Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас

0
2448
Иллюстрация: Freepik.com

2021 жылы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарым-қатынасқа 30 жыл толып отыр.

Осындай 30 жылдық тарихы бар екі ел  осы уақытқа дейін – саяси, әскери, экономикалық және тағы да басқа салаларда өзара тығыз байланыс орнатып үлгерді. АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатыныс 1991 жылдан басталды. Осы жылдың 25-ші желтоқсанында АҚШ ең алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындады.

Бұл – екі ел арасындағы байланыс орнатуға алғашқы қадам болатын. Кейіннен 1992 жылы АҚШ алғаш Алматы қаласында өзінің елшілігін ашса, 2006 жылы оны Астана (қазіргі Нұр-сұлтан) қаласына ауыстырды. 1993 жылы да  Семей полигонын жабу мәселесінде АҚШ Қазақстанды қолдап,  ядролық бомбаларды, қару-жарақ материалдарын және оларды жарақтандыратын инфрақұрылымдарды жоюға көмектесті.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің кейінгі жылдарында екі ел тарапынан бірнеше тығыз қарым-қатынастар орнатылды. Мәселен, қазіргі таңда АҚШ еліміздің ең ірі инвесторларының бірі болып отыр. Қазақстанның да АҚШ-қа өз тарапынан көмегі бар. Мысалы, Қазақстан АҚШ-қа Азиядағы тұрақтылықты сақтаудағы әскери оперцияларында көмек көрсетіп жүр. 2003 жылы Иракта болған Саддам Хусейннің режимін құлатуға Қазақстаннан 290 әскери қызметшілері жіберілді. Сонымен қатар, Қазақстанда «Казбат» және «Казбриг» атты әскери бөлімшелер құрылды. Олар НАТО және АҚШ-пен  тұрақты негізде бірлесіп әскери іс-қимылдарға қатысады.

Қазақстанның тәуелсіз тарихында АҚШ-та 5 президент ауысты (қазіргі таңда Джо Байден). Джо Байденге дейінгі 4 президент кезінде де Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас жалғасып жатты. Сондағы Қазақстан мен АҚШ-тың  қарым-қатынас орнатудың тиімділігі неде?

АҚШ – әлемдегі әскери және экономикалық саладағы бірінші держава. Оның халықаралық қатынастардағы, әлемдік саясаттағы рөлі өте жоғары. Сол себепті онымен санаспау мүмкін емес. АҚШ – экономикалық салада Қазақстанның ең ірі инвесторларының және сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Осыны ескерсек, Қазақстан үшін АҚШ-пен тығыз байланыс орнату – тиімді.

Қазақстан АҚШ-тың сауда серіктестер тізімінің алғашқы шебінде емес екенін ескерсек, АҚШ-қа Қазақстанмен сауда қарым-қатынасын орнату пайда әкелмейтіндей көрінуі мүмкін. Тіпті әскери қарым-қатынаста да Қазақстанның  әскері Ирактағы соғыста шешуші рөлді атқарды деп айта алмаймыз.

Сонда АҚШ-қа Қазақстанмен тығыз байланыс орнатудың қажеттілігі неде? Ең бірінші себеп – ол Қазақстанның табиғи байлығы. Жоғарыда атап өткен АҚШ-тың инвестициясының көп бөлігі мұнай-газ өнеркәсібіне бағытталған. Әлемдік «Chevron» және «ExxonMobil» корпорациялары – Қазақстанның мұнай секторының негізгі көшбасшыларының бірі. Америка тарапынан 75%-ға жуық бақыланатын «Теңізшевройл» кәсіпорны 25 жыл ішінде 3 млрд. баррелден  астам мұнай өндірді.

Екінші себеп – Қазақстанның геосаяси орналасқан жері. Себебі, Қазақстанның геосаяси жері Ресей, Қытай, Үндістан, мұсылман елдеріндегі және ТМД-дағы тербелістерді біліп отыру мүмкіндігін береді.

АҚШ-тың жаңа сайланған 46-президенті Джо Байденнің Қазақстанға деген саяси көзқарасы қандай екенін әзірше толық ашып айту қиын. Қазіргі таңда Ресей мен Қазақстан арасында тауар айналымы 19 миллиардқа тең. Сондықтан да, АҚШ демократтарының Ресейге қарсы саясат ұстануы – Қазақстанның экономикасына кері әсерін алып келуі мүмкін. АҚШ-тың Ресейге қарсы саясат ұстануы Қазақстанның экономикасы үшін де соққы болуы ықтимал.

Дегенмен Джо Байденнің ұстанып отырған саясаты АҚШ-тың Қазақстанмен қарым-қатынасты толық үзеді дегенге әкелмейді. Себебі, жоғарыда атап өткендей, Қазақстан – барлық әлем көз тіккен табиғи байлыққа бай, геосаяси орналасқан жері маңызды мемлекет.

Сонымен, ойымызды Вашингтондағы Джорджтаун университетінің профессоры Уильям Ричард Смайсердің сөзімен аяқтасақ: «Американың досы болу – оның жауы болу сияқты қиын». Қазақстан үшін Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынас орнату тиімді болғандықтан, АҚШ-пен қарым-қатынас орнатуда қырағылық танытуды да жанымыздан шығармаған жөн.

Болат САЙЛАН
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Жанболат Ғалымов
1-курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ