ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ РЕСМИ МЕРЕКЕЛЕРІ

0
4877

Еліміздегі ресми мерекелерді Martebe.kz сайты назарларыңызға ұсынады. Бұл күндері Қазақстан халқы міндетті түрде демалыс алады. Қазақ халқы үшін қадірі бөлек мереке Тәуелсіздік күні деп айтуымыз керек. Бейбіт күннің арқасында осы атаулы мерекелерді тойлауға мүмкіндік алып отырмыз.

  1. Жаңа жыл — 1-2 қаңтар

Жаңа жыл – әлемдегі қуанышқа толы ең ғажайып мерекелердің бірі. Жаңа жыл сиқырлы, әрі қайталанбас таңғажайып мереке. Бәріміз келе жатқан жаңа жылдан жарқын ертегі, жаңа бақыт күтеміз.

Қазақтар үшін ‘Жаңа жыл мерекесін наурыздың 22-сінде, күн мен түн теңелген қасиетті мезгілде басталған. Түрлі тарихи басылымдарда Жаңа жылды әшекейлі шыршаменқарсы алу дәстүрін Ресейде 1700 жылы қаңтардың 1-інде I Петрдің енгізгені, дәл осы жылы Ресейде жаңаша жыл санау басталғаны, I Петрдің өзі басқарған Мәскеудегі мейрамның таңға дейін созылғаны жазылып жүргенімен, бірқатар этнограф-тарихшылар қыпшақтардың шырша мерекесі болғанын, Жаңа жылдың – көшпелілердің де байырғы мейрамы екенін жазады.

2. Халықаралық әйелдер күні — 8 наурыз

Алғашқыда бұл мерекенің саяси маңызы болды. 1910 жылы Копенгагендегі әйел социалистердің халықаралық конференциясында герман және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері Клара Цеткиннің ұсынысы бойынша 8 наурызды Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы шешім қабылданды. Әсіресе ТМД елдерінде (бұрынғы Кеңес одағы) атап өтіледі. Барлық елдерде әйелдер бұл күнді бейбітшілік үшін күрестегі ынтымақтастық күні ретінде өткізеді. Қазақстанда 8 наурыз — күнтізбедегі қызыл күн.

3. Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы — 22 наурыз

«Наурыз» сөзі парсының «ноу» — жаңа, «руз» — күн деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Қазақстан Наурызды мемлекеттік мереке ретінде 1999 жылдан бастап атап өтіп келді. 2008 жылдың 25 маусымындағы «Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты, 2009 жылдан бастап 3 күн бойы атап өтіледі. Қазіргі кездегі Наурыз көне дәуірдегі дәстүрлер сабақтастығын сақтап қалған — ұлттық мәдениетті қалпына келтіруде бұл «уақыт байланысының», Қазақстан тарихы мен қазіргі кезеңінің аса маңызды жалғастырушы буыны.

 

4. Қазақстан халқының бірлігі күні — 1 мамыр

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 140-ден астам ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі мейрамдардың біріне айналды.

5. Жеңіс күні — 9 мамыр

Кеңестер Одағы халқының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні. Ұлы Отан соғысы жеңісінің 65 жылдық мерейтойы Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтілді. Бұл жыл сайынғы аталып өтетін  мейрамның ерекше және құрметтi орыны бар. Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл мерекені Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді.

6. Астана күні — 6 шілде

 

1994 жылы ҚР Парламенті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға (бұрынғы Целиноград) көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы қазанның 20-ында астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойылды. 1998 жылы мамырдың 6-ында Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. 1998 жылы маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті, бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді. «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Заңға толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. Заңға толықтыру енгізу жаңа мемлекеттік мерекені — «Астана күнін» орнықтыру мақсатында жасалды. Бұл мемлекеттік мереке мемлекет тәуелсіздігі мен жаңа астананың еліміздің жағрафиялық орталығына көшірілуіне байланысты Қазақстанның жаңа тарихындағы халқымыздың жасампаз жетістіктерін бейнелейді. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы маусымның 2-сіндегі Жарлығымен Қазақстанның жаңа астанасының таныстырылымы құрметіне «Астана» медалі бекітілді.

7. Қазақстан Республикасының Конституциясы күні — 30 тамыз

1995 жылғы мамырдың 30-ында  бүкілреспубликалық референдумда қабылданған Конституция — еліміздің Негізгі Заңы ретінде бүкіл халықтың ерік-жігерінің айғағы, «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары». 2011 жылы Қазақстан Ресбубликасының Негізгі заңымыздың қабылдануына 16 жыл толады.

8. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күні — 1 желтоқсан

Жыл сайын аталып өтетін Қазақстандағы мемлекеттік мейрам. 2011 жылғы 10 желтоқсанда парламент сенатының толық отырысында «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңына толықтырулар енгізу туралы» заңнамасына қол қойылды. Қазақстан Республикасының алғашқы президент күнін атап өту Қазақстан Республикасының президенті — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет алдындағы дүр жетістіктерін тану мақсатымен ұйымдастырылған.

Бұл мейрамның аталуының негізі және алғышарты болып 1 желтоқсан күні болған президент сайлауы болды. Алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алғашқы президент атанды. Ол жылы Н.Назарбаев 88,2% дауыс берушілердің 98,7% дауысына ие болған еді.

9. Тәуелсіздік күні — 16 желтоқсан

2011 жыл Қазақстанда тәуелсіздіктің 20-жылдығы шеңберінде өтеді. Бұл туралы Қазақстан халқы ассамблеясының XVI сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. 1991 жылғы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» және 25.06.2008 ж. және 22.04.2009 жылғы Заңдарымен өзгертулер енгізілген 2001 жылғы желтоқсанның 13-де «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес атап өтіледі. Республика өз бетінше ішкі-сыртқы саясатты жүргізетін, өз аумағында билікті толық иеленген тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет мәртебесіне ие болды. Демократиялану жолындағы бағыт Қазақстанды егемен, тәуелсіз мемлекет ретінде, бүркеусіз интернационализммен ерекшеленген қазақ халқы ұлттық тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтап, өз бастамалары мен ерекшеліктерін жаңғырта алатындығын жария етуге мүмкіндік берді.

17-желтоқсан Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні

1991-інші жылы желтоқсанның 12-де Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен Қазақстандағы 1986-ншы жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды. Сонымен қатар аталған Жарлықтың 4-тармағы бойынша желтоқсанның 17-і — Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.

Дереккөзі:  inform.kz


ПІКІР ҚАЛДЫРУ