Алматы облысы, Талғар ауданы, «Ақ Бұлақ» демалыс орнында бастау алған «ӨзгерIS» менторлық оқыту бағдарламасы өз мәресіне жетті. Шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Алматы студенттер Альянсы» ұйымының ұйымдастыруымен «Ules» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Бес күнге созылған менторлық оқыту бағдарламасында жастар тұлғалық даму, кәсіпкерлік, қаржылық сауаттылық, кәсіби бағдар беру (профориентация), медиа бағыттары бойынша, сала мамандарынан тәлім алып, білімдерін шыңдады. «ӨзгерIS» менторлық оқыту бағдарламасына республиканың түкпір-түкпірінен 100 жас қатысты. Қатысушылар арасында студент, жастар қызметкерлері, ұстаздар, кәсіпкерлер және түрлі сала мамандары болды.
Әр түрлі аймақтан келген қатысушылар бір-бірімен таныстық орнатуы үшін арнайы психологиялық тренингтен өтті. Теолог, дінтанушы, психолог Нұрлан имам Байжігітұлының «Қазақ даласындағы руханият» тақырыбындағы рухани дәрісін тыңдады.
Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылым депутаты, Паралимпиада спортшысы Серік Есматов бағдарламамызда қонақта болып, «Қиындықтарда қалай сынбау керек?» тақырыбында жоба қатысушыларына мотивациялық дәрісін оқыды.
Педагог-тренер, Ustart жобасының жетекшісі, «Үйренуді үйрену» курсының спикері Ескендір Бестай және медиасарапшы, блогер, саяхатшы (57 ел) Өркен Кенжебек, сонымен қатар, журналист, оратор, дауыс және дикциямен жұмыс маманы Қаракөз Амантай, қазақ Standup негізін салушы Нұрмахан Ахметов, «Алтын көпір», «100 LEADER» жобаларының авторы Алмас Қылыш мырза және @zhancoffee желісінің негізін қалаушы Жанбол Нұрмұханбет мырза бағдарлама қонағы ретінде, бағдарлама қатысушыларымен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар қатысушылар спорттық сайыстан өтіп, шығармашылық таланттарын да паш етті. Менторлық бағдарламаның бесінші күні, дайындалған менторлар «Тұлғалық даму», «Медиа», «Қаржылық сауаттылық», «Кәсіпкерлік», «Профориентация» бағыттары бойынша жоба қорғады.
Шара соңында ментор ретінде даярланғаны үшін, оқыған бағыты бойынша арнайы сертификат табысталды. Алматы қаласында жоба қатысушыларымен «Міржақып. Оян қазақ!» кинокөрсетілімі өткізілді. Кинокөрсетілімнің қонағы ретінде, фильмнің қоюшы-режиссері Мұрат Есжан мырза шақыртылды.
Алматы студенттер Альянсы КҚ атқарушы директоры Жасұлан Бостандықұлы жоба қатысушыларын, шараның аяқталғанымен құттықтап, өзінің ізгі тілегін білдірді: «Құрметті жоба қатысушылары, бес күндік шараны өте жоғары деңгейде өткізгендеріңізді көруге болады. Бес күн ішінде, осы алған білімдеріңізді ұмытпай, әрі қарай жетілдіріп, өздеріңізден кейінгілерге үйретіп, пайдалы білім ретінде пайдаланатындарыңызға сенімім мол. Алдағы ағымдық жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!»
Менторлық бағдарлама қатысушылары өздерінің пікірлерімен бөлісіп, бес күндік шараның қызықты өткендігі туралы ой бөлісті.
Жоба қатысушысы Қызайбай Әлібек Қайратұлының пікірінше, ӨзгеріIS менторлық бағдарламасына келіп, көптеген білім, жаңа инсайттар алдым. Сонымен қатар, ұйымдастырушылық жағына келер болсақ, ұйымдастырушылар барлығын жоғары деңгейде ұйымдастырған, өте керемет болды, жоғары дәрежеде өтті. Кездесулерден бөлек, спорттық, интелектуалдық, спартакиадалық жарыстар ұйымдастырылды. Бес күн ішінде, тек бағыт бойынша, бір ғана спикерден білім алған жоқпыз, қонақ ретінде, күнделікті спикерлер, өз саласында жетістікке жеткен тұлғалар келіп, біздерге тәжірибесемін бөлісіп отырды.Осының барлығын ұйымдастырған, «Алматы студенттер Альянсына» үлкен алғысымызды білдіреміз! Жастар саясатына үлес қоса берейік!
Сонымен қатар, менторлық бағдарламада белсенді болып, үздік деп танылған қатысушыларға, ҚР Мәдениет және ақпарат Вице-министрі Кочетов Евгений атынан алғыс хат табысталды. Алдағы уақытта жоба аясында дайындалған менторлар өз өңірлеріне барып, кемі 50 жасты ақпараттандыруы қажет.
«Алматы студенттер Альянсы» ұйымының баспасөз қызметі