Алматылық мұғалім: Балалары үшін баға сұрайтын ата-аналар бар

2
2714
мұғалім суреті

«Мұғалімнен жұрт ғажайып күтеді, ал ғажайып болса оған мән бермейді!» деген сөз бар екен. Рас, ұстаздық — жолы мен талабы ауыр қызмет.

Сол қызметтің ыстық суығына төзіп жүрген Алматы қаласындағы нөмірі 15-лингвистикалық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім, білікті ұстаз, аяулы ана Гүлайна Рахымбердіқызы — менің бүгінгі кейіпкерім. 

Қайырлы күн, Гүлайна ханым! Сіздің Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінің түлегі екеніңізден хабардармын. Көбінде қыздар бұл салаға аналарының ақылымен келеді ғой, ал сіз, өз қалауыңызбен келдіңіз бе әлде өзгелердің ықпалы болған ба еді?

Гүлайна Рахымбердіқызы: Мен кішкентай кезімнен заңгер болуды армандадым (күліп), әкем де бұл арманыма қолдау білдіретін. Бірақ мектепті бітіретін кезде неге екенін білмеймін мұғалім болғым келді. Сіз айтқандай, оған анамның да септігі тиді деп айта аламын. Ол кісі: «Қыз балаға мұғалім болған дұрыс, заңгерлік қиын болады» деп жүрді, сол сөз әсер етті ме, әлде мектепке қимастық болды ма білмеймін талапкер уағымда мұғалімдік салаға бет бұрдым. Сондықтан өзімнің қалауыммен, келісіміммен келгенмін десем болады. Өзім мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі болып жүретінмін. Ебім осы салаға келгендіктен, филилогия саласын оқыдым. Менің мамандығым бойынша қазақ және орыс сыныптарына сабақ бере аламын. Бірақ оқуды бітірген соң, отбасын құрдым, кейін біршама үзілістен соң жұмысқа кірістім.

Университет бітірген соң үзілістің болуы кәсібіңізге кедергі келтірді ме?

Гүлайна Рахымбердіқызы: Әрине, аздаған қиындықтар болды. Мектепке алғаш жұмысқа кіріскен жылы  тәжірибем жоқ екеніне қарамастан сынып жетекшілік міндетті жүктеп қойды. Бірақ аса қатты қиналдым деп айта алмаймын. Адамның өзінің ептілігіне де байланысты ғой, егер тез сынбайтын, рухың мықты болса кез келген істі алып кетуге болады.

Дұрыс айтасыз, дегенмен қазір уақыт сіздің заманыңыздағыдай емес қой. Тұрсынбектің бір әзіліндегідей бұрын «Мұғалім келіп қала ма?» деп бала қорқып отырса, қазір мұғалім «Ата-ана келіп қала ма?» деп қорқатын заман болды (күліп)

Гүлайна Рахымбердіқызы: Иә, бұл қазір белең алған мәселердің бірі. Дәл айттыңыз, біздің кезімізде мұғалімдерден қорқатынбыз. Көшеден көріп қалсақ, «Мұғалімім келе жатыр» деп басқа көшемен қашушы едік. Қазір ондай жоқ! Балалардың көзі ашық, мұғалімнен бұрын жауап беріп тұрады. Қазіргі балалар өте ақылды, әрі оларға көп нәрсе қол жетімді. Мысалы телефон, планшет, ғаламтор қолдарында тұр, кез келген керек дүниені жылдам, оңай тауып ала алады. Біздің кезіміздегідей кітап ақтарып отырмайды.

Барлық нәрсенің қолжетімді болуы, балаларға жағдайдың жасалуы біздің дамыған елдің қатарына кіруімізге қаншалықты әсер етеді?

Гүлайна Рахымбердіқызы: Бұ күні балаларға жағдай жақсы жасалған деп толық айта аламын. Балалар ізденеді, қазір өзгертілген бағдарламамен жұмыс істегендіктен, сабақтың жүйесі де өзгерген. Бұрын мұғалім көп сөйлесе, қазір керісінше баланың пікір айтуына уақытты көбірек бөлеміз. Мұғалімдер тек бағыт беруші, ал оқушы оны алып кетуі керек.

Алматы облысы бойынша 2015 жылдан бастап жаңартылған оқу бағдарламасын біздің 15 мектеп бірінші болып қабылдадық. Ол кездегі түлектер осы жылы төртінші сыныпты бітірейін деп жатыр. Ол бүлдіршіндер қазір жақсы, бағдарламаны тез-ақ алып кетті.

Дағды дейміз ғой, ол өте маңызды. Мысалы баланы бірінші сыныбынан бастап жаңартылған жүйеге бағыттағандықтан әрі қарай дамытуы жеңіл болып жатыр. Ал орта буындағы оқушыларда аздап қиналу бар екені байқалады. Өйткені олар кішкентай кезінен қалыптасқан жоқ, тіпті олардың мұғалімдері де қиналады. Баланы үшінші-төртінші сыныптан бастап өз бетінше іздендіруге тырысып жатырмыз. Менің ойымша, бұл жағдай біздің дамуымызды жеделдетеді әрі оңайлатады.

Өз бетінше іздену демекші, менің бастауышта оқитын інілерім бар. Оларға біздің жоғары сыныпта оқыған дүниелерімізді тапсырма етіп береді. Мысалы ұстазы «реферат дайындап кел» дейді, олар ғаламтордан дайынын алып барады, мұндай көзіммен көрген мысалдар жетерлік. Мұғалім ретінде айтыңызшы, қазіргі балалардың жауапкершілігі қандай дәрежеде?

Гүлайна Рахымбердіқызы: Бұл тұста мұғалім мен оқушы тығыз қарым-қатынаста болу керек. Бірлесе отырып жұмыс істеуі тиіс, ал «мынаны алып келіңдер» деген ғана тапсырма болса, әрине бала шығарып әкеле салады, оны оқымайды. Осы ретте алып келген дүниенінің өзін мұғалім пайдаланып, оқушыға сіңіру керек. Мысалы Абай туралы реферат алып келсе, оның мазмұнын баладан сұрауы керек. Тек алып келгені үшін бағалауға болмайды. Өйткені баланың ойында «Жақсы екен, келесі жолы да осылай құтыламын» деген ой болуы мүмкін. Бұл жерде мұғалімнің тактикасы мықты болуы керек.

Әр ұстаздың жеке методикасы, тәсілі болады ғой. Өзіңіз көбінде оқушылардың тілін табу үшін, білімін жетілдіру үшін қандай әдіс қолданасыз?

 Гүлайна Рахымбердіқызы: Дұрыс айтасыз, әр ұстаздың өзіндік тактикасы болуы керек. Білім саласының жаңартылған жүйесінде әр түрлі әдіс-тәсілдер пайда болды. Мұғалімдерге керемет жағдай жасалды демесек те, жақсы жағынан өзгерістер бар. Қазір біздерге де еркіндік берілген, сабақты қалай өтсеңіз де өз еркіңізде. Меніңше баланы айқайдың күшімен емес, неғұрлым әдеппен, тәрбиемен бағындыруға, баланы сабаққа қызықтыратындай жағдай жасауға тырысу керек. Сонда ғана бала сабақта тыныш отырады, тапсырмаңды орындайды. Дегенмен баланың барлығы бірдей емес, оны мойындау керек. Белсенді балалармен қатар, агрессивті балалар да жоқ емес, мұны жасыруға болмайды.

Мен сабақ оқымайтын, бағынбайтын балалармен басқаша жұмыс істеуге тырысамын. Мысалы топ-топқа бөліп, жарысып сабақ өтетін кезде оларды топ басшысы, белсендісі етіп сайлауға тырысамын. Бұрын бес алатын балаға бес, төрт алатын балаға төрт қоятын едік, қазіргі жүйе бойынша әр бала өзін және бірін-бірі бағалап үйренеді. Топта, жұпта жұмыс істеген кезде өз жұмыстарын түсіндіріп, қорғап үйренумен қатар, уақытты үнемдеу мен бірін-бірі критерийлер бойынша бағалауға дағдыланады. Кез келген бала өзіне артылған жауапкершілікті алып шығуға тырысады, сондықтан оларға сенім арта білу керек.

Балалар бірін-бірі бағалау кезінде қаншалықты әділ бола алады?

Гүлайна Рахымбердіқызы: Қазір әр сабақ бойынша министрліктен келген мақсат болады. Біз сол мақсатты жүзеге асыруға, балаға сол мақсатты жеткізуге тырасамыз. Мен өзімнің сабағымда балаларға тапсырма беріп, оларға критерийлер көрсетілген парақ және дискриптер таратамын. Олар сол бойынша бағалайды. Бұл жерде бала біреуді тыңдауды және әділ бағалауды үйренеді.

Ал мұғалімнің бағалауы қаншалықты әділ? Мысалы, менің кезімде үздік оқушы бәрібір мұғалімге жақын болып тұратын едік (күліп). Сабақты үздіктерден ғана сұрап, тексеру келгенде соларды ғана алға шығаратын. Қазір бұл жағдай қаншалықты өзгерді?

 Гүлайна Рахымбердіқызы: Дұрыс айтасыз, бұрын солай болды. Бірақ қазір саралау деген жүйе бар, баланы мінез құлқына байланысты олармен жеке жұмыс істейміз. Өзім нашар оқитын оқушыны, мінезі тұйық немесе ашушаң балаларға жауапкершілік көбірек артуға тырысамын. Одан кейін, екінші бір жолы тапсырмалардың деңгейін оқушының үлгеріміне қарай беріп отыруға болады. Ұстаз шәкіртін барынша ынталандыруға тырысу керек, сол себепті түрлі әдісті де баланың өзіне байланысты қолданған жөн.

Жоғарыда сөзіңізде мінезі қиын балалар болатынын айттыңыз. Ол балалардың ата-аналарымен қаншалықты бірге жұмыс істейсіздер?

Гүлайна Рахымбердіқызы: Әрине, ата-аналармен байланыс бар. Мен дәл қазір сынып жетекші емеспін, сондықтан ата-аналармен тығыз байланыстамын дей алмаймын. Дегенмен пән мұғалімі ретінде туындаған қиындықтар болса бірге жұмыс жасаймын. Негізі ата-ана, ұстаз және оқушы үшеуі тығыз қарым қатынаста болуы керек. Қазір дамыған заманда ата-анамен байланыс орнату қиын емес. Күн сайын телефон, әлеуметтік желі арқылы байланысып отырамыз. Мектебімізде сенбі сайын ашық есік күні болады, сол кезде ата-аналар келіп, балалары туралы мәліметтермен танысып кетеді. Ата-ана мен мұғалім күн сайын балаcының тәртібі, психологиясы, көңіл-күйі туралы ақпараттармен алмасып отыру керек. Оқушы күнінің жартысы бізбен өткендіктен, ол үшін жауаптымыз. Бірақ қазіргі ата-аналарға риза болатының балаларына алаңдап, үнемі хабар алып отырады. Біздің кезіміздегідей ата-аналар қашпайды, оның үстіне бағдарлама қиын болғандықтан үш жақты байланыс өте қажет.

Содан кейін мені қызықтыратын бір сұрақ, кейбір ата-аналар мұғалімдерге айтып баласының бағасын жоғарылатып жатады. Осы «баға үшін» деген түсінік, баллдық жүйе келген соң азайды ма, әлде әлі де өтініш айтатын ата-аналар бар ма?

Гүлайна Рахымбердіқызы: (Күліп) қазірде өтініш айтатын ата-аналар бар. Бұл жаңа бағдарлама кірген кезде ата-аналар көпке дейін түсінбеді. Жаңа жүйеге енген алғашқы жылдарға қарағанда, қазір саябырсыды. Олардан бөлек жаңа бағдарлама өзіміз де «Қалай болады?» деп абдырап қалдық емес пе? Көбірек ізденуге тырыстық. Жаңа системаны үйрену үшін арнайы оқып, ізденуге тура келді. Өзіме өзім қиындық тудырған күндерде болды, сосын Назарбаева мектебінен мұғалімдер келіп, олардан тәжірибе алып, бірлесе жұмыс істедік. Мемлекет бізге жаңа жүйені үйрену үшін барлық жағдайды жасады. Назарбаев мектебіндегідей қағаз, қаламымызға дейін алып бермесе де, білімімізді жетілдіруге, жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Қазір біздің жоспар жазуымыз да өзгеріп кеткен.

Осы жоспар жазуға байланысты көп мұғалімдер шағымданады, қолмен жазу уақытты өлтіру деп есептейтіндер бар. Сіздіңше қалай дұрыс?

Гүлайна Рахымбердіқызы: Біз жоспар жазамыз, оны жазу керек деп есептеймін. Өйткені дайын берілген жоспарды барлық мұғалім алып сабақ өте алмайды. Біреудің жұмысымен біреу жұмыс істей алмайды. Әркімнің өз методикасы, әдіс-тәсілі бар. Мысалы сіз алып келіп берген жоспармен мен сабақ өте алмауым мүмкін. Біреудің дүниесін балаларға қалай көрсетемін? Жаңа жүйенің екінші жылы бізге дайын жоспарлар берген еді, бірақ адамның өз ізденгені дұрыс екен. Әрине жарты күн уақытың кетуі мүмкін, бірақ нәтижесі жақсы болады. Мысалы параллель сыныптарға бір жоспар құрып уақытты үнемдеуге болады. Өзіңіз жазған сабақты балаға жақсы сіңіре аласыз деп есептеймін. Бұл жерде балаға білім беріп отырғандықтан, наныңды адал жеу керек.

Осы табысқа қатысты, сіздердің жалақыларыңызға риза болмаушылар көп… (күліп)

Гүлайна Рахымбердіқызы: Қазір бізде жағдай бұрынғымен салыстырғанда жақсы деп ойлаймын. Бізді ешкім  қинап отырғызған жоқ! Сондықтан кәсібіңе адал болу керек, әрі нағыз маман аш қалмайды. Қазір біліміңе, жетістігіңе байланысты жоғары айлық алуыңызға жағдай жасалған. Бір жерде отыра берсең өспейсің, ақшаң да өспейді! Қазір бұрынғыдай жұмыс өтіліңізге қарайтын заман жоқ, қолыңыздан келсе мақала жазыңыз, сайттарға жариялаңыз. Мысалы мен бір кездері сіздердің сайттарыңызға да өз әдістемемді жариялаған болатынмын, кейін ол кітап болып жарыққа шықты.

О, біздің сайтымызбен таныс екеніңізге қуаныштымын! Бізде сіз секілді ізденетін, білікті ұстаздарға арналған жобалар өте көп. Өзіңіз шыққандай түрлі кітаптар да жарық көреді. Жалпы сіздің ойыңызша, осындай жобалар, мұғалімдердің тәжірибе алмасуы бізге қаншалықты қажет?

Гүлайна Рахымбердіқызы: Мұғалім бұл ізденуші, қазір әр жыл сайын түрлі жаңалықтар шығуда. Бұл орайда олардың үздіктері өз тәжірибелерімен бөліссе басқаларға үлкен көмек болушы еді. Бізде білікті ұстаздар, мамандар жетерлік. Олардың білімін неге бәріне танытпасқа? Дамыған заманда әр аймақтағы білікті ұстаздардың басын қосу, бірге жұмыс істеуге үгіттеу қиын емес деп ойлаймын. Бұндай бастамалар кәсібімізді шыңдауда бәріміз үшін пайдалы.

Өзіңіз сияқты ізденімпаз ұстаздардың көптігі бізді қуантады. Шәкірттеріңізбен мақтанатын күнге жетуіңізге тілектеспін, уақыт бөлгеніңізге рақмет!


2 ПІКІРЛЕР

  1. Мугалимдер де спортшылар сиякты кун сайын дайындалып, жаттыгып отыратын дарежеге жеткенимиз кандай жаксы ?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ