Батырлар жырының тәрбиелік мәні

0
5385

 Батырлар жыры – көлемі жағынан да, мазмұн-мәні жағынан да қазақ ауыз әдебиетінен ауқымды орын алатын жанрдың бірі. Жырда тарихи оқиғалардың ізі сақталған.

 Батырлар жырының басты тақырыбы – ерлік, батырлық, елді сыртқы жаулардан қорғау. Батырлар жырының басты қаһарманы – батыр.

   Халық ауыз әдебиетінен ерекше орын алатын батырлар жыры: «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Қамбар».

  «Алпамыс батыр» жыры – басқа батырлар жырына қарағанда көне жыр болып есептеледі. Жырдың кейбір оқиғалары: Алпамыстың дүниеге келуі, түртіп қалған баланың өліп қалуы, зынданда жеті жыл жатуы сияқты оқиғалар жырдың көне жыр екенін айғақтай түседі. Жыр жақсылық пен жамандықтың тартысына құрылған. Соған орай жыр кейіпкерлерін екі топқа бөліп қарастыруға болады.

Жырдағы жақсылық иелері

Жырдағы жамандық иелері

Алпамыс – негізгі кейіпкер

Байбөрі – Алпамыстың әкесі, Қоңырат елінің байы

Аналық – Алпамыстың анасы

Қарлығаш – Алпамыстың қарындасы

Жәдігер – Алпамыстың баласы

Шұбар ат –Алпамыстың тұлпары

Гүлбаршын – Алпамыстың сүйген жары

Алтыншаш – Гүлбаршынның анасы

Қаракөз – Алпамысқа ғашық болған Тайшық ханның қызы

Кейқуат – Алпамыстың зынданнан шығуына себепкер болған қойшы

Құлтай, Тортай – Алпамыстың туыстары

Ұлтан – зорлық-зомбылықты өз жақындарына жасаған залым адам

Сарыбай – Шекті елінің байы, Гүлбаршынның әкесі

Қараман – Гүлбаршынды зорлықпен алмақ болған қалмақ ханы

Тайшық хан – Байбөрінің жылқысын алып кеткен хан

Таймас – Алпамыспен шайқасқан жігіт

Бадамша – Ұлтанның сақау әйелі

Мыстан кемпір – Алпамысты алдап қолға түсірген жауыздық иесі

Жыр соңында жақсылық пен әділдік жеңіп, Алпамыстың еліне, халқына, ата-анасына, туған-туыстарына жасаған жақсылығымен аяқталады.

«Қамбар батыр» жыры – ел арасына көп тараған, ел намысы мен жер намысын қорғау жолындағы Қамбардың бойындағы батырлық, ерлік, батылдық, бірбеткейлік, намысшылдық сияқты ізгі қасиеттерді марапаттауға арналған жыр. Он сегіз жасқа толып, жар іздеген Назымды суреттеуден басталған жыр Қамбардың азаматтық іс-әрекеттерімен жалғасып, өрбіп, дамып отырады. «Қамбар батыр» жырының кейіпкерлері:

Әзімбай – атағы жер жарған бай
Назым – Әзімбайдың жалғыз қызы
Қамбар – жалғыз атты кедей жігіт
Қара қасқа ат – Қамбар батырдың тұлпары

«Қобыланды батыр» – халық ауыз әдебиетіндегі батырлар жырының бірі. Ата-анасының зарығып жүріп көрген жалғыз баласы Қобыланды бойына жастайынан ерге, батырға тән қасиеттерді жиып өседі. Ер-азаматқа лайық ісімен шартты орындап, Көктім аймақ ханның жалғыз қызы Құртқаны ұзатып алуынан басталған жыр оқиғасы Қобыланды батырдың ерлік, батырлық, намысшылдық іс-әрекеттерімен жалғаса береді. Жыр кейіпкерлері:

Қобыланды – негізгі кейіпкер
Аналық пен Тоқтарбай – Қобыландының ата-анасы
Қарлығаш – Қобыландының қарындасы
Естеміс – Тоқтарбайдың жылқышыларының, тоқсан құлының бастығы
Көктім аймақ – Қызылбас елінің ханы
Құртқа – Көктім аймақ ханның қызы, Қобыландының сүйген жары
Қызыл ер – Қызылбас елінің батыры
Қазан – Қызылбас елінің батыры
Сейілдің ұлы Қараман – Қобыландының жолдасы, Қазанға қарсы күресетін батыр
Алшағыр – қалмақтың ханы
Тайбурыл – Қобыландының тұлпары
Көбікті – хан
Қарлыға – Көбікті ханның қызы
Ақмоншақ – Қарлығаның тұлпары
Орақ – Қобыландыға көмекке келген жас батыр
Қамқа – Орақтың анасы
Қара қасқа ат – Қазанның тұлпары

«Қобыланды батыр» жыры Қобыландының барлық жауларын жеңіп, ел-жұртын, ата-анасын молшылыққа кенелтуімен аяқталады.

«Ер Тарғын» жыры – батырлар жырының ішіндегі таңдаулы шығармалардың бірі. Жырда көтерілген негізгі өзекті мәселелер – елдік пен ерлік, жақсылық пен жамандық, адал махаббат пен намысшылдық. «Ер Тарғын» жырында тарихи оқиғалар элементі де кездеседі. Жыр оқиғасы Тарғын деген батырдың қырғыз ханының бір адамын өлтіріп, Қырық сан Қырым жұртына қашып келуімен басталады. «Ер Тарғын» жырының кейіпкерлері:

Ер Тарғын – жырдың негізгі кейіпкері
Ақжүніс – Ер Тарғынның сүйген жары
Ақшахан – Ақжүністің әкесі, Қырық сан Қырым жұртының қырық ханының үлкені
Ханзада хан – Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайының ханы
Қарасай ұлы Көбен, Алшағырұлы Тебен, Өмірұлы Себен – Ер Тарғынның батыр жолдастары
Сыпыра жырау – Ер Тарғынға басу айтқан ақылды қария
Ардаби – Ер Тарғын мен Ақжүністің ұлы
Әжігерей, Айтқожа – Ардабидің ұлдары
Тарлан – Ер Тарғынның тұлпары
Қанатты қара – Ақшаханның тұлпары
Қартқожақ – Ер Тарғын мен Ақжүністі қуып жеткен Ақшаханның қарт батыры
Домбауыл – қалмақтың батыры

Жыр соңында барлық қиындықтарды жеңген Тарғын елдің әрі ханы, әрі батыры болады. Ақжүніс екеуінен туған баласы Ардаби де бек әрі асыл би болады. Оның баласы Айтқожа да бес қалаға хан болып, мұратына жетеді.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ