«Адам тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды» (эссе)

0
2103
ҚазҰУ – Ғылымға құштар жандар үшін үздік таңдау

«Адам тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды»

Қазақтың дана да, дара Абайын әлемге танытқан халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Көпшілікті адамдыққа тәрбиелеу үшін, жас буынды жақсылап тәрбиелеу қажет»,- деген осы бір нақылын сонау негізгі мектеп қабырғасында білім алып жүрген кезімде алғашқы рет оқып, қойын дәптеріме жазып қойған едім. Ол уақытта, шыны керек, маған көбірек ұлылардың айтқан сөздері дәптерімде жазылса болған еді. Өйткені, сыныптас достарыммен «Кімнің қойын дәптерінде көп мақал, нақыл сөздер бар?» деп, өзара жарысқа түсетінбіз. Мұндай жарыстың арқасында жазылып қалған, нақылдың кейін өмірімен жол табуыма көмек берерін білмеппін.

Мектеп бітірер шақты түлектердің алдында «Кім боламын? Қай оқуға түссем екен?»-деген сияқты сан сұрақтың шырмауына түсіп, ұйқының қанбасы белгілі. Міне, ұйқысыз түндердің бірінде көптен қолыма алмаған қойын дәптерім көзіме түсіп, ойымды бөлу үшін, ішіндегі жазбаларды шетінен оқи бастадым. М.Әуезовтың нақылын да оқыдым. Бірінші рет, екінші рет, үшінші рет қайталап оқығанымды сезбей қалдым. Менің түйсігіме, «көпшілік, адамдыққа тәрбиелеу, жас буын, тәрбие қажет» сөздері жақын, жылы естілгендей болды. Ненің әсері, ненің күші екенін білмеймін. Бірақ осы сөздердің маған таныс екенін сездім.

Ол кезде біз Жаңауыл ауылында тұратынбыз. Отбасымызда төрт бала, оның үлкені мен болдым. Әке-шешем таңнан кешке дейін жұмыс істейтін. Үйде болған кезде аннам адами қасиеттерге баулып, өзі кетерінде кішілерге ие болып, жақсы қасиеттерге тәрбиелеуімді мұқият айтып тапсыратын. Ал, мен болсам, сол сәтте оқитын іңі-сіңлілеріме мұғалім, оқымайтындарына тәрбиеші орнына қойып, рөлге енетінмін. Ойын барысында білгенімнен де білмегенім көп екені сезіліп тұратын. Мектеп бітірушінің құжатын алғаннан соң, «маған оқу керек, мен мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі мамандығына оқуға түсуге тиістімін» деп шештім.

Тәрбие берудің негізгі мақсаты — дені сау, ұлттық салт-дәстүрді құрметтейтін, мәдени-гигиеналық қасиеттері дамыған, еңбекқор, шығармашыл ұрпақ тәрбиелеу. Ал, соған сәйкес, тәрбиешінің басты міндеті — жеке тұлғаның ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуына және оның жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау: баланы тәрбиелеу, білім беру, жан-жақты қалыптастыру, ана тілін, ұлттық дәстүрді сақтау, денсаулығын нығайту сияқты құндылықтарды іске асыру болып табылады. Осындай тәрбие мен тәрбиешінің мақсат-міндеттерін іске асыру үшін, таңертең ерте бөбекжайға жұмысқа аттандым. Топ бөлмесінде «Қалай болар екен? Қалай жұмыс күнім басталады?» деп жүрексініп, балалардың келуін күтіп тұрдым. Есік ашылып, табалдырықтан аттап «Сәлеметсіз бе, апай!» деп, күлімсіреген бүлдіршіндерді көріп, қуанышқа бөлендім.

Мен бақытты балалық әлеміне тап болдым. Сол күннен бастап, бүлдіршіндеріммен болған әр сағатым, әр күнім өмірдегі ең бір бағалы, бақытты кездерім деп есептеймін. Күнде ертемен балдай тәтті тілімен, бал-бұл жанған жүздерімен маған қарай құшағын жая жүгірген әр бала қуаныш нұрын сепкендей әсер қалдырды. Кеше ғана аяғын апыл-тапыл басқан жас сәбидің алғаш қоғаммен араласуы бөбекжайдан басталады. Тәрбиеші болса, мөлдір бұлақтың көзін ашатын, өмір әлемімен алуан түрлі қарым-қатынастарға жол ашады. Бүлдіршін бөбекжай табалдырығын аттағаннан кейін, жүйелі қоғамдық мәні бар қызметтермен, білім алумен тұңғыш рет айналысып, балалардың ұжым мерекесіне айналады. Мұнда баланың белсенділігі, дербестігі, адами қасиеттерге үйрету үрдісі жаңа түрге ие болады. Бір топқа келгендердің ұжымдық жұмыстары, ойындары, еңбектенуі ешнәрсемен салыстыруға келмейтін қуаныш мезеттері.

Қазіргі кезде заманымыз халқымыздың аса бай тарихын, ерлік-азаматтық дәстүрлерді жалғастыруды керек етеді. Жүздеген жылдар бойы қалыптасқан ата-баба салты, сыйластық, жомарттық, батырлық қасиеттер бүгінгі жас ұрпаққа ауадай қажет. Күнделікті жұмыс барысында халық педагогикасының тәлімдерін қолданудамын. Ертеңгіліктерде, тәрбиелік іс-шараларда халық тәлімі, мақал-мәтелдер, ғажайып тылсымына енгізу маған ләззат сыйлайды. Ата-бабамыз ұлттық ойындардың балаға тигізетін пайдасын ертеден-ақ білген, ал мен ол пайданы әрі қарай жалғастырудамын. Мінген аты бәйгеден озып келуі баланы батылдық пен өжеттілікке, «Теңге жинау» шапшаңдыққа, «Тақия тастамақ» ептілікке тәрбиелейді. Қазақ болып туған балаларымызды қазақилыққа біз тәрбиелемегенде кім тәрбиелейді?

Айтжанова Алмагүл Сағындыққызы
Бурабай ауданы, Щучинск қаласы
«Ақбота» бөбекжайы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ