Әлемдегі ауа сапасы туралы статистика сөйлесін

Күнделікті тыныстап жүрген ауа сапасы бойынша қандай ақпарат білесіз? Статистикаға жиі жүгінесіз бе?

Ауаның ластануы бүгінде әлемді алаңдататын мәселеге айналып отыр. ДДСҰ-ның мәліметіне сенсек, әр жыл сайын ауа ластануы әсерінен әлемде 7 млн адам қаза табады. Олардың көбі 15 жасқа дейінгі балалар.

Әлемде  адамдардың 91%-ы ауасы ластанған, өмірге қауіпті аймақтарда өмір сүруде. World Live Air Quality рейтингі бойынша ауа сапасы өте төмен елдер үштігіне: Пәкістан, Үндістан және Бангладеш кіреді. Бұл елдердің ауасы жоғарғы деңгейде ластанған. Сондықтан, өмір сүру үшін қауіпті болып саналады.

Сонымен қатар, аталмыш рейтингте ауа сапасы жоғары мемлекеттер де көрсетілген. Пуэрто-Рико, Жаңа Каледония және АҚШ-тың Вирджин аралдары көш бастап тұр. Бұл жерлер әлем бойынша ауасы ең таза аймақ болып табылады.

Ал біздің елімізге келер болсақ, Қазақстан 2020 жылы ауасы таза емес мемлекеттер арасында 32-орынға жайғасқан.

Ауа ластану көрсеткіші әрдайым өзгеріс үстінде. Мысалы, (12 маусым) Нұр-Сұлтан қаласы ауа ластану индексі бойынша әлемдік рейтингте 80-і орында тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, астанамыз ауасы лас қалалар қатарында бүгінгі күнге дейін көш бастап келеді. Оны ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген ауа ластануы бойынша аймақтар картасынан байқауға болады:

фото жеке архивтен

Сонымен қатар, ауа ластану рейтингісінде алдыңғы орындарды еліміз бойынша Атырау, Қарағанды, Теміртау қалалары алады.

Ауаның ластануы адам денсаулығына үлкен қауіп алып келеді. Ауасы лас аймақта ұзақ уақыт қоныстанған адамда өкпе аурулары, бронхылық демікпе, аллергиялық ринит секілді созылмалы аурулар пайда болады.

Гүлманат Райымбаева


ПІКІР ҚАЛДЫРУ