«ҚазҰУ – менің таңдауым»

0
7916
ҚазҰУ – Ғылымға құштар жандар үшін үздік таңдау

«ҚазҰУ – менің таңдауым»

Мектеп бітіріп, «Жас түлек» атанғаннан кейін, менің өмірімдегі ең маңызды мәселелердің бірі болашақ мамандығым мен оқу орнын таңдау болды. Ел қатарлы, бірнеше оқу орнын зерттей отырып, соңғы әрі нақты шешімімді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне беруді жөн көрдім және осы уақытқа дейін еш өкінген емеспін. ҚазҰУ көп жылдық тарихы мен оқу және ғылыми жұмыс тәжірибесіне бай, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының көшін бастап тұрған алпауыт универ.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – өзіндік салт-дәстүрімен бай, көпжылдық білім саласындағы және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол бірден-бір жоғары оқу орны.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – бірінші болып мемлекеттік аттестациядан өткен және барлық мамандықтар мен дәрежелер бойынша білім кызметін жасайтын, Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындар жүйесінің көшбасшысы болып табылады.

Университет жоғарғы білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңестігінде интеграциялауға, өндіріске енгізілетін фундаменталды және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталатын кең көлемдегі білім, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндіруші негізге ие.

Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Сіздерге алуан түрлі мамандықтарды ұсынатын білім және ғылым ордасы.

Университет осы күнге дейін білікті мамандарды даярлап, әлемдік білім беруді қолдаған университеттердің бірі. Қазіргі таңда университетте 16 факультет, 32 ғылыми зерттеу институттары мен орталықтар, технопарк және әскери кафедра жұмыс жасап жатыр. Университет ішінде студенттерге барлық жағдай жасалынған «Казгуград» қалашығы бар, яғни студент қалашықтан кітапхананы да, студенттер сарайын да, медициналық орталықты да, спорткешен мен стадионды да таба алады.

Бүгінгі уақытта мен ҚазҰУ-дың «Филология» факультетінің магистрантымын. «Филология» факультетін таңдаған себебім — уақыт талабы, қазіргі жаңа технологияларды жақсы меңгере отырып, еліме өз пайдамды тигізу болатын. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жолдауында тілдерді дамытуды жүзеге асыру туралы айтылған. Филолог мамандығының маңыздылығын асыра бағаласам артық емес.  Адамның 80% тұлғасы оның сөйлеуінде жатыр. Демек, ана тілі мен әдебиеті мектептердегі негізгі және міндетті пәндер болып табылады. Осы пәндердің ұстаздары сөзімізді байытып, дүниетанымымызды қалыптастырып, туған әдебиетімізге деген сүйіспеншілікті оятуда. Тілді білмей, басқа ғылымдарды меңгеру мүмкін болмас еді. Тіл тарихын сол тілде сөйлейтін халықтың тарихынан бөліп қарауға болмайды.

Филолог өз мамандығының міндетіне сай тілдің табиғатын, шығу тегін, тарихи дамуын, қызметін, ішкі құрылысын, жіктелуін жетік біледі. Тіл білімі жалпы және арнайы, теориялық және қолданбалы болып бөлінеді.

Филолог мамандығының қыры мен сыры көп. Ол іс-әрекеттің кең ауқымын қамтиды және ой еңбегін қамтиды.

Филолог маманы адамдарға негізді және жинақталған білімді жеткізеді. Әдетте жоғары және орта оқу орындарында филологтар сабақ береді. Олардың міндеті тәрбиелік. Олар адамдарға адамзаттың дамуына мүмкіндік беретін білім мен дағдыларды береді.

Филологтың қызметі – тілді зерттеу, бірақ оның сөздері мен компоненттерін емес, тарихи фактілерді, этимологияны, белгілі бір ұғымдарды уақыт кезеңіне байланысты нақтылау. Филолог – тіл тарихын білетін маман.

Филолог мамандығы әртүрлі ұйымдарда мұғалім, ғылыми қызметкер, әдеби редактор немесе аудармашы ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді

Болашақта ЖОО аяқтап, дипломымды қолыма алғаннан кейін білімімді жетілдіру үшін шетелге барып көргім келеді және осы кафедраның арқасында ол жақта орнығуым оңай болатынына сенемін. «Филология» саласына зерттеулер жүргізу арқылы, ғылымды дамыту арқылы өз үлесімді қосқым келеді.

Қорытындай келе, ҚазҰУ-бұл менің таңдауым әрі мақтанышым екенін қайталай бергім келеді. Елімізді ғана емес, басқа да мемлекеттерді өзінің жетістіктерімен мойындатқан бұл универ әлі талай студенттің арманы болары сөзсіз. Ал бұл менің болашағым және ол жарқын боларына сенемін.

«Тюркология және тіл теория»

кафедрасының студенті

Мұратбек Айнұр

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

«Тюркология және тіл теория»

кафедрасының аға оқытушысы

Калбирова Т.Н.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ