Бату хан Еуропадан неге шегінді?

0
4262

 Шыңғысхан құрған империя­ның керегесін кеңейту үшін 1235 жылы Қарақорымда Өгедей ұйым­дас­тырған құрылтай өтті.
Онда Шың­ғыстың көзі тірісінде жаулап үлгер­меген Батыс аймақты қағанат­тың құрамына енгізу үшін жорық белгіленді. Жорықты басқару Жо­шы­ның екінші ұлы Батуға тапсы­рылды. 1236 жылы Бату басқарған 150 мың әскер Батысқа қарай лап берді. Бұл ұлы жорыққа бұрынғы Шыңғыс хан империясының туын көтерген найман, керей, жалайыр, қоңырат, қият, уақ, суан, басқа да көптеген тайпалармен қатар, сол кездегі қазақ жеріндегі үйсін, сары үйсін, арғын, дулат, қаңлы тайпала­рының сарбаздары түгелімен тартылды. Ресми деректер былайша сөйлейді: Жорыққа Батудан басқа Шыңғыс хан әулетінен Өгедейдің ұлы Күйік, Төлейдің ұлы Мөңке, Шағатайдың және Батудың өз бауырлары Орда Ежен, Тоқа Темір, т.б. қатысты. Олардың қатарында Шыңғыс ханның әйгілі қолбасшы­ларының бірі ретінде танылған Сүбедей де болды. 150 мыңға жуық адамнан тұратын әскер жорыққа Батыс Алтай өңірінен 1236 жылы көктемде аттанып, маусым айында Еділ бұлғарларының жеріне келіп жетті. Бату Еділ бұлғарларын бағындыруды Сүбедейге тапсырды. Сүбедей Еділ бұлғарларымен соғы­сып жатқанда, Бату әскердің басым күшімен қыпшақтардың, буртастар­дың, мордвалардың жерін жаулап алды. Сүбедей бұлғарлардың Кер­пек, Сувар, Биляр, т.б. қалаларын бірінің артынан бірін жаулап алып, 1237 жылы көктемде басты қаласы — Бұлғарды бағындырды. Мөңке бастаған әскер Кавказға ішкерілей еніп, ондағы көптеген қалалар мен Аланияны бағындырып қайтты. 1237 жылы күзде Бату әскерлері Рязань князьдігіне шабуыл жасап, Происк, Белгород, Ижеславец, Ожск, Ольгов, Переславль-Рязан­ский, Боршов-Глебов қалаларын ба­сып алды. Рязань қаласын қорғаушылар алты күндік қоршаудан кейін 21 желтоқсанда тізе бүкті. Мұның артынша Коломна қаласы түбінде орыс князьдіктерінің біріккен әскерін талқандады. 1238 жылы қаңтарда Мәскеуді жаулап, оның князі Владимир Юрьевичті тұтқындады. 3 қаңтарда Владимир қаласын қоршауға алып, оны 7 ақпанда бағындырды. Осы жылы наурызда орыс князьдіктерінің дені жеңілді де, Бату әскерлері үшін Нов­городқа жол ашылды. 

    Бірақ көктемгі лайсаңға байланысты оған 65 ша­қырым жетпей тоқтады. Бату оңтүс­тікке оралуға шешім қабылдады. Оңтүстікке бет алған әскерлер жол-жөнекей Торжок, Подеснья, Курск қалаларын талқандады. Дон өзені бойында қыпшақ ханы Қотанның әскерімен кезікті. Жеңіліс тапқан Қотан өзінің әскерімен Мажарстан (қазіргі Венгрия) жеріне өтіп кетті. Бату 1239 жылы көктемде Переяс­лавль, күзде Чернигов князьдігін жаулап алып, Днепр өзені бойына жетті. 1240 жылы 6 желтоқсанда Киевті алды. Бату Киев жерінен Ма­жарстанға, Польша мен Далма­цияға (Балқан түбегіне) жорық ұйымдастырды. Мажарстанды барып паналаған қыпшақтарды бағындыру үшін Бату мажар королі Беладан оларды тұтқындап ұстап беруді талап етті. Бірақ Бела бұл талапты орындаудан бас тартты. Бұл Мажарстанға шапқыншылық жа­сауды тездетуге түрткі болды. Бату әскерінің жасақтары 1241 жылы наурызда Польшаның Люблин, Сандомир, Краков қалаларына жорық жасады.Шағатайдың ұлы Байдар басқарған әскер 9 сәуірде Лигниц қаласы түбінде 30 мыңнан астам адамнан тұратын поляк-неміс әскери жасағымен шайқасып, үлкен жеңіске жетті. Бұл шайқас азиялық соғыс өнері еуропалықтардан ана­ғұрлым жоғары екендігін көрсетіп берді. Бұл мезгілде Бату әскердің басым бөлігімен Мажарстан жеріне кіріп, Сити өзені бойында біріккен мажар-хорват әскери күшін тал­қандады. Шайқаста 65 мың адамнан тұратын мажар-хорват әскерінің 56 мыңы өлді. Мажар королі Далма­цияға қашып кетті. Хорват герцогы Коломан шайқаста алған жарақа­тынан қайтыс болды. Будапешт қаласы Бату әскерлерінің тонауына түсті. Дунай өзенінен өтуді Бату өзі басқарып, әскерін Жерорта теңізінің жағалауына дейін жеткізді. Остро­гон, Стольни Биоград (Белград), Вес­перим, Джур қалаларын бағын­дырды. Бату әскерінің екінші қана­ты Нейштад қаласын алып, Венаға тақап келді. 1241 жылы желтоқсанда ұлы хан Үгедейдің өлгені туралы хабар жеткеннен кейін Бату Балқанды тастап, Жошы ұлысына, Еділ өзенінің төменгі ағысындағы ордасына аттанды. Осы жерден сәл шегініс жасайтын болсақ, көптеген тарихшылар Батудың жорығы Киевті алумен тәмамдалуға тиіс еді. Бірақ Бату ойы өздеріне бағынбай, Шығыс Еуропаға қарай қашқан Көтен ханды қалайда ұстап, талқан­дау болды. Сондықтан Мажарстанға одан ары өзге елдерге жорық жасауға тура келді дегенді айтады. Мүмкін. Кейбір деректерде, 1223 жылы моңғолдардан қашқан Көтен хан 150 мың қыпшақты қазіргі Венгрия еліне алып кеткен. Олар Мажар коро­лінің жеке қарулы әскеріне айналады десе, екінші бір дерек көздері Көтен хан 40 мың әскерімен моңғолдардан ығып, Мажарстан королі Белаға өз еркімен берілді де­седі. Әрине, шығыстан қара бұлттай төніп келген Батудың қарақұрым әскеріне Көтен хан аз әскерімен қарсы тұра алмасы хақ. Сондықтан соңына ерген аз ғана қыпшақты аман алып қалу үшін, амалсыз Беламен келісімге келген. Ал өзде­ріне бағынбай Мажарстан королін барып паналаған қыпшақтардың сазайынын тарттырып, қуып жібер деген талап қойып, Өгедей хан Бела­ға бірнеше рет хат жазған. «Мен, Хан, жер бетіндегі өзіме бағынған­дарды қолдап, қарсы келгендерді басып-жаншуға билік берілген аспан патшасының елшісімін, саған таңқаламын, мен саған 30-рет өзімнің елшілерімді жіберсем де, неліктен олардың біреуін де кейін қайтармадың, не өзіңнің елшілеріңді де жібермейсің, не жауап хатыңды жібермейсің. Сенің бай және қуатты король екеніңді, қол астыңдағы жауынгерлеріңнің саны көп екенін, ұлы корольдікті бір өзің басқараты­ныңды білемін. Сол себепті де сенің маған өз еркіңмен бағынуың қиынға соғады. Ал сен өз еркіңмен маған бағынсаң, бұл сен үшін аса қолайлы және пайдалы іс болар еді. Бұған қоса, сен менің куман құлдарымды қамқорлығыңа алғаныңды білемін; солар үшін сенімен жауласуыма жол бермеу үшін, оларды өзіңнің қол астыңда қамқорлығыңа алмауды бұйырамын. Сенімен салыстыр­ғанда, кумандарға қашу оңай, өйт­кені олар шатырсыз үйлерде көшіп-қонып жүретіндіктен, қашып кете алады; ал үйлерде тұратын, қамал мен қала­лары бар сен менен қалай қашып құтыласың?» Бірақ бұл хатқа да Бела жауап қатпады. Бірақ соның сазайы­нын артынан тартты. Бату басқарған моңғол әскері Венгрияны тас-тал­қан етті. Бела бас сауғалап, өзге елге қаш­ты. Мұның сәл алдын­да шын-өті­рігі белгісіз «Көтен хан моңғол­дармен жасырын келіссөз жүргізіп жатыр» деген сыбысты ести сала, таң алдында ұйқыда жатқан хан мен оның әскерін қырып салды. Қанды қырғыннан аман қалған он мыңға жуық қыпшақ сарбазы жолында­ғысын баса-жаншып қашып құ­тылды. Осылайша, «бір оқпен екі қоян­ды қатар атқан Бату хан басып алған Орталық Еуропаны неге тастап кері қайтты?» деген сұраққа әлі дау-талас көп. Расында, қаншама күш шығарып, мыңдаған шақырым жүріп, ат тұяғын кеміріп, талай боз­дақты құрбан етіп жеткен жеңісінен неге бас тартты? Расында неге? Бұл жөнінде Н.Т. Әбдімо­мы­нов.  «Моң­ғолдардың Шығыс және Орталық Еуропаға жорықтары (1241-1242)» атты еңбегінде мы­надай деректер келтіреді. «Бату басқарған моңғол әскерлерінің Еділ бұлғарларын, Қып­шақтарды және Русьтің жер­лерін бағындыру кезінде үлкен шығынға ұшырап, жорықты жалғас­тыруға әскери күші әлсіреп, тылдағы бағындырылған халық­тардың (әсіресе орыс халқының) азаттық күресінен кейін жоспар­ланған жорықты аяқтай алмай, шығысқа кері бұруға мәжбүр болып, моңғол­дардың Еуропаға орасан зор шап­қыншылығын тоқтатты деген пікір топтамасы кеңестік тарих­намада үстем болып, осы кезеңдегі көптеген зерт­теушілердің еңбек­терінде кө­рініс тапты. Кеңес ғалымдары тыл­дағы көтерілістердің ішінде Ев­патия Коловрат жасағы­ның әрекеттері, бұлғар көсемдері Боян мен Джику, қыпшақтардан Бачман бастаған, Бұхарадағы Мах­муд Тараби бастаған көтері­лістердің әрекеттерін ерекше назарға алды.
Алайда бұл пікірмен келісуге болмайды. Мысалы, тарихи дерек­терде Евпатий Коловрат 1238 жылы қаза болды. Бачман 1240 жылдың күзінде өлтірілді. Ал Бұхарадағы көтеріліс 1238 жылы болса, Еділ бұлғарларының көтерілісі 1243 жылға дейін болған. Сонымен қатар тарихи деректердің негізін ала отырып, бағындырылған халық­тардың өздері де моңғол әскерінің құрамында Польша мен Венгрияға қарсы жорыққа қатынасқанын айтуға болады. Бату басқарған моңғол әскерінің жорық барысында көптеген шайқастардағы әскери шығындарына қарамастан, олардың шайқастардағы аса белсенділігінің себебі жөнінде монах Юлианның айтқан мәліметі шындыққа жана­сады. Оның айтуынша, моңғолдар күшпен бағындырылған көптеген соғыс тұтқындарының ішіндегі соғысқа жарайтындарын жауынгер қатарына алып, оларды шайқас ке­зінде алдыңғы шепке жіберіп отыр­ған, егер жеңіп жатса оларға алғыс аса үлкен емес, ал егер қаза болып жатса аса назар аудармаған, ал егер шегініп жатса аяусыз өлтірілген. Ал олар моңғол қылышынан аман қалу үшін соғыста қайсарлықпен күресіп, шайқастарда қасық қаны қалғанша күрескен деген еді. Міне, сондықтан моңғол әскеріндегі адам шығыны аса маңызды болмады. Бұдан шыға­тын қорытынды, бұл көтерілістер моңғолдардың Орталық Еуропаға қарсы жорығының дайындығына және оның жүзеге асуына кедергі бола қоймаған.
     Моңғолдардың Еуропаны тас­тап кері қайтуын, неміс билеу­шілерінің саясаты мен жеңімпаз рыцарлық әскери күш-қуатының тойтарысынан қауіптеніп, кері қайтты деп айтқан неміс тарихшы­ларының ұлтшылдық көзқарастағы пікірлері. Олардың пікірінше, неміс рыцарлық әскери күш-қуаты мен билеушілерінің жүргізген саясаты нәтижесінде Легница шайқасы кезінде негізгі күшке айналып, шешуші сәтте моңғол әскерлері же­ңіске жеткенімен, олардың сұсынан қаймығып, неміс халқы Еуропаны құтқарды дейді.        Бұл пікірмен келі­суге мүлдем болмайды. Өгөдейдің 1241 жылы қаза болуынан кейін Бату қолбасшылығымен шығысқа кері қайтуға шешім қабылдауы кездейсоқ емес еді. Өйткені Бату бұл кезеңде қолбасшылық қабілетімен ғана танылып қойған жоқ, сонымен қатар саяси жағдайды алыстан байқайтын көреген саясаткер еді. Жоғарыда аталған моңғол қолбас­шылары арасындағы басталған ке­ліспеушілікке байланысты, моң­ғол империясының ұлы хаған тағы үшін бір жағынан Жошы және Төле әу­леті, екінші жағынан Өгөдей мен Ша­ғатай әулеттері арасындағы қай­шы­лықтың салдары кейінгі кезең­дегі империяның тақ мәселесі төңі­регіндегі саяси жағдайға әсер ететі­нін жақсы білді. Сондықтан Бату қолбасшылығымен моңғол әскер­лерінің жорықты ары қарай жал­ғастырмай, жаңадан ғана бағын­дырылған Орталық Еуропа терри­то­риясын тастап кетуінің басты себебі ұлы қаған Өгөдейдің қаза болуына байланысты империядағы тақ мәселесі төңірегіндегі саяси жағдайдың күрделенуіне байла­нысты болды. Осылайша, Еуропаны моңғол шапқыншылығынан шалғай Моңғолия жеріндегі ұлы қаған Өгөдейдің қайтыс болуына байла­нысты қалыптасқан саяси жағдай құтқарды». Ең дұрыс болжам – осы. Өйткені Бату тек қана дарынды қолбасшы ғана емес, Өгедейден қалған қағанатты басқаруға шамасы жететін білікті хан, кемеліне келген саясаткер еді. Өкініштісі, тақ таласы оған мүмкіншілік бермеді. Бірақ та Бату Алтын орда атты империя құр­ды. Дүние тарихында Бату ханның аты осы Алтын орданың арқасында қалды. 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ