МЕКТЕПКЕ ОҚЫТУҒА БАЛАНЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДАЯРЛЫҒЫ

0
3033

Халқымыз балаға қашанда ерекше мән берген, өйткені бала біздің болашағымыз,
өміріміздің жалғасы. Сондықтан қазіргі заманда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы
тәрбие беру отбасы атты әлеуметтік құрылымның ең маңызды міндеті. Отбасы – адам
баласының түп қазығы, алтын ұясы. Адам баласы шыр етіп дүниеге келген күннен
бастап, сол ортаның ыстық-суығына көніп, осында ер жетеді.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның бәсекеге
қабілетті шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру арқылы, дамыған 50 елдің қатарына
қосылуға дайындық барысында білім беру саласында да көп реформалар жасалу
қажеттігін атап көрсетті. Еліміздің білім беру жүйесіндегі реформа жас ұрпақтың
әрқайсысының жеке тұлға ретінде қалыптасуында маңызды мәселелерді шешудің түрлі
жолдарын қарастыруды көздейді. Бет бұрыс әлемдік жаһандану заманына алғашқы
қадам болып табылады. Әр жас өркеннің азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ететін
қоғамдағы негізгі де, жауапты сала, ол – білім және тәрбие беру жүйесі.
Елдің елдігін сақтап, көркейтетін, басқа елмен терезесін тең етіп өркендететін,
сондай-ақ болашағын айқындап та беретін осы білім мен тәрбие беру ісі. Жас ұрпаққа
білім беру мәселесі отбасынан бастап, еліміздің қоғамдық жүйесін толық қамтиды,
сондай-ақ оның әрбір мүшесінен тыс қалмайды. Ондағы мектепке дейінгі тәрбиенің рөлі
ерекше. Қазіргі таңдағы қоғам ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне ерекше көңіл аудара
отырып, сапалы білім беру талаптарын қойып отыр. Балалардың өмірі мен денсаулығын
қорғау, оларды тәуелсіз мемлекетіміздің білімді, білікті, мәдениетті азаматы етіп
тәрбиелеу барысында жасалып жатқан жұмыстар өмірімізге еніп жатқан жаңалықтар
осының дәлелі. Егеменді еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеуде елеулі үлес қосып,
сәбилерге ұлттық тәлім-тәрбие бере отырып, 5-6 жастағыларды мектепке дайындау ісі
отбасылар мен балабақшаларда берілетін білім мазмұнын жаңарту, оның біртұтас
жүйелігінің сақталуын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Сондықтан да 5-6 жасар
балаларды мектепке даярлау мәселелері ата-аналар мен ұстаздар қауымын ерекше
толғандырады. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі «Білім беруді дамыту
тұжырымдамасында» 5-6 жастағы бала міндетті түрде мектепке дайындықтан өтіп баруы
тиіс делінген. Онда баланы оқыту, бағдарламаның үйлесімділігі, оны шаршаудан қорғау
мақсатында оңтайлы жүктемемен қамтамасыз ету, денсаулығына назар аудару, баланың
оқуға деген құштарлығын арттыру көзделген. Мектепалды даярлықтың негізгі мақсаты – 5-6 жасар баланың дене дамуы мен психологиялық саулығын қорғау және нығайту, ақыл-ойын жетілдіру, олардың бойында қарапайым білім негіздерін, іскерлік пен дағдылардың алғы шарттарын пайымдай
отырып, бастауыш мектепте білім алуға қажетті бастапқы мүмкіндіктермен қамтамасыз
ету. Л.А.Венгер, В.В.Холомская және басқа ғалымдардың зерттеулері мектепке
дейінгі балалардың мектепке даярлығы, балабақшадағы оқыту деңгейін анықтады.
Өзінің тұстастары және ересектермен қатынас жасау дағдысының, оқу-танымдық әрекеті
бірлігінің, мектепте оқуға әлеуметтік-психологиялық даярлығының төмендеу болуы
мектеп жасына дейінгі баланың дербес дамуындағы бірден-бір үлкен бөгет. Жеке
тұлғаны қалыптастыруда мектепке дейінгі 5-7 жастағы ересек балаларды қамтитын,
мектепке даярлаудың мақсатты және жүйелі жұмыстардың атқарар рөлі зор.
Мектепте оқытуға баланың психологиялық даярлығы мектепке дейінгі балалық
шақ кезіндегі психологиялық дамудың басты қорытындыларының бірі. Алты жасқа
келгенде бала күнделікті әңгімелесу кезінде қиын тапсырмалар жүйесін белгілі деңгейде
игереді. Алты жастағы бала контекстік сөз деңгейінде қарым-қатынас жасауға қабілетті
болады, оның сөзінен не туралы айтылатындығы жеткілікті түрде толық суреттеледі.
Мектепке дейінгі жастағы балалардың қиялы көбінесе ықтиярсыз келеді. Баланы
толғандырған жағдай оның қиялының негізі бола алады. Сезімнің арқасында балалар
ертегілерді, тақпақтарды ойлап шығара алады. Көптеген жағдайларда бала өзінің
шығармасының қандай болатының өзі де білмейді. Күні бұрын қойылған мақсат арқылы
бағытталған арнайы қиял мектепке дейінгі кішкентайлар мен естияр жастағыларда
болмайды. Арнайы қиял мектепке дейінгі ересек шақта іс-әрекеттің жемісті түрлерінің
даму процестерінде балалар құрастыра білуді үйрене бастаған кезде қалыптаса бастайды. Ықтиярлы, арнайы қиялдың дамуы да зейін мен ес ықтиярлы формаларының дамуы сияқты баланың мінез-құлқының сөзбен реттелуінің қалыптаса бастауындағы жалпы процестің бір жағы болып табылады. Іс-әрекеттің жемісті түрлеріндегі мақсат қою мен ойды құру жетекшілігі сөз арқылы жүзеге асады.
Мектепке баратын және барған балалардың оқу жұмысын ұйымдастырудың
негізгі формасы – уақыты әр минутына дейін есептелген сабақ. Сабақта балалардың бәрі
мұғалімнің нұсқауларын қадағалап, оларды дәл орындауы, алаңдамауы, бөгде іспен
айналыспауы тиіс. Мектеп жасындағы баланың өмірі мен іс-әрекеті жағдайларының
барлық осы ерекшеліктері оның өз басының әр түрлі жақтарына, оның психикалық
қасиеттеріне, білімдеріне, қабілеттеріне жоғары талаптар қояды. Баланың ерік
қасиеттерінің дамуының үлкен мәні бар, онсыз бала өзінің мінез-құлқын саналы түрде
реттеп, оны оқу міндеттерін шешуге бағындыра, сабақта өзін ұйымшыл түрде ұстай
алмайды. Баланың тек сыртқы мінез-құлқы ғана емес, сонымен бірге ақыл-ой әрекеті де,
оның зейіні, есі, ойнауы – ықтиярлы болуы тиіс. Мектеп жасына дейінгі балалық шақтың даму қорытындысы бұл -бала мектеп жағдайларына икемделетіндей оқуға жүйелі түрде кірісе алатындай жағдайлардың алғы шарттары. Мұндай алғы шарттарға алдымен мектеп баласы болуға, байсалды іс-әрекетпен шұғылдануға оқуға деген ынталану жатады. Мектепке дейінгі шақтың соңында мұндай ынта балалардың басым көпшілігінде пайда болады. Бала үшін оқу жұрттың бәрі қадірлейтін саналы іс-әрекет болады.
Мектепке психологиялық даярлықтың ерекшелігі — дәстүрлі түрде тек мектепке
тән саналатын сауаттану, санау, арифметикалық есептерді шығару сияқты кейбір
арнаулы білімдер мен дағдыларды меңгеруі. Балалық шақтан мектепке өту – баланың
өмір сүру салтын түбірімен өзгертеді, ол оқу арқылы білім игеріп қана қоймай,
күнделікті міндетті еңбек ету арқылы қоршаған ортаға бейімделе бастайды. 6-7 жаста
танымдық жүйесінің қарқынды жетілуі оның мектепке оқуға бейімделуінің басты себебі
болып табылады.
Г.А.Урунтаеваның пікірі бойынша осы жаста көңіл аударудың, бір нәрсеге
тұрақты назар салып көңіл аударудың тұрақтылығы көбейеді. Көңіл аудару процесі
біршама тұрақтанады. Кейбір бастауыш мектеп жасындағы мектепке даярлығы жоқ
балалардың ішінде өздігінен көңіл аудару мен таңдап қабылдай алудың жоқтығы
байқалады. Физиологтардың мәліметі бойынша, баланың психикалық және тәндік даму
ерекшеліктерін анықтайтын ми бөлігі ересек адамдардағыдай қалыптасқан. Бірақ,
ағзаның қалыптасуы әлі аяқталмаған, ерікті қасиеттері әлсіз, зейіні тұрақсыз, оқуға
мотивациясы осалдау екенін ұмытпау керек. В.П.Герасимова деректері бойынша көңіл бөлудің көлемі 5-6 жаста аз, үлкен адамдардан қарағанда көңіл аударудың бөлінуі төмендеу. Бала біруақытта мұғалімді де тыңдап, кітапты да оқи алмайды. Кіші мектеп жасындағы балаларда көңіл аудару тұрақтылығы аз ғана, бұл жастың әлсіздік жағы — тежелу процесі. Мектепалды жасындағыларда есте сақтаудың дамуы еріксіз түрден ерікті есте сақтауға ауысудың түрі болып табылады.
Көптеген авторлардың пікірі бойынша ерікті және еріксіз есте сақтау өзінің
кезегінде мотив пен іс-әрекеттің құрылымынан тұрады. Оқу процесі кезінде баланың
есте сақтау қабілеті ерікті түрде болады. Есте сақтау өнімділігінің көрсеткіші артады.
А.Д. Алферова пікірінше балалардың есте сақтау қабілетінің төмен болуы, олардың есте
сақтау процесін дұрыс ұйымдастыра алмауында, айтылған сөзді сөзбе-сөз қылып жаттау
алуларында, бұл тілдің дұрыс дамуына да әсер етеді.
Оқудың әсерінен балалардың есте сақтауы 2 бағытта дамиды: сөздік-логикалық
есте сақтау және сақтауды өздігінен реттеу және қайта жаңғырту. Н.В.Гуткина пікірі
бойынша балалардың есте сақтау қабілетін дамыту үшін логикалық есте сақтауды
дамыту керек, сөздік-мағынаны есте сақтау танымдықты дамытады және баланың
танымдық іс-әрекетін кеңейтеді. Мектепке дейінгі балалық шақта сипап сезу және көріп,
тану, заттарды бақылау жүйелі және ұйымдастырылған түрде болады. 5-6 жаста
объектіні тану 100%-ға болуы мүмкін. Мектепалды даярлық тобындағы балаларда
қоршаған әлемді зерттеуге бағыттала құрылған танымдық белсенділік, оның
қызығушылығы таусылғанша, зерттелу объектісіне ұзақ уақыт зейінін жұмылдырады. 5-
7 жаста бала маңызды ойынмен ойнайтын болса, онда ол 2-3 сағат ештеңеге алаңдамай, ұзақ уақыт өнімдіі іс-әрекетке де зейінін шоғырландыра алады (сурет салу, құрастыру).
Алты жасар баланың еркінің дамуында өзара байланысты үш жағын бөліп
көрсетуге болады: бұл біріншіден, мақсаттылықтың дамуы; екіншіден, іс-әрекеттің
мақсатымен олардың мотивтерінің арасында қарым-қатынас орнату; үшіншіден,
реттелген сөз рөлін күшейту.
Л.С.Выготский алты жастағы балалар ситуативті жағдайдан тікелей іс-әрекетке
өтеді, әлеуметтік ереже мен талаптарға бағынып және соңғысына өте сезімталды
қарайды деп анықтаған.
Алты жастағы балалардың сөздік дамуы негізгі екі бағытта жүреді: біріншіден,
қарқынды түрде сөздік қоры көбейеді және морфологиялық жүйесін игереді; екіншіден,
сөз-танымдық прцестерінің құрылуын қамтамасыз етеді, олар зейін, қабылдау, ес, қиял,
ойлау.
Ақыл-ойдың жұмыс істеу қабілеттілігі мидың даярлығы мен оның
функционалдық шынығуына байланысты. Ақыл-ойдың қабілеттілігіне әсер ететін
факторлардың қатарына оқу жүктемесі мен күнтізбенің дұрыс жасалуы және оның дұрыс қойылуы, ұзақ отыру мен көп қозғалмау бала ағзасының тез шаршауына әкеледі. Жұмысқа қабілетінің жоғарылығы баланың сол пәнге бейімділігіне де байланысты. Ақыл-ойдың жұмыс істеу қабілетінің көрсеткіші оқудың күндік, апталық және жылдық өзгерісіне байланысты. Көптеген авторлардың пікірі бойынша жұмыс қабілетінің жоғары болуы 8- ден 11-ге дейінгі сағат аралығында болса, оның төмендеуі түс мезгілі мен түстен кейінгі уақытта болады.
Мектепке келген бала физиологиялық және әлеуметтік жағынан да даяр болуы
керек. Бала ойлау операцияларын орындай алуы керек, тіл табыса білуі керек, сабақтарға бейімделе және әр пәнді ажырата білуі, сыртқы ортаны ажырата білуі, өз іс-әрекетін бақылап, өз ісіне жауапкершілікпен қарай білуі керек. Сондықтан баланың мектепке дейінгі даярлығы – комплексті ұғым, әр қырынан және баланың барлық өмірі жағынан қарастырылуы тиіс.
БАЯХАН Қ.С., ОСПАНОВА К.Б.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ