Білім ордасының өткен белестері
Әр мектеп бітіруші талапкердің көкейінде болашаққа деген үлкен сенімі, армандары тұратыны белгілі. Мамандық пен жоғарғы оқу орнын таңдауда кез келген түлек бірнеше критерийлерді ой сүзгісінен өткізеді: білім сапасы, оқу ақысы, университет кампусының әсемдігі және т.б. Бұл ретте біз таңдаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі көпсалалы оқу ордаларының үздігі болып саналады. Қазақстандағы озық оқушылар, оның ішінде «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иелері ҚазҰУ табалдырығын аттап, университет мұғалімдерінен тәлім алуды ниет ететіні анық. Бала кезден бері шет тілдеріне қызығып өскен біз үшін ұлттық университетіміз өте ыстық көрінді. Өзіміз ардақ тұтып, құрметтейтін аға-әпкелеріміз болашағымызды осы оқу ордасымен байланыстырғанымызды қалайтын еді. Әрине, филология факультеті дегенде мақтау сөздер толассыз жаңғырып тұрады.
Бакалавр деңгейін сәтті аяқтағаннан кейін еш ойланбастан ҚазҰУ-ға түсуді мақсат еттік. Осылайша, Қазақ ұлттық университетінің студенті болу бақыты бізге бұйырды. Жалпы, факультетте алты кафедра жұмыс істейді, олардың бесеуі: қазақ тілі білімі, қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы, орыс филологиясы және әлем әдебиеті, тюркология және тіл теориясы, шетел филологиясы және аударма кафедралары болашақ мамандарды дайындайды.
Қабырғасы КСРО кезінде қаланған ұлттық университеттің шеберханасынан ғалым да, ақын да, әнші, спортшылар, кәсіби аудармашылар да шығып, буыны қатаймаған 30-жылдық жас мемлекетіміздің қарыштап дамуына сүбелі үлестерін қосып жүр. «Бір адам қазған құдықтан мың кісі су ішер» демекші, біз оқып жүрген білім ордасынан аты мәшhүр Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Тұрсын Жұртбай секілді бірқатар мемлекет қайраткерлері шыққан. Алдыңды арба аға-әпкелеріміз осындай топтан озған дара болғандықтан, университет студенті ретінде біз де бойымызды түзеп, дами түскіміз келеді.
Қазіргі таңда университетімізде 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, технопарк бар. Тарихқа үңілсек, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев университет кешенінің құрылысына өзі араласып, оқу ордамыздың жаңа ғимараттармен толысуына мұрындық болды. Интернет көздеріндегі ақпараттарға сәйкес, ең соңғы салынған нысандар- Химия факультеті, Физика факультеті, Механико-математика факультеті және кітапхана.
Тамырын алып бәйтеректей терең жайған біздің оқу ордамыздың алған асуы, жеткен жетістігі біршама. Мәселен, ел тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты, қызметтерінің сапасы жағындағы жетістіктері үшін ТМД сыйлығының дипломанты IQNET Халықаралық сертификациялық жүйесінің ірі әлемдік сертификаттау орталықтарының куәлігін алды. Соңғы жылдардың жаңалығы ретінде Quacquarelli Symonds (QS) беделді халықаралық рейтинг агенттігі жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары баға алып, QS Stars Rating System халықаралық рейтингінде «Бес жұлдыз» жоғары марапатына ие болды.
Аталған білім ордасы мұндай марапатты иемденген Орталық Азия аймағындағы алғашқы жоғары оқу орны екенін айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар, студенттердің білімдерін шыңдау мақсатында университет басшылығы көптеген шетелдік оқу ордаларымен серіктес атанып үлгерді: Hankuk University of Foreign Studies, Pusan University of Foreign Studies, Soongsil University, Ching Yun University.
Қорытындылай келе, біз үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жай ғана білім ошағы емес, болашағымызға сенімді қарауға үйреткен қасиетті мекен десек артық болмас. Пышақ қайралған сайын өткір болатыны секілді, мұндағы оқу бағдарламасының қызығы мен шыжығына шыдай біліп, талмай ізденісте болу қажет. Осындай үздік университетте оқып, білім алған әр студент бақытты деп есептейміз.
Нәбиева Айша-Бибі
Еснияз Рамина
Жетекші:
Түркология және тіл теориясы
кафедрасының
аға оқытушысы
Калбирова Толқын Нышанбековна