«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» тақырыбында ашық сабақ

0
4590
«Мен осындай баламын» тәрбие сағаты

Тақырып Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп

Құндылық: Сүйіспеншілік 

Қасиеттері: Сыйластық, бауырмалдық, мейірімділік, татулық, қамқорлық.

Класс: 8

Сабақ мақсаты:       Оқушыларға адами қасиеттерді ұғындыру, сүйіспеншілік құндылығының  мәнін ашу.                             

Міндеттері:

Оқушылардың өз махаббатарын күллі тіршілікке, болмысқа бағыттай алудың мән-мағынасын түсіндіру;

-Оқушылардың адамдарға деген сүйіспеншіліктерін  дамыту;

-Оқушыларды бауырмалдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу;

Ресурстар:(құралдар, мәлiметтер)

слайд,өлеңнің аудиодискісі.

Сабақ барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңi. Тыныштық сәтi.

Нұрға бөлену

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.

Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».

Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…

Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.

Жаймен көзіңізді ашуға болады.

Рахмет.

Үй тапсырмасын тексеру

№14 сабақ. 59-бет. К.Паустовскийдің «Жедел хат» мәнініне сүйене отырып аналарына арнап хат жазып келу.

Сұрақтар:

-Ана махаббаты не себепті бәрінен биік тұрады?

-Ана алдындағы парыз дегенді қалай түсінесіңдер?

 

Тақырыпты ашып алу үшін мына сұрақтарды қоямын.

Әлемде сүйіспеншілік болмаса не болар еді?

Жақсы көрудің мәні неде?

Адамдарды не үшін, қандай қасиеттері үшін жақсы көресің?

Тренинг

Амандасу. Екі оқушыдан шығып, әр елдің амандасуын көрсету.

Қазақ, қытай, француз, ағылшын.

 

Сабақ барысын талдау:

Дәйексөз.

«Адамның жақсысы-адамға сүйіспеншілікпен қарағандар»

Абай

(оқушылар талдап болғасын 2 рет қыздарға айтқызу 2рет ұлдарға айтқызу. Барлығы бірге 4рет айтып шығады)

Риясыз сүйіспеншілік

  • Сүйіспеншілік қорқынышты білмейді, сүйіспеншілік өтіріктен аулақ қашады.
  • Сүйіспеншілік бастан болмаса ауыздан шықпайды, ол жүректен шығады.

-Адамдар әркез ойланбайтын, ақылға салмайтын болады.

Сонда да сен оларды кешіре біл.

— Егер сен жақсы болсаң да, кейде адамдар сені жазықсыз жазғыруы мүмкін.

Сонда да сен оларға мейірімді бол.

-Егер сен адал, шынайы болсаң да, адамдар сені алдауы мүмкін.

Сонда да сен адал, шынайы бол.

-Бүгін жасаған жақсылығыңды ертен адамдар ұмытып кетуі мүмкін.

Сонда да сен жақсылық жаса.

-Әлемге өзіңдегі бар жақсылықты бер, және бұл да ешуақытта жеткілікті болмас.

Сонда да сен әлемге жақсылығыңды жаса.

 

 

 

  1. Әңгiмелеу

Тату ағайындылар

Өте ертеде бір патшалықта екі ағайынды өмір сүріпті. Екеуінің үйі таудың екі жағында болса да, олар бір- біріне көмектесіп, тату-тәтті өмір сүреді.

Бір күні ағайындылар егінді жинап алып, теңдей бөліп алады. Сол күні түнде үлкен ағасы ойлайды: «Біз егінді бірдей етіп бөліп алдық, бұл дұрыс емес. Інім жаңа ғана шаруашылығын бастап жатыр. Оған маған қарағанда көбірек керек».

Ағасы тұрып, түнде інісіне бір қап бидайды апарып тастайды.

Ал бұл кезде інісі жатып, олда ойлап жатады: «Жоқ, біз егінді дұрыс бөліскен жоқпыз. Ағамның отбасы үлкен, жасы да менен үлкен. Оған маған қарағанда көбірек керек».

Таңға жақын інісі де білдіртпей бір қап бидайды ағасына апарып тастайды.

Таңертең ағайындылар өз қамбаларына қарап, таң қалады: «Бұл қалай? Кеше бір қап бидайды ағама апарып беріп едім ғой, ал бидай азаймапты». Олар қаптарды қайта-қайта санайды да, таң қалады: «Бұл не ғажайып?!»

Түн болысымен ағасы мен інісі бір бидай қапты арқалап, үйлерінен шығады.

Толық ай туады жарықтандырып тұрған. Осы жрде қарағайдың түбінде екі ағайынды кездесіп қалады. Ағасы сұрай бастайды:

А, бұл сен бе? Кештетіп қайда бара жатырсың?

Інісі айтады:

-А, бұл сен бе едің? Ал сен қайда бара жатырсың?

Екеуі де үндемей қалды, бір-бірін түсіне қояды да, қарқылдап күліп жіберді. Осыдан кейін екеуі бір-бірін одан да қатты жақсы көріп кетеді.

Сұрақтар:

Екі ағайындының іс-әрекеттері дұрыс па?

Сен болсаң не істер едің?

Әңгіменің соңында ағайындыларды не біріктірді?

 

 

  1. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.

……………………… өзіңнен,

………………………..көзіңнен.

…………………………өзіңнен,

……………………….. сөзіңнен.

 

…………………………… адам,

…………………………. жасаса.

………………………….. қадам,

………………………….орнатса.

 

……………………… болмасын,

……………………….. қолдасын.

………………………… қарасақ,

……………………….. болашақ.

 

…………………………… қиянат,

…………………………. ұялат.

………………………….. жүрейік,

…………………………. білейік.

 

Жүрегі ізгілікке толы тұлға» моделін ойлап шығар.

 

  1. Топпен ән айту.

Мейірімді болайықшы бауырлар

Сөзі: Серік Қалиев

Әні:Құрмаш Маханов

Көктем етіп көркейтсе де маңайын,

Көріп жүрміз өкпешілдің талайын,

Өшігуді қояйықшы өзгеге,

Кешірімді болайықшы, ағайын!

Көк нөсерін көл етсе де жауындар,

Көк пен жерді сел етсе де дауылдар,

Пейіліңді пенделікпен тарылтпай,

Мейірімді болайықшы, бауырлар!

Болашаққа қол ұстасып барайық,

Ақиқаттың ауылын іздеп табайық,

Кішірейіп кетпес ғазиз басымыз,

Кішіпейіл болайықшы, халайық!

Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп,

Сонда дағы бөлінумен шаршап ек,

Өзімізге қалайтұғын нәрсені,

Тілейікші өзгеге де болса деп.

Ұлттың қамын жүректермен ұғынып,

Жұрттың жүгін көтерейік жұмылып,

Қаратайық Құбылаға жүздерді,

Таратайық адамзатқа жылылық!

 

  1. Үй тапсырмасы.

№15 Ш.Айтматовтың «Жәмила» мәтінін оқып, түсінігін айту. 64 бет.

 

  1. Соңғы тыныштық сәтi.

Баяу музыка қосылады.

— Көзімізді жұмып, тыныштықта бүгінгі сабақты есімізге түсірейік. Бүгінгі сабақтан алған қасиеттерімізді жүрегімізге жеткізіп, сақтайық. Енді көздеріңді ашсаңдар да болады.

 

Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Қ. Айтжанов

Ө. Қанахин атындағы ЖББ ОМ


ПІКІР ҚАЛДЫРУ