Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі: көне Түркі ескерткіштері

0
10006
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі
Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі: көне Түркі ескерткіштері
«Ежелгі дәуір әдебиет» (VII-XIV ғғ.) деп аталатын жеті ғасырды қамтыған әдебиетіміздің, ұзақ тарихына қатысты ескерткіштер, шығармалар аз емес. Олардың алғашқылары деп түркі ру-тайпаларына ортақ Орхон ескерткіштерін (VII ғ.), «Қорқыт» (VIII ғ.) және «Оғыз-наманы» (IX ғ.) атаймыз.
Ежелгі дәуір әдебиетін Мұхаммед Хорезми, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Йасауи, Сүлеймен Бақырғани, Жүсіп Баласағұни тәрізді түркі халықтарының біразына ортақ ойшылдары, ғалымдары, ақындары жалғастырады (X-XII ғғ.) – Аталған ғұламалар түркі халықтарынан шыға тұра кезінде араб әдебиетін, араб ғылымын, сонымен бірге дүние жүзі ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан.
Ежелгі дәуір әдебиетінің негізіне қыпшақ тілінде дамыған кезеңінде (ХIII-ХVI ғғ.) «Кодекс куманикус», «Махаббатнама», «Жүсіп-Зылиха», «Гүлстан», «Домбауыл», т.б. қиссалар, дастандар, шежірелер, тарихи мұралар енеді.
І. Көне түркі әдебиеті. Орхон жазуындағы жәдігерліктер.
  1. Орхон-енисей ескерткіштерінің зерттелуі
  2. Түркілердің ежелгі діни ұғымдар мен наным-сенімдері
Кез –келген халық, ру, тайпа ұлт болу үшін оның басынан кешірген тарихы болады. Сол секілді түркі халқының да өзіндік тарихы бар. Түркі халқының дүние жүзіне халық болып танылуы ҮІ ғасыр ортасында басталды. Сол себепті де ежелгі дәуір әдебиеті ҮІ-ХҮ ғасырлар аралығын қамтиды деп жорамалдайды. Бұл кейінірек қазақ халқының құрамына енген қазақ ру, тайпаларының ежелгі ру, ұлыс дәуіріндегі әдебиеті. Бұл ерте кездегі түрік, ру-тайпаларымен бірге жасалған ортақ әдебиеттің өзін 3 кезеңге бөліп қарастырамыз.
  1. ҮІ-ІХ ғ. көне түркі әдебиеті ескерткіштері. Бұған орхон жазба ескерткіштері яғни «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» туралы құлыптастарға қашап жазылған жырлар, сондай-ақ, «Оғыз-наме» дастаны мен «Қорқыт ата кітабы», Әбу-Насыр Әл-Фарабидің әдебиет саласындағы еңбектері енеді.
  2. Х-ХІІ ғ. әдебиет. Бұл қараханид түріктерінің тілінде жазылған әдеби ескерткіштер. Ж.Баласағұнның «Құтты білік», М.Қашғаридің «Түркі тілінің сөздігі», А.Яссауидің «Даналық кітабы», А.Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», С.Бақырғанидың «Хакім ата», «Жұбан ана», «Әулие Мария» туындылары Х-ХІІ ғ. өмірге келген әдебиет нұсқалары.
  3. ХІІІ-ХІҮ ғ. әдебиеті. Бұл кезең Алтын Орда не Хорезм дәуірі деп аталады. Бұл дәуірдегі туындылар түркі әдеби тілінің шағатай, қыпшақ диалектісі негізінде жазылған. Олар: «Кодекс куманикус», Хорезмидің «Мұхаббат наме», Н.Рабғузидің «Қисса сул Әнбия», Дүрбектің «Жүсіп-Зылиха», С.Сарайдың «Гүлстан бит түрк», Құтыбтың «Хұсрау-Шырын дастандары . Сонымен қатар Х.Дулатидің «Тарихи Рашиди», Қ.Жалайыридың «Жамиғ ат тауарих», З.Бабырдың «Бабыр наме» шығармалары осы кезеңнің үлгілері.
Б.з.б. 1 мың жылдықтың басында Орта Азия мен Қазақстан далаларын сақтар мекендеген. Сол сақтардың Солтүстік тобы түркі тілдес, ал оңтүстік тобы иран тілдес тайпалар болды. Бұлардан кейінгі тарихта белгілі үйсіндер мен қаңлылар да түркі тілінде сөйледі. Түркі қағанаты тұсында түркі тілінің өрісі кеңейіп, негізгі тілге айналды. Бұрын иран тілі тобына енетін тілдерде сөйлейтін халықтармен аралас-құралас болып, енді түркі тілінде сөйледі. Түркі тілінің әр түрлі диалектінде сөйлейтін тайпалық ұлыстар бір-бірімен үздіксіз экономикалық, мәдени-байланыс жасап,қатысып тұрды.
Соның нәтижесінде бұл екі топтағы тілдер бір – біріне ықпал жасап келген. Батыс түрік қағанатында түрлі диалектідегі көне түрік тілдерімен қоса соғды тілі мен жазуын да пайдаланған. Өйткені түрік қағандарының ордасында соғдылықтар да түрлі лауазымды қызмет атқарған. Сөйтіп, түрік қағанаты тарихының алғашқы кезеңінде түрік таңбаларына ұқсас келетін түрік жазуы пайда болды. Бұл жазу түріктердің тілінің фонетикалық ерекшеліктерін дәл жеткізген. Бұл «руна» жазуы деп аталды. Скандинавия тілінде «рунь-құпия» деген ұғымды білдірді. Өйткені ХҮІІІ ғ. 20-жылдарында Орхон-Енисей аңғарынан табылған көне түрік жазуын көпке дейін ешкім оқи алмаған.
Бұл жазудың сырын В.Томсен ашпастан бұрын Орхон-Енисей ескерткіштерінің зерттелу тарихы ХҮІІ ғ. ІІ жартысында басталды. Ең алғаш 1662 ж. Орхон-Енисей жазуы жөнінде хабар еткен ғалым Витзен болатын. 1697 жылы Тобыл қаласында Ремезовтың «Сібір қалаларының шөл далалары мен таулы жерлерінің чертежі» еңбегі жарық көрген. Сол еңбекте Талас бойындағы «Орхон тасы» деген жер аталған. Орхон-Енисей ескерткіштері үлгілерінің алғашқы жарық көруі Сібірде 13 жыл айдауда болған Табберт-Страленгбергтің атымен тығыз байланысты. Оның 1730 Стокгольмде неміс тілінде басылып шыққан «Европа мен Азияның солтүстік және шығыс бөлімдері» еңбегі көне ескерткіштер туралы мағлұмат береді.
Сондай-ақ 1721-1722 ж. Сібір өлкесін аралаған Миссершмидтің күнделігінде көне түркі жазуларының үлгілері туралы деректер келтіріледі. 1793 жылы Паллас көне түркі жазба нұсқаларының кейбір үлгілерін жариялады. Осы кезден бастап, оларды жинау, бастыру қолға алынды. «Сібір хабарлары» деген журналда Спаскийдің «Сібір естеліктерінің жазбалары» еңбегі жарияланды. Бұл еңбек латын тіліне аударылып, шетел ғалымдарына белгілі бола бастады. Осы еңбекті белгілі ғалымдар Гумбольдт пен Ремюза жоғары бағалап, көлемді мақалалар жариялаған.
Олардың орысша аудармалары 1825 ж. «Азия хабарлары» журналында бастырылған. 1887-88 ж. фин елінің ғалымы Аспелин арнаулы экспедициямен Енисей өзені бойындағы жазуларды зерттеп, қорытынды экспедиция материалдары 1889 ж. Гельсенфоргте «Енисей жазбалары» деген атпен жарық көрген. Бұнда 32 жазу таңбасы, 8 фотосуреттер қамтылған. 1889 ж. Ядринцев бастаған орыс экспедициясы Монғолиядағы Орхон өзені бойынан екі үлкен ескерткіш тауып, тюркология ғылымына үлес қосқан.
Олар Күлтегін мен Білге қағанға арналған ескерткіштер. 1890 ж. Гейкель және 1891 ж. Радлов басқарған экспедициялар Монғолияға барып, Орхон-Енисей бойындағы ескерткіштерді зерттеген. Осы жазулардың сырын ашып, оқып, қай халықтікі екенін анықтау ғалымдарға міндет жүктеді. Белгісіз жазуларды оқып, талдау даниялық ғалым В.Томсенсеннің үлесіне тиді Ол алдымен ескерткіштегі кейбір таңбалардың басқа екінші бір таңбалармен қатар келетін және келмейтін ерекшеліктеріне назар аударды. Бұдан ол көне түркі жазуындағы дауысты дыбыстардың қолданылуына байланысты жуан және жіңішке айтылатын екі жүйе бар екендігін анықтады.
1893 ж. 15 желтоқсан күні Дания королінің ғылыми қоғамы мәжілісінде жасаған өзінің 15 беттік баяндамасында сол күнге дейін белгісіз болып келген жазулардың кілтін тауып, оның түркі халықтарының төл жазуы екендігін дүние жүзіне дәлелдеген. Томсеннің бұл еңбегін В.Розен 1894 ж. орыс тіліне аударып, бастырып шығарды.
Томсеннің екінші еңбегі 1896 ж. Гольсингфоргте жарық көрген. Ол өз еңбегінде Орхон-Енисей алфавитінің пайда болуы, дауысты және дауыссыз дыбыстар туралы, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді бір-бірінен ажырататын қос нүкте жөнінде деректер берген, және ҮІ-ҮІІІ ғ. түркі тайпалары және олардың әдет-ғұрыптары жөнінде мәлімет береді. Орыс ғалымы Радлов алғаш «Күлтегін» мен «Білге қаған» ескерткіштерінің тілі біркелкі емес, оның құрамында говорлар бар. 1912 ж. «Түркі ескерткіштерінің тілі» еңбегінде ескерткіштер тілінде 3 диалектілік ерекшеліктер бар деген. Олар:
1. Ежелгі солтүстік диалектісі ( түркі тілдері жатады)
2. Ежелгі оңтүстік диалектісі (ұйғыр)
3. Аралас диалекті ( батыс және шығыс көне түркі тілдері)
Сонымен қатар Мелиоранский да тюркология саласында 40-тан астам еңбек жазған. Соның бірі Күлтегін ескерткішін зерттегені. Ол 140 беттен тұрады. Мұнда ғалым ескерткіштердің зерттелуіне, түркі тайпаларының тарихына, дауысты, дауыссыз дыбыстардың қолданылуына, лексикалық ерекшеліктеріне, Күлтегіннің орысша аудармаларына, траскрипциясына көңіл бөлген.
Ежелгі түркілердің діни сенімдері туралы айтатын болсақ, олар Көкке және Жерге табынған. Түркі қағандары тек көк тәңірінің бұйрығымен қағандық етеді деп түсіндірілген. Мыс: Білге қаған: «түркі халқы жойылмасын, ел болсын. Әкем Елтеріс қағанды, шешем Елбіге қатынды тәңірі төбесіне ұстап, жоғары көтерген екен, мені қаған етіп отырғызған екен»- депті өзінің таққа отыруы туралы тасқа қашалған жазуда. Түркілер тәңір бұйрығымен жеңіске жетеді не жеңіліске ұшырайды. Келесі құдай отбасы мен балалардың жебеушісі — әйел құдай Ұмай болды.
ХІХ ғ. аяғында әйел құдай Ұмайға табыну Алтайдағы кейбір түркі тілді халықтар арасында сақталған. «Тоныкөк» жырында «Көк тәңірі», Ұмай, қасиетті Жер-су, міне осылар бізге жеңіс сыйлаған делінген. Орта ғасырда барлық түркі тілді тайпалардың сенімдеріне Алтайда сақталған қасиетті тауларға табыну маңызға ие болды. Ежелгі түркілер қаған тегінің жебеушісі , рухы саналған қасиеті Өтікен сұлбасын яғни Хангай тауларын ерекше пір тұтқан. Ондағы ң ата-баба үңгірінде түркі аңызы бойынша бөрі сол үңгірде түркілердің ата-бабаларын дүниеге әкелген, бұған қаған жылына 1 рет құрбандық шалған.
Түркілердің нанымы бойынша жерді, суды, орман-тауларды рухтар жайлаған. Олардың сенімі бойынша өлгенннен кейін адам жаны көшеді делінген. Ежелгі түріктер өлген адамды шаман рәсімі бойынша жерлеген. Яғни биік жерге киіз үй тігіп, өлікті сол үйге қойған. Сол маңайға құрбандыққа әкелген малды байлаған. Өлген адамның туыстары жылап, бетін тілгілеп, шашын жұлып өлік жатқан үйді 7 рет айналатын болған. Сонан соң өліктің киім – кешегін, барлық заттарын денесімен бірге өртеген. Кейін күлін жинап, жерге көметін болған. Түріктер отты киелі құбылыс есептеп, оны пір тұтқан. Зұлымдық әкелетін рухтарды отпен тазалап, аластайтын діни ғұрып болған.
ІІ. Көне түркі жазба ескерткіштері — әдеби мұра ретінде
  1. Ескерткіштердің түрлері, олар туралы мағлұмат
  2. Орхон ескерткіштері
  3. «Күлтегін» ескерткіші. Идеясы, тақырыбы, Күлтегін бейнесі.
Географиялық, тілдік және графикалық ерекшеліктеріне қарай көне түркі ескерткіштері 3 топқа бөлінеді.
  1. Енисей есерткіштері
  2. Талас ескерткіштері
  3. Орхон ескерткіштері
Енисей ескерткіштеріне Енисей өзені, Тува республикасы, Алтай, Хакас облысымен, Краснояр өлкесі территориясынан табылған ескерткіштер жатады. Eнисей ескерткіштері көлемі жағынан 10-15 жолдар, кішілері 1-2-3 жолдардан тұрады. Енисей ескерткіштері Ү-ҮІІ ғасырды қамтиды.
Талас жазу ескерткіштеріне Талас өзені бойынан табылған 12 ескерткіш жатады. Талас өзені бойындағы Айыртам-Ой деген жерден (қазіргі Жамбыл облысы) 1896 ж. Әулие Ата уезінің бастығы Каллаур ғылымға үлкен жаңалық боп енген жазуы бар тас тапқан. Зерттеушілердің пікірінше Талас ескерткіштері ҮІІІ ғ. қамтиды.
Орхон ескерткіштеріне ҮІ ғ. аяғы мен ҮІІІ ғ. басындағы Орхон, Селенгі, Тола өзендері мен Минусинск ойпатынан табылған Құтлығ қаған (Онгин), Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Мойын Чор, Күллі Чор, Суджы ескерткіштері жатады.
«Онгин» ескерткіші 1891 ж. Монғолиядағы Онгин өзені бойынан Ядринцев тапқан. Бұл ең көне ескерткіштердің бірі. Мұнда екінші түркі қағанатын қайтадан қалпына келтірген Елтеріс қаған мен оның әйелі Елбіге туралы әңгімеленеді. Құтлығ Күлтегін мен Білгенің әкесі.
«Білге қаған» (683-734) ескерткіші 1889 ж. Монғолиядағы Орхон өзені бойындағы Эрдени Цэу монастырының жанынан Ядринцев тапқан. Білге қаған Қапаған қаған қайтыс болған соң таққа отырған Құтлығ қағанның үлкен ұлы. Ескерткіштегі жазуды жазған қағанның туысы Иоллығ Тегін делінеді.
«Тоныкөк» ескерткішін 1897ж. Селенгі өзені бойынан Д.Клеменц тапқан. Тоныкөк- үш қағанның , 692 жылы қайтыс болған Құтлығтың, 716 жылы қайтыс болған Қапағанның және 734 жылы қайтыс болған Білгенің әскери кеңесшісі болған. Ол табғаш елінде оқып, тәлім-тәрбие, әскери білім алған. Зерттеушілердің пікірінше Тоныкөк 716 жылдан кейін қайтыс болды деп жорамалданады.
Ескерткіштегі жазуды жазған Тоныкөк. Әйтсе де жыр жазылу стилі, композициялық құрылымы, идеялық мазмұны жағынан «Күлтегінге» ұқсас. «Күлтегін» жырында негізгі нәрсе – Күлтегіннің ерлігі болса, «Тоныкөк» жырында автор сол шайқаста жеңіске Тоныкөктің ақыл-айласы арқасында ғана жеткендігін көрсетеді. Жырдың басты қаһарманы түркіелінің дана қарты Тоныкөк. Сондықтан жырда уағыз — өсиет, нақыл сөздер көп.
Мыс: Жұқаны бүктеу – оңай
Жіңішкені үзу – оңай
Қол қосылса күш өсер
Өлімнен ұят күшті
«Тоныкөк» 313 өлең жолынан тұрады. Жырдың жалпы оқиға желісінен зерттеушілер 14 циклын бөліп қарастырады.
  1. Түркі халықтарының табғаштарға бағынышты болу тарихы
  2. Аман қалған түріктердің бас қосып, бірігуі
  3. Біріккен халықты басқаратын қаған сайлаудың қиындығы, қаған сайлаудағы Тоныкөктің ролі
  4. Елтерісті қаған жариялауы
  5. Оғыздардан тыңшы келіп, түркі елін шаппақ болғандығы
  6. Түркі халқының жауларымен күрестің қиындығы және осы қиындықты жеңудегі тоныкөктір ролі
  7. Оғыздармен болған соғыс туралы
  8. Сегізінші циклдан бастап 14 циклға дейін түркілердің түрлі тайпалармен жүргізген соғыстары баяндалады. Ал 14 циклы бүкіл жырдың қорытындысы болып келеді. Мұнда түркілердің өз елі, жері үшін соғысқандары айтылып, соның барлығында да жеңіске жеткендері, ол Тоныкөктің ақыл-кеңесінің нәтижесі екендігі баяндалады.
«Күлі Чор» ескерткішін 1912 ж. Монғолияның Ихе-Хушоту деген жерінен Котвич деген ғалым тапқан. Ескерткіш тардұш тайпасының көсемі Күлтегін мен Білге қағанның замандасы Күлі Чорға арналған. Күлі Чордың қашан, қай жерде қайтыс болғаны белгісіз, әйтсе де ескерткіште «Ұлы Күлі Чор сексен жасап қайтыс болды» делінеді.
«Мойын Чор» ескерткішін 1909 ж. Селенгі өзені бойынан Рамстедт тапқан. Ескерткіш ұйғыр мемлекетінің қағаны Мойын-Чорға арналған. Ол 745 ж. түркі қағаны Озмыш тегінді өлтіріп, түркі қағанатын құлатады. Селенгі өзені бойынан тұңғыш ұйғыр қағанатын орнатып, қалалар мен сарайлар салғызады. Оның қабырғаларына өз жорықтары туралы жазу жазып қалдырады.
ІІІ. Күлтегін жырлары
Қазақ әдебиеті тарихы қазақ халқының ерте замандардан бастап бүгінге дейін жасаған көркем әдебиет туындыларын толық қамтыды. Ежелгі дәуірдегі әдебиетіміз туралы айтқаңда, ең алдымен, екі мәселені айқын түсінуіміз керек. Біріншісі – біздің ежелгі дәуір әдебиетіміздің туындылары тек қазақ халқының ғана еншісі емес, олардың басқа түркі тектес халықтардың да әдебиетіне ортақ екендігі. Екіншісі – қазақ тілінде емес, ежелгі түркі тілінде жазылғандығы. Енді осы жайттарға түсінік бере кетейік.
Қазақ халқының құрылуына негіз болған ру-тайпалар ол замандарда қазіргі Қазақстанды, Орта Азияны, Оңтүстік–шығыс Сібірді, Орталық Азияны, Еділ бойын, Каспий жағалауларын мекен еткен. Олар өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрікмен, ұйғыр, қарақалпақ, хакас, башқұрт, татар халықтарының төл құрамына енген ру-тайпалармен аралас өмір кешкен.
Сөйтіп, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірі бір-бірімен өзара тығыз байланысты болған түркі тілдес халықтардың әдебиеті де ортақ болды. Кумандар, Дешті Қыпшақтар, тағы басқадай атанған жартылай көшпелі, жартылай отырықшы түркі тілдес халықтардың ерлігі, тұрмыс-тіршілігі, арман-қиялы поэзия тілімен жырланып, ерлік эпостар, ертегілер, аңыздарда баян етілген. Құлпытас, күмбез түріндегі ескерткіштерге өздерінің елеулі-елеулі тарихи адамдары туралы жоқтау, мадақтауларын жыр түрінде ойып жазып қалдырып отырған. Бұл түркі ұлыстарының жазу мәдениеті ертеден пайда болғанын көрсетеді. Ол жазулар дами келе Күлтегін, Тоңұқық*, Қорқыт ата, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, Ахмет Йасауи, Бақырғани, Хорезми, т.б. орта ғасырлық ғұламалар шығармаларының сақталуына негіз болды.
Ру-тайпалық дәуірде өмірге келген шығармалардың тілі қазаққа түсініксіз болса, олар қазақ әдебиетінің мұрасы бола ала ма деген сұрақ туындайды. Кейбір ғалымдардың теріс пікірде екенін де ескеру керек. Алайда, ғылыми тұрғыдан қарағанда, олардың теріс жауаптары негізсіз. Өйткені, «қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары, сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал», – деп көрсетеді ғалым Б.Кенжебаев.
Сондықтан да қазақ әдебиетінің ежелгі дәуіріне қатысты әдеби ескерткіштер көне түркі, шағатай (шағатай, тілі – араб және парсы сөздері араласқан түркі ру-тайпаларының кітаби тілі, ол сол кездегі барлық түркі тектес халықтарға түсінікті тіл болған), ұйғыр, араб, парсы тілдерінде жазылғанмен, біз оларды төл әдебиетіміздің тарихының басы деп танимыз.
Міне, ежелгі дәуір әдебиетінің белгілі мұралары, үлгілері осындай. Олар өзінен кейінгі әдебиеттің дамуына, шыңдалуына негіз, түп төркін болған.
«Күлтегін» (684-731) ескерткіші «Білге қаған» ескерткішімен қатар бір жерде табылған. Күлтегін 731 жылы 27 ақпанда 47 жасында қайтыс болған. «Күлтегін» жыры өз алдына дербес 8 циклдан тұрады. Әрбір цикл мазмұны жағынан дербес хикая болып келеді.
  1. Қағанның өз халқына қарата айтқан үндеуі
  2. Түрік қағанаты жерінің кеңдігін суреттейді
  3. Түріктердің әскери жорықтарын хикая етеді
  4. Көршілес табғач халқының қастандық әрекеттері туралы әңгіме
  5. Табғаштармен қатынасу түріктерге ажал қатерін төндіретіні жайындағы хикая
  6. Түркі халқының көреген емес екенін өкінішпен жырлауға арналған
  7. Түркі халқының даңқын көкке көтерген қаған екендігі жөнінде айтылған жыр
  8. Ескерткіш-жырды жазуға себеп болған жәйттерді баяндауға арналған
Ежелгі түркі поэзиясына тән дәстүр бойынша, осындай әрбір циклдың өзі үш элементтен тұрады.
  1. Oқиғаның басталуы
  2. Оқиғаның өрістеуі
  3. Оқиғаның түйіні
Мыс: «Күлтегін» жырының 2-ші циклы – Түрік қағанаты жерінің ұлан-ғайыр кең екендігін суреттеуге арналған:
Тоғыз оғыз бектері, халқы,
Бұл сөзімді мұқият тыңда,
Терең ұқ.
Ілгері – күн шығысында,
Оң жақта – күн ортасында,
Кейін – күн батысында,
Сол жақта – түн ортасында,
Осының ішіндегі халықтың бәрі
Маған қарайды!
Халықты осыншама көбейттім!
Міне, осы циклдың алғашқы үш жолы – оқиғаның басталуы – қол астындағы халыққа қарата айтылған үндеу сөзі; одан кейінгі төрт жолы – оқиғаның өрістеуі – түрік қағанаты жерінің кеңдігін суреттеуге арналған; соңғы екі жол жыр – циклдың түйіні – түрік елінің жері кең, халқы көп екендігі айтылады. Жалпы жырда Күлтегін түркі елінің «төрт бұрышындағы» барлық жауды жеңіп, елде тыныштық, бейбіт өмір орнатады. Күлтегін түркі халқын тәуелсіз етіп, байлыққа кенелткен. Жырдың идеясы – түркі халқын ауыз бірлікке, сыртқы жауға қарсы ұйымдасқан күреске, ата –баба жолын берік ұстауға шақыру болып табылады.
«Күлтегін» жырының қазақ эпостарымен ұқсастығы туралы айтатын болсақ, қазақ эпосында әсіресе батырдың жан серігі атының түр-түсін, шабысын суреттеуге ерекше назар аударады.
Мыс: «Қобыланды батыр» жыры:
Тобылғы меңді торы атпен
Қобыланды шапты ауылға
Немесе
Үстіңдегі түгіңнің
Жары күміс, жары алтын
Жан серігім, Бурыл ат
Жылқыда тұлпар сен едің
Ал Күлтегін мінген аттардың сыр-сипаты осылай суреттеледі:
Күлтегін боз ат мініп шапты,
Ол ат сонда лді
Ерттеулі торы атын мініп шапты
Ол ат сонда өлді
Күлтегін алып шамшы ақбоз мініп
Жауға қарсы ұмтылды
Сонымен бірге батыр өлгенде бүкіл елдің жоқтау айтуы эпостық жырларымен сарындас. Сонымен қатар Күлтегіннің 16 жасынан 47 жасқа дейінгі өмірін суреттеу, Алпамыс батыр секілді Күлтегін де суға салса батпайды, отқа салса күймейді. Оны төмендегі жолдардан байқаймыз.
Жүзден артық оқ тиді
Бірі де дарыған жоқ
Күлтегін жырлары. Орта Азияның түркі тайпалары руна жазбаларды қолданған, ал араб алфавитіне кейінірек, ислам дінінің енуіне байланысты көшкен. Біздің ендігі әңгімеміз ежелгі мәдениет ескерткіштерінің бір кереметі, бүкіл әлемге әйгілі болған ақын тас, жыршы тас – Орхон ескерткіштері (VIII ғ.) жайында болмақ.
Бұл ескерткіштер Орхон, Енисей өзендерінің (Сібірдегі) бойынан (мұндай жазбалар Қазақстан жерінен де көптеп табылған, солардың ең көлемдісі Талас ескерткіші) табылған. Оларды алғаш тапқандар: швед офицері Иоганн және орыс ғалымы Н.М.Ядринцев (XVIII–XIX ғғ.). Көздің жасымен, жүректің қанымен құлпытастарға қашалып тұрып жазылып, қаймағы бұзылмай бізге жеткен осы бір ғажайып руналық тасқа ойылып жазылған жазуларды ғылымда руналық жазулар деп атайды.
Ол жазуларда VII ғасырдың іргелі мемлекеті – Түркі қағанатының құрамындағы толып жатқан рулардың өзара есепсіз жауласуы, жорықтары мен соғыстары суреттеледі. Бұл ескерткіштердің басты кейіпкерлері – хандар, бектер, тектілер туралы баяндауынан сол кездегі тұрмыс жайлы түсінік те аламыз. Ескерткіштердің авторлары сол жазуларда есімдері аталатын Йоллығ-тегін мен Тоныкөк деген болжам бар. Оларды елдің тарихын, тағдырын толғап айтушы ежелгі ақын-жыраулар өкілдері деуге болады.
Орхон жырларында «Алпамыс», «Қобыланды» жырларындағы сияқты ел өмірін суреттеуде, ерлікті жырлауда, хан-бектерді мадақтауда өлеңмен бірге арасында қара сөздер де араласып отырады. Сондықтан, оны эпикалық мұрамыздың көне үлгілерінің бірі деуге болады. Онда шешендік сөз нұсқалары да мол. Оларда өз елін, өз жерін шет басқыншылардан, сыртқы жаулардан қорғау идеясы көрінеді. Ерлік, батырлық дәріптеледі. Күлтегіннің он алты жастан қырық жеті жасына дейінгі өміріндегі ерлік істері, ел басқаруы баяндалады.
Бастыны еңкейтті,
Тізеліні бүктірді,
Бек ұлдары құл болды,
Пәк қыздары күң болды, –
деп суреттеледі Күлтегін ерлігі. Күлтегіннің ерлігінің арқасында түркі халқының: «Кедейі бай болды», «азы көп болды», – деген сияқты жолдардан жырдың түпкі мұраты ел бірлігі мен оның бақытты өмірін аңсау екенін аңғару қиын емес.
Бұдан шығатын қорытынды – қазақ халқындағы бай жыр дәстүрінің негізі сол Орхон ескерткіштерінде қаланған. Орхон ескерткіштері – алғашқы ерлік жырларының бірі. Бұған тағы бір дәлел – жырда Білге Қаған, Күлтегін батыр, Тоныкөк жырау сияқты кейіпкерлер образдық дәрежеге жеткізіле жан-жақты суреттелген. Білгенің жырда қайда, қандай жорықтарға барғаны, қандай, қаншалықты ерлік көрсеткені толық суреттеледі, ол халықты жинап ұйымдастырушы ретінде бейнеленеді. Білгенің іс-әрекеттері ғана емес, көңіл-күйі де баяндалады. Ол дұшпандар салған іріткіге еріп, қырылып-жойылып бара жатқан халқына қатты назаланады.
Жырда Күлтегін бейнесі үнемі өсу үстінде болады. Күлтегін – түркі халқының ерлік сипаттарын бойына дарытқан жиынтық образ. Оның тұлғасында бір кездерде жалпақ даланы еркін билеген түркі тайпаларының өршіл, қайтпас мінезі бар. Оның тұлғасында халықтың сондай батырым болса деген арманы бар. Жырда батыр мерт болғанда, қазасына досы ғана емес, дұшпандарының да қосыла жылауының кең суреттелуі халықтық бұлжымас ерлік дәстүрлерді қасиеттейтінін дәйектей түседі.
Жырдағы Тоныкөк көптеген қағандарға кемеңгер ақылгөй болумен бірге небір жорықтардың куәгері, ізінше сол жорықтар жайында жырлар тудырып, тасқа қашатып жазғызған автор екені де байқалады. Сөйтіп, Тоныкөк әрі батыр, әрі ақылгөй, әрі жырау бейнесінде сомдалады.
Қорыта айтқанда, Күлтегін, Білге Қаған және Тоныкөк ескерткіштері (Орхон-Енисей) – мазмұны мен түрі жағынан да, тілі мен көркемдету құралдары жағынан да, өлең құрылысы, композициясы жағынан да ежелгі түркі халықтарына ортақ көркем туындылардың үлгісі болумен бірге, ол қазақ әдебиетінің де асыл қазынасына енетін әдеби мұра.
Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ