Гүлмира Сұлтанбаева: «Qaztest.kz — оқушы мен педагогтың білімін арттыратын бірегей платформа»

1
1552

«Ұстаз болып қалыптаспайды, ұстаз болып туады» дейді, менің бүгінгі кейіпкерім. Ал жақсы ұстаз бәрінен де қымбат болатынын Ыбырай Алтынсарин әуелде айтып кеткен. Саяси ғылымдарының докторы, профессор, «Qaztest» олимпиада сайтының жетекшісі Гүлмира Сұлтанбаевамен осы тақырып және бүгінгі білім жүйесіндегі олқылықтар мен толықтырулар жайында сөз еттік.

Соңғы кездері білім саласында министр жиі ауысты, осының кері салдары қаншалықта байқалып жатыр?

Әрине, аталмыш министрлік жауапты және құзіретті органның бірі. Ақпараттық салада, не әлеуметтік желідегі мониторингтерден байқасақ, даулы және ең көп пікір-талас тудыратын сала – Білім және ғылым министрлігі. Оны басқарған министрлердің де желіде көп талқыға түсуі осының айғағы. Білім және ғылым министрлігіне әр басшының келуі білім және ағарту саласындағы реформаларға және білім туралы заңдардың өзгеруіне алып келеді. Мысалы, тәуелсіздік алғалы 13 министр ауысты. Әр министрдің келуімен қатар олардың реформалары үнемі қызу талқыға түсіп жүр. Әсіресе ҰБТ-ның келуі және оқулықтарға байланысты әлеумет арасындағы наразылықтың тууы, оның сапасыздығы жиі сөз болды. Одан кейін елдің көп талқылағаны — мектеп жасындағы балалардың тамақтануы. Министрліктің оны алып тастауы бәрімізді ойландырады. Соған қоса, жоғары оқу орындарына түсу мен қабылдаудың ережелерінің өзгеруі де көп талқыланды. Өзім білім саласындағы маман болғандықтан, министрліктің сайтын, әлеуметтік желісін үнемі бақылап отыруға тырысамын. Байқағаным, бұл салада аналитика жетіспейді. Жазда әлеуметтік желіде Білім министрлігін тегтеп, екі рет сыни материал жариялаған болатынмын, бірақ олардан жауап болған жоқ. Көптеген мектептерде ата-аналардан сыныптың құрал-жабдығына, болмаса мереке күндеріне ақша жинау әлі де бар. Менің де балаларым мектеп жасында, яғни мұндай жағдай өзімде де бар. Бұл менің ғана емес, бүкіл елдің басындағы жағдай. Екінші мәселе — республикамыздағы оқу орындарының журналистика және ақпараттық бағдарламаларына экспертиза жасау, қандай бағдарламалар нарыққа керек екенін анықтау. Осы жазда өз білгенімше анализ жасап көрдім. Дегенмен Болон орталығына тіркелген білім беру бағдарламаларына талдау  өте қажет. Таяу болашақтағы нарыққа қажет жаңа кәсіптерді болжау үшін, сұраныстан шығып, қажетсіз болатын кәсіптерді айқындауда да қажет.

Білесіздер, жазда жоғары білім беру саласында үлкен реформа орын алды. Енді мамандыққа емес, білім беру бағдарламалары топтамаларына грант бөлінді. Әрине, бұл өте жақсы. Бірақ мұнда кейбір мамандықтарға бір орынға бірнеше адам таласса, кейбіреуіне үміткерлер саны жетпей қалды. Яғни мұнда да тереңінен талдау жасалмағынының көрінісі. Бізге өзіміздегі нарыққа керек салаларға талдау жасалуы тиіс. Олар әртүрлі индекспен «біздің білім сапамыз осылай дамып жатыр» дейді, кейбірінің презентацияларын да тыңдап көргенмін. Бәлкім ол да керек шығар, бірақ үлкен жобаларға арналған талдауларды мүлде көрмедім. Ал ондай маңызды талдаулар біз сияқты университеттерге өте қажет. Өйткені нарықта жоғары білім беріп отырған барлық университетке қажетті карта болып саналар еді, яғни белгілі бір салада акцент қоюға көмектеседі.

Иә, бізде білім жүйесі бұрыннан жиі өзгеріске түседі. Осы жайт елдің дамуына қандай кедергілер келтіріп отыр деп ойлайсыз?

Иә, жүйенің жиі өзгеріске ұшырауы бәрімізге әсері бар. Неғұрлым білімді, логикалық тұрғыда ойлай алатын, көптеген салада пайдалы талдаулар жасай алатын мамандарды даярлауда үшін білім жүйесі тұрақталуы керек. Біз эксперименталды кезеңдерден шаршаған халықпыз. Бір министр келеді, ол жаңа реформа жасайды, оның орнына келгені тағы жаңасын бастайды. Жалпы білім беру жүйесіне бірінші кезекте тұрақтылық керек, сосын ұзақ мерзімді жақсы стратегия болғаны дұрыс. Жылда бір министр жаңа реформа алып келуі нарықты және оның тұтынушыларын шаршатады.

Қазір «диплом керек емес, кәсіп баста!» деген сөздер ұранға айналып кеткен сияқты. Осы орайда қалай ойлайсыз, бұл тенденция бізді неге алып келуі мүмкін?

Мен «диплом керек емес» деген ойға қарсымын! Жоғары оқу орнында білім алған адам логикалық, кәсіби, теориялық және практикалық жағынан дамиды. Яғни ол белгілі бір деңгейде адамзаттың классикалық білімімен сусындайды. Мәселен, бірінші курста барлығына бірдей «Қазақстан тарихын» оқыту, кез келген азаматты өз тарихын танып білуге, оны сыйлап құрметтеуге септігін тигізеді. Сосын философия оның тарихын зерттеу, тану жас адамның дүние танымын арттырады. Философияға дайындау классикалық білімнің үлгісі, ол әлемнің озық елдерінде де бар тәжірибе. Сондай-ақ бізде қазір жаратылыстанудың негіздері үйретіліп жатыр. Бұл күні жер бетінде ғаламдық өзгерістер туындады, климаттың жылуы, қоршаған ортадағы өзгерістер деген секілді. Жаратылыстану негіздерін білу, оның осы проблемаларын өз кәсібіңнің деңгейінде шешуге ұсыну деген сөз. Бұл — заманның талабы. Сондықтан «диплом керек емес» деу уақытша тенденция. Қысқа мерзімді курстарды оқу арқылы, маман боласыздар, университет оқымай-ақ диплом алуға мүмкіндіктеріңіз бар деген нарықтың өткінші талаптары. Егер академиялық білім болмаса, маман ретінде дамиды деп айта алмас едім. Білім қуған адамға жоғары және магистрлік білім керек. Жақсы мамандар да бар, бірақ олардың саны аз. Осы себептен де біз маман дайындау үшін, магистрлік білімдердің саны мен сапасын арттыруымыз керек.  Келесі кезекте PhD доктаранттарымыз  «диссертациямды қорғадым, болды» демеуі керек, одан әрі сол еңбегімен  өз ғылым саласы мен кәсіби бағдарын дамытуға үлес қосу керек. Ғылымның ең қажетті салалары мен пәнаралық зерттеулерде тұтас ғылыми мектептер қалыптастыратын осы жаңа буын докторлары.

Тәжірибелі педагог ретінде жоғары оқу орындарына қандай өзгерістер енгізуді ұсынар едіңіз?

Мен өзгеріс енгізетін министр, ректор, не жоғары оқу орындары ассоцациясының мүшесі емеспін. Бірақ ғалым, профессор ретінде ең алдымен жоғары оқу орындарында келетін талапкерлерді қабылдау науқанының белгілі бір процедураларын жақсартуды өтінер едім. Себебі,  бізде қабылдау науқанында толық ақпарат бере алмайтын, берсе де бағыттай алмайтындар жұмыс істейді. Оқуға түссем деп келген талапкерге, жақсы түсіндіріп бере алатын өте мықты мамандардың командасы жұмыс істегені дұрыс.

Осы жылы мамыр айында менің туған ауылымның оқушылары «қандай мамандыққа бағдар бересіз?» деп өтініш хат жазыпты. Мектепте бір шара өткізіп жатыр екен, сонда оқушылардың бәрі көру үшін видеомен жібердім. Мен қазіргі Түркістан облысы, Жетісай ауданы Атамекен ауылдық округына қарасты Қоғалы ауылындағы Ж. Сүлейменов атындағы орта мектепте  оқыдым. Әрине, видеода ойымды тәжірибем мен біліміммен ұштастырып, ашық айтуға тырыстым. Байқасам, ол видеоның желідегі қаралымы да көп болды. Сол видеоны көріп, журналистиканы таңдаған бірнеше талапкер де факультетімізге келді. Сонда менің түсінгенім, жас талапкердің өмірлік мамандық таңдауына әсер етуде үлкен міндет, жаапкершілік екен. Жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясынның командасында сол мамандықта жұмыс істейтін педагогтар болып, сапалы ақпараттық науқандар жасағанын қалар едім. Әйтпесе, әр университеттің алдына тұрып алып, «бізге кел, бізде оқу арзан» деп айты жабайылық! Сауатты түрде PR-дың жақсы технологияларымен жұмыс істеуіміз керек. Көптеген аутиторияға әсер ететін видео дәрістер, аудио роликтер, не болмаса фото-коллаждар дауындау, осы салада өзін танытқан мамандар мен ғалымдардан сұқбаттар ұйымдастыру – мұның бәрі балалардың дұрыс мамандық таңдауына әсер етеді.

Оған қоса, журналистика мамандығы 85 жылдан бері маман даярлап келеді, қазір елімізде отызға жуық жоғары оқу орнында білім алады. Бірақ осыған қарамастан журналистика және ақпарат білім беру бағдарларламарының тиімділігі мен кемшіліктері туралы аналитика жасалмаған. Бізде жыл сайын  білім беру бағдарларына ұлттық тәуелсіз аккредитациялау шаралары өтеді.  Ал халықаралық аккредитациядан өткен бағдарламалар әзірге Қазақ ұлттық университетінің ғана еншісінде.

Жоғары оқу орындарында өзгеріске тағы бір қосарым, кураторлар корпусы жайында. Өзім осы салада қызмет еткендіктен, маған өте таныс сала. Кураторлардың статусы бізде нақты жүйеленбеген. Куратор – студенттердің білім алуындағы әлеуметтік орнығуына дұрыс көмек беретін тұлға. Менің білуімше, Назарбаев мектептерінде куратор басқа қызметтерден босатылған, яғни сабақ бермейтін педагог, ол балалардың оқу, демалыс барысын ұйымдастырып отыратын маман. Ал өзге жерлерде кураторлық деген формалды дүние сияқты. Сабақ, беріп жүрген маман, курсына көңіл бөліп, міндетін толық жүзеге асыра алмайды. Сондықтан, куратордың статусын көтеру жақсы мамандардың дұрыс білімалуына, маман болуына  ықпал етеді деп ойлаймын.

Өзіңіз студенттерге жігер беріп, қолдап, жиі жобалар өткізіп, шәкіртақылар тағайындап жүргеніңізге біршама уақыт болды. Осындай жобалар студенттердің біліктілігіне, біліміне қаншалықты әсер етіп жатыр және соңғы жобаларыңыз туралы да айта кетсеңіз?

Өзім білімді, аналитикаға жылдам, оперативті жұмыс істейтін, жауапкершілікті маманды көрсем қатты қуанамын. Бұл қоғамның жемісі, елдің табысы деп ойлаймын. Мен шамамен 2010 жылға дейін көптеген пиар жобаларға жетекші болдым, одан кейін де студенттердің журналистикада білім алуына еңбек етіп келе жатырмын. Бұл маған өмірлік күш-қуат береді, себебі мен бұл саласыз өмірімді елестете алмаймын.

Ең алдымен, менің авторлық жобам – журналистика жазғы және қысқы мектептерін ұйымдастару. Оған дейін Ресейдің Петербург қаласына барып, қомақты қаржы төлеп сабаққа қатысып келген едім. Сонда «Неге біз өзіміз ұйымдастырмаймыз?» деген оймен, бағдарламасын дайындап, ең бірінші Ыстықкөлде өткіздік. Қазір он төрт  рет жазғы және қысқы мектеп өтті. Бұл жоба кәсіби, жоғары деңгейдегі платформаға айналып келе жатыр. Біздің қатарымызға алыс-жақын елдерден журналистер келе бастады. Практиктер мен теоретиктердің басы қосылатын, көптеген тренерлерді қалыптастырған орта. Олардың қатарында өзім дәріс берген шәкірттерім, бұл күні медиа саласында қызмет етіп отыр.

Осы орайда, менің жобамды қолдаған тренерлер тобына алғыс айта кетейін. Олардың ішінді Қанат Әуесбай, Өркен Кенжебек, Мұхаммедәлі Бұқарбаев, Серікқазы Кәкібаланов, одан бері Бибігүл Жексенбай, Меруерт Құмарова және Есенкүл Кәпқызы сынды мамандар бар. Сосын қырғызстандық мамандар да әуелден қолдап жүр. Осы жобаға былтыр Франция, Жаңа Зеландиядан мамандар, Ауғанстаннан журналист қыздарды шақырдық, олардың келуі де біздің дәрежеміздің өсуіне, біліміміздің толығуына ықпал етеді.

Тағы бір жобамыз, ЮНЕСКО-ның «Медиа және ақпараттық сауаттылық» деген бағдарламасы аясында Түркістан облысына медиа-керуен ұйымдастырған болатынбыз. Ол өз мақсатын жақсы деңгейде орындады, сондықтан біз алдағы уақытта бұл форматты да жалғастыруды көздеп отырмыз.

Осыдан бір жыл бұрын Ұлттық арнаның қолдауымен біздің факультетте «Қазақстан» оқу-шығармашылық зертханасы ашылды. Ол жер технологиялық тұрғыда толықтай жабдықталған, сондықтан да ұстаздар онда дәріс өткізуді қолайлы санайды. Таяуда «Egemen Qazaqstan» оқу-шығармашылық, іле-шала Ж. Кенжалин атындағы «Баспаөз және жаңа медиа» зертханасын аштық. Бұл да технологиялық жағынан жабдықталған жаңа медиамен қатар, баспасөздің контентіне толықтай талдау жүргізуге мүмкіндік беретін зертхана. Біз студенттеріміздің сапалы білім алуы үшін технологиялық базаға үлкен мән берудеміз. Мүмкін болғанынша жаңа жобаларды әлі де жүзеге асыруға дайынбыз.

Жаңа шәкіртақы туралы сұрап жатырсың, иә біз жыл сайын Барманқұлов, Бекхожин, Қожакеев оқуларын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық.  Ол шәкіртақылар студенттерге жақсы мотивация, мүмкіндік, яғни жазған дүниесінің нәтижесін көріп, қуану. Ол тек материалдық қана емес, статустық тұрғысынан да пайдалы. Жалпы ізденетін, алдына мұрат қойған студенттерге мүмкіндер көп. Авторлық жобаларымның қатарында Орталық Азия журналистерінің басын біріктіретін ассоциация құру бар. Біз бұған бірнеше жылдар бойы дайындалдық. Жаздық мектептің тұрақты серіктестеріне айналған Қырғыстанның жоғары оқу орындары, мысалы, Баласағұн атындағы Қырғыз Мемлекеттік университеті, Орталық Азия Америка университеті, Қарасаев атындағы Бішкек Гуманитарлық университеті, Ош Мемлекеттік университтеті сияқты оқу орындарымен ынтымақтастығымыз өте жоғары. Сосын біздің алаңға Өзбекстанның да университеттері қосылып жатыр. Қазіргі акцент Орталық Азия университеттері болып отыр, сондықтан бұл салада әлі де прогрестерге жетеміз деген ойдамын.

Сіз жетекшілік ететін qaztest олимпиада сайтының негізгі мақсаттары қандай?

«Qaztest», «Martebe.kz», «Ozattar.kz» сайттарының негізін салған өзімнің шәкіртім Берікбол Төлеген деген азамат. Қазір Берікбол біздегі журналистика бағдарламасы бойынша магистрлік жұмысын жүргізуде. Бұл стартап ретінде басталған жоба деп айтуға болады. Qaztest – бұл мектеп оқушыларының олимпиадаға қатысуы, тесттерге дайындау мүмкіндігі, сапалы тесттердің кешенін ұсыну. Яғни білім алудың балама көзі, дәл қазіргі қашықтықтан, виртуалды білім алудың заманында мектептен тыс уақытта балалардың оқуға көңіл бөлуіне әсер етеді. Осы жолда шәкіртіме кеңесші болу маған үлкен мәртебе. Сондықтан да мен педагогтар мен оқушылардың осындай біріңғай платформасының қалыптасуын маман ретінде қолдаймын. Бұл біз үшін де үлкен жетістік.

Осындай онлайн платформалардың қалыптасуы қаншалықты маңызды және оған деген сұраныс қанағаттанарлықтай ма?

Біз бүгінде ақпараттық, яғни білім қоғамында өмір сүріп отырмыз. Виртуалды білім алу, білімін арттыру және онлайн желідегі білім қорларына деген сұраныс жыл санап артып келеді. Қашықтықтан білім беру адамдардың білімге деген көзқарасын өзгертті. Білімнің құндылық ретіндегі рөлін арттырды. Дәл бүгін виртуалды ашық білім беру қорлары алып индустрияға айналуда. Тіпті бұқаралық онлайн білім алу аудиториясы 60 млн-ға жуықтаған. Білім бердің жаңа моделі Қазақстан нарығына да батыл енді. Бұл күндері ұлттық университеттерде, мектептерде онлайн қорларды дайындау мен байытуға деген талпыныстар жылдам дамуда. Елбасы Н. Назарбаевтың «Жаңа гуманитарлық білім: 100 кітап» жобасы нәтижесінде OPENU.KZ қоры қазақ тіліндегі аударылған кітаптардың виратуалдық дәрістерін енгізуде. Осы ретте соңғы жылдары қазақстандық интернет кеңістігідегі ағарту платформасын қалыптастырып отырған «SKILLS ACADEMY» кейсін атауға болады. Студенттік стартап жоба ретінде басталған білім берудің жаңа моделіне басымдық беретін цифрлық ағарту жобасының болашағына үлкен сеніммен қараймын.

Меніңше, қазір педагогқа деген құрмет бұрынғыдай емес. Ұстаз бен шәкірттің арасындағы сыйластық неліктен ажырап қалды?

Бұлай айту дұрыс емес шығар?! Таяуда Гиннестің рекордтар кітабына енген, қазақ-түрік лицейінің ұстазы туралы оқыдым. Өмірде көрмесем де оны жақсы түсінемін, шәкірті үшін жүрегін беруге даяр азамат деп танып, бағалаймын. Бізде ұлы, нағыз ұстаз тұлғалар бар. Мысалы, Асқар Жұмаділдаев, ол кісі бір сөзінде «Мен той-жиынға баруға емес, шәкірттеріме баруға асығамын, өйткені олармен жұмыс істеген ұнайды» — дейді.

Дегенмен ұстаздың да ұстазы бар. Әр адамның жүрегінің кілті болады, сол кілтке жол табу екінің бірінің қолынан келмейді. Кейде біздің ұстаздар тереңінен ойланбай жатады. Жалпы ұстаз өзін емес, өзгені көп ойлауы керек. Әйтпесе, одан нағыз педагог шықпайды. Негізі ұстаз болып қалыптаспайды, ұстаз болып дүниеге келеді.

Енді сол педагогтардың мәртебесін одан әрі арттырудың қандай жобаларын ұсынар едіңіз?

Ауылда жүріп, ғұмырын ұстаздыққа арнаған мұғалімдер өте көп, солардың атын жарыққа шығаруымыз керек. Ұстаздарға арналған байқаулар көп, бірақ ұстаздың этолоны жоқ! Сондықтан біз нағыз ұстаздық өнерге келген, бүкіл міндет мақсаттарын орындайтын мұғалімдердің мәртебесін арттыратын жобалар жасағанымынз дұрыс. Мектептің де мұғалімдеріне арналған гранттар керек секілді. Сосын олардың тәжірибесін дәріптеу үшін түрлі ресурстар керек.

ҚР БҒМ тарапынан «Жылдың үздік оқытушысы», «Жылдың үздік мұғалімі» деген марапаттар жыл сайын беріліп келеді. Бұл еліміздегі ұстаздың мәртебесін арттыруға және материалдық қолдауға арналған мемлекеттік қолдау. Осы ретте SKILLS ACADEMY мекемесі дарынды балаларды ынталандырып, ұстаз мәртебесін көтеруде жүзеге асырып жатқан «Қазақстан үміті» және «Қазақстан ұстазы» атты төсбелгілерін атап өткім келеді. Мұндай төсбелгілердің болуы — азаматтық қоғам тарапынан ұстаз, мұғалім, педагог, азамат мәртебесін қалыптастырудың көрінісі. Әрі азаматтық қоғамның елдегі ағарту ісіне белсенді қатысуы. Осындай төсбелгілерді республика ұстаздары кеудесіне тағып жүрсе, олар өз мамандықтарының ұлылығын сезініп өзгеден ерекшеленіп жүреді деген ойдамын.

Гүлмира ханым, сұқбатыңызға рақмет! Өзіңіз сияқты педагогтардың саны арта берсін, ісіңізге табыс тілеймін.

Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан 

MARTEBE.KZ


1 ПІКІР

  1. Жақсы сұхбат болыпты. Істеріңізге табыс тілеймін. Менен де алатын күндеріңіз жақын болсын))

ПІКІР ҚАЛДЫРУ