Қазақ тілінің фразеологиясы

1
19221
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Тақырыбы: Қазақ тілінің фразеологиясы

І.Фразеология және оның өзіндік белгілері. Фразеология деген термин негізінен екі түрлі мағынада қолданылады.Бірінші мағынасы тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтін тіл білімінің саласы деген ұғымда қолданылады.Екіншісі- бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы дегенді білдіреді.Фразеология жеріне жеткізе зерттеліп біткен ғылым деп айтуға болмайды.Мұның шешілмеген даулы мәселелері өте көп. Сондықтан да соңғы жылдарға дейін мұны жеке пән ретінде арнайы зерттеушілер тым аз болды. Көбінесе лексикалық қор ретінде сөз байлығы деген топқа жатқызып, лексиканың көлемінде тексерумен шектеліп келгендігі мәлім.Фразеологизмдердің өз алдына дербес лингвистика саласы екендігін танытатын негізінен үш түрлі басты белгісі бар.

Олар: 1. даяр қалпында жұмсалу белгісі

2. мағына тұтастығы

3.тіркес тиянақтылығы

1.Фразеологизмдердің даяр қалпында жұмсалу белгісі еркін сөз тіркесімен салыстырғанда айқын байқалады.Оның сыртқы құрылым- құрылысы еркін тіркеске ұқсағанымен сөйлем ішінде қолданғанда біртұтас даяр күйінде жұмсалады. Ешкімнің ырқына көнбей, даяр тұрған құрылыс материалы ретінде қызмет етеді де,сол қалпында сөйлемнің құрылымына енеді.Демек, фразеологизмдердің даяр қалпын сақтай отырып қолданылуы оның еркін сөз тіркестерінен ерекшелігін білдіретін белгілердің бірі екенін көреміз.

2.Фразеологизмдердің өзіндік екінші белгісі – мағына тұтастығы.Фразеологизм біткеннің бәрінде де белгілі бір меншікті мағынасы болады. Ол мағына тұрақты тіркесті құрастырушы сыңарлардың мағыналарына сәйкеспейді, оларға тәуелсіз, өздігінен өмір сүреді.

3.Тіркес тиянақтылығы да фразеологизмдердің ең негізгі белгілерінің біріне жатады. Тиянақты сөз тізбегіндегі сөздер әркімнің қалауынша емес, қалыптасқан белгілі жүйемен орналасқан.Өзара тығыз жымдасып орналасқан сөздердің жігі ажыратылмай тұрады. Олар бір – бірімен иін тіресіп, өзге сөзбен алмастыруға я болмаса, тұрақты орын тәртібін өзгертуге келмейді.

ІІ. Фразеологизмдердің түрлері

Фразеолгизмдерге тән үш түрлі ортақ белгі болғанымен, бұлар бір- бірінен әрдайым ашық ажыратыла бермейді.Бұл белгілер, әсіресе мағына тұтастығы, біреуінен ап – айқын көрінсе, екіншісінен көмескі, үшіншілерінен өте солғындау болып кездеседі.Сондықтан фразеологизмдерді түр – түрге бөліп топтастыру тіл біліміндегі ең күрделі де қиын мәселелердің бірінен саналады.Қазақ тіліндегі фразеологизмдер де фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік және фразеологиялық тізбек болып, негізінен үш топқа жіктеледі.1. Фразеологиялық тұтастық.

Бұл топқа фразеологизмнің құрамындағы сөздер бір – бірімен тұтасып, әбден жымдасып кеткен, олардың мағыналық жігін ешқандай ажыратуға болмайтын тұрақты тіркестер жатады.Мысалы, мұрынынан шаншылып жүр, мұрнына су жетпеді дегеннен қолы тимеді, бұрылуға мұршасы болмады дегенді түсінеміз.Фразеологиялық тұтастық жеке сөздердің тұтас жиынтығынан пайда болғанымен, олар іштей түрлі бөлшектерге бөлінбей, іс — әрекетті, сапа мен белгіні, зат пен құбылысты бір бүтін атау ретінде көрсетіп бере алады.

2.Фразеологиялық бірлік.

Бұлар да фразеологиялық тұтастық тәрізді орын тәртібі жағынан өте тиянақты болып келеді. Алайда, құрамындағы сөздердің мағынасының қаншалықты тасалануы я болмаса тасаланбауы жағынан елеулі өзгешіліктері болады. Бұлар ең алғашқы еркін тіркесті ауыс мағынада қолданудан келіп шығады. Мысалы, ескі жараның аузын ашты дегеннен өткенді қайта қозғады, ұмытып кеткенді еске салды дегенді түсінеміз.Бұл фразеологиялық мағынаның жасалуына, сөз жоқ, ең алғашқы еркін тіркестегі тура мағынасы негіз болған.Сол мағынаға басқадай мән беріп, ауыстырып қолдану арқылы жасалғандығы бірден көзге шалынады.

3. Фразеологиялық тізбек.

Бұл да фразеологиялық бірлік сияқты еркін тіркесті ауыспалы мағынада қолданудан келіп шығады. Яғни тұрақты тіркес сыңарларының бастапқы лексикалық мағынасы бүтіндей жойылмағанымен, жойылуға жақындап, күңгірт тарта бастаған. Мұнда ерікті мағынасындағы сөз бен фразеологиялық қалпындағы сөздің тіркесуінен жасалып, сол тізбек күйінде қолданылады. Мысалы, бота көз, қоян жүрек,көк жұлын,аш бүйір т.д.

Фразеологиялық тізбектің құрамындағы ерікті мағынадағы сөз сан алуан сөздермен тіркесіп жұмсалу қабілеті болса, фразеологиялық туынды мағынадағы сөз бірде – екілі сөзбен ғана шектеліп қолданады. Мысалы, көк бет, қасқа жол т.б.

ІІІ. Фразеологизмдердің мақал – мәтелдерге қатысы.

Сөйлеу кезінде жасалынбай, даяр қалпында қолдану жағынан мақал – мәтелдер фразеологизмдерге ұқсайды. Мақалдар негізінен екі бөлімді болып келеді де, алдыңғысында іс — әрекеттің шарты мен жағдайы айтылып, соңынан сол пікірді түйіндеп қорытындылайды. Я болмаса, екі нәрсені бір – біріне қарсы қойып салыстырады.Мысалы, Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа.Атың барда жер таны, шауып жүріп, Асың барда ел таны беріп жүріп т.б. Мақал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, қорытынды жасаудың тамаша үлгісі.

Сондықтан да бұрыннан келе жатқан даяр материал болғандығына қарамастан, жұрт мақалды айтуға да, сонымен қабат тыңдауға да соншалықты құмартып тұрады.Мақал – мәтелдердің адам баласының өмірінде қамтымайтын саласы жоқ. Соның бәрін аз сөзбен көп мағыналы етіп білдіреді.Мақал – мәтелдердің фразеологизмдерге жуықтайтын жері тек тілдегі даяр тұрған материал болғандығына ғана емес, мақал – мәтелдердің көпшілігінде кейде тұжырымды оймен қатар бейнелі ишарат жатады.

Мысалы, Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады дегенде құстың ұшып – қонуын ойлаймыз, ең алдымен, адам туралы, күнделікті өмір – тіршілік туралы ойлаймыз.Құсты ұшырып- қондырып тұратын оның қанаты мен құйрығы болса, сол сияқты адам да бірі мен бірі селбесіп, бір – бірінің тілін тауып, бірлесіп, қол ұстасып өмір сүрмесе болмайды деген ойға келеміз. Мақал – мәтелдер жайдан – жай айтылмайды, белгілі мақсатты ойды жүзеге асыру үшін, тыңдаушының жан сезіміне ерекше әсер ету үшін қолданылады. Фразеологизмдер сияқты мақал – мәтелдер де әбден қалыптасқан, орныққан, орны бекем болады.

Бұлардың компоненттерін де өзара алмастыруға немесе басқадай сөзбен өзгертуге келмейді. Сонымен қатар сыртқы түр – тұрпаты жағынан, яғни өзінің семантикасы мен құрылым – құрылысы жағынан мақал –мәтелдердің фразеологизмдерден елеулі өзгешеліктері болады. Фразеологизмдердің мағыналары астарлы бейнелеу мәнде келеді. Ал мақал – мәтелдердің көпшілігі игі қасиеттерге үндеу, уағыздау сипатында болады. Мақал – мәтелдер қаншалықты ауыс мағынада айтылғанымен, құрамындағы сөздері өзінің байырғы лексикалық мағыналарынан қол үзіп, онша тасаланбайды.

Сөз саны жағынан мақал – мәтелдерге қарағанда фразеологизмдер өте шектеулі болады. Көпшілігі екі, я үш – төрт сыңарлы болады. Мысалы, қол бала, қолы ұзын, аспанға қолы жеткендей т.б. Мақал мен мәтелдер мән – мағынасымен қатар құрылым – құрылысы жағынан да сан түрлі болатындығы белгілі.Өзінің құрамы жағынан фразеологизмдерге мақалдан гөрі мәтелдер бір табан жақын келеді. Мақал белгілі бір ұғымды тікелей білдірсе, мәтел белгілі бір ұғымды жанамалап, меңзеп, тұспалдап атайды.Мысалы, бөрік кигеннің намысы бір; саусақ илікпей, ине ілікпейді; т.б.

Мақал – мәтелдерде ұғымнан гөрі нақтылы ойды түйіндеп айту басым болады. Сондықтан бұлардың сыртқы құрылым – құрылысы сөйлемге ұқсайды. Ал фразеолгизмдер керісінше, нақтылы бір ұғымды астарлап айтып, тұтас алғанда жеке сөзге теңесіп тұрады. Мақал – мәтелдер мен фразеологизмдер талай замандар бойында жасалып, ұрпақтан – ұрпаққа беріліп отырады. Алайда, бұлардың жасалып, қалыптасу мерзімінде үлкен кереғарлық бар. Мақал мен мәтел әр заманның өзіне лайық туып көбейе береді.

Тұрақты тіркес болу үшін белгілі жағдай қажет.Әсіресе идиоманың шеңберіне енген сөз идиомалану, лексикалану заңымен даму — өзгеру үрдістерін басынан өткізу үшін талай уақытты қажет етеді. Сол себептен болса керек, фразеологизмдер, әсіресе идиомалар бір тілден екінші тілге сөзбе – сөз аударуға көне бермейді. Ал мақал – мәтелдер бір тілден екінші тілге сөзбе – сөз аударыла береді.

ІV. Фразеологиялық варианттар.

Фразеологизмнің мағына бірлігінде ешқандай өзгешелігі жоқ, құрылым – құрылысы жағынан ұқсас келген түрлері фразеологиялық варианттар деп аталады.Фразеологиялық варианттар екі түрлі болады :

1. фонетикалық вариант

2. лексикалық вариант

1.Фонетикалық вариантқа тұрақты сөз тіркесінің құрамына енген кейбір сөздердің бірде жуан, бірде жіңішке, кейде толық, кейде қысқарып айтылуы жатады.Мысалы, ай дейтін ажа жоқ, қой дейтін қожа жоқ дегенді әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ деп те айта береді.Мұндағы ай мен әй, ажа мен әже бір – біріне фонетикалық вариант болып есептеледі.

2. Лексикалық варианттар фразеологизмдердің арасынан өте жиі ұшырасады.Мысалы, ағама жеңгем сай – апама жездем сай; артына түсті – соңына түсті; аспанмен таласқан – аспанмен тілдескен; азуы алты қарыс – азуы кере қарыс т.б.

V. Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің, орысша баламасы.
  1. Ажалға дауа жоқ – от смерти не уйти. От смерти нет зелья.

Бұл фразеологизм балама тәсілімен аударылған.

2. Миы ашу – голова пухнет. Бұл фразеологизмді мағынасына қарап аударған.

  1. Шайтан түрту – черт дернул. Бұл фразеологизмді сөзбе – сөз аударған.
  2. Үріп ішіп, ұртап төгу – кататься как сыр в масле / полная чаша.

Сөзбе – сөз аударсақ / пить; глотая проливать /, берілген фразеологизмді балама тәсілімен аударған.

  1. Азан – қазан қылу – дым коромыслом; пыль столбом. / мағынасына қрай аударатын болсақ, онда поднимать шум, гам, суматоху./, бұл фразеологизмнің баламасы.
  2. Шайпау мінезді – Человек со скверным характером; сварливый.
  3. Шалық шалу – терять рассудок.
  4. Ботадай боздау – реветь, как верблюженок. Горько плакать./ лить слезы /.
  5. Бұты бір / бес, соқыр/ тиын. – пуд одну копейку стоит. / Ломаного гроша не стоит; Грош цена /.

10.Есесін жібермеу – не упускать свое./ Не оставаться в долгу/.

11. Ес кетті, жан шықты дегенде – сөзбе – сөз аударатын болсақ, когда память ушла, душа вышла из тела. Балама нұсқасы / С горем пополам /.

12. Есектің миын жегенсің бе ? Құтырған су іштің бе ? – сөзбе – сөз аударатын болсақ ты что, съел ишачий мозг ? Выпил дурную воду? – балама нұсқасы Белены объелся.

Пайдаланған әдебиет тізімі :

  1. К.Аханов .Тіл білімінің негіздері, Алматы,2002ж.
  2. Ғ.Қалиев. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы, Алматы, 2003ж.
  3. Қазақша – орысша сөздік, Алматы, 2004ж
  4. Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ