Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған қалалық кітапханада осындай тақырыппен 3-4 қазанда республикалық конференция өтті. Екі күндік шараға еліміздің әр өңірінен 80-нен астам кітапхана қызметкері қатысты. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған шараға қатысушыларды Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
О.Бөкей атындағы орталықтандырылған қалалық кітапхана директоры Хабиба Мырзаханқызы Ақжігітова қазіргі таңда кітапхана жұмысын заманауи үлгіде дамытудың маңызды екенін айтады. Кітапхана саласы жасанды интелектті жатсынбауы тиіс. Біз қаласақ та, қаламасақ та жасанды интеллект дәуірінің басталғаны шындық. Ендеше кітапхана саласына жасанды интеллекті енгізу мәселесі өте өзекті.
Екі күндік конференцияға Ресей Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар жөніндегі ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері Вадим Степанов арнайы шақырылып, баяндама жасады. Жасанды интеллектінің шығу тарихынан бастап өмірде қалай қолдануға болатыны туралы қызық та тың мәліметтермен бөлісіп, жасанды интеллектті кітапхана саласындағы ақпараттық қызметте пайдалану туралы шеберлік сыныбын өткізді. Ғалым жасанды интеллектінің дамуын 3 кезеңге бөледі. 1950-1970 жылдары жасанды интеллект енді ғана пайда болып, алғашқы бағдарламалар жасала бастаған болса, 1980-2010 жылдары жасанды интеллект жүйесі өз жемісін де бере бастады, ал 2010 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жасанды интеллект барлық салаға қарқынды енгізілуде. Бүгінгі таңда жасанды интеллект ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, медицина, денсаулық сақтау, қауіпсіздік жүйесі секілді көптеген салада кеңінен қолданылады. Ендеше осынау үрдістен кітапхана саласы да қалыс қалмауы қажет.
Кітапханашылар компьютерді ең алғаш қалай үйренді, жасанды интеллекті де солай жан-жақты меңгеруі керек. Заманауи технология жаңалықтарын қызметіне енгізген кітапхана ғана жастарды өзіне тарта алады. Осылайша, өлімге емес, өмір сүруге құштар ұл-қыздарды тәрбиелеуге ықпал етуіміз керек, — дейді В.Степанов.
Конференцияда ТМД IDC вице-президенті А.Беклемишев қатысушыларға Қазақстан Республикасында жасанды интеллекті дамыту тұжырымдамасы туралы әңгімелеп берді. Ал Белорусь ұлттық техникалық университетінің ғылыми кітапханасы электрондық қорлар бөлімінің интернет технологияны дамыту бөлімінің басшысы А.Ковалевский “Кітапхана -Жасанды интеллект әлеміне жолбасшы” тақырыбында онлайн дәріс өткізді.
Егер бүгін біз жасанды интеллекті игермесек, ертең біздің орнымызды басатын біреулер міндетті түрде табылады, — деп түйіндеді ол өзінің баяндамасын.
Бұл конференция өте маңызды. Қазіргі күні кітапханашыларға осындай кітапхананы алға сүйрейтін шаралар өте қажет. Өз басым, жасанды зердені қолдану дәл кітапхана жұмысында әзірге кенжелеп тұр дер едім. Әркім өз білгенінше қолданып жүр. Бүгін мен жасанды зердені кітапхананың әр бөлімінде, әр жүйесінде қолдануға болатынын біліп отырмын. Бұл бізге үлкен әдістемелік көмек. Ресейлік ғалым Вадим Степановтың берген мағлұматтары өте қызық. Болашақта ол кісімен тығыз қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Кітапхана қызметіне жасанды интеллектіні енгізуде, жұмысымыздың осы бағытын дамытуда байланыста боламыз деп ойлаймын, — дейді Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева.
Екі күнге созылған конференция нәтижесінде барлық қатысушыларға арнайы сертификат табыс етілді.
М.Иманғали
Шығыс Қазақстан облысы