Үйлену – оңай , үй болу – қиын

Үйлену – оңай , үй болу – қиын

   Адамның бақыты, негізінен , бірегей қоғамдық құрылым болып табылатын отасына байланысты. Оның соры да көбіне сол отбасылық өмірдің оңды болмауынан туындап жатады.

Өйткені адамдардың басым көпшілігі үшін өмірдің мәні мен қызығы, мұраты отбасының тату- тәттілігі мен бейіл-берекесінде, келе-келе, одан өсіп, тараған ұл-қыздың ұясы мен қиясына қонуына тірек, сүйеніш бола алуында. Ол үшін жас жұбайлардың бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігіне қоса, өз беттерімен үй ұстауға, оның болмай қоймайтын үлкенді-кішілі қиыншылықтарына тап келгенде, абдырап , сасып қалып, жаңадан басталып жатқан ерлі-зайыптылық өмірлеріне сызат түсіріп, зақым келтіріп алмайтындай әзірліктері болуға тиісті. Ол әзірліктер, « Ғылым шыңына шығудан дәмелі дарынды жас оның қара жұмыстарын да істей алатын болуға тиіс», — деп, ғалым айтқандай, ұсақ-түйек, қарабайыр, бірақ түбінде шешуші рөл атқаратын іс-қимыл түрлерінен, икемділіктерден, сабыр мен төзімнен тұрады. Мектеп те, ата-аналар да отбасылық өмір жайын  тәрбиеленушілердің құлағына құйып бағады. Сөйте тұра , о баста бір-бірімен қалауларымен сүйіп қосылған жастардың көп ұзамай ажырасып жататыны және мұндай жайттардың жиі кездесетіні не себептен?

Үйлену – қуанышты, сонымен қатыр мұңайысты да іс. Өйткені бұрынғы ата- ананың қанатының астындағы уайымсыз, қамсыз өмір арта қалады. Кешегі қыз, жігіт бүгін ерлі-зайыпты болып, өздері көтерген шаңырақтың тату-тәтті дәулетті, бақытты өмір кешу жауапкершілігі мойындарына түседі. Ата-бабаларымызға: «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» , — дегізген себептің бір үлкені – осы. Дүрілдеп өткен той , оның қуаныштары жас жұбайлар жадында ұзақ сақталады, бірақ оның барлық салтанаты мен қуанышы кейінгі тірліктің өзіндік сипаттарымен сәйкесе бермпейді.

Жас жұбайлардан өз махабаттарына адалдыққа қоса, тұрмыс тауқыметіне шыдамдылықты, қиыншылықты жеңе білуге қабілеттілікті қажет етеді. Төзімділік , шыдамдылық, өзіне-өзі ие бола білетін ұстамдылық, опалылық, сағына білушілік , кешірімділік пен сабыр – отбасылық татулық тоқылатын арқаулар. Ұлы жазшы психолог Ф.М. Достоевский: «Отбасы махабаттың шаршап шалдықпайтын еңбегімен жасалады емес пе?» — деген.

Отбасында жақсы байланыс, ауызбірлік орнату үшін, ең алдымен, өзіңе-өзің ие болып, өзіңді-өзің басқара білуің керек. Ашу келсе, ашуға ие болып, бас алатын болу қажет. Ауызға келгенді айтып, тіліңе ие бола алмасаң, махаббат пен құрмет те, өзара түсініктік пен кешірімділік те қалмайды. Отбасының берекесі қашып, іргесі шайқалады. Аузыңа ие болу, ауыр сөзді айтудан сақтану- үйдегі де, түздегі де әдептің басы осы болады.

 

Әрине, жас отау- көзге ескексіз жел қайыққа мінгізіп, ашық теңізге иеріп тастаған панасыз, қорғансыз екудей елестемеуі керек. Жас жұбайлардың өмірлік тәжірибесі болмағанымен, өмір көрген, олардың қолтығынан демеп, бағыт-бағдар сілтейтін ата-анасы, туған-туыстары, жора-жолдастары, қала берді ауылдастары, қызметтестері бар. Ендеше қорқып-үркетін, шошынатын негіз жоқ. Ең бастысы- біріне-бірі қол ұшын созған алау жүрек, ақ пейіл, қандай қиындыққа болса да, шыдауға бел буған, бір-біріне ақтық демі біткенше адал болуға ант еткен уыздай ұйыған сезімге малтыған екі жас бар емес пе!? Ең бастысы – сенім, ал сенім қашан да тәуекел ге бастайды. «Тәуекел деген- жел қайық, өтесің де шығасың», — дегендей, қатерсіз жол, қиындықсыз іс жоқ! Бірақ сол жолға бірге аттанатын сапарлас серігіңді таңдаудан жаңылмағайсың.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ