ДОКТОРАНТ БОЛҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ, БІЛУІҢІЗ ҚАЖЕТ АҚПАРАТ

0
2362
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Докторантураға оқуға түсу ең қиын, тіптен алынбайтын қамал болып көрінетін шығар, дегенмен қандай талаптар сізді нақты күтетінін алдын ала ақпараттармен оқып таныссаңыз, онда бұл білім шыңын да бағындыруға болады. Бұл мақалада болашақ докторанттарға жалпылама бағыт-бағдар, міндетті емтихандар және 2022 жылы оқуға түсуде енгізілген өзгерістер жайлы айтылатын болады.

Ең алдымен сіз қай жоғары оқу орынында білім алғыңыз келеді, соны шешіп алыңыз. Бұл сұрақты мен де өз-өзіме қойып, бірден әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-тін таңдадым. Себебі, мен бұл білім ордасында өте жоғары білікті мамандардан білім нәрімен сусынданып келе жатқаныма алты жылдай уақыт болды. Қазіргі таңда докторант болып, одан әрі білім мен ғылымға біртабан жақындай түстім.

Екінші кезекте, мамандық. Қандай сала бойынша сізге жұмыс жасаған ұнайды, әрі өз үлесіңізді сол салаға қаншалықты қоса аласыз. Болашақта бұл сала бойынша докторлық диссертация жазып, қорғай аласыз ба? Нақты осы сұрақтарды қойып барып, мамандықты дұрыс таңдау қажет. Себебі кейбір талапкерлер оқуға тапсырарда нақты бір мамандықтарға грант саны көп бөлінгеніне қарай тапсырып жатады. Дегенмен, бұл таңдаудың артында қаншама қиындықтарды көрмейді. Мәселен, магистратураны екі шет тілі мамандығы бойынша оқып, докторантураға қазақ тілі мен әдебиетке грант көп бөлінгендіктен түссеңіз, онда алда жазатын диссертацияны қалай жазамын деп ойлану қажет. Сондай-ақ, 1 семестр бойы таңдаған мамандығыңыз бойынша білім аласыз, оны да оқу сіз үшін тым бөлек дүние болып табылады емес па?!

Жоғары оқу орнын таңдап, мамандықты нақтылаған соң, қандай құжаттарды, қандай емтихандарға дайындалу қажет екенін алдын ала білуіміз керек. Себебі, докторантураға оқуға түсу арнайы дайындықтарды талап етеді. Ең алдымен, қолыңызда халықаралық ағылшын тілінің тесті, соның ішінде академиялық IELTS-тан кем дегенде 5,5 көрсеткіш болуы қажет. Жыл жарамдылығына маңызды рөл ойнайды, бұл сертификат 2 жылға жарайды. Әрі емтиханға алдын-ала 2-3 ай бұрын тіркеліп, тестке дайындау орталықтарына барып, жаттығуымыз керек. Немесе, TOEFL емтихандарын тапсырса да болады.

Қазақ тілінің беделін көтеруге себеп болған жаңа тестілеу форматы –ҚАЗТЕСТ, мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы ресми сертификат биылдан бастап міндетті болып енгізілді. Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі болып табылады. Алматы және Астана қалаларында тапсыруға болады. Деңгейді өз қалауыңызша тапсыра аласыз. Бұл тестілеу де ағылшындардың IELTS тестіне негізделіп жасалған. Айтылым, оқылым, жазылым, тыңдалым дағдыларын тексереді. Тестілеу қазіргі таңда тек Астана қаласында ғана болып жатыр, әрі тестілеу 15.12.2022 бастап 06.01.2023 ж. дейін уақытша тоқтатылады. Егер желтоқсан айында оқуға тапсырып жатсаңыз, онда үлгеріп қалыңыз. Сайтқа сілтеме http://kazakhtest.kz/kz/ осы сайттан соңғы өзгерістер мен жаңалықтарды қарап отыра аласыз. Бұл сертификаттың жарамдылығы да екі жыл. Ең оңай деңгейді де тапсырсаңыз болады, бірақ әр дағдыдан 65%-дан төмен жинамауыңыз қажет. Бұл сертификатсыз ешқандай құжаттарыңызды қабылдамайды.

Өтініш құжатын толтырып, дипломдарыңызды, жеке басын куәландыратын құжат, ҚАСТЕСТ, IELTS сертификаттарын өткізген соң, сіздің еңбек қызметін растайтын құжатыңыз болу қажет. Яғни, магистартураны енді бітірген болсаңыз, кем дегенде 9 ай көлемінде еңбек өтілі болуы қажет. Бұл талапты да естен шығармаған жөн.

Ғылыми жарияланымдар, эссе, ғылыми-әдістемелік жұмыстар тізімін жазып бергенде, соңғы 3 күнтізбелік жылдағы еңбектер болуы қажет.

Құжат тапсырғанда ең маңызды талап, сіздің ғылымға қосар үлесіңіз бойынша докторлық диссертацияның мазмұны, кіріспе бөлімін жазып беруіңіз қажет. Барлық құжаттарды тапсырып болған соң, құжаттар дұрыс болса бекітеді, ары қарай тест центрге онлайн өтінішті беріп қоясыз. Онлайн өтінішті ертерек бере берсеңіз де болады, себебі сіз тапсыратын қалада орын болмай қалуы мүмкін, осындай себеппен онлайн өтінішті соңғы кезекке қалдырмаған да жөн. Әрине, барлық тест ақылы түрде, дегенмен білімге ақшаны қаншалықты салсақ, соншалықты өз өнімін береді емес пе?!

Барлық құжаттарды өткізіп болған соң, сізге экзамен уақытын күтіп, дайындалу ғана қалады. Экзамен уақыты жеке кабинетте шығады. Тест форматы сұхбат, математика-логика, эссе, өз мамандығыңыз бойынша 3 блоктан тұратын ашық жауап сұрақтарынан тұрады.

Әрбір жыл сайын тестілеу жаңарып отырады, әрі 2022 жылдан бастап сұхбаттасу қосылды. Сұхбаттасу онлайн зум арқылы болады, сұрақтары: «Сіз бұл мамандықты неліктен таңдап отырсыз? Ғылымға қосар үлесіңіз қандай? Неліктен бұл жоғары оқу орнын таңдап отырсыз? Scopus журналдар базасы туралы естігеніңіз бар ма? Қандай тілдерді білесіз? Сізді ғылыммен айналысуға не ынталандырады?» деген сынды сұрақтар қойылады. Егер ҚазҰУ-не оқуға тапсырып жатсаңыз, онда осы сілтемеден өтіп https://welcome.kaznu.kz/kz/welcome/doctorate сұхбаттасудың күндерін көре аласыз. Себебі жеке кабинетте сұхбаттасу күні жазылмайды.

Сұхбаттасуға – 20, эссеге – 10, математика-логикаға – 30, 3 блокты сұраққа – 40 ұпай беріледі, жалпы ұпай 100. Әрбір тапсырманы орындағанда өте мұқият болу қажет. Кейбір техникалық ақауларға байланысты жарық өшіп қалуы мүмкін сондықтан, жазған жауаптарды міндетті түрде сақтап отыру қажет. Егер сақтамасаңыз, жарық өшсе басынан бастау керек болады.

3 блоктан тұратын сұрақтарға қалай дайындаламын десеңіз, ҚазҰУ-нің https://welcome.kaznu.kz/kz/21752/page сайтында сұрақтарды мамандығыңыз бойынша таңдап, алдын ала қарап, танысып дайындала аласыз.

Математика-логика бойынша тестілеу магистратураға оқуға тапсырғанда қалай дайындалсаңыз, бұл да сол секілді дайындықты қажет етеді.

Докторантураның түсу емтиханының нәтижелері бойынша білім беру гранттар конкурсқа қатысу үшін, шекті балы кемінде 75 балды құрайды. Соңғы енгізілген өзгерістердің бірі оқу орнына қабылдау екі мезгілде іске асырылып жатыр, яғни жазда және қыста өтініш беруге болады. Өтініш бермес бұрын қай универге қанша грант бөлінгендігі жайлы ақпаратпен таныс болған жөн. Мәселен жазда лингвистика мамандығы бойынша гранттардың барлығы ойнатылып кетсе, қыста грант бұл мамандыққа бөлінбеуі мүмкін. Сілтемеден өтіп, қызқы кезеңге https://welcome.kaznu.kz/kz/24549/page ҚазҰУ қандай және қанша грант бөлгендігін көре аласыз. Осы талаптарды білген соң, дереу әркетке көшіңіз. Егер алғаш тапсырғанда шекті балды жинай алмасаңыз, онда тағы да бағыңызды сынап көріңіз. Құрметті, болашақ докторант, сәттілік серігіңіз болсын!

Мақала авторы: Әбдіқадырова А.Қ.
Әл-Фараби ҚазҰУ, 1-курс докторанты, лингвистика
Ғылыми жетекшісі: Кузембекова Ж.Ж. PhD, доцент м.а.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ