Дүниетану сабақтарында бастауыш сынып оқушыларының танымдық іс-әрекетін қалыптастыру
Самбет Динар, Жолдасалы Ақсезі
Абай атындаға Қазақ педагогикалық университеті «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының п.ғ.м., аға оқытушы
«6В01303-Бастауыш білім ақпараттық коммуникациялық технологиялармен» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті
Бастауыш сыныптардағы дүниетану сабағы — оқушылардың әлем туралы түсініктерін қалыптастырып, олардың қоршаған ортаға деген қызығушылығын арттыратын маңызды кезең. Бұл сабақтарда балалар табиғаттың құбылыстары, адамдардың өмірі, қоғам мен мәдениет туралы алғашқы білім алады. Дүниетану пәні арқылы оқушылар тек белгілі бір ақпаратты меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар олардың танымдық қабілеттері де дамиды.
Бастауыш сынып оқушылары үшін танымдық іс-әрекет, ең алдымен, қызықты әрі белсенді оқыту әдістерін қолдануды қажет етеді. Себебі, баланың жас ерекшеліктеріне сай ойлау қабілеті әлі толық қалыптаспаған, сол себепті оқушыларға ақпаратты жеткізу кезінде түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану маңызды. Бұл үшін сабақты ойын, зерттеу, сурет арқылы немесе интерактивті әдістермен ұйымдастыру оқушылардың ынтасын арттырады. Танымдық іс-әрекет оқушының білімге деген қызығушылығын оятып, оларды шын мәнінде зерттеуші ретінде тәрбиелейді.
Дүниетану сабағында танымдық іс-әрекетті қалыптастыру — бұл тек теориялық білім беру емес, сонымен қатар оқушылардың өздері зерттеу жасап, жаңа дүниені ашуға деген ұмтылысын қалыптастыру. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын ояту үшін әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалану қажет, мысалы, көрнекі құралдар, суреттер, бейнемазмұндар, тіпті виртуалды экскурсиялар мен ғылыми тәжірибелер. Осылайша, дүниетану сабақтары баланың рухани және интеллектуалдық дамуына, шығармашылық ойлау қабілетінің қалыптасуына ықпал етеді.
Қазіргі заманда ақпараттың кең таралуы мен технологиялардың дамуы білім беру саласына жаңа мүмкіндіктер туғызып отыр. Бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану бастауыш сынып оқушыларының танымдық іс-әрекетін тиімді қалыптастыруға үлкен ықпал етеді. Сондықтан да бүгінгі күні дүниетану сабақтарының әдіс-тәсілдері мен білім беру технологияларын зерттеу, оларды жаңғырту өте маңызды.
Ұлттық музейдің 3D нұсқасын көрсету арқылы «Алтын адам» тақырыбына қатысты оқу процесін түрлендіру идеясы – оқушыларға тарихи жәдігердің мәнін терең түсіндіру, олардың мәдени мұраға деген қызығушылығын ояту мақсатында жүзеге асырылған бірегей сабақ болды. Осы арқылы музейдің құрылымына, оның ішінде Алтын залында орналасқан экспонаттардың тарихи маңыздылығына оқушылардың назарын аудару, білімдерін арттыру мақсатында көрсетілді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі – еліміздің мәдени мұрасын сақтап, зерттеу және танытуға арналған ең үлкен мәдени орталықтардың бірі. Музейдің жалпы аумағы 74 000 шаршы метрді алып жатқан бұл ірі кешенде 18 залдан тұратын экспозиция орналасқан, олар Қазақстанның ежелгі тарихынан бастап, қазіргі заманғы өнерге дейінгі құнды жәдігерлерді қамтиды. Әсіресе, Алтын зал – еліміздің мәдени мұрасының ең бай бөлімдерінің бірі. Бұл залда ежелгі Қазақстанның тарихын, мәдениетін, өнерін бейнелейтін ерекше жәдігерлер бар, олардың ішінде Алтын адам да орналасқаны жайлы оқушыларға қысқаша ақпарат айтылды.
Алтын адам – Қазақстан тарихындағы ең маңызды археологиялық табылымдардың бірі. Ол ежелгі сақтар өркениетінен қалған жәдігер ғана емес, сонымен қатар, тәуелсіз Қазақстанның мәдени және тарихи тұтастығын көрсететін символ болып табылады. Алтын адамның киімі мен қаруы еліміздің бай тарихын, мәдениетін, сондай-ақ, халықтың ерлік пен батырлық дәстүрін паш етеді.
Алтын адам – өз кезегінде Қазақстанның тәуелсіздігі мен ұлттық бірлігінің символы болып табылады. Бұл археологиялық табылым Қазақстанның ежелгі тарихы мен мәдениетіне қатысты терең білім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Алтын адамның табылуы – еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды. Сондықтан да, ол бүгінгі таңда мемлекеттік символ ретінде мойындалған.
Экскурсия барысында, мен өзімді экскурсия жетекшісі ретінде таныстырып, оқушыларға Алтын адамның киімі мен қаруын сипаттауды сұрадым. Музейдің 3D нұсқасы арқылы оқушыларға бұл жәдігерлерді жан-жақты түсіндіру мүмкіндігі туды. Оқушылар үшін бұл іс-шара дәстүрлі экскурсиядан өзгеше, жаңа әрі қызықты болды. Олар 3D модельдер арқылы Алтын адамның киімі мен қаруын толықтай көріп, оны өз көздерімен көрді.. Әсіресе, оқу процесінде визуалды элементтердің қосылуы оқушылардың танымдық іс-әрекетін арттырып, тарихи құндылықтарды тереңірек түсінуге ықпал етті.
Ұлттық музейдің Алтын залында орналасқан Алтын адам ерекше орын алады. Оқушыларға музейдің 3D нұсқасы арқылы экскурсия ұйымдастырылды. Бұл әдіс оқушылардың назарын тартып, жәдігердің ерекшелігін анықтауға мүмкіндік береді.
Алтын адамның киімі – тек әшекейленген алтыннан ғана емес, сол дәуірдің сәні мен мәдениетін көрсететін, өте күрделі өрнектермен безендірілген. Ол сақтардың жоғарғы қабатындағы аристократтық өмір салтының айқын көрінісі. Киімнің негізгі элементтері алтыннан жасалған және зергерлік бұйымдармен әшекейленген. Алтын адамның киімінде болған әшекейлер мен тапқырлықтар ежелгі халықтың шеберлігін, өнерін бейнелейді.
Алтын адамның қолында болған қару-жарақтар да ерекше назар аудартады. Бұл қару-жарақтар тек қорғаушы функция ғана атқарып қана қоймай, сонымен қатар халықтың әскери шеберлігін көрсететін әсем өнер туындылары болып табылады. Алтын адамның тұратын қоғамы әскери күш пен батырлықты ерекше бағалаған. Қару-жарақтардың негізі ретінде металл мен алтынның қолданылуы сол дәуірдегі әскери өнердің жоғары деңгейін көрсетеді.
Бұл суреттер Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде сақталған археологиялық жәдігерлерді көрсетеді. Мұндағы жәдігерлер көне сақтардың мәдениеті мен өнерінің бір бөлігі болып табылады. Әрбір суретте ерекше әшекейлер мен алтын бұйымдар көрсетілген, олар тарихи тұрғыдан маңызды әрі сақ қоғамының жоғары дамыған шеберлігі мен мәдениетін білдіреді.
1.Қасқыр бейнесіндегі әшекейлер (Могильник Берел): Бұл алтыннан жасалған әшекейлер Қазақстанның Алтай аймағында табылған. Қасқыр бейнесі ежелгі сақтардың дүниетанымында маңызды орын алған, себебі олар үшін табиғат пен оның жыртқыштары ерекше символикалық мәнге ие болған. Әшекейлердің әдемілігі мен нәзіктігі сақ қоғамының жоғары шеберлігін көрсетеді.
Сонымен қатар диплом алды практика 7 айға созылды.Төменде оның жоспары және дүниетану сабақтарында бастауыш сынып оқушыларының танымдық іс-әрекетін қалыптастыру кезеңдері көрсетілді.
1 ай | Бірінші айда менің басты міндетім — оқушылармен танысу, олардың мінез-құлқына, оқу деңгейіне және қызығушылықтарына көңіл бөлу, мектептің атмосферасына бейімделу болды. Оқушылардың дүниетану пәніне деген қызығушылығын анықтап, олардың өзара қарым-қатынасын бақыладым. |
2 ай | Бұл айда мен оқушылардың белсенділігі мен ынтасын арттыру мақсатында жаңа әдістерді қолдана бастадым. Оқушылардың дүниетану пәніне деген қызығушылығын арттыру үшін тақырыптарды қызықты етіп түсіндіруге тырыстым.
Мен «Бағдарлау дегеніміз не?» тақырыбын өттім. Бұл тақырыпты өткен кезде мен оқушыларға бағдарлау дағдыларын қалыптастыру мақсатында түрлі әдістер мен тәсілдерді қолдандым. Әуелі мен оқушыларға бағдарлау ұғымын түсіндірдім. Бағдарлау дегеніміз — адамның өзінің орналасқан жерін немесе бағытты анықтау қабілеті екенін атап өттім. Бұл дағдыны игеру үшін картаны, табиғаттағы белгілерді, жергілікті ерекшеліктерді қолдану қажеттілігі туралы ақпарат бердім. Оқушыларға өздерінің орналасқан жерін нақты карта арқылы тауып, бағдарлау бойынша бірнеше тапсырмалар берілді. Олардың ішінде «Сіз қай бағытта тұрсыз?» деген сұраққа жауап беру, «Картада солтүстік, оңтүстік, шығыс және батыс бағыттарын қалай табуға болады?» деген тапсырмалар болды. Бұл тапсырма арқылы оқушылардың өз орнын анықтай алу дағдылары бекітілді. |
3 ай | Бұл айда мен шығармашылық жұмыстарды көбірек енгіздім. Оқушылардың өздері тақырыпты зерттеп, оны шығармашылық түрде жеткізуіне мүмкіндік бердім.
Үшінші айда мен «Ауа райы дегеніміз не?» тақырыбын өттім. Бұл тақырыпты өткен кезде мен оқушыларға ауа райының құбылыстары мен оның ерекшеліктерін түсіндіру мақсатында түрлі әдістер мен тәсілдерді қолдандым. Әуелі мен оқушыларға ауа райының анықтамасын беріп, оның күнделікті өмірдегі маңыздылығын түсіндірдім. Оқушыларға ауа райы туралы белгілі бір жағдайларды сипаттап беріп, олардың қай кезде болатынын сұрадым. Мысалы, «Жаңбыр жауған кезде не болады?», «Қыс мезгілінде ауа райы қандай болады?» деген сұрақтар қойдым. Бұл тапсырмалар балалардың ауа райының маңыздылығын түсінуіне, түрлі құбылыстардың уақытқа және маусымға байланысты өзгеретінін сезінулеріне көмектесті. |
4 ай | Бұл ай мен оқушылардың алған білімдерін қорытындылап, өткен тақырыптарды қайта қарап шықтым. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын сақтай отырып, оларды қайталама жұмыстармен таныстырдым.
Төртінші айда «Сақтар деген кімдер?» тақырыбын өттім. Бұл тақырыпты өткенде мен оқушыларға сақтардың тарихы мен мәдениеті туралы ақпарат беру үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдандым. Мақсатым — оқушыларға ежелгі сақтардың өмір салтын, олардың мәдени мұраларын, маңызды тарихи деректерді түсіндіру болды. Сақтардың мекендеген жерлерін картадан көрсетіп, сол аймақтарды оқушыларға таныстырдым. Сақтар Қара теңіз бен Алтай таулары арасындағы аумақты мекендегенін айтып, картамен жұмыс жасау арқылы олардың орналасқан жерін көрсеттім. Оқушылар сақтардың тарихын тереңірек түсініп, олардың мәдениеті мен өмір салтына қызығушылық танытты. Сонымен қатар, осы әдістер арқылы олардың әлеуметтік, танымдық және шығармашылық қабілеттері дамыды. |
5 ай | Бұл айда мен сабақтарда қолданатын әдістерді әртүрлі етіп, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыруға тырыстым. «Алтын адам неліктен мемлекеттік символға айналды?» тақырыбын өткен кезде мен оқушыларға Алтын адамның тарихи маңызын түсіндіре отырып, 3D виртуалды музей арқылы интерактивті оқыту әдісін қолдандым. Музей жетекшісі рөлінде бола отырып, оқушыларға Қазақстанның мәдени мұралары мен Алтын адамның маңызы туралы қызықты әрі визуалды түрде баяндадым. |
6 ай | Оқушыларға «Біздің күнделікті ас үйімізде болуы керек тағамдар» тақырыбын түсіндіріп, әртүрлі пайдалы тағамдардың бейнесін AR арқылы көрсету арқылы оларды қызықтырдым. AR арқылы виртуалды тағамдарды оқушылардың алдында көрсету олардың денсаулыққа пайдалы тағамдармен танысуына мүмкіндік берді. Бұл әдіс оқушыларға дұрыс тамақтанудың маңыздылығын жеңіл әрі түсінікті түрде жеткізуге көмектесті. |
7 ай | Бұл айда «Үйде қандай қауіп-қатерлер орын алуы мүмкін?» тақырыбын өткен кезде мен оқушыларға Жасанды Интеллект (ЖИ) технологиясын пайдаланып үйдегі қауіпсіздік жағдайларын таныстырдым. Бұл әдіс оқушыларға қауіп-қатерлердің алдын алу мен оларға төтеп беру жолдарын үйрету мақсатында қолданылды.
Оқушыларға ЖИ көмегімен үйде болатын қауіп-қатерлерді көрсетіп, олардың қандай жағдайда туындауы мүмкін екенін нақты жағдайлармен мысал келтірдім. Мысалы, электроника құралдарын дұрыс пайдаланбау, ыстық заттармен абайсыздықпен жұмыс істеу, сырғанап құлау сияқты жағдайлар көрсетілді. Сонымен қатар, ЖИ арқылы оқушыларға үйдегі қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы бейнемазмұндарды, анимацияларды көрсеттім. |
Қорытындылай келе, өңдірістік іс-тәжірибе барысында бастауыш сынып оқушыларына дүниетану пәні бойынша білім беру үдерісіне белсене араласып, олардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға бағытталған түрлі әдіс-тәсілдерді қолдандым. Бұл тәжірибе маған тек педагогикалық қабілетімді дамытып қана қоймай, оқушылардың ішкі әлеуетін ашудың жолдарын, олардың ойлау, елестету, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін жетілдірудің тиімді жолдарын үйренуге мүмкіндік берді.
Дүниетану сабағында оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін көрнекілік, интерактивті технологиялар, ойын элементтері мен шығармашылық тапсырмаларды кеңінен қолдандым. Әсіресе, тарихи тақырыптарда қолданылған 3D музейлер, виртуалды экскурсиялар, Алтын адамның тарихи бейнесін зерттеу арқылы оқушылардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы артып, олар бұл сабақтарды аса қызығушылықпен қабылдады. Мұндай тәсілдер оқушылардың ел тарихына деген құрметін қалыптастырып, отансүйгіштікке баулуға септігін тигізді.
Сонымен қатар, AR (Augmented Reality) технологиясын қолдану арқылы оқушылардың денсаулық сақтау, дұрыс тамақтану туралы білімін жетілдіруге мүмкіндік туды. Жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, үйдегі қауіпсіздік ережелерін меңгерту барысында оқушыларды нақты өмірлік жағдайлармен байланыстыра оқыту олардың өмірлік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті.
Іс-тәжірибенің әр айында сабақтарымды жоспарлауда оқушылардың жас ерекшеліктерін, даму деңгейін және қызығушылықтарын ескеруге тырыстым. Тақырыптар мазмұнын оқушылардың түсінігіне жеңіл әрі қызықты етіп жеткізу үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді ұтымды қолдандым. Сабақ барысында оқушылардың белсенділігі мен дербестігін арттыру үшін шығармашылық тапсырмалар, топтық жұмыстар, зерттеу элементтері енгізілді. Бұл балалардың өзіндік ой-пікір айтуына, логикалық және сыни тұрғыдан ойлауына жағдай жасады.
Жалпы, бұл өндірістік тәжірибе маған болашақ ұстаз ретінде үлкен өмірлік және кәсіби тәжірибе берді. Оқыту мен тәрбиелеу ісінің өзара тығыз байланыста болатынын терең түсіндім. Оқушының бойындағы танымдық, шығармашылық, тұлғалық қабілеттерін дамытудың тиімді жолдарын меңгеріп, әр баланың жеке дамуына жағдай жасаудың маңыздылығына көз жеткіздім. Осы тәжірибе барысында жинақтаған білімім мен дағдыларым болашақ педагогикалық қызметіме берік негіз болатынына сенімді.
Пайдаланған әдебиеттер.
- Ергалиева, Л. Ж. Бастауыш сынып оқушыларының оқу-танымдық іс-әрекетін қалыптастыру жолдары / Л. Ж. Ергалиева. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 8 (88). — С. Т.2. 23-25. — URL: https://moluch.ru/archive/88/17451/ (дата обращения: 06.04.2025).
- Рысбекова А. «Танымдық қабілетті арттыру шрттары », «Қазақстан мектебі» журналы №7-2010ж, 38-39 беттер.
- Ильясов С. «Танымдық белсенділікті дамыту — өзекті мәселе», «Қазақстан мектебі» журналы №2-2011 ж, 66-67 беттер.
- Қазақстан Республикасында білім мен ғылымды дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Нұр-Сұлтан. 24 шілде, -2018.
- Леонтович А.Н. Концепция развития исследовательской деятельности учащихся М:Образование, -2018. -152с