Әр адамның азаматтық қасиеті мен мәдениеті өз Отанын қалай бағалауы мен өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Оның өз тілін білуі туған жеріне, еліне, анасына, ата-баба аманатына деген құрметі деп білу керек. Алаштың біртуар ақыны Абай: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі есті болады» деп тегін айтпаған.
Алаш азаматтарының қазақ тілі жайлы айтқан пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз. Зерделеп оқып, жаттап алыңыздар! Күнделікті өмірде керегіңізге жарап, достарыңызға, жақындарыңызға өсиет ретінде дәріптеңіздер.
Ыбырай Алтынсарин: «Қазақи тілі соншалық мол. Ләкін қазақтың тілімен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалық жатық әм анық болар еді, егер біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмай ілгері бастырып сөйлесе».
Халел Досмұхамедов: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек».
Міржақып Дулатов: «Қазақ тілі бай, таза, іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен ғана тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да туу басында біздікі секілді таза да, бай да болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған».
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы: «Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ… Сол ата-бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым-білім де осында, әулиелік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті». «Дүниедегі ең асыл тіл – араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі»
Мағжан Жұмабаев: «Тіл – адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады».
Мұхтар Әуезов: «Құдайға шүкір, сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешкімнен кем де, кедей де емес, әдебиетіміздің қаулап өсуінің бір себебі осында жатқан сияқты».
Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі».
«Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білім болса да. Рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады».
Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін құрметтемеу ештемені сыйламау деген сөз. Жастар мұны қатты ескеруі керек. Тілден биік асқар жоқ!»
Бауыржан Момышұлы: «Осы күнде ана тілімізді білмейтін оқымыстыларымыз аз емес. Бұл біз үшін жетістік пе? Өз басым жетістік деп айта алмаймын. Себебі анасын сыйламағандардан қандай мейірім күтуге болады?»
«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
Н. Оңдасынов: «Қазақ тілі — аса бай тіл, икемді тіл. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сыяр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, небір алуан-шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне! Осындай «майса» сұлу тілді қалай өгейсітуге болады».
Дереккөз: Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы», Алматы, «Дәуір» баспасы – 2003 жыл, 242 бет.
Мөлдір АУБЕЛ,
«Тұран» университеті
Журналистика мамандығының студенті.