Адамның мектепте алған білімі әрі қарай университетте дараланып, өмірге бейімделіп, шыңдала түседі. Қазіргі таңда, қайда оқыған маңызды емес болғанымен, бүгінгі қарыштап тұрған заманда заманауи, барлық жағдайы қамтылған, ұлттық университетте оқуды әркім армандары анық. Осы орайда студенттердің білім алуына қолайлы жағдай жасалған, шетелдік оқу орындарына жол ашатын Қазақ Ұлтық университетін бірдің де бірегейі деп атар едім.
85 жылдық тарихы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие, Қазақстан білімі мен ғылымының ірі орталығы, жоғары кәсіби жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ерекше мәртебесі бар Қазақстанның жетекші оқу орындарының ішіндегі көшбасшысы, сонымен қатар еліміздің жоғары оқу орындарының арасындағы Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының иегері. QS халықаралық әлем университеттерінің рейтингінде отандық оқу орындарының арасында көшбасшы.
Университет толығымен ИНТРАНЕТ желісіне көшірілген, сонымен бірге қалашық ішінің барлық аймағы Wi-Fi сымсыз желісімен қамтылған. Студенттердің уақытын тиімді өткізуге барлық мүмкіндіктер бар. Соның бірі қалашық ішінде орналасқан «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы.
Бұл университетті өзгелерден ерекшелендіріп тұратын тағы бір нәрсе – ҚазҰУ қалашығы атануында. Қалашықта 14 факультет пен жатақханалар, Әл-Фараби атындағы кітапхана, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, ҚазҰУ спорт кешені, 300 орындық Интернет-кафе мен 18 студенттер үйі орналасқан. Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы – ҚазҰУ қалашығының інжу-маржаны деуге болады. Мұнда Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, көркемөнерпаздар үйірмесі, «Біз» студенттер театры мен «КТК» командасы жұмыс істейді. ҚазҰУ спорт кешені спортқа құмар барлық студенттер үшін қолайлы жағдай жасауда.
Оқу орнында Студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдары бар. Бұл әрбір студенттің өз университеті үшін белсенді болуына ықпал етеді. Ұйымдар әр түрлі бағытта, атап айтсам, «Сенат», «Мәслихат» ұйымдары университетте өтетін шараларды, «Студенттік ұйым» жатақхана арасындағы шараларды, «Әлем» әдеби бірлестігі атап тұрғандай әдеби-сазды шараларды ұйымдастырса, «Көмек», «Сұңқар» ұйымдары университет көлемінде өтетін шаралардың, қайырымдылық концерттердің қаржысын реттеп, балалар үйіне, қарттар үйіне барып, көмек қолын созып, көмектесуді ұйымдастыратын ұйымдар. Ұйымдардың барлығын студенттер басқарады. Бұл университетте білім алатын әрбір студенттің өмірінің тиімді өтуіне, қызықты әрі алуан болуына жағдай жасайды. Студент тек қана дәрістер мен семинарларға қатысумен ғана шектелмейді, олар шығармашылығын шыңдап театр студиялары мен таланттарын ұштап поэтикалық клубтарға, көңілді және тапқырлар сайысына белсене қатысады.
Осының бәрі де студенттері үшін халықаралық деңгейде оқып, зерттеулер жүргізуге, өз университетінің белсендісі мен елінің мақтан тұтар тұлғасы болуына жол ашады. ҚазҰУ – білімді жастардың болашағы!
Нұргүл Тоқсанбаева
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Психология ғылымдарының докторы, профессор