БЕКЕТТIҢ ҚҰС БОЛЫП ҰШУЫ.

0
1481
  Бекет Әлiм ауылдарының қалың ортасына келiп, бiр ел ағасының үйiне ат басын тiрептi. Сол үйде бiраз ел аға­лары жиналып отыр екен. Үстерiне келген жолаушымен амандасып, «Сен кiмсiң?» деп сұраса Бекет: «Адаймын» дептi. Сол жерде жүрiс жайы сұралмастан: «Адайлар талай адамымызды өлтiрiп, малымызды барымталаған. Әлi күнге дейiн құн төлемей, теңдiк бермей жүр едi. Сенi Құдайдың өзi айдап келген шығар, қазiр далаға алып шығып өлтiремiз!» деп бәрi үйден шығады. Далаға шыққасын Бекет әлгi ел ағасы ақсақалға: «Бәрiмiз де мұсылман баласымыз ғой. Сендер менi өлтiрер болсаңдар, соңғы рәкәт намазымды оқып алуға мұрсат берiңдер, сосын өлтiрерсiңдер» деп өтiнiптi. Кейбiр тентектердiң даурыққанына қарамай ел ағасы Бекеттiң тiлегiн берiп, «намазыңа рұқсат» дептi. Бекет ауыл алдындағы төбе басына шығып, оңаша тұрып оқығысы келетiнiн айтыпты. Төбенiң етегiнде қазықта арқан­дау­лы тұрған атын көрсетiп, «Егер «қашып кетедi» десеңдер төбенi айнала қоршап тұрыңдар. Тек, менiң намазымды бұза көрмеңдер» деп өтiнiптi. Ел ағасы оның бұл тiлегiне қарсылық етпептi. Содан, Бекет төбе басына шығып жайланып намазын оқуға кiрiсiптi. Ауыл адамдары төбенi айнала қоршап алыпты. Бекет бiр рәкәт намазын оқып болып, екiншiсiне кiрiскен кезде төбенi қоршап тұрған адамдардың бастары айналғандай болып, әркiм тұрған жерлерiне отыра кетiп, қалғығандай болыпты. Бiразырақ­тан кейiн олар естерiн жиып, көздерiн ашып қараса, төбе басындағы Бекет зым-зия жоқ. Арқандаулы аты сол тұрған жерiнде. Көкке ұшты ма, жерге сiңдi ме, белгiсiз… Содан Әлiмдер Бекетке намаз оқуға мұрсат берген кiсiнi ғайбаттап, боқтап, «оның қашып кетуiне сен мүмкiндiк бердiң. Сол жерде-ақ өлтiрiп тастау керек едi» десiптi. Ел ағасы «аты арқандаулы тұр ғой, жаяу қашып қайда кете қойды дейсiң? Одан да жан-жақты қарап тауып алайық!» дептi. Содан, жан-жаққа бөлiнiп, ауыл адамдары Бекеттi iздеуге кiрiсiптi. Бiрақ, тау-тасты, сай-саланы, ой-жыраларды түгел сүзiп, тiнтiп қарағанмен Бекет табылмапты. Бекеттi iздеушiлердiң бiр тобы өрiсте мал жайып жүрген қойшыға жолығып сұраса, қойшы «Бейсеубет жүрген аттылы да, жаяу адамды да көргенiм жоқ. Сендер «намаз оқыды» деген шамада бiр әлемет құйын ауылға қарай бет алды. «Ойпырмай, мына құйын ауылға барып соқса, үйлердi жығып, әбiгерге салады-ау» деп қарап тұрдым. Әлгi құйын ауылға жақындай бере өзiнен-өзi жоқ болып кеттi. Бiрақ, жоғарғы жағынан бiр үлкен алақанат қу ұшып шығып, тура түстiкке қарай бағыттап ұшып кеттi. Әлгi қу маған сол құйыннан бөлiнiп шыққандай болып көрiндi» дептi. Бекеттi сарсылып iздеп таба алмаған адамдар ауылға қайта оралыпты. Күн кешкiрiп қалған мезгiл, жаяу адам мұнша ұзап кетуi мүмкiн емес. Бұған айран асыр қалып, әңгiмелерi сан-саққа жүгiрiп жатқан адамдарға ел ағасы: «Ана арқандаулы тұрған атына барайық» деп Бекеттiң қазықтаулы атына келiптi. Арқан байланған қазықты жерден суырып алса, қазық сом алтыннан соғылған екен. Оның құны қарайған ауылдың барлық малының құнына татырлық. Аттың ерiнiң басындағы қоржынды ақтарып қараса, iшi­нен қымбат матадан тiгiлген бiрне­ше шапан шығыпты. Сол жерде үлкен бiр қария тұрып: «Оу, жамағат, бұл келген тегiн адам болмады. «Адаймын» дедi ғой, мен бiлсем, бұл келген Адайдың Бекетi болды. Оның әулие­шiлiгi туралы дақпырт әңгiмелердi бәрiң де естiп жүрсiңдер. Бiз онымен әуелде жөн сөйлеспей, бекерге арандаған болдық. Мына алтын қазық, қоржындағы шапандары мен атын арқандаулы күйi тастап кетуi, оның әулиешiлiгiнiң кереметiн сездiрiп тұрғандай емес пе? Ол бiзбен бiтiмге келген болды. Алтын қазық – өлген адамдардың құны, мына ат пен шапандар – ат-шапан айыбы болды. Бiз оның жөн сөз айтуына мұрсат бермей, салған жерден «өлтi­ре­мiз» деп өрекпiдiк. Әлгi қойшы айтқан құйын Бекеттiң құдiретiн көзiмiзге көрсеткенi емес пе? Бәрiңнiң бастарың айналып, естерiңнен танып жат­қанда ол атына мiнiп кетуге толық мүмкiндiгi болды, бiрақ олай еткен жоқ қой. Бұл онық ақ ниетпен келгенiнiң, сол ақ ниетпен кеткенiнiң белгiсi емес пе? Құйын болып ауылға соғып әуреге салса, қайсымыз не iстей алар едiк? Ар жағымыз бiр туған, ағайынбыз. Адайлармен арадағы жанжал бұдан былай тоқтатылып, қайтадан туысқандық қатынас жалғасын тапса, дұрыс болар едi. Бекет те соны тiлеп келгенiн көрсетiп отыр деп бiлемiн. Аруаққа шет болмаңдар, ақымақтың iсiн iсте­мең­дер, тоқталыңдар. Мен сендерден соны тiлей­мiн» дептi. Бұл сөзге қарсы дау айтушылар табылмапты. Бекеттiң кереметтiлiгi туралы әңгiме Әлiм ауылдарына тез тарап, ағайын арасындағы қырғи қабақтық осыдан кейiн сап басылыпты » дейдi үлкендер. «Бекет ата үш рет ұшыпты » деп әңгi­­мелейдi екен Сарыбек әулие. Бекет атаның ұстазы, әрi пiрi Бақырғани дүниеден өтер алдында өз жолын тұтын­ған шәкiрт­терiне: «Менiң жаназама Маңғыстаудағы жақсы көретiн шәкiртiм Бекет жетiс­кенше кiдiртiп күтiңдер! Ол жаназа намазыма жетi­седi» деп өсиеттеп тапсырған екен. Оның жаназасы қайда, қашан болатыны жөнiнде Бекетке аян арқылы берiлiптi. Содан пiрдiң жаназа намазына жиналғандар Бекеттi күтедi. Олар қайта-қайта далаға шығып қарайды. Адамдар арасында «Маңғыстаудан Бекет келгенше күте беремiз бе? Мүмкiн, ол келмес. Қарайған жерден жаяулап-жалпылап, қашан келетiнi белгiсiз ғой» десiп, күткiсi келмеген күңкiл сөздер көбейе түсiптi. Бiрақ, пiрдiң аманатын орындаушылар оларды сабырға шақырыпты. Бiр кезде даладан бiр жiгiт үйге кiрiп келiп: «Батыс жақтан бiр алып қарақұс ұшып келе жатыр» деп хабар берiптi. Адамдар дүркiрей далаға шықса, анадай жерде жаяулап Бекет келе жатыр екен. «Бекет жетiскесiн пiрдiң намазы оқылып жерленiптi» дейдi. Бұл – Бекет атаның ел есiнде сақталып қалған ең алғашқы ұшуы екен. Екiншi ретте оның Әлiмдер «Өлтiре­мiз» дегенде намаз оқуға рұқсат алып, одан құйын болып аспанға көтерiлiп, алақанат қу болып құтылып кетуi жө­нiнде жоғарыда айтып өттiк. Бекеттiң үшiншi рет ел көзiнше ұшуы Адайлар мен Табындар арасындағы бiр бәсекеге байланысты айтылады. Табын Барақ батырдың баласы Асау да ұшатын қасиетке ие адам болыпты. Бiр үлкен жиында Табындар Адайлармен бәсеке таластырыпты. Табындар жағынан беделдi бiреу тұрып: «Әй, Адайлар, бiздiң Асаумен бәстесiп ұшатын адам бар ма?» – дептi. Сол жиынға Адайлар арасында Бекет те барған екен. Ол елiнiң намысы үшiн ұшуға келiсiмiн берiптi. «Аға баласы» деп жол Асауға бе­рiлiптi. Ол жердi теуiп жiберiп, қарақұс болып көкке көтерiлiп, ауыл төңiрегiн бiр айналып келiп жерге түсiптi. Кезек Бекетке келiптi. Ол жиылған адамдардан оқшауырақ шығып барып жетi қадам жасап, көкке алақанат қу болып көтерiлiп, алдында Асау оралып қайтқан маңнан да кеңiрек асыңқырап барып керi оралғанда, жиынға қатысқан халық оның соңында ере ұшып келе жатқан 7 аққудың балапанын көрiп, таңданыпты. Содан «Бе­кеттiң қасиетi 7 ұрпағына жетедi екен» деген аңыз тарапты ел iшiнде.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ