Журналистикадағы жасанды интеллект мүмкіндіктері мен мәселелері

0
69

Жасанды интеллект бүгінгі таңда өмірімізге еніп, цифрлық технологияларды дамытуда.  Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халқына жолдауы жарияланды. Жолдауда: «Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. «Электронды үкімет»платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі», – деді.

Жасанды интеллект – журналистика саласында көптеген жылдар бойы онлайн жаңалықтар мен ақпаратты жасау және тарату, мазмұнды генерациялау, деректерді өндіру, талдау, кескінді тану, тілдік аударма үшін қолданылды.  Өндірістегі ірі жаңалықтар бөлімдері  күнделікті тапсырмаларды оңтайландыруға, спорттық қорытындыларды шығаруға, тегтер мен транскрипцияларды жасауға қолданып келді. Әлемдік медиа алпауыттар BBC 2012 жылдан бастап, журналистерге ақпаратты жинау үшін, тиісті мазмұнға қол жеткізу үшін қолданды. «Associated Press» автоматтандырылған сюжеттерді жасау құралы ретінде қоданып келеді.   2018 жылдан бері ЖИ әр түрлі мәліметтер жиынтығынан әңгімелер құрастырып беретін болды. «The New York Times» газеті журналистерге сюжет, тақырып таңдауға көмектесетін редакторлық қызметін пайдаланады. 2020 жылы «The Guardian» толығымен GPT-3 жазған мақалаларды жариялады.   Біздің елімізде де медиа саласында ЖИ кеңінен еніп отыр. Бұл шығармашылық, технологиялық жағынан тиімді екеніне сөз жоқ. Сонымен қатар бұл цифрлық интеграция әлемнің барлық аймағында даму сатысына өтті.

Десек те қазіргі таңда жасанды интеллект саласындағы әзірлемелер жаңа құқықтық және этикалық қиындықтарды туғызып отыр. Халықтың сеніміне нұқсан келтіру факторлары орын алуда. Әлеуметтік желі арқылы авторлық құқықтарды теріс пайдалану да жиі ұшырасуда. Осы орайда баспагерлер мен медиа технологияны дамытушы компаниялар осы тәжірибелер бойынша ашық, этикалық нұсқаулықтарды құруы тиіс деп ойлаймыз. Саясаткелер мен медиа мамандар және технология әзірлеушілер мен ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту өте маңызды.

Елімізде айтарлықтай шиеленістер туындамай дамуы үшін әр саланың  өзіндік принциптері мен дағды ескерілуі тиіс. Осы орайда, жолдауда: «Келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керек. Бұл орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады»,- деген болатын. Яғни, осы ұлттық орталықта барлық мәселелердің шешімі болады деген сеніміміз зор.

Авторлардың негізгі құқықтары мен қауіпсіздігін қорғайтын тәсілдерді күшейту арқылы, шығармашылық бағыттағы цифрлық технологияларды дамыта аламыз. Сонымен қатар әрбір жүйенің тәуекелдерін алдын-ала болжап, сараптамалар жүргізілсе, ЖИ қарқынды дами береді.

 

Айкерім Әлімжанова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті. Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының аға оқытушысы, PhD

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ