«ХХІ ғасырдағы Түркістан идеясы» Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы

0
336

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде тарих факультетінің ұйымдастыруымен 2024 жылы  18 қарашада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына  орай «ХХІ ғасырдағы Түркістан идеясы» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма Төрағасы – ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев құттықтау сөзімен бастап: «Тұрар Рысқұловтың әр алуан қызметі мен ұлттың болашағы жолында атқарған жұмысы және асыл азаматтың 43 жыл ғұмырында атқарған жұмыстары туралы айта келе, түркі мемлекеттерінің ынтымағы мен тұтас Түркістан идеясы үшін күрескен ұлы тұлғаның армандары бүгінгі таңда жүзеге асуда», — деп түйіндеді.

Алғашқы баяндаманы  Қазақстан Ғалымдар Одағының Президенті, ҚР Президенті жанындағы Ғылым мен технология жөніндегі Ұлттық Кеңестің  мүшесі, Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик Оразалы Сәбден: «Тұрар Рысқұлов халықаралық деңгейдегі мемлекет және қоғам қайраткері» деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамасында қоғам қайраткері, ғалым, публицист, тарихшы, дипломат Тұрар Рысқұловтың тұлғасы туралы зерттеулерге тоқтала отырып, оның идеялары мен қызметінің маңызына және қазіргі күндегі өзектілігі туралы ой бөлісті. «Ұлтының мәңгілігін ойлаған Тұрар Рысқұловтың  ұстанымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерттеу, мағынасын ашып көрсету, оны ел игілігіне жарату – бүгінгі ұрпақ пен ұлтымызға қымбат құндылық» деп өз ойын аяқтады.

Келесі баяндаманы  ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, белгілі алаштанушы — ғалым Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев «Тұрар Рысқұловтың көзқарасы ұстанымы және олардың бүгінгі өзектілігі туралы» деген тақырыпта  жасаған баяндамасында: «Тұрар Рысқұлов және оның замандастарының сол кездегі еңбектеріне тоқталып өтті. Сондай ақ Түркістан жерінде Түркі кеңес республикасын құру керек деген  Тұрар Рысқұловтың көтерген бастамасын  үстемшіл пиғылдағы кеңес үкіметі  қолдамады. Т.Рысқұловтың негізгі идеясы – жалпытүркілік идеясы. Тұтас Түркістан идеясын әлемге мойындатқан тұлға» деп, қорытындылады.

Келесі баяндамашы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры   Ханкелді Махмұтұлы Әбжанов  «Тұрар Рысқұлов және ашаршылық ақиқаты» деген тақырыпта баяндама жасады. Ғалым баяндамасында Тұрар Рысқұловтың өткен ғасырдың алғашқы ширегіндегі күрделі кезеңде ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, талай игі бастамаға ұйытқы болғандығы және  нәубет жылдары халықты аштықтан құтқаруға атсалысқандығы, ашаршылықтың қалай бастау алғанын нақты айтқан және ол тарихи деректермен дәлелденгендігі туралы мысалдар келтіріп, тұшымды мәліметтер келтірді.

Сонымен қатар конференция барысында жазушы, тарихшы, т.ғ.к., Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаев  «Тұрар Рысқұлов тоталитаризм жасаған сана метаформозасында», журналист жазушы, тұрартанушы, Мұхтар Қазбек «Тұрартанушы Мәскеулік ғалым», журналист журналист — жазушы, Рысқұлов танушы Көлбай Адырбекұлы «Тұрар Рысқұлов: Ақпарат құралдарындағы жаламен ақиқат хаһында ойлар», Орталық мемлекеттік архиві» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Сәбит   Қамытбекұлы Шілдебай «Тұрар Рысқұлов және Түркістан үшін күрес» деген тақырыптарда жасаған баяндамаларында тарихи тұлғаның саяси, рухани, тарихи болмысымен қатар ұлт жанашырының сіңірген еңбегі сараланып, тың деректер айтылды. Жастар біздің болашағымыз, сондықтан тарихи тұлғаның сыры ашылмаған мұралары мен әділ баға берілмеген тұстарын зерттеу жастардың алдында тұрған өзекті мәселе екендігі айтылды. Сонымен қатар конференция барысында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві ұжымының архив құжаттары негізінде Тұрар Рысқұловқа қатысты көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Тұрар Рысқұловтың  үзенгелес достарымен түскен фотосуреттері, 1921 жылы жазылған «Ұлт мәселесі жөніндегі» тезистері және жазған хаттарымен конференция қонақтары, студенттер танысып, тың мәліметтер алды.

Тұрар Рысқұлов  1920 жылы қаңтарда 25 жасқа жаңа толған шағында сол кезде құрамында бүгінгі күндегі Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Қазақстанның оңтүстік облыстары кірген Түркістан  Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып сайланды. 1920 жылы күзде Т.Рысқұлов Мәскеуге ауыстырылды да, РСФСР Ұлт жөніндегі халық комисарының, яғни И.Сталиннің екінші орынбасары болып тағайындалды. Ол 1920 жылдың соңында Әзірбайжандағы осы комиссариаттың өкілі болып ауыстырылды. Түркістандағы саяси жағдайдың күрделенуі, басмашылар қозғалысының кең етек жаюы, өлкедегі экономикалық дағдарыстың өрши түсуі РКП (б) Орталық Комитетін Т.Рысқұлов сияқты өлкені жақсы білетін және оны тығырықтан шығара алатын қайраткерді Түркістан АССР- де басшылық жұмысқа қайтадан әкелуге мәжбүр болды. 1922 жылдың күзінде Т.Рысқұлов Түркістан АССР Халық Комисарлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Коммунистік партияның мұсылман бюросының төрағасы, Кеңес Одағының Ұлт істері Халық комиссарының орынбасары, Коминтерннің орталық аппаратында  лауазымды қызметтер атқара жүріп партия  және мемлекетті басқару мен  ұйымдастыру  саласында мол тәжірбие жинақтап қоғам қайраткері  болды. Тұрар Рысқұловтың тек қазақ халқының тарихында ғана емес, түркі халықтарының тарихында да ерекше орын алған тарихи тұлға. Өйткені  Тұрар Рысқұлов  Орталық Азияда Түркі кеңес республикасын құруға  бастамашы болды. Алайда Сталин Тұрар Рысқұловтың бастамасымен болған саяси іс-шараларды іске асыруына мүмкіншілік бермеді. Түркістан халықтары ішінен шыққан тұңғыш кеңестік қайраткерлердің көш басшысы, жетекшісі болған  тарихи тұлғаның жасаған қызметтеріне қарамастан, сұлтанғалиевшілдікпен идеялық, идеологиялық байланыс жасағандығы үшін саяси тұрғыдан айыпталды. Осындай айыптаулар нәтижесінде Тұрар Рысқұлов  1938 жылы ату жазасына кесіліп, өмірден өтті.

Әлемдегі тарихты жасауға ат салысқан тұлғалардың бірі адамзат тарихына өзіндік үлес қосса, ал бірі жаңа өзгерістар еңгізіп, тарихтың жаңа бетін ашуға мүмкіндік туғызады, енді бірі өзінің жағымды іс әрекеттерімен тарихта қалады. Қазақ тарихындағы осындай тұлғалардың бірегейі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері — Тұрар Рысқұлов. Оның өмірі мен қызметі туралы соңғы жылдары Қазақстанда және шетелдерде көптеген зерттеу еңбектері жарық көруде.

Бүгінгі конференцияда қоғамтанушы ғалымдар тарапынан Тұрар Рысқұловтың саяси, рухани, тарихи болмысымен қатар ұлт жанашырының  еңбегі сараланып, тың деректер айтылды.

Тұрар  Рысқұловтың бүкіл өмірі  мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі ұлтының жарқын болашағы жолына бағытталды, оның атқарған ерен істері бүгінгі ұрпаққа аманат және өнегелі өсиет болып табылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультеті

Қазақстан тарихы кафедрасының т.ғ.к., профессор

Гүлнар Бестібайқызы Қозғамбаева


ПІКІР ҚАЛДЫРУ