Қадырғали Жалайыри зираты Ресейде

0
2184
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны
Қазақ халқы мемлекеттік тәуелсіздігінің арқасында өзінің тарихи, рухани және мәдени құндылықтарына ие бола бастады. Елдің бұрынғы атақты батырларына, ұлы қайраткерлеріне және ғалымдарына іздеу салып жатырмыз. Бірнеше жыл бұрын белгілі “Тарихи рашиди” еңбегінің авторы, әйгілі тарихшы және әдебиетші жерлесіміз Мұхаммед-Хайдар Дулатидің сонау Кашмирде жатқан жері табылып, басына қойылған құлпытасы анықталды. “Қадырғали би Жалайыри” қоры көп жыл­дан бері атақты ғалым бабамыз Қадырғали би Қосымұлы Жалайыри еңбектерін жинап, зерттеп, жарыққа шығарды. Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиев оның “Джами ат -Тауарих” (“Жылнамалар жинағы”) атты еңбегін зерттеп, монография жазды. Шоқан Уәлиханов сөзімен айтсақ: “Қазақ тарихына қатысты деректердің молдығы жағынан “Жылнамалар жинағына” иықтасар ештеңенің жоқтығы күмәнсіз”.
Осы уақытқа дейін Қадырғали бидің жатқан жері белгісіз болып келді. Соны анықтау үшін 2005 жылы 15-20 қазан күндері халықаралық “Қадырғали би Жалайыри” қоры ұйымдастырған арнайы топ Мәскеуге және Ресейдің Рязань облы­сындағы Қасымов қаласына іссапармен барып қайтты. Топ құрамында Д.А.Қонаев атындағы университеттің ректоры Өмірәлі Қопабаев, Сыртқы істер министрінің кеңесшісі қызметін атқаратын осы жолдардың авторы және көне қолжазбалар маманы Шафиғи Мақсұт болды.
Арнайы ұйымдастырылған сапардың негізгі мақсаты – ХVІ ғасырда өмір сүріп, түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының сол дәуірдегі ата тарихын хатқа түсіріп, артына өшпес мұра қалдырған тарихшы, ғұлама Қадырғали би Қосымұлы Жалайыридің (1530-1605) жерленген орнын тауып, анықтау болды. Сонымен бірге, Ресейдегі Мәскеу, Рязань архив қорларынан осы тұлғаның өміріне қатысты және қалдырған мұрасы жайлы деректер мен мағлұматтарды жинау еді.
Бұдан бұрын, 2001 жылы желтоқсан айында осы мақсатпен аталмыш қордың бір топ белсенділері Қасымов қаласына барып қайтқан. Жергілікті ұйымдармен, ғалым­дармен һәм татар мұсылмандарымен байланыс жасаған. Бірақ, нақты деректер таба алмай қайтқан болатын. Себебі қаланың мерейтойына байланысты музейлер мен тарихи орындар жөндеу үстінде екен.
Бұл жолы алдын ала яғни 2005 жылы Қазақстанның Ресейдегі елшілігі арқылы сон­дағы билік органдарымен келісіп бардық. Елшіліктен дипломат М.Тұяқбайұлы бізді Рязань, Қасымов қалаларына алып барып мемлекеттік архивтерде Қ.Жалайыридің өміріне қатысты деректерді іздеуге көп жәрдем берді. Біз ұлы баба өмір сүріп, дү­ниеден өткен жерге барып жергілікті өлкетанушы, тарихшылармен тікелей бай­ланыс жасадық. Оның ар жағында бұрынғы Қасым хандығының орталығы болған жерге ат басын тіредік. Оны орыстар қазір Қасымов қаласы деп атайды.
Біз Рязань облысының архив қорында 1715 жылдан 1904 жылға дейінгі аралықта жиналған материалдарды қарадық. Мұнда ХІV-ХVІІІ ғасырларға тән грамоталар колекциясының жинағы, сондай-ақ кейбір дворян, помещик, ақсүйек әулетінен шыққан Беклемишов Ерепкиндер әулеті, князь Меньшиков, Кареевтер, Чулков, Исаковтар үрім-бұтағының жеке архивтері, қолжазбаларымен таныстық, 13 қор мұрағатын ақтардық. “Государственный архив Рязаньской области. Путеводитель” деген 1959 жылы шыққан 638 беттік үлкен кітапты де сүзіп шықтық. Қасымов қа­ласы мен Қасым хандығының тарихына байланысты ертеректе жарияланған мақалалар мен материалдарды Ресей энциклопедиясынан көшірме ретінде түсіріп алдық. Сонымен бірге Қасым хандығы туралы ғылыми жұмыспен айналысып жүр­ген тарихшы А.В.Беляковпен кездесіп, сөйлесудің сәті түсті.
Қалада бірсыпыра жергілікті музей қызметкерлерімен, этнографтармен әңгімелестік. Қасымов қала­сының тарихын көп жағдайда біздер осы адамдар арқылы естіп, білдік. Бұл адамдардың ішінде әсіресе қалалық мұрағат, өлкетану мұражайларының бас­шылары, ғылыми қызметкерлері бізге бұл шаһардың тарихы жайлы мол мағлұмат­тар берді. Мұндағы имам Мұқаддас Сейфоллаұлы Ахунов ақсақал Қасымов қала­сындағы бұрынғы және қазіргі мұсылмандар зиратының орнын көрсетіп, ондағы құлпытастар жайынан әңгіме шертті. Осында қазақ азаматтары да тұрады екен. Олар біздің іс-шараларымызға қатысып отырды.
Біз әуелі облыстық архивке кіру арқылы Қадырғали би өміріне қатысты жазба деректерге кездесеміз бе деп үміттендік. Себебі, бұл адамның өмірінің көп жақтары әлі күнге дейін ашылмаған қалпында қалған. Сол себепті Рязань, Қа­­сымов қалаларындағы мемлекеттік архивтерде болдық. Соңғы күні, 20 қазанда Мәскеудегі Мемлекеттік архивке кірдік. Мұнда Х ғасырдан ХVІІІ ғасырға дейінгі архив қоры жинақталыпты. Архив қызметкерлері мен мамандары бізге ықылас танытып деректер іздеуге көмектесті.
Қадырғали би Жалайыридің өмірінің соңы осы Қасымов қаласымен және осындағы Қасым хандығының тарихымен тығыз байланысты еді. Ол ханзада Ораз Мұхаммедті Қасымға хан етіп көтеру салтанатында оны алтын таққа көтеріп оты­рғызған атақты төрт бектің оң жақтағы біріншісі болған. Демек, Қадырғали би Қасым хандығының патша сарайындағы беделді адамдардың бірі болғандығы осыдан көрініп тұр. Хан Ораз Мұхаммедтің 1610 жылы өлтірілгені анық. Тарихи деректер бойынша бұл уақиға Қадырғали би қайтыс болған уақыттан бес жыл кейін болған.
Бабамыз Қазан хандығының сарай қызметінде жүрген Борис Годунов пат­шаны мадақтап, Ораз Мұхаммедтің Шыңғыс хан ұрпағынан шыққанын дәлелдеп, оны хан тағына лайық адам етіп көрсету мақсатында жазған жылнамалар жинағын 1602 жылы бітірген. Сонда таққа отырғызу салтанаты 1602-1605 жылдар аралығында болған деуге болады. Олай болса, Қадырғали бабамыздың сексеннің сеңгіріне жеткен өмірінің дәм-тұзы осы Қасымов қаласында таусылып, 1605 жылы дүниеден өткен.
Ендігі әңгіме Қадырғали бабамыздың жерленген орны қазіргі Қасымов қаласының қай жағында жатқаны туралы болмақ. Біз жолығып, әңгімелескен адамдардың сөздеріне қарағанда, мұсылмандар әулетінің о дүниелік болғандары бұрын да және осы күнге дейін де тек қана мұсылмандар зиратына қойылады екен. Мұсыл­мандардың қазіргі зираты қаланың жанында, ол қоршалып, арнайы күзет қойылған. Ал бұрынғы зират қаланың шығыс жақ шетінде, Ока өзенінің биік жағалауында. Ол қаланың алғашқы іргетасы қаланған Старый посад деп аталатын, қаладан 3 шақырым жерде.
Түсінікті болу үшін тарихқа біраз шегініс жасайық. ХІІ ғасырда бұл жерді мешер тай­пасы мекендеген, “Мешерлер қаласы” деген атпен 1152 жылы қаланың іргетасы қаланады. ХІІ-ХV ғасырлардағы үлкен тарихи өзгерістер кезінде мешерлер түгелге жуық славяндармен ассимиляцияға ұшырайды. ХV ғасырда бұл жер Мәскеу князьдігінің құрамына енеді. Мәскеу князі Василий ІІ Қазан ханзадасы Қасымның құрметіне бұл қаланың атын “Касим қаласы” деп өзгертіп, Мәскеу князьдігінің шығыс жақ шетінде, орыс патшасының қолтығының астындағы “Қасым хандығын” құрады. 1471 жылы қала ресми түрде “Касимов” болып аталады.
Содан бері де тал­ай замандар өтіп, қала өзгеріп өсіп, Ока өзенінің жоғарғы жағына қарай ауысады. Ал ескі қоныстағы (“Старый посад”) мұсылмандар зираты сыртта қалады. ХХ ғасырдың басына дейін осы зиратта көптеген құлпытастардың болғаны туралы жазбалар және көзі көрген адамдар бар. Бір деректе 20-жылдары осы құлпы­­тастардың ішіндегі Қадырғали би Жалайыридің аты жазылған тасты жергілікті тұрғынның қорасынан көргенін зерттеуші жазған. Бірақ ол тастың кейінгі тағдыры белгісіз.
Бұл зират ұзақ уақыт қоршаусыз, қорғаусыз қалғандықтан, әлгі айтылған құлпы­тастардың қазір көбісі жоғалып біткен. Кеңес Одағы уақытысында дінмен күресеміз деген сылтаумен Қасым хандығындағы мұсылман мешіттері қиратылған. Зираттың үстіне шөп шығып, ол жерлер мал жайылымына айналып кеткен. Деген­мен, бұл орында тарихтың куәсіндей болып белгі қалыпты. Ол – Афған Мұхаммед Сұлтанның кесенесі. Мұны жергілікті татарлар текие деп атайды екен.
Афған Мұхаммед ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Хиуа ханы Араб-Мұхаммед ханның баласы. 1621 жылы Хиуада таққа таласу күресінде Араб-Мұхам­мед хан жеңіліп, басына ауыр күн туған кезде 11 жасар Афған Сұлтанды орыстың өкілі аманатқа алып кеткен. Ер жеткен Афған Сұлтан Мәскеу патшасына қызмет етеді. Ол 1648 жылы қайтыс болады. Сұлтанның мәйітін әйелі Алтын ханым Қа­сымов қаласына алып келіп, жерлейді. Басына қызыл кірпіштен салынған кесене тұрғызады. Сол заманда Ресей аумағында тұратын белгілі мұсылмандар, бектер, сұлтандар о дүниелік болғанда, жерлейтін жері Қасым хандығының орталығы болатын.
Біз көне жазбаларға, архив материалдарына және естіп, білген мағлұматтарымызға сүйене отырып, Қадырғали би Қосымұлы Жалайыри осы қорымда жерленгені анық деген байламға келдік. Бұл тұжырымды Рязань облыстық мұрағат директоры Татьяна Синельникова, Қасым хандығын зерттеуші ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Александр Беляков, Қасымов қаласы өлкетану музейінің директоры Ма­рина Горожанова да мақұлдады. Ендеше, осы жерге белгі тас қоюға тура келді. Бірақ тағы да ойланатын мәселе туды.
Сонда ескерткіш тасты зираттың қай жеріне қоямыз? Ақыры құлпытасты кесененің ішіне Афған сұлтанның және 5 ханзадалардың құлпытастары қатарына қойғанымыз жөн болар деген байламға келіп, ұсынысымызды жергілікті билікке жеткіздік. Қала басшылары, мұсылмандар имамы М.Сейфоллаұлы мұны бірауыздан құптады. Олардың айтуынша, ескерткішті жасап қою үшін кемінде жарты айға жуық уақыт керек. Бізде үш тәулік қана уақыт қалған. Сондықтан топ мүшелері олардың бұл ұсыныстарын мақұл кө­ріп, жұмысты тапсырып кетейік деді. Алайда жұмысшыларға артық ақша төлеп, мен күн, түн демей жұмылып, ескерткішті бабамыздың басына қойып, бір-ақ елге қайтамыз деген талап қойдым. Мұны білген Қасымов қаласының дума депутаты Сергей Васин және коммуналдық шаруашылықтың бастығы 20-дан астам инженер, жұмысшы, шеберлері бар құрылыс бригадасын тәулік бойы жұмыс істетті.
Тас туралы әңгіме болғанда Алматының мәрмәрі немесі гавр әкеліп қойсақ деген ойда болғанбыз. Сөйтсек, осы жерде Ока өзенінің бойынан бозғылт түсті ақ тасты құрылыс материалы, ескерткішке пайдаланады екен. Қалада тас өңдейтін зауыт және бірнеше шеберхана бар. Біз де осы тастан ескерткіш жасауды жөн көріп, аталмыш зауытқа барып, үлкен, салмағы жарты тоннадан асатын тасты кестіріп ал­дық. Оны кесененің ішіне апарып кіргізіп, Афған Сұлтанның құлпытасының қабырға жақ қатарына дәл сондай етіп орнаттық. Ақ тастың бетіне Құран Кәрімнен: “Бисмил­­лаһи Ар-Рахмани Ар-Рахим” деп жаздық, ал төменірек араб және қазақ әрпімен “Қадырғали би Қосымұлы Жалайыри”. 1530-1605. Құлпытасты қойған “Қадырғали Жалайыри” қоры. Қазақстан. 20.10.2005” дедік.
Белгілі тарихшы М.Қойгелдиевтің айтуынша, Қадырғали би Қосымұлының еңбегі бізге толық емес екі тізім және татар ғалымы Ә.Рахим тауып жариялаған үзінді түрінде жеткен. Зерттеу барысында Ленинград университеті ғылыми кітапханасының Шығыс бөлімінде сақтаулы тізім (оны профессор М.Усманов даярлаған) мен Қазан университеті ғылыми кітапханасының Шығыс бөліміндегі тізім негізге алынған. Бұлар да толық емес, дегенмен бірін-бірі толықтырып отырады.
Академик Әлкей Марғұлан Қадырғали би шығармасына белгілі Рашид ад-Дин туын­дысының аты берілуі, оның деректік маңызын дұрыс бағалауға кедергі болып келгендігін орынды көрсетіп берді. Аудармада объективті себептерге байланысты орын алған кемшіліктер бар екендігін айта келіп, сонымен бірге оның өн бойынан нағыз жазушылық, аудармашылық таланттың ұшқындарын байқауға да болады. Қадырғали би “Джами ат-Тауарихты” еркін аударып қана қоймай, ұлы шығармада берілген адам, өзен-су, жер аттарына да анықтаулар енгізген, сондай-ақ халық арасында өз заманына дейін сақталып келген деректерге сүйене отырып, ол Рашид ад-Дин еңбегін толықтыра түскен “Джами ат-Тауарихты” орыс тіліне аудару­шылардың бірі А.А.Ромаскевич Қадырғали бидің осы бағыттағы еңбегі туралы былай дейді: “ … при установлении чтения собственных имен хулагуидских ханов очень много помог татарский текст “Сборника летописей”, изданный И.Н.Березиным”.
2007 жылы Алматыда Х.М.Ғабжалилов басқарған Алаш тарихи-зерттеу орталығынан 2 томдық “Жалайыр” деген атпен шыққан еңбекте Қадырғали би туралы өте құнды деректер басылған.
Ресейдегі Қасымов қаласына барып келгенімізге де екі жыл өтті. Осы игі іске көмек берген сол кездегі елші Қ.Көшербаевқа, Рязань облысының губернаторы Г.И.Шпак және басқаларға ризашылығымызды білдіреміз. Міне, осындай абзал жандардың шын ықылас, адал көңілдерімен жасаған көмектерінің, қолдауларының арқасында біз қойған мақсатымызға жетіп, міндетімізді атқарып қайттық. Осы бір қасиетті істің басы-қасында болғанымыз үшін Аллаға мың да бір рахмет!
Авторы: Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, Қазақстан Республикасының дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қайраткері, профессор, шығыстанушы.
Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ