. Себебі ата-аналар заман талабына сай өзекті мәселелерді, отбасы тәрбиесіне
байланысты тақырыптарды өздері ұсына алады. Сонымен қатар ата- анлардың ұсыныс
пікірлерімен санаса отырып, ата-аналарға арналған дәрістер, конференциялар,
практикумдар, дөңгелек үстел ашық сабақтар, жеке тақырыптық кеңестер, ата- аналар
жиналысы, ата-аналар кештері, ата-аналармен жүргізілетін тренингтер, өткізуге
болады. Балабақшаға жаңа қабылданған баланың ата-анасымен жүргізілген түрлі
бағыттағы, сауалнамалар алдағы даму баспалдағына бірлесе жасаған қадамы деп айта
аламын. «Бала не істей алады?», «Ата-ана балабақшаға келгенше балаға не үйретеді?»,
«Енді бала не үйренуі тиіс?» деген сияқты сауалдар шешімін тауып, отбасымен
ынтымақтаса жұмыс істеу үрдіске айналып отыр. Мақсат- тәрбие мен білім беруде
отбасыларды, ата-аналарды бірлесе жұмылдыру, баланы тәрбиелеу мен оқытудағы
мәліметтерін кеңейту, өзара сыйластық, түсунішілік, бір біріне деген шынайы
сенімділік, терең қарым- қатынастарды арттыру.[7, 17-б]
Ашық сабақтарға ата-аналардың қатысуы балабақшадағы оқу-тәрбие жұмыстар
жайында ата-аналардың педагогикалық сауаттылығын арттырады, баламен қарым-
қатынас жасаудың жолдарын үйренеді.
Ата-аналарға арналған конференцияларда болашақ қоғамның азаматтарын
тәрбиелеудің өзекті мәселелері қозғалып, оны тәжірибеде жүзеге асырудың жолдары
нақты қарастырылады. Конференцияда- «Ата-ананың рөлі», «Бала тәрбиесіндегі
қиындықтар», «Отбасы тәрбиесінің маңызы» т.б тақырыптар болуы мүмкін.
Конференцияда белгілі ғалымдар, психологтар, әлеуметтік педагог, дәрігер т.б
міндетті түрде қалыптасады.
Жеке тақырыптық кеңестер- бұл ата-аналармен өзінің баласы жайындағы
балабақша тыныс- тіршілігі туралы ақпараттармен қамтамасыз етуде, пікір алысуда
маңызды. Жеке кеңестерде тәрбиешінің отбасымен тығыз байланыс орнықтыруында
маңызы зор. Ата-аналар жиналысы- тәрбиелеу мен білім беру жұмыстарына талдау жасау және тәжірибені педагогика ғылымы негізінде ой елегінен өткізу. Жалпы жиналыстың тақырыбы негізінен жаңа оұу жылының барысы мен қорытынды есебі сипатында болады. Еңбек нәтижелері мен жетістіктері, кемшіліктері айтылып, оны жоюдың жолдары қарастырылады.
Ата-аналар кештері- мұндай кештер ата-аналар ұжымын біріктіругеғ береке
бірлікке шақырады. Ата-аналар кештерінің маңызы- ең бастысы, мұнда олар өз
балаларының достарының ата-аналарымен пікірлеседі, балаларының өмірлік маңызды
мәселелерін талқылайды.
Ата-аналармен жүргізілетін тренингтер- бұл ата-аналардың өз балаларына
деген мінез-құлықын, қарым-қатынасын өзгертуге ықпал ететін жұмыс түрі [5, 153-б].
Ата-аналарды ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттеріне қатыстырудың маңызды
нәтижесі ата-аналар өз балаларының оларға тән емес ортадағы қылығын, оның
басқалармен қалай араласуын, білім деңгейін, құрдастарының оған деген қарым-
қатынасын зерттей алады. Өз баласының дамуы басқалардан артта қалған жоқ па,
балабақшада ол үйдегідей емес, өзін басқаша ұстауын еріксіз салыстырады. Бәрін мен
дұрыс істеймін бе, неге менде тәрбиелеудің өзге нәтижесі қалыптасқан, неге үйрену
керек деген рефлекстік қызмет «іске қосылады».
Педагогтар ата-аналармен жұмыстарын олар қызығатын, қатыса алатын, бала
бейнесінің жағымдылығын қалыптастыратындай етіп өткізуі керек. Ата-аналарда
баланың жағымды бейнелерін формалау үшін педагог отбасында айтылмайтын, ата-
анасы күтпеген, олар үшін қызықты ақпаратты хабарлайды. Бұл баланың
құрбыларымен тіл табысудағы ерекшелігі, оның еңбекке деген қатынасы, іс-әрекетінің
жетістіктері болуы мүмкін. Сондай-ақ бала тәрбиесін жоғары дәрежеде жетілдіру
үшін, тек ата-аналар ғана оның балабақшадағы ақпараттармен танысып қоймай,
тәрбиешілерде баланың үйдегі жағдайынан хабардар болу керек. Педагогты бала
тәрбиесіндегі отбасы мәселелерімен таныстыру өте маңызды. Басты мақсат- баламен
өзі қалыптасқан ортада танысу. Бұл кезеңде тәрбиешілер ата-аналармен диалог
жүргізеді, отбасымен сөйлескенде тек жағымды жақтарын емес, бала қылығындағы
қиыншылықтар, кедергілер туралы да айтылады.
Мемлекет балаларды тәрбиелеуде отбасыға мектепке дейінгі ұйым және мектеп
арқылы көмектесіп, отбасылық тәрбиенің мазмұны мен ұйымдастырылуына әсер етіп
отырады. Мектепке дейінгі ұйым мен отбасы бірлесіп күш-жігер жұмсай отырып,
жеткіншек ұрпақтың жан-жақты дамуына ат салысулары тиіс. Кемелденген ел
жағдайында балабақшаның отбасы өміріне белсене араласудың үлкен маңызы бар.
Бұл ең алдымен балалардың адамгершілік кемелдігін қамтамасыз ету үшін керек.
Әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл- Фраби «Адамға ең
әуел білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген
екен. Осы орайдағ ертеңгі ел басқарар азаматтарды ата-аналар мен мектепке дейінгі
ұйымның бірден-бір мақсаты жан-жақты жетілген, үйлесімді дамыған, адамгершілігі
мол парасатты, ұлтжанды тұлғаны қалыптастыру. Баланы тәрбиелеуде әр ата-ана
өздері білімді болуы керек. Ол үшін ата-ана педагогпен тығыз байланыста болып,
түсінбегенін сұрап, пікірлесіп отыруы керек. Осындай жағдайда ғана балалардың
жағдайын түсініп, олардың адами қасиетінің дамуына ықпал жасай аламыз деп
ойлаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан Республикасының Білім беру туралы заңы.- Астана: Елорда, 2007
2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан
халқына Жолдауы.- Астана: Елорда, 2014
3. Н.К. Крупская , Мектепке дейінгі тәрбие туралы.-Алматы :«Мектеп», 1988.-
Б.9
4. ҚР «Неке және отбасы» заңнамасы.- Астана: Елорда, 2011
5. Ф. Жұмабекова. Мектепке дейінгі педагогика.-Астана, 2008.- Б.149, Б. 151
6. Детский сад и семья //Т.А. Маркованың редакциясымен.- Москва:
Просвещение», 1986.-Б 19
7. Бала тәрбиесі // №12, 2009.- Б. 17
БАТЫРБЕКОВА Л.Д


ПІКІР ҚАЛДЫРУ