Ежелден халқымызбен бірге өмір сүріп келе жатқан өшпес мұраларымыз баршылық. Олардың көбі тіл қатынасынан шығып, тар қолданыста, ауыл – аймақта ғана қолданылып жүр.
Ескірген сөздерді, көнерген тілдік бірліктерді көргенде жастарымыз тұрмақ, ортаңғы буын өкілдері кейбір мақал – мәтелдерді, ұлағатты, қанатты сөздерді оқуға тісі батпай, ұғынуға қиналып жататын дәрежеге жеткен. Бұрындары қазақ халқында көзі ашық данагөй қарияларымыз салт – дәстүрді ұмыттырмайтындай мақал – мәтел араластырып, құлақтың құрышын қандыратындай, өнеге, тәлімі мол әңгіменің майын тамызып айтып отыратын.
Қазір ол қария, ақсақалдардың саны азайып, ел ішінде осындай олқылықтар көбейіп жатыр. Бұл олқылықтардың орнын басатын Кеңес Оразбекұлының «Қанатты сөздер – қазына» атты кітабына жиналған түсіндірмелер. Келтірілген мысалдар, түсіндірмелер талай жастың көзін ашуға, өз септігін тигізетініне сенімдіміміз мол. Кітаптан біраз үзінді келтіретін болсақ:
АЙДЫ АСПАНҒА БІР ШЫҒАРДЫМ
Көзге түсетіндей, әйгілі болатындай, жұрт таңғаларлықтай ерекше іс жасадым, деген ауыспалы мағынаны береді.
Қожанасыр бір күні әбден шөлдеген соң су алып ішпек болып, түнде құдыққа барады. Құдыққа қауға салып тартса, шықпайды. «Бұған не болды?» – деп, Қожанасыр үңіліп қараса, құдықтың түбінен ай көрінеді. «Ә, қауға айға ілініп қалған екен ғой», – деп
Қожа жұлқа тартып алғанда, қауғасы шығып кетеді, өзі шалқасынан түседі. Жерге басын соғып, есеңгіреп қалған Қожанасыр әлден уақытта көзін ашса, ай аспанда тұр. Сонда Қожекең қуанып: – Не болса, ол болсын, айды аспанға бір шығардым-ау! – депті.
АЛМА ПІС, АУЗЫМА ТҮС
Бұл сөз ойлаған ойым, тілегім өзінен өзі іске асып, орындалып жатса екен деп, еңбек, әрекеттен қашқан адамдарды сынағанда айтылады.
Баяғыда екі жалқау болыпты. Жалқаулықтары сонша, тіпті, еріндерін қимылдатуға да ерінеді екен. Күндерде бір күні, екеуі алма ағашы түбінде жатқанда, бірінің көзі алмаға түседі.
– Алма піс, аузыма түс! – дейді. Екіншісі оған:
– Ерінбей, жалықпай соны қалай айттың? – деп ренжиді…
«Алма піс, аузыма түс», – деген сөз содан қалыпты.
АЛТЫН, КҮМІС – ТАС ЕКЕН,
АРПА, БИДАЙ – АС ЕКЕН
Бұл нақыл тәубесіне келіп, астамшылық жасағанын мойындағанда, нанның, азықтың, тағамның қадір-қасиетін жете түсінгенде айтылады.
Ерте заманда бір әйел дүниеқұмар болыпты. Өзінше «алтын, күміс дүниелерің болса, басқаның не керегі бар» деп есептепті. Сөйтіп, өңшең алтын-күміс заттарды, тіллә теңгелерді жиыпты. Бір жылы астық шықпай, елде ашаршылық болып, нан тауып жеу қиынға түседі. Алғашқы кездері әйел зат, теңгелеріне бидай нан алып күнелтіпті. Ел күйзеліп, онша-мұнша жиған қорлары таусылатын болған соң, бұрынғыдай айырбас жасауды қойыпты. Әйел: «Аштан өліп барамын, бір уыс астық беріңдерші», – деп жалынып-жалбарынса, ешкім көнбепті. Әлсіреп, көзі қарауытып бара жатқан әйел: «Арпа, бидай – ас екен, алтын, күміс – тас екен», – деп, алтын, күміс дүниеліктерін лақтырып жіберіп, құлап түскен екен.
Туған тіліміздің көркем кестелері мен терең сыр-сипаттарын ұғынып-түсінуге әрқашан ұмтылайық.
Дереккөз: Кеңес Оразбекұлы «Қанатты сөздер – қазына» кітабы
Әзірлеген: Мәлік Мади Арманұлы
Тұран университеті
3 курс студенті