Алтайдың асқақ жыршысы (Оралхан Бөкейді еске алу)

0
6336
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі
Алтайдың  асқақ  жыршысы

 Мақсаты: (1-слайд)  жерлес  жазушы  Оралхан  Бөкейдің  өмірі  мен  шығармашылы  туралы  мағлұмат  беру,  туған  жерге  деген  мақтаныш  сүйіспеншілік  сезімдерін  қалыптастыру,  жазушының   шығармалары   арқылы  адамгершілікке, жауапкершілікке,  барлық  жақсы  қасиеттерге тәрбиелеу,  әдеби  кітап  оқуға  тарту. 

Көрнекілігі:   Кітап  көрмесі, интерактивті  тақта, суреттер,  қанатты  сөздер,  слайдтар.

1 Жүргізуші:  Қайырлы күн құрметті көрермен қауым! (2-слайд)

«Алтайдың асқақ жыршысы» атты Оралхан Бөкей шығармашылығына арналған әдеби кешімізді бастаймыз.  Мәңгілік   ақ   қар  жамылған   асқар  шыңдары,  ал   етегінде  ағысы  асаудай  тулап жатқан  Бұқтырма  өзені  бар,  қазақ  Алтайының  киелі  топырағында  дүниеге  келіп,  аса  дарынды  талантымен  барша  қауымды  таңғалдырған,  Қатонқарағай  ауданының    «Құрметті   азаматы»,  Қазақ  ССР    Мемлекеттік  Абай   сыйлығының,  Н.Островский   атындағы  Бүкілодақтық   әдеби   сыйлықтың,  «Молодая   гвардия », «Жалын»  баспалары   сыйлығының   лауреаты,  «Құрмет  белгісі»  орденінің   иегері   жерлес  жазушымыз  Оралхан  Бөкейдің  туғанына  биыл  75  жыл  толып  отыр.

Жазушы  Д. Исабеков  «Оралхан   Бөкей…  Осы  бір  есім   қазақ  әдебиетінде  небәрі  25-26  жыл ғана  өмір  сүріпті.  Сол  аз  ғана  ғұмырдың   ішінде  ол  туған   әдебиетінін  аспанында  қүс  жолындай  айқын  із   қалдырды»  деп  жазған  еді.

Қамшының  сабындай  қысқа  ғұмырында қазақ  әдебиетінің  классикалық үлгілерінің   қатарына  қосылған,   туған  жері,  Алтайының  мөлдір тау бұлақтарындай  бірден   шөлді  қандыратын  туындылар   қалдырып  кеткен  талант  иесі,  философ,  публицист,  драматург,  Оралхан  Бөкей   өмірінен  біраз  сыр  шертпекпіз. 

Б.Өскенбаев  «Ауылым». Әнін жазған Т.Базарбаев. Өлеңін жазған Ж.Бейсеков

 (3-слайд)2 жүргізуші:   Қазақ   халқы  қастер  тұтатын  киелі  есімдердің  біріне айналған,  шығармалар  орыс,  ағылшын,  француз,  неміс,  жапон,  венгр,  араб,  қытай  т.б.  көптеген халықтар  тілдеріне  аударылып  шыққан  сүлей  суреткер  Оралхан  Бөкей  1943 жылдың  28 қыркүйегінде (4,5,6,7,8,9-слайд) Шығыс  Қазақстан  облысы,  Қатонқарағай  ауданының   Шыңғыстай  ауылында  дүниеге  келген.  Әкесі  Бөкей  көп  сөйлемейтін,  сөйлей  қалса  сөзі  өткір, қанжардай  қиып  түсетін,  сөзге   шешен,   рухы   мықты,  жаны  таза  адам  болған.  Анасы  Күлия  көреген,  ділмар, аузын  ашса  көмейі  көрінетін  ашық    кісі  болған. Керемет  дуысы  бар  әнші,  өлең  шығаратын  қасиеті де   болыпты.  Отбасында   жалғыз  ұл   Оралхан   жөне  Шолпан, Әймен,  Ләззат, Мәншүк, Ғалия   атты   бес  қыз  болған.  Оралхан   дүниеге  келгенде  соғыс  жылдары   болғандықтан, әкесі  Орал қаласына  еңбек  майданына  аттанған  кез  екен.  Анасы  Күлия  әкесі  еңбек  майданынан    аман-есен   оралсын  деп  ырымдап,  сәбидің  атын  Оралхан  деп   қойыпты.

А.Искакова  «Туған ел» Әнін жазған М.Сағатов. Өлеңін жазған Н.Әлімқұлов

1  жүргізуші:  (11-слайд) О.Бөкей  1961  жылы  Шыңғыстайдың  Сұлтанмахмұт  Торайғыров атындағы   орта  мектебін  тамамдап,  сонда  пионер  вожатый,  кейін  «Алтай»  кеңшарында   тракторшы  болып еңбек еткен. Әдебиетке деген құштарлығы 1963 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің   журналистика  факультетіне  алып  келді.  Сонда да  ол  өмірден  қол  үзбей,  сырттай  оқып, ауылдағы  жұмысын   жалғастырды.  Университеттің   екінші  курсынан  бастап  аудандық  газетке  ауысты. 1968  жылы   университетті  тамамдап, өз  өңіріндегі   «Большенарым»  ауданындағы  «Еңбек  туы»  және  Шығыс  Қазақстан  облыстық  «Коммунизм  туы»   газеттерінде  тілшілік  қызметтер  атқарды.(12-слайд)  Ара-тұра  Алматыдағы   «Лениншіл  жас»   газетіне  мақала  — очерктерін  жіберіп  тұрады.  Қаламы  жүйрік,  ойлары отты,  жалынды жасты  газеттің  сол  кездегі  бас  редакторы  Шерхан  Мұртазаның  қырағы  көзі  қалт  жібермеді, Оралханды  өзіне  жұмысқа  шақырды. Сөйтіп   25  жастағы  жас  журналист  Оралхан  Бөкей Алматыға  келіп,  «Лениншіл  жас»  кәзіргі  «Жас  Алаш»  газетінде   әдебиет  және  өнер  бөлімінің  меңгерушісі  болды.  Публицистикаға  даңғыл  жол  осылай  ашылды.

Бұдан  кейін  1974-1983  жылдары  «ЖҰЛДЫЗ»  журналының  проза  бөлімінде  қызмет  атқарды.  1983  жылы «Қазақ  әдебиеті» газетінде  бас  редактордың  орынбасары, 1991  жылдың  қазан  айынан  осы  газеттін   бас  редакторы  болып  тағайындалды. 

Оралхан  Бөкей  бүл   газетте  өзінің  өшпес  қолтаңбасын  ,қалдырған.Сол   қолтаңба- өзгерістер мен  жаңалықтар, жаңа  айдарлар  өзінің   өміршеңдігімен  ерекшеленеді. Мысалы, «Құмсағат» айдары  үлкенді — кішілі  оқиға, жаңалықтарға  баға  берер оқырман  хаттарын  жариялап  тұрды. Сол  арқылы  белгілі бір   кесімді  уақыт  аралығында  не  жоғалттық,  не  таптық  деген  сауалға  жауап  іздеді.  «Сыр  сандықты  ашып  қара »  айдарының  арамыздан  ерте  кеткен  ақын- жазушылардың  бұрын  жарияланбаған  шығармаларын,жазысқан хаттарын, естеліктерін  жарыққа  шығаруда  уақыт  уыты  мен  замана  желі  сарғайтқан  қолжазбалар, көне  фотосуреттерді  іздеп  тауып, оқырмандарға  жеткізудегі  маңызы  зор  болды.

Абдыкаримова  Гүлнүр «Тілдескен туған дала табиғатпен…»

Жаз шықса да сезіледі ызғар әлі,

Алтай да қабақ түйіп сызданады.

Қарағайлар көз тігед Алматыға,

Қайда жүр-деп Мұзтаудың мұзбалағы.

Қосылған аламанға бала кезден,

Сақта оны, деуші едік тіл мен көзден.

Қазағының пырағы, Құлагері,

Қара сөзі артық ед, өлең сөзден.

Пір тұтып жастайынан даналарды,

Үлгі етіп Шерхандайын ағаларды.

Тау баласы екнін мойындатып,

Тың сүрлеуге ол талай дара барды.

Тілдескен туған дала, табиғатпен,

Еліткен замандасын ақиқатпен.

2 жүргізуші:  Оралхан  Бөкейдің   мақалаларындағы  еркіндік,  ешкімге  жалтақтамайтын  турашылдық,  батылдық, ол  заман  үшін  үлкен  жаңалық  еді.  Оның  Қазақстан  ғана  емес Ресей  қармағындағы   қандастардың  қамын  ойлап, жоғын  жоқтауы  азаматтық  тұлғасын  айшықтай  түсті. «Қазақ   әдебиеті»  газетінің  Астрахань  облысындағы  күндерінен  туған  «Еділдің  бойы  ен  тоғай»   (Қ.Ә. 28.12.89) атты  мақаласында: Астраханьді қоныстанған 140000 қазақтың әлі күнге дейін мәдени орталығы ұйымдаспағанын,қазақ тілінде БАҚ-ы жоқтығын айтқан.(16,17-слайд) Сондай-ақ  Шалкиіз, Қазтуған жырау, Асан қайғы, Құрманғазы сынды бүтін бір елдің маңдайындағы жарық жұлдыздары ескерусіз,елеусіз қалғанын; Қазақ халқы мен хандықтарының тарихы,архитектуралық мұрамыз- көне қалалар мен сарайлардың орны жып-жылмағайланып, жермен жексен күй кешіп жатқандығын; (18-слайд) КСРО халық депутаттығына бірде-бір қазақ сайланбағанын ашып айтты. Бұл өз кезінде ешкімнің батылы барып қозғай бермейтін тақырып еді. Оралхан Бөкей публицистикасын парақтағанда оның ұлт тілінің шын жанашыры болғанын көреміз.

Тоқтамысов Еркебулан  О.Бөкейге арналған «Біртуар» атты өлеңі оқылады.                                           

Ақ бас Алтайдың ақ бұқақ Ақыны-

Кербұға секілді Қазақтың кербезі! 

Оғлан Ойлары тұңғиық тебіреніп,

Арудай Сезімі тәкәппар еміреніп,

Өзендей буырқанып тасыған арнасы;

Бұрыңғы Әулие.  Кешегі Жыраулар жалғасы-

Оралхан!

Шоқпардай маңдайдан шексіздік шашырап,

Болмысы жаралған бір тентек Арманнан.

Тылсымнан тылсымға тылсым боп жалғанған-

Көкірек көзінен аққудай сұңқылдап,

Еркіндік қырандай қомданған!

Әттең-ай!

Жан Аға!  Өлімнен қорқатын мынау бір әлемге

Өлмейтін Сөзіңді қалдырдың!

1-жүргізуші. Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген қаламгер оқырманын өзгеге ұқсамайтын қолтаңбасымен таңғалдырды. 1970 жылы Алматыда жарық көрген «Қамшыгер» атты тұңғыш повесттер мен әңгімелер жинағы ерекше үнімен оқырмандарды елең еткізді.

«Менің повесть, әңгімелерімнің сюжеттері туған жер, жастық шағымда болған оқиғалар туралы естеліктерге толы, — деп жазды ол. — Менің жерлестерім-қазақтар, сом мінезді, шыншыл және ашық жүректі адамдар. Менің туған жерге адал жерлестерім өр мінезді, еңбекқор, ержүрек және шыншыл адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын.

2-жүргізуші. Қаламгер «Қамшыгерден» кейін (1971ж) «Үркер» (1973ж) «Қайдасың қасқа құлыным» (1975ж) «Мұзтау» жинақтарын шығарды. Пьесаларын жазды. Жазушының көлемді шығармаларын айтпай, кез-келген шағын әңгімелерінде де туған жеріне, тіпті оның әр түп ағашына деген ыстық сағынышы атойлап тұрады. Шығармаларының әр тармағынан туған жерге  ілтипаты танылады. Туған жері-Алтайдың сұлулығын, тәкәппарлығын, асқақтығын қара сөзбен жырлаған жазушы, қамшы сабындай қысқа ғана ғұмырында өзін де туған әдебиетін де осындай асқар асуға шығарып үлгерді. Оның шығармаларындағы кейіпкерлер-ауыл адамдары-қойшылар,жылқышылар, бұғы өсірушілер, диқандар, орманшылар, ересектер мен жастар. Олар бітім болмысы кіршіксіз, пәк ниетті рухани дүниелері бай адамдар. Олар қиындыққа төзімді, өздеріне сенімді, адал да аңғал, ақ жүректі, кең пейілді адамдар. «Сайтан көпір» повесіндегі мұз құрсауға түсіп қалған Аспан, «Ән салады шағылдар» повесіндегі қой отарын сұрапылдан аман сақтайтын шопан «Қар қызы» повесіндегі ержүрек жас тракторшылар өз бейнелерінің биік парасатымен дараланатын тұлғалар.                                                                                  

 (Оралхан  Бөкейдің «Сайтан көпір» повесінен үзінді)

1 жүргізуші: Енді   келесі  кезекте  О.Бокейдің   өздері  Қайкен  деп  атап  кеткен  Қайыпжомарт  Жұртбаев   деген  досына  арнап  жазған  очеркінен   үзінді  тыңдаңыздар.

1-оқушы Жүрсін

  Айқай-жаңғырық.

Айқай-жаңғырыққа тең. Ал жаңғырықтан біздер, біздің іс-әрекетіміз, ой-мақсатымыз, тіпті бүкіл дүние, күллі адамзаттың барлық тіршілігі, өмірінің мән-мағынасы жаратылғандай. «Жұмыр жердің бетін төрт миллиардтан астам адамның аяғы таптап, дүниені өз айқайларымен күңірентіп жүр. Тек жердің астындағыларда үн жоқ. Егер Құдайдың құдіретімен сол өлілер қайтып оралса, бұл жалғаннан үн-түнсіз, жым-жырт өтуді тірілерге үйретер екіншісі бұзбай, жылқының жусанғанындай, бейбіт те берекелі өмір орнатар ма еді, қайтер еді, егер аруақтар зәуде қайтып оралса… (шіркін-ай,қайтіп оралса) дүниедегі сансыз сұмдықтың бет пердесі ашылып, БІЗДЕР ұяттың отына өртеніп кетер едік-ау… Амал қайсы, ОЛАР ешқашан да, ешқашан да қайтып келмейді. Сондықтан да кеңірдегіміз жыртылғанша АЙҚАЙЛАЙЫҚ! Өйткені, АЙҚАЙСЫЗ дүние тұл.

Айқайлау дегеніміз-өмір сүру.

2-оқушы Олжас

Ақ көбік қардан аққала жасап ойнаған, бала досым.

Сенен менің артықтығым қайсы? Аспанымыз бір, бірақ сен менен гөрі тазарақ ауамен тыныстайсың. Сен менен гөрі тазарақ қарды басасың. Сібірдің бетіңді сүйіп ойнайтын сарышұнақ аязын жібер маған. Сен маған соғым етін, құрт-май емес қос уыстап тұрып асайтын ақша қар, алқа тағып ойнайтын мұзмоншақ жолда. Мен сені сағындым.

3-оқушы Диана

  Мен сенің «ДТ-54»-те көмекші болып жүріп, алғаш рет еңбектің қадірін түсіндім. Екеуміз даң құрдас болсақ та, көпті көрген көпшіл адамдай, осы күнге дейін ұшып-қонып жүрген менен әлдеқайда салмақты едің. Жап-жалпақ бетіңе жапсыра салған қоңқақ мұрының әлі көз алдымда. Әсіресе, шопандарға сүрлем тасып жүріп, Бұқтырманың көк тайғақ мұзы трактордың салмағына шыдай алмай, опырылып түсіп кеткенде қаңтардың ақырған аязына қарамай, белуардан кешкен суық су естен әсте кетер ме? Сонда аяғымызға қатып қалған пиманы пышақпен тіліп алды ғой, есіңде ме?

4-оқушы Шұғыла

Кеше түсіме кірдің: қасыңда «қара айғырың», Жалғызтөбені тіркеуге алып сүйреп барады екенсің. Астында айдаһар бар деп қорқатын алып тауды Толағайдай шырқ иіресің… Трактордың тойымы жоқ мешкей шанасына шөп тиегенде алдыңа жан салмайтынсың. Ал мен әлжуаз, босаңдау едім ғой. Әбден май сіңіп, темір арқан жаралаған, тарбиған қолдарыңның, үнемі дәл размер таба алмай жүретін талас аяғын тек еңбек үшін жаралғандай еді. Кейде ойлаймын: түртпекке төзе алмай, кеш келген ауылға бүгін қайта қалсам, сөз жоқ, адаспай сені табар едім. Бірақ сен мені көмекшіге ала қояр ма едің? Ақ саусақтанып кеттім ғой. Бірақ еңбектен жаратылған адам еңбектенгеннен қорықпаса керек.

5-оқушы Аяулым

          Ақша қардан аққала жасап ойнаған, бала досым.

         Мен сені күзде көрдім. Бөлімше еңбеккерлерінің жалпы жиналысы болып, ауыл шаруашылығы озаттарының ортасынан елегізіп сені тостым. Жоқсың. Сенен жақсы да, жаман да кейбірі радиоқабылдағыш, кейбірі бес-он сомнан алып жатты. Жоқсың. Мен білем ғой, бұл совхозға еңбегі сендей сіңген кім бар еді? Айыбыың-жуастығың шығар. Әне, сен сахнаға шықтың. Қалтаңнан бес сомдық көк қағазды алдың, жұртқа көрсетіп тұрып, ортасынан қақ айырдың. «Қайыпжомарт Жұртбаев та жаман қимылдаған жоқ» деп, бес сомды атай салсаңдар төбем көкке жетпей ме? «Орамал тонға емес, жолға жарамай ма?» Сен жас балаша, баяғыдай еңіреп жыладың. Жайтақ ауызым менің, қазан басым менің, жүрегің қандай дарқан болса, көңілің сондай бос екен-ау…. Жыламашы.

6-оқушы Жансая

  Ақ көбік қардан аққала жасап ойнаған, бала досым-ау.

  Ертеңінде мен қатты кейідім. Қартайған әке-шешеме жақсылық жасау қолымнан келмегеніне өкіндім. Әкем айтты:

-Мен-қырық жыл коммуниспін. Сен-екі жылдан, ал апайың үш жылдан бері комунист. Біз-коммунистер семьясымыз. Бірақ пайдасы қане… Бірақ бөлімше басшылары да партия мүшесі ғой, неге ғана менің осы ауылға елу жыл сіңірген еңбегімді ескермейді. Сонау иек артпада тұрған екі мая шөпті жеткізіп алуға он рет бардым сақалды басыммен. Бір сағатқа трактор босатпады.

  Сонда мен сонау бір шақта тракторды тастап, жазумен шұғылданып кеткеніме өкіндім де. Сонда екі өкпемді қолыма алып, зыр жүгіріп, саған бардым. Бөлімше басшылары естіп қоймасын, екеуіміз түн ортасында ұрланып әкемнің шөбін әкелдік. Сонда темір тұтқаға қолым қайта тиіп, сенің мәңгі достық отыңа жылындым.

7-оқушы Айым

  Ақша қардан аққала жасап ойнаған, досым-ау.

 Сенің сегізінші кластан соң оқымағаның ауру шешеңе қолғабыс жасау крек болды. Қабарғаң қатып, бұғанаң бекімей, қолынды күрек қажады. Есіңде шығар, Катондағы тракторшылар даярлайтын курста бірге оқыдық. Ең қызығы орта білімі бар менен әлдеқайда озық оқып едің. Сонда 25 шақырымдық қашықтықтағы ауылға жаяу қайтып жүрдік. Сонда алдымызда сайрап жатқан қасқа жол сонау көкжиекке сіңіп, аспанға жетелейтін. Мынау жолдың өмір бақи да таусылмауын, ал екеуіміз дәл осылай қатар аяңдап, ертеңімізге ентікпей жетуді іштей тілер едік. Өмірдің қоңыржай самалы, айналамызды күрегейлеген алып таулар, аластан сарыны талып жететін сансыз тау өзендері, ашық аспан-бәрі де қай-қайдағы қиялға шомылдырып, әлі жолықтырмаған жан-жарымызды ойға оралтатын. Содан бері қаншама іңір іріді, қаншама жол жүрдік, сен әлі бойдақсың. Сен айтатынсың: «Оқтан емес, гүлден де қорқа білу керек». Айтшы, ізгі ниетті кәрі бойдағым, «Сенің жұлдызың әлі туған жоқ па, әлде қолың тимей жүр ме?»

8-оқушы Айым

  Есіңе алшы, екеуміз Огневка деген жерге шөп алуға барып, қасат қарды қақ жарып, тау асып жолға шықтық. Тракторға тиген екі мая шөбіміз бар. Біз Жаңа жылды үйде қарсы алуға асықтық та. Айдалада, аппақ алып таулардың ортасында, трактордың сұп-суық кабинасында 1964 жылмен жүздестік. Сонда біз көздің жауын алар шыршаны да, шампанскийі көбіршіген бокалдардың сыңғыры мен жұп-жұқа үлбіреген тәні көйлегінен көрінген қыз-келіншектерді көксегеніміз жоқ. Біз дәл сағат 12-де трактордың газын шыңғыртып, ұзақ бастық. Сонсоң жерге қарғып түсіп аппақ қарды қаба асадық. Сөйтіп,келер жылғы шат тілек, ыстық жүрекпен аттандық. Бірақ мен содан кейін жаңа жылды жол үстінде қарсы алып көргенім жоқ. Ал сен болсаң, бәлкім, дәл қазір қара тұлпарыңды пысқыртып, ақшағыл тауға-арман асуына өрлеп бара ма екенсің….

9-оқушы Асхат

  Ақ көбік қардан аққала жасап ойнаған, досым-ау.

  Айтшы, Алматыға жолың қашан түседі? Мен саған, бірі ұзын, бірі қысқа көйлек киген қырмызы қыздарды, бірінің бөркін бірі тартып киген ұлдарды, көкке өрлеген зәулім үйлерді көрсетіп, опера мен балетке ертіп барар едім. Екеуміз Көктөбенің басына шығып, баяғы көрген қиындықтың бәрін бір күнгі қызыққа айырбастап, жасасын өмір, жасасын бетін күн қаққан қарапайым адамдар!,-деп жар салар едік.

  Қауға бас құрдасым менің, бүгін-Жаңа жыл. Сен қай жерде, не істеп отыр екенсің? Әлде балғаңды тықылдатып, шынжыр табанның шығып кеткен саусағын қағып, әлде аппақ қарды қақ жарып, аспанға өрлеп барамысың?

  Оу,бір жыл туған төл, бір тракторға мінген қапсағай бойлы, Қайкенім! Бұл очерк саған берген сыйлығым болсын. Сағындым, жайтаң ауыз, кірпі бас досым менің. 

2 жүргізуші: А.Искакова «Достарым». Әнін жазған Х.Закариянов. Өлеңін жазған О.Көшеров.

Оралхан  Бөкейдің  бір-бірінен  бөліп  қарауға  келмейтін  шығармаларының  барлығына  тоқталу  мүмкін  емес. Қазақта  мақал-мәтелдер баршылық  қой,  сонда  да  ойға  жүйрік  Оралханның    кейбіреуі  мәтелге  айналып  кеткен  сөздері  бар. Оларды  қара  сөз  деп  айтуға болады. Өйткені  ол  тауып  айтылған  тапқыр  сөз,бұра  тартпас  дәлелімен  тамсандырып, таңдай  қақтыратын  білгір-білімді  сөз, тоқсан  ауыз  сөздің тобықтай  түйінін  жеткізетін  терең  мағыналы  түйінді  сөз.

1.Алыстап  кетсе сағынатын.жақындап  кетсе  қағынатын  ағайын.

2.Түйе  мінген құдайға бір  табан  жақын.

3.Байдың итіне  дейін дөңге  шығып  үреді.

4.Кісі  заманына  қарап  түлейді.

5.Кедейге қыз  жақпайды.

6.Жамандықтан  құтылудың жолы- сол жамандықтың  батпағын  кешіп  жүріп  күресу.

7.Бұл  дүниеде  мен  пір  тұтар, сырласар,  жалғыз-ақ  нәрсе бар, ол-кітап.

1 жүргізуші: Алтай  әлі де тәкаппар, Мұзтау бұрынғыдан да биік. Бұқтырманың ерке  арыны да  толастамаған. Ерке еліктер мен маңғаз маралдар да бәз бағыдай жосуда. Тау түкпіріндегі Шыңғыстай ауылының да түтіні түзу. Алтайдың ұлы жыршысының көзі жұмылғалы талай жылдың жүзі болса да, өзгерген ештеңе жоқ. Бұл сырт көзге ғана. Әйтпесе Алтайдың табиғаты, аң құсы мен адамы Оралхансыз жетім қалғандай, бәрі де оған қарыздар. Қолына қалам алғаннан, сол қаламы түсіп қалғанша Алтайдың ұлылығын жырлаған адамға қалай бас имеске, оны қалай жоқтамасқа. Туған елін, жерін тебірене сүйіп жырлаған Оралхан Бөкей арамызда болмаса да оның шығармалары бар қолымызда. Сол шығармаларды атап өтсек: (20-слайд)

2-жүргізуші:  Оралхан Бөкей 17 мамыр 1993 жылы Үндістанның Дели қаласында іссапарда жүріп дүниеден өтті. Қазақстанға Үндістанның Премьер-минстрі Нарасимха Рао ресми сапармен келетін болғандықтан, соған орай «Қазақ әдебиеті» газетіне  үнді елі жайлы материал жазып қайтуға іс-сапармен бірнеше журналистер Үндістанға барған еді. Қарт Алтайдың Қатонқарағайында дүниеге келген қаламгер сонау қиян шеттегі Үндістанның Дели қаласындағы «Тәжі-Махал» қонақүйіндегі оңаша бөлмеде қайтыс болды. Жазушы сол жылы ердің жасы елуге толатын еді. Оралханның қазасын естігенде тұтас қазақ жұртының қабырғасы қайысты. Өйткені оның әрбір щығармасын жұрт асыға күтетін еді. Ал қолына қалам ұстаған  жастардың арасында Оралханға еліктемегені аз шығар. Оралханша жазу әркімнің арманы еді. Әсіресе редакцияға жастардан келіп түскен хаттарда есеп болмаған. Бір мектеп оқушысынан келіп түскен хатта «Сіз неге ол жаққа өзіңіздің қасиетті киігіңізді алып кетепедіңіз, аға?! Ол сізді қорғап жүрер еді ғой» деген жолдар бар еді.

1-жүргізуші Туған өлкесіне қара сөздің жауһарынан мәңгі ескерткіш орнатқан «Мұзтаудың мұзбалағы», «Алтайдың Кербұғысы» атанған О.Бөкейдің 75 жылдық мерей тойын атап өту үшін биыл да көптеген іс-шаралар жоспарланып, іске асырылды. Өскемен қаласында төртінші рет өткізілген «Шығыс шынары» атты халықаралық жыр мүшәйрасы О.Бөкейдің 70 жылдығына арналған болатын. О.Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізіліп,Облыс бойынша сол жыл «Оралхан Бөкей жылы» болып жарияланған. Өскемен қаласының орталығында қаламгердің мүсіні, ал Қатонқарағайда ескерткіш орнатылды. Естелік кітаптар шығарылды. Шығармалары көп том болып қайта басылып шықты, мұражайлары жаңғыртылды. О.Бөкей атында Астана, Алматы, Қызылорда, Өскемен қалаларында және республиканың көптеген аудандарында көше аттары бар. Облысымызда төрт мектеп О.Бөкей атымен аталады. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде О.Бөкей атындағы атаулы шәкіртақы тағайындалған.                           

2-жүргізуші: О.Бөкейді танығысы келген кез келген адам оның шығармаларын екі қайтара оқып шықса, сол жеткілікті. Сондықтан Шығыс жұртының  ғана емес бүкіл Алаштың мақтанышына айналған О.Бөкей шығармаларын оқуға сіздерді де шақырамыз. Осы шығармаларды оқу арқылы бойларында ең жақсы қасиеттер қалыптасып, тәуелсіз еліміздің білімді, білікті, жігерлі  ұл қыздары болады деген сенімдеміз. Іс-шарамызды О.Бөкейдің  өз  күнделігіне  жазған  мына  сөздерімен  аяқтағымыз келеді.

«Адам  армандай  білуі  керек, армандаса — соған  қол  жеткізеді. Мен жазушы  болуды армандадым,жазушы  болдым.Менің  парталас досым Жеңіс ұшқыш  болуды армандады, ол да ұшқыш болды. Адам  армандай отырып, соның  жолында күресе білуі керек. Бүкіл  адамзат соған қарап  тұрғандай, өз-өзіңді шексіз  жауапкершілікте  сезінгенде ғана ойлаған  мақсатыңа  жете  аласың».

О.Бөкейдің  қолтаңбасын ары қарай аша беретін, таныта беретін  уақыт  әлі алда.

Оралханға  біз  әлі  ораламыз!

Шаншарбаева Алмагуль Жуматаевна

Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ