Қарқаралы ауданы туралы

0
2442
Қарқаралы ауданы

Қарқаралы ауданы

Жері 35,4 мың км2.

Климаты – континенттік;

Халқы – 42.104 адам.

Аудан орталығы – Қарқаралы қаласы.

Қарағанды облысының оңтүстік – шығысындағы Қарқаралы тауының етегінде теңіз деңгейінен 815 метр биіктікте орналасқан.

Іргесі 1824 жылдың тамыз айында қаланған.

Қала тұрғындары – 10300 адам.

Қарқаралы өңірі ерте заманнан бері түркі тектес тайпалардың, оның ішінде қарлық, қыпшақ, оғыз тайпалық бірлестігі үшін темір рудасын өндіретін бірден – бір стратегиялық тұрғыдан маңызды аудан болып қалыптасты. Көрнекті ғалым А.Х.Марғұлан археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу арқылы бұны дәлелдеп берді.

Алғашқы саяхатшылар Қарқаралы өңіріне 1785 жылдардан бастап аяқ басты. Патшалық Ресейден әскери адамдары атаман Телятников, капитан Андреев 1786 жылы, кен — өндіріс инженері М.Поспелов пен Т.Бурнашев 1890 жылы, Сібір корпусының тілмашы Ф.Назаров 1913 жылы, Алтай кен округінің маркшейдері М.Шангин 1816 жылы Қарқаралы өлкесінде болып, табиғат байлығын, пайдалы қазбаларын, ескі керуен жолдарын, археологиялық ескерткіштерін, қазақ халқының тұрмыс – тіршілігін, салт – дәстүрін зерттеген.

Қарқаралының шығыс жағындағы Кентөбе, Кенқазған, Қарашоқы кен орындарын атап өтуге болады.

Патша өкметі қазақ даласында билік орталығының бекінісін салуды ойластырып болашақ округтік басқарудың мекеніне Қарқаралы таулы аймағы қолайлы деп табады.

Сондықтан округтің нақты орнын айқындау үшін 1824 жылы 27 қаңтарда Омбыдан полковник С.Б.Броневский басқарған шекара отряды келіп, қаланың кәзіргі орнын белгіледі.

1824 жылдан бастап Қарқаралы қаласының іргесі қаланды.

Негізі 1824 жылы қаланған Қарқаралы қаласының тарихтың терең қойнауына кеткен мол шежіресі бар. Арқа өңіріндегі санаулы ғана байырғы қалалардың бірі саналатын Қарқаралы тек әсем табиғатымен ерекшеленбейді, ол Орталық Қазақстан өңірінің барлық саяси оқиғаларының ордасы, ұлтымыздың бетке ұстар игі жақсыларының ізі қалған қасиетті мекен.

Қарқаралы қаласы тарихи ғимараттарға тұнып тұр.

Әр ғимараттың өзіне тән тарихы бар. Әсіресе аудандық орталық кітапхана орналасқан ғимарат өте әсем, бұл үйдің иесі Петербордан Қарқаралыға, аяғына шәркей киiп, келген В.П. Рязанцев, сауда — саттықтың нәтижесiнде әбден байып, қаланың бiр көшесiнiң бойында үйлер салдырып туған-туысқандарын қоныстандырған.

Кітапхана көшесінің ар жақ бетіндегі — саяжайда Андрей Селиверстовичке қойылған ескерткіш бар. Осы ескерткішке қарама қарсы алаңда, баяғы заманда қызыл кірпіштен салынған, орыс шіркеуі болатын. Оны салуға Рязанцевтер қаржылай көмектескен.

Шіркеу үш этажды болған. Кейін Совет өкіметі кезінде оны құлатып кірпіштерінен орыс-қазақ мектебін салған . А.С.Резанцев 1914 жылы қайтыс болған, балалары әкелеріне Петербордан қара граниттен ескерткіш жасатып, әуелі Семейге, одан сон ат-арбамен Қарқаралыға жеткізіп, белгісін шеркеуге қарсы қойған. Бұл ғимарат тарихи ескерткіш ретінде үкімет қорғауында.

Бұл үйде орыс саяхатшысы, этнограф Г. Потанин тоқтаған және ғимарат қабырғасында, оның болғаны жөнінде мемориалдық тақта орнатылған.

Осындай тарихы мол ғимаратта елге, жерге деген сүйіспеншілікті, аялы қамқорлықты, өнерге деген ізгі ниетті , салт-дәстүр, мәдениеттілікке, көпшілік арасына ғылым мен білім, ізгілік пен парасаттың дәнін себетін шаңырақта тарихы 100 жылдан астам орталық кітапхана орналасқан.

Кітапханалар тарихы – облыстың мәдени өмірінің тарихы, қоғамның экономикалық және рухани өмірінің көрсеткіші. Қарқаралы қаласында көпшілік кітапхана XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы аралығында ашылған. Өкінішке қарай, Қазақстанда кітапханалардың осы кездердегі құрылуы мен даму тарихы, арнайы емес, басқа тақырыптармен қоса зерттеген. Сондықтан, кітапханалар туралы тарихи құжаттар жоқ. Бұл тақырыпты қарастырғанда біз тек Н.К. Дәулетова мен Е.Н. Шмелеваның «Из истории библиотечного дела в Казахстане», В.З. Галиевтың «Библиотечное дело в Казахстане (Вторая половина XIX – начало XX веков)» ғылыми-зерттеу жұмыстары және «История библиотечного дела в Казахстане: 1917-1991» құжаттар жинағына сүйене аламыз.

Облыста бірінші кітапхана 1892 жылы чиновник Марковтың ұсынысы бойынша Қарқаралы қаласында ашылған. Оның кітап қоры 626 дана болған. Бірінші күннен бастап 1917 жылғы ақпан революциясына дейін кітапхана жұмысына жасырын цензура жүргізіліп тұрған. Мысалы: 1903 жылы Петербургтің баспа туралы комитеті «Көпшілік кітапханаларда пайдалануға тыйым салынған шығармалардың алфавиттік көрсеткішін» жасаған. 1904 жылы Қарқаралының кітапханасын тексеру үшін уезд бастығы «Алфавиттік көрсеткішті» Кітапханалық комитеттің төрағасы, орманшы Петр Федорович Поповқа берген. Ал Попов «Бұл көрсеткішті бөтен адамға танысуға, не болмаса анықтама алуға еш уақытта бермеуге» міндетті болған. Қарқаралының көрнекті қайраткерлері қарқаралының бірінші кітапханасының жұмысына көңіл аударып, кітапхананың дамуына өз үлестерін қосқан.

1905 жылдың қаңтар айында Қарқаралы кітапханасының жұмысы туралы оқырмандар жиналысы ұйымдастырылған. Жиналыс төрағасы Итбаев болған. Жиналыста кітапханалық комитеттің төрағасы болып Қарқаралының ауылшаруашылық мектебінің басқармасы Павел Петрович Белдыцкий және кітапханашы болып Мустафа Баязеитович Мамлеев сайланған. Комитет мүшелері – А. Байтұрсынов, М. Мамлеев, А. Глебов, П. Астерин, С.С. Панфилов. Ол кездері қоғамдық кітапхана жұмысымен оқу орындары шұғылданған. Сондықтан, сол кездегі Қарқаралы орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі Ахмет Байтұрсынов бес жылдан аса Қарқаралы кітапханасының дамуына көп үлес қосқан. Ол Петербургпен байланыса отырып, 1909 жылы өзінің бірінші кітабы «Қырық мысал»-ды («Сорок басен») жарыққа шығарды.

Қарқаралы кітапханасының кітаптарымен мұғалімдер, оқушылар және қала тұрғындары пайдаланған. Оқырмандар құрамында қазақ, орыс, татарлар болған. Кітапхана қоры қазақ және орыс тілдеріндегі басылымдармен жинақталған. А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, М. Горький, Л. Андреев, В. Короленко сияқты авторлардың шығармалар жинақтары сатылып алынған. Және де философия, география, медицина, математика пәндерінен кітаптар жинақталған. Кітапхана 17 түрлі газет-журналдар алып тұрған. Оның ішінде: «Сибирьская жизнь», «Слово», «Туркестанская туземная газета», тағы басқалар. 1905 жылғы Қарқаралы кітапханасының шығыны 230 рубль болған. Ревизиялық комиссия мүшелері болып Құрманов пен Итбаев сайланған. Өкімет басшылары кітаптар мен газет-журналдардың оқырман көзқарасына ететін әсерін ескере отырып, кітапхана қорларының құрамын мұқият бақылауға алған.

Сондықтан, жаңа мерзімді басылымдарға жазылудан бұрын, Петербургтен, Ішкі істер министрлігі жанындағы баспа жөніндегі Бас басқармадан басылым туралы ақпарат сұрастырылған. Патша үкіметі және әкімшілік кітапхана ісінің дамуын өз назарынан тыс шығармаған. Мысалы, Халық ағарту министрлігі 1912 жылы бекіткен халық кітапханалар жайлы Ережелерінің бір пунктісі бойынша «Халық кітапханаларын жазылып алынғандардан басқа мекемелер, қоғамдар, жеке тұлғалар сыйлаған жаңа кітаптар және мерзімді басылымдармен толықтыруға рұқсат етіледі, және сыйға тартушылар басылымдар тізімін халық училищелерінің инспекторына көрсетулері тиісті».

Киелі Қарқаралы жеріне қонақ болып келген еліміздің игі жақсылары іргесі қаланғанына 100 жылдан асқан еңселі ғимаратқа соқпай өтпейді. Олар кітапханаға өз қолтаңбаларын қалдырып, аталы, ұлағатты сөздерін жазып кітапхананың тыныс – тіршілігімен танысып кетеді.

Аудан кітапханаларына оқырмандардың білім танымдарын жетілдіруге, рухани орталықтың байи түсуіне, ақпараттың орталығы ретінде аудан әкімі Н.Омарханов, аудан әкімшілігі баса назар аударып отырады.

Қітапханада көпшілік оқулар, мерейтой кештері өткізіліп тұрады, оған оқушылар, мұғалімдер, жергілікті интеллигенция қатысады. Қарақаралы кітапханасының қоғамдық — ағарту қызметі қоғамда демократиялық идеялардың таралуына, халықтың сауаттылығын ашуға әсер етіп келеді.

Табиғат

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 1 желтоқсанындағы № 212 арнаулы қаулысына сәйкес ұйымдастырылған. Мақсаты Қарқаралы және Кент кешендеріндегі өте сирек кездесетін және экологиялық, тарихи, ғылыми, әсемдік жағынан ерекше құнды тау сілемдерімен орман алабын сақтау және қалпына келтіру.

Ұлттық парктің жалпы көлемі – 90,3 мың га.

Қарқаралының ауа райы оны қоршаған аймақтарға қарағанда әлде қайда біркелкі, қоңыр салқын. Тау баурайлары шатқал – шатқал болып тілініп кеткендіктен одан бұлақтар мен өзендер ағып жатады.Олардың ең бастылары: Каркаралинка ,Кендара, Оянаға және Қарасу.Бұлардың барлығы даладағы тұзды өзендерге жатады.

Қарқаралының көгалды табиғатына ерекше сұлулық беретін Шайтанкөл, Астаукөл, Самал көлі және Үлкен көл сияқты бірнеше көлдер бар. Сол сияқты тауларда жауын суы жиналған шағын – шағын бірнеше суаттар кездеседі.

Қарқаралы жерінде сүт қоректілердің 40 – қа тарта түрлері бар.Олар негізінен бедерсіз бір түсті:бұлан, елік, тиін,борсық,сілеусін, қасқыр,түлкі,қоян сияқты тағы да басқа жануарлар.

Сирек кездесетін жануар – арқар Қызыл кітапқа енгізілген.

Құстардың – 114 түрі кездеседі. Олар негізінен тоқылдақ, құзғын, құр, бүркіт, сұңқар, үкі бұлар да сирек кездесетін құстар сияқты Қызыл кітапқа енгізілген құстар.

Сирек кездесетін өсімдіктер түрлері – 66, негізінен орман тұқымдас: қарағай, көктерек, тал, арша, қайың, қарқаралы бөріқарақаты(барбарис), мүк сияқты өсімдіктер.

Табиғат музейі – Қарқаралының Тасбұлақ шатқалындағы әдемі көріністі жерінеорналасқан. Екі қабаттан тұратын ағаш үйде әр түрлі емдік шөптер фаунасы жинақталған көрме зал, және демалыс бөлмесі бар. 80 гектарлық қоршаған алаңға: бұғы, қодас, кербұғы,бизон,пони және т.б. жабайы аңдардың түрлері жіберілген.

«Орманшы үйі» — Кімасардың таулы қойнауына орналасқан. Бұл үй 1913 жылы салынған. Бұл жерде ең алғаш орманшы Л.Садовничий деген адам еңбек еткен. Ол Қарқаралы топырағына тұңғыш рет Сібір шыршасы мен балқарағай ағаштарын өсірген. Іргесі көтерілгеніне 90 жылға таяу уақыт өтседағы үйдің сыртқы көркі архитертуралық тартымдылығымен ерекше көз тартады. Бөренелерден қиып салынған екі қабатты ғимараттың терезелері өрнектермен әшекейленген.Бұл ағаш үйді өрнекті етіп салған, оны ою өрнектермен көркемдеген ағаш шебері И.Я Сметанкин болды.

Үлкен көл – Қарқаралыға жақын орналасқан және халықтың жиі барып демалатын орны. Көлдің аумағы – 2,5 шақырым, тереңдігі 4,6 метр, суы тұщы сарғыш – жасыл түстес болып келеді. Ол Қарқаралыдан 2,5 шақырым қашықтықта жатыр. Өзеннің жағалауына қарай түбі қатты, кей жері құмды, ал орта тұсында – түбі лайлы – қорысты болса, шығыс жақ жағалауы қалың қамысты болып келеді.

Үлкен шатыр – Қарқаралының солтүстігіне ала бір шақырымдай жерде қаланы орап жататын жыңғылда үлкен жаппа — тас бар. Осыны «Үлкен шатыр» немесе «Үлкен палатка » деп атайды.Бұл 8-10 метрлік тереңдікте тұратын құз жартас, ені 15-20 метр, биіктігі 8 метрге жетеді. Жаппа тастың астында ірі- ірі қойтастар бар. Осы үңгір – «Үлкен шатырға» Қарқаралының орталығынан барған дұрыс,әрі жақын, әрі қауіпсіз.

Бұл үңгірде жаңбырлы күндері немесе күннің ыстығынан 50 адамға дейін паналауға болады.Осы жерден қаланың көрінісі, оның көшелеріне дейін анық көрінеді. «Үлкен шатырдың» ең көңіл аударарлық бір көрінісі ондағы қалдырған жазулар. Олардың көпшілігі ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында – ақ жазылған. «Үлкен шатырды» Қарқаралының «үй кітабы» деп тегін айтпайды.

Пашенный көлі – Осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын осы көлге жақын маңда шабындық жер болған өзеннің Пашенный аталуы содан. Көл Қарқаралының солтүстік шығысына қарай қаладан 6 шақырым қашықтықты алып жатыр. Көлдің аумағы бір шақырым шамасында, тереңдігі 7 метр. Суы тұщы бірақ ішуге болмайды. Көлде табан балықтар мен шортандар көп, сондықтан да балықшылар жиі болып тұрады. Көлге орманнан бірнеше ұсақ бұлақтар келіп құйылады. Жаңбырлы күндері де қайраң сулар да осы көлге келіп құйылады. Көлге тақау жапырақты ағаштар мен биік бұталар өскен.Суының түбі лайлы, батпақты келеді.

Пашенный көлі Қарқаралының шұрайлы таулы — орманды жері, мұнда демалушылар өте көп келеді.Көлдің шығыс жақ жағалауында Қарағанды кеншілер демалыс үйі орналасқан.

Шайтан көл – табиғатты сүюші көпшілікке өзінің әсем сұлулығымен таныс. Ол Қарқаралы қаласынан 6 шақырым қашықтықта жатыр. Оған апаратын сүрлеу жол Каркаралинка бұлағының бойымен жоғары өрлейді және осы жерден қылқан жапырақтың (хвоя) иісіне толы асқақтаған қарағайлы орман басталады.Шайтан көл жартастар мен жас қарағайлардың арасынан кенеттен көрінеді. Оның ені 70, ұзындығы 50 шақырым шамасында. Құзды тастар мен судың сары – жасыл түсі,желдің күшімен ырғалған қарағайдың ызыңы таулардың ортасында орналасқан Шайтан көлдің сыры мен құпиялығын арттырып осы көл туралы түрлі аңыздардың тууына әсер етеді.

Астау көл (Бассейн). Қарқаралы тауындағы көрікті шағын туристік көл. Қарқаралы қаланың оңтүстік батысында 6 км жерде Шайтанкөлдің маңында, жартасты шың басында, қарағайлы орман арасындағы ұзынша астау шұңқырда орналасқан. Ұзындығы 60 м, ені 40 м, орташа тереңдігі 2м. Граниттен тұратын оңтүстік жағасы – биік тік жарлы, көлеңке түсіріп, суып буланудан сақтайды. Батыс, солтүстік жағалары аласа. Шығыс жағасы ашық, жайпақ, ол арқылы көлдің артық суы ағып кетіп отырады да, су деңгейі бір қалыпта сақталады. Қар және жаңбыр суымен толысады, суы мөлдір, тұщы. Көлге туристер мен демалушылар жиі келеді.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ