Әмина Өмірзақова — қазақ киносының анасы

0
5138

Ол өмірінің қиын болғанына қарамастан өзінің бақытын саxна биігінен іздеді. Тағдырдың желі ұрып, шиттей үш баласымен жалғыз қалғанында да қайтпайтын актрисаның: «Өзім үшін емес, балаларым үшін қайтадан сілкінуім қажет» деп әкемтеатрдың мінберіне батыл көтерілгенін әріптестері әлі таңданыспен айтып жүр. Әрине, талантының арқасында танымалдылықтың тәжін киген Әмина Өмірзақоваға басында қызғанышпен қарайтындар да аз болған жоқ. Оның шеберлігін көбісі мойындамауға тырысқанымен, көрермендерінің актрисаның аяғын жерге тигізбей қолпаштап жүргені басқалардың үнемі ашуын туғызатын. Тіпті, оның талантына сүйсінген кей өнертанушылар оның сөзсіз шебер образына:
– Егер орыс кинематографиясында ананың ролін ерекше сомдаған Вера Марецкая, итальян киносында Анна Маньяни болса, қазақ киносындағы ана образы Әмина Өмірзақовамен тығыз байланысты, – деп баға берді…
Рас, Жаны сұлулықты сүйетін, болмысы шынайы актрисаның тариxта қалуы күмәнсіз еді. Өзі де журналистерге беретін кезекті сұxбатында:
– Мені халыққа танытқан кино. Сондықтан мен кино десе жанымды беремін. Ал кинода жасаған бейнелерім өмірлік тарих болып қалар деген үміттемін», – деп көсіле сөйлегені бар…
Табиғатынан ширақ, ойын ашық білдіре алатын Әмина Өмірзақова, қызығы, өзінің 8 наурызда дүниеге келгенін де қандай да бір сәйкестік деп ешқашан ойлаған емес. Оған көбісі мейрамда барша ұлттың «анасы» болғандығы үшін жиі гүл ұсынатын. Әжімдері тереңдеген ол — ұлтын әрдайым ана мейірімімен сүюге тырысты. Сүйді де!
Қазір қалың көрермен оның кіршіксіз бейнесін көгілдір экраннан сағынады. Себебі ол болмысымен, тағдырымен «ана» болған жалғыз актриса!
© Дастан Қастай


ПІКІР ҚАЛДЫРУ