Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасында Аристотель сөзі арқылы берілген негізгі ой

0
49971

Абай Құнанбаев – қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихында дараланып тұрған Ұлы тұлға. Қазақ жерінің ақыны, данышпаны көп болғанымен Абайы біреу-ақ. Абайы бар ел қай халықпен де терезесін теңестіре алады. Ол – қазақтың бір жерінде туып, бар жерінің туын ұстап тұрған кемеңгер.  Ақын шығармалары  осы күнгі бай, ұлттық әдебиетіміздің алтын діңгегін қалады. Ақын шығармашылығындағы елеулі орын алатын бір сала – поэмалары.
«Ескендір» поэмасы – Абай поэмасының ішіндегі ең елеулісі, ақынның гуманистік ой-пікірлерін тереңірек танытатын шығармасы. Поэманың басты кейіпкері Ескендір – Шығыс елдеріне Ескендір Зұлқарнайын деген атпен тараса, Еуропаға Александр Македонский деген атпен тараған, белгілі қолбасшы жайлы аңыздар негізіне, жырларға кейіпкер болған патша. Ескендір жайында Шығыс ақындарының көбі жырлаған. Ә.Фирдауси «Шахнамасында», Низами –  «Ескедір-нама»  дастанында,  Жәми – «Ескендірдің даналық кітабында»  жазып,  Ескендір образын ақылды, батыр деп ардақтап көрсеткен. Ал, Абай «Ескендір» дастанына ұстазы Аристотельді, Ескендірдің әкесі мен тұрған жерін, патшалығын қосып, өзінше жырлайды. Абайдың бұл шығармасы  неміс романтикалық әдебиетінің көрнекті ақыны болған Альберт Фон Шамиссодан 1844 жылы аударған В.А. Жуковский түпнұсқасына ұқсас болып келеді.

Сандаған ғасырлар бойы батыс пен шығыстың талай елінде Ескендірдің жорық жолын дәріптеген көптеген туындылар дүниеге келді. Тек бір ғана шығыс елдерінің өзінде Балами, Фирдоуси, Низами, Науаи, Жәми сияқты таланттардың негізгі шығармалары Александрдың жорық жолдарын уағыздауға арналған. Оның сыртында халық атымен айтылатын көптеген аңыздар қаншама! Ежелгі римдік тарихшы Ф. Аррианнан бастап бірсыпыра тарихшылар Ескендір Зұлқарнайын патшаның өмір тарихын ыждаһаттылықпен хатқа түсірген (Арриан, Поход Александра. М. Л, 1962). Демек, Александр хақындағы әдеби шығармалар да, тарихи еңбектер де, фольклорлық туындылар да аз емес. Ал мұның барлығын өзара салыстыра, Александрдың шынайы өмірі қандай еді, ол жайлы жазылған көркем шығармаларда сол өмір қалай берілген, егер бұрмаланса, оған не себеп болған, оның автор ұстанған мақсатқа қатынасы қандай деген мәселелердің  өзі сандаған күрделі зерттеулердің объектісіне айналды. Міне, бұл мәселені алғаш рет советтік ғылымда көрнекті шығыс зерттеушісі Е.Э. Бертельс қолға алып, 1948 жылы «Александр хақындағы роман және оның шығыстағы басты версиялары» деген тақырыпта монография жазды.

Автор мұнда шығыс қаламгерлерінің батыстық Александриада туралы еңбектерімен, араб шығысы елдерінің аңыздары, діни шығармаларымен өзара іштей жалғастығы сырына ерекше назар аударған. Ал мұның өзі 1972 жылы Е.А. Костюхиннің «Әдебиет және фольклор дәстүріндегі Александр Македонский» атты еңбегінің дүниеге келуіне  себепкер болды. Аталмыш жұмыстың Е.Э. Бертельс зертеуінен негізгі ерекшелігі – мұнда Александр атына байланысты сақталған дүниежүзі халықтарының фольклорлық туындылары барынша кеңінен қаралады. Сол арқылы бұл тақырыптардың фольклорлық дәстүрдегі негізгі өзгешеліктері мен тақырыбы жағынан өзара үндестік себептері айқындалады. Сондай-ақ, автор мұнда қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы Ескендір тақырыбының жырлану ерекшеліктеріне барынша байыпты тоқталады. Осы мәселеге өзіне дейін қалам тартқан М. Әуезов, Ы. Дүйсенбаев, М.С. Сильченко еңбектеріне де тиісті мөлшерде назар аударады.

Аталмыш поэма онан кейін бірсыпыра зерттеушілер еңбектерінде арнайы сөз болады. (Ахметов З.А. Современное развитие и традиции казахской литературы. Алма-Ата, 1978, с.73-78; Сатпаева  Ш.К. Казахская литература и восток. Алма-Ата, 1982, c. 103-120; Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. Алматы, 1984, 162-173 беттер). Бұлардың қайсысы да, негізінен Абай шығармасындағы  Ескендірдің «құдайға бастайтын қақпаның» күзетшісінен алған көз сүйегі сюжетінің түп төркінін анықтауға ерекше тоқталады.

Қазіргі таңда бұл сюжеттің ақын шығармасына қайдан келгені жайында мынадай болжамдар бар:

1. Академик М. Әуезов пен Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ы.  Дүйсенбаев аталмыш сюжет Низамидің «Ескендірнамасынан» келген деп есептейді;

2. Академик М.С. Сильченко Абай поэмасындағы эпизод пен Науаидың «Ескендір қорғаны» арасында ұқсастық бар деп ойлайды;

3. Е.А. Костюхин 1895  жылы «Киргизская степная газетада» шыққан Ескендір жайлы қазақ арасындағы аңызды пайдаланған деген болжам айтады;

4. Академик З. Ахметов Абай поэмасын В.А. Жуковскийдің осы тақырыпқа жазған повесімен рухтас деп есептейді;

5. Белгілі фольклорист ғалым С. Қасқабасов Абай пайдаланған осы сюжеттің түп төркіні «Қиссасул-анбиядан» тарайды деген пікір айтады.

Әлбетте, бұл болжамдардың қай-қайсысының да тиянақты пікірлер екеніне дау жоқ. Ақынның ең алдымен шығыс классиктерін, оның ішінде аталмыш эпизодты игеру жағынан басқа авторлардан өзіне бір табан  жақын тұрған Низами шығармасын жақсы білгені күмәнсіз. Бірақ ол осы поэманы жазу барысында Низамимен ғана шектеліп қалмаған. Тіптен ол аталмыш эпизодта баққұмарлықтың символы ретінде пайдаланылған көз сүйегі жайлы штрихтың ертедегі еврейлер аңызы туралы талмудқа енген көшпелі көне сюжет екенін білуі де ғажап емес. Өйткені, И. Оршанскийдің 1866 жылы жарық көрген «Александр Македонский жайлы Талмуд аңыздарын» поэманы жазар тұсқа дейін өзі оқуы да, немесе сол шамаларда Семей жаққа жер аударылып келген зиялы саяси тұтқындардан естуі де мүмкін болатын.

Бұл орайда академик З. Ахметовтің аталған еңбегінде Абай поэмасы болмашы бір детальдары болмаса, негізінен В.А. Жуковскийдің аталмыш тақырыпқа жазған повесімен сәйкес келетінін айта келіп, орыс ақынының белгілі шығармасын білгені күмәнсіз деген қорытындысы ойландырарлық пікір. Өйткені Абай – Ескендір тақырыбын былай қойғанда, орыс әдебиетінің ұлы классигі Пушкинді зердесін сала оқыған, көп аударған кісі. Ал В.А. Жуковскийді Пушкиннің өзі ұстаз санаған. Ұлы сыншы В.Г. Белинский сөзімен айтқанда: «Жуковскийдің орыс поэзиясы үшін тарихи маңызы орасан. Жуковскийсіз Пушкин болмаған болар еді». (Белинский В.Г. Полн.соб, соч. Т.7 1955, с.221). Демек Абайдың Пушкинді жете білуге тырысуының өзі-ақ оны Жуковский шығармаларымен таныстырмай қоймасы сөзсіз. Оның үстіне Жуковский – өткен ғасырдың бірінші жартысында (1849) Фирдоусидің «Шахнамесінің» «Рүстем мен Зораб» бөлімін орыс тіліне тұңғыш аударған адам. Россияның барша тынысын, рухын жете меңгеруді мақсұт еткен қазақ ойшылына В.А. Жуковский бүтін бір халықтың рухани кеніші секілді көрінері сөзсіз. Олай болса, сан түрлі әдеби, тарихи, фольклорлық мұраларды зердесінен өткізе жүріп, «Ескендір» жайлы поэма жазған Абай ақынның Жуковскийді білуі де, аталмыш сюжетті айшықтау үстінде оны назарында ұстауы да мүмкін. Бірақ, ол В.А. Жуковскийдегі есімі аталмайтын дана кісіні ақиқатқа барынша жақындатып, Аристотельдің Ескендірді тәрбиелегенін (Әйгілі гректер. Плутарх шығармасы бойынша жасалған өмірнама. Алматы, 1977, 226-бет) білетінін анық аңғартады. Сөйтіп, осы эпизодтың ауқымында да, Ескендірдің тегін, ержеткен шағын, қолбасшылық құлқы мен жорық жолдарын тарихи ақиқатқа сай көрсете отырып, өзіне дейінгі талай ақындардан бұл тарапта озық тұрғанын танытады. Белгілі ғалым Ш. Сәтбаеваның пікірінше, Абай Ескендірдің қаталап шөлдеп келе жатып «сылдыр қаққан мөлдір бұлақ» сәулесін көріп, одан әрмен «қақпа» күзетшісімен жолығатын фантазиялық сюжетінің өзінде де тарихтан жырақ кетпеген. Өйткені, ерте дүние тарихшылары баян еткен Александрдың Яксарттан (Сырдария) әрі сапарында шыжғырған аптап пен шөлге тап болып, қатты ауыратын сәттеріне сәйкес келетін біраз жайлар ақын шығармасының осы тұсында көрініс тапқан (Сатпаева Ш. Казахская литература и восток. 1982, с. 114).

Сондай-ақ, Абайдың «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деп барып, «Македония шаһары оған мекен. Филипп патша баласы ер көңілді, мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен» деген сөздері де Ескендір тарихшыларының еңбектерімен бір жерден шығады. Оның македониялық патша Филипп ІІ-нің баласы екені де, кішкентайынан мақтан сүйгіш, жүректі және аса тәкаппар болғаны да рас. (Әйгілі гректер… 1977, 224-б). Абай одан әрмен Ескендірдің халін:

Филип өлді. Ескендір патша болды,

Жасы әрең жиырма бірге толды.

Өз жұрты аз көрініп, көршілерге

Көз алартып қарады оңды-солды.

Сұмдықпен әскер жиып қаруланды,

Жақын жерге жау болды, тұра аттанды. 

Көп елді күтінбеген қырды, жойды,

Ханды өлтіріп, қаласын тартып алды, —

 

деген жолдармен баяндайды. Бұл да ақиқаттан алшақ емес. Филипп өліп, Ескендір таққа отырғанда не бәрі жиырма жаста ғана болған екен. Оның таққа отыра сала, көршілеріне қырғындай тиюі де – тарихи шындық. Көп ұзамай есімін бүкіл әлемге мәшһүр еткен Дари ІІІ мен айқасының өзі осындай «көп елді» тізе бүктірген атышулы жорықтарының жалғасы болатын. (Әйгілі гректер… 1977, 229-251 беттер).

Міне, осы жайлардың ұзын ырғасын Абай ақын әлгіндей жолдармен баяндайды да, оның жорықтағы табыстары арта түскен сайын, аранының ашылып, күллі әлемді жеке  билемек болған ниетін былайша хабарлайды:

Ескендір елде алмаған хан қоймайды,

Алған сайын көңілі бір тоймайды.

Араны барған сайын қатты ашылып,

Жердің жүзін алуға ой ойлады.

Бұл да шындық. Персияны тізе бүктіргеннен кейін ол бүкіл әлемді бағындыруды армандай бастаған (Әйгілі гректер… 1977, 252 бет). Міне, бұлар – ақынның Ескендір жайлы тарихи мәліметтерді жетік білетінін көрсететін тұстар. Бұл арқылы Абай Е.Э. Бертельс  айтқан: «Шығыс халықтары үшін Александр жорықтарының шынайы мақсаты айқын болмайтын. Олар Александрдың грек республикаларын ойрандап, азаматтарын боданға айналдырып, бостандықтың орнына қатал езгі орнатқан, шығыс елдеріне жасаған жорықтарының тонауға ұласып, орасан зор мәдени мұраларының опат болғандығына мән бермейді. Сонан келіп нағыз Александрдың өзі аңыздар тұманымен тұмшаланып тез ұмытылды» дейтін (Бертельс Е.Э. аталған еңбегі, 4-бет) шығыстық үрдістен Ескендірді өзге кейіпте түсініп, оның жорықтарының түпкі мақсатын тарихи шындық тұрғысынан баян етеді. Ақынның бірінші сөзін «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деп бастауы – осының кепілі. Осы арқылы-ақ ол шығыстық үрдістерден Ескендірді басқаша тұрғыда «уағыздайтынын» аңғартады. Сондықтан да Абайдың бұл тараптағы творчестволық ерлігі – аталмыш тарихи тұлғаның барша жорықтары мен мақсатының мәнін ақиқат кейіпте көрсеткендігінде. Осы тұрғыда «шынайы Александрдың кейбір қасиеттерін қалпына келтіруде… аталмыш поэма, сөзсіз, елеулі роль атқарады» деп, Ш. Сәтбаева орынды көрсеткен. Бұл Абай поэмасының тарихилығы жайлы сөз болғанда баса көрсетілуге тиісті ерекшелігі. Сондай-ақ, Абай ұлы ағартушы ретінде осы туындысында Александр сынды қолбасшының барша тарихын, оған байланысты аңызды өмірдегі зұлымдық пен адамгершілік туралы үлкен ойын айту үшін пайдаланады. Оның ойы барынша әсерлі, барынша терең. Өмірдегі мақтаншақтық, даңғойлық, нысапсыздық секілді мерезді қасиеттерді Ескендір басына жинақтай көрсетіп, оқырманын сондай қасиеттерден безіндіруге үндейді. Ақын пікірінде, осылардан арылмаған адам – өзін қаншама ақыл, ерліктің, шексіз биліктің иесімен деп түсінсе де, төңірегі солай деп бағаласа да, оның шамасы белгілі, ол «есер» адам. Сондықтан да Абай оқырманына бағыштаған негізгі ойын:

Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл әңгіме,

Мұны бір өзге сөздің бірі деме.

Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін,

Тоймас көзің толар деп қайғы жеме, —

деген сөздермен бітіреді.         

Бұл сөздер – қазақ ақынының «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі адамгершілікке үндейтін насихаттарымен тамырлас. Бірақ, поэма сюжетінің оқырманын «бес асыл іс», «бес дұшпан» туралы өлеңге қарағанда көбірек ойлантары хақ. Абай соны тереңнен ойлап, тап басқан, сондықтан да осындай әрекетке барған. Оған жоғарыда келтірілген бір шумақ дәлел. Онда «тоймас көз» сюжетінің не үшін әңгіме болғанын және оның «өзге сөздің бірі» емес, мағынасы терең әңгіме екенін айқын аңғартады. Сөйтіп, ерте дүние билеушісі Ескендір жайында Абай игерген тарихи материалдар мен фантастикалық сюжет ақынның оқырманына жоғарыда айтқан пікірлерді жеткізу үшін, сол арқылы ғибрат алуға үндеу үшін қызмет еткені анық. 

Жұмат Тілепов

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ