Біздің Димаш Құдайберген жайлы əлем жұртшылығы не деп жатыр?

0
882

«Жонатан Мальнури (Франция): Кемеліне келген керемет дауыс! Дыбыстарды дәл айтуда жіберген кейбір кемшіліктері кешірімді. Кеуде түкпірінен шығатын үн мен регистрді тамаша пайдаланады екен. Ғажап!»

«Робин Уильямсон (АҚШ): Мен мына жігіттің кім екенін де, мұның қандай шоу екенін де білмеймін. Білетінім: әншінің диапазоны сұмдық! Және осы сұмдық диапазонды ол қалай әуелетеді десеңші! Феномен!» «Кармен Фернандес Ансуатеги (Испания): Дауыс… жүректерді жақындататын ең күшті құрал. Мынадай кең диапазон қалай жақындатпасын…»

«Изабель Шоффетон (Франция): Мен бұл видеоны төрт рет көріп шықтым. Сірә, Даниэль Балавуан жұмақта өз әнін мынадай баланың шырқағанына разы боп жатқан шығар. Мына әнші, сөз жоқ, гений. Нағыз гений! Рас, кей сөздерді дұрыс айтпады, бірақ, онда тұрған не бар, бастысы – эмоция шынайы және күшті!»

«Кристин Орбст (Германия): Мәссаған, мына жігіттің көмейінде тенор мен сопраноның арасындағы, ерге тән дауыс пен әйелге тән үн арасындағы бүкіл дыбыстар гаммасы түгел жүр ғой! Тұла бойым тітіркеніп кетті».

«Сильвания Байландо (Италия): Сирек кездесер айрықша дауыс екен. Кімде-кім мына әншінің аты-жөнін білсе, маған айтсыншы».

«Иан Стюарт (Ұлыбритания): Құдайым-ау, қандай ғажап! Қайта-қайта тыңдап отырмын. Осындай да дауыс болуы мүмкін бе? «Мүмкін» дейтін шектен де шығып кеткен диапазон ғой мынау! Жаратқанның өзі берген дарын. Қуанышым кеудеме сыяр емес. Видеоны бөліскендеріңізге рахмет».

«Марсия Никайдо (Бразилия): Бұл сайыс емес шығар деп үміттенемін. Егер сайыс болса, онда басқа қатысушыларға жасалған әділетсіздік бұл. Мұнымен жарысуға кімнің шамасы келеді? Құдды бір әншінің ішінде үш әнші тұрған сияқты. Ғажап!»

«Туула Хастбакка (Финляндия): Адам сенгісіз регистр, тұнық та кең дауыс, керемет интерпретация. Мықты әнші екен!»

«Агнес Дани де Бос (Бельгия): Қандай күшті дауыс… Құдайдың берген сыйы ғой… Жылап отырмын, көзімнің жасын тыя алар емеспін… керемет… керемет… керемет…»

«Виктория Мортенсен (Дания): Қандай талант, қандай әнші! Ризамын! Кәсіби тұрғыдан өсе беруіне, кемелдене беруіне тілектеспін! Бәрі жақсы болсын!»

«Кристина Дельмендо (АҚШ): Күлсеңіздер, күле беріңіздер, бірақ, мен әннің бір сөзін де түсінген жоқпын, есесіне, дауыс қандай тамаша! Тыңдап отырып, көзімді жұмып едім, көңілім босап кетті. Көз жасым бетіммен тарам-тарам боп ағып жатыр. Тілдік кедергі бар болса да, музыка жүректерді біріктіріп, оларды мейірім мен бейбітшілікке үндей алады!»

«Эса Сейтту (Швеция): Менің бұл әнді тыңдап отырғаныма бірнеше сағат болды, тіпті, тоқтай алар емеспін. Әннің не туралы екенін де білмеймін. Мынау – адамның емес, періштенің даусы. Музыка арқылы соғысты тоқтатуға бола ма? Иә, мына жігіт тоқтата алады. Мен әлемнің жеті кереметі туралы естігем, бірақ, мына әншінің ғажайыбы бәрінен асып түсетін сияқты. Мынадай дауысты жаратқан Құдайға енді сенбесіме амал жоқ!»


ПІКІР ҚАЛДЫРУ