Халықтық педагогика – этнопедагогиканың зерттеу объектісі

0
5352
Әбіш Кекілбаев

Халықтық педагогика – этнопедагогиканың зерттеу объектісі

Адам баласы әу бастан өз ұрпағын өмiрге, еңбекке икемдеп, тәрбиелеп келгенi көпке аян. Бүгiнгi қалыптасқан белгiлi ғылыми-теориялық заңдары бар педагогика ғылымы өмiрге келгенше де адамзат тәрбие iсiмен айналысып бақты. Оның қағазға жазылып түспеген, бiрақ халық жадында мәңгi сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл-ақыл, өсиет-өнеге, қағида болып тарап келген бiлiм-бiлiк, тәлiм-тәрбие беру тағлымдары бар. Ол халықтық педагогика деп аталады.

Халықтық педагогика салт-дәстүр, жол-жора, ырымдар, тағам дайындау, қонақ күту рәсiмдерi мен ауыз әдебиетi үлгiлерi, ұлттық ою-өрнек, өнер түрлерi, спорт ойындары арқылы отбасылық тәрбиеден басталып, ауыл-аймақ, ел-жұрт, ру-тайпа, қала бердi бүкiл халықтық қарым-қатынастан берiк орын алған тәлiм-тәрбиенiң түрi, адам мiнезiн, iс-әрекетiн қалыптастырудың белгiлi нормасы болып табылады.

Олай болса, халық педагогикасы қоғам дамуының (алғашқы қауымдық қоғамнан бастап) белгiлi сатыларынан өтiп, ғылыми педагогикалық дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесiнiң бастау бұлағы, педагогикалық құралы болып, тәрбие жүйесiнiң қызметiн атқарып келгенiн байқаймыз. Яғни, осыдан келiп ғылыми педагогика мен халықтық педагогиканың тәрбие тәсiлдерiндегi сабақтастығы, принциптiк-идеялық үндестiгi туындайды. Бүгiнгi әлемдiк аренаға жеткен ғылыми-педагогика халықтық педагогикадан бастау алып, оны ғылыми теориялар мен қағидалар тұрғысынан жан-жақты зерттеп, қарастырып, байытты. Сөйтiп, өз қажетiне жаратты.

Осы қажеттiлiктен келiп, халықтың эмпирикалық тәжiрибесiне негiзделген ұрпақ тәрбиелеу тағылымдары — халықтық педагогиканы ой елегiнен өткiзiп зерттеп, тәрбие мен оқу iсiнiң өзектi құралы етудiң жолдарын және оның шығу, даму кезеңдерiн өзiндiк ерекшелiктерiн, басқа ғылымдармен байланысын зерттейтiн педагогиканың ғылыми бiр саласы этнопедагогика пайда болды.

Академик Г.Н.Волковтың пiкiрiнше, халықтық педагогиканың ерекшелiгi: оның адам баласының дүниеге келген күнiнен бастап бiрге жасасып келуiнде, адамдардың қоғамды құруда, қоршаған ортаны — табиғатты өзiне икемдеп игеруiнде, еңбек тәрбиесiнiң алғашқы адамдар өмiрiнде басты рөл атқарғаны, тәрбиенiң басқа түрлерiнiң кейiн туғандығы, халықтық тәрбие жөнiндегi қағидалары өмiрлiк тәжiрибеге негiздеген эмпирикалық бiлiм болып келуi, оның ұлттар мен ұлыстардың жазу мәдениетi шықпай тұрған кезiнде пайда болып, халық арасында ауызша тарауы, сондықтан да оны шығарушы авторларының аты-жөнi халық жадында сақталмай, бүкiл халықтық мұраға айналып кетуi, халықтың ұрпақ тәрбиелеудегi озық тәжiрибелерi мен ой түйiндерi сол халықтың ой-тiлегiмен, арманымен ұштасып келгендiктен, озық үлгiлерiнiң мәңгi сақталып, ал тозығының бiртiндеп өмiрде қолданудан шығып калуы, халық педагогикасы өнерге, еңбекке негiзделгендiктен, үнемi жетiлдiру, ұшталу үстiнде болуы, сондай-ақ халық педагогикасының ғылыми жүйеге, теорияларға құрылмай, жеке бастық тәрбиенiң озық үлгiлерiне және оның нәтижесiне құрылуы, тәрбие тәжiрибесiнiң ғасырлар бойы жалғасып келуi (преемственность), алғашқы тәрбие түрлерiнiң қоғамда бөлiнбей, синкреттi тұтас түрiнде берiлуi (мысалы, қол, би, музыка өнерлерiнде ой еңбегi мен дене еңбегi, ақыл-ой тәрбиесi мен еңбек тәрбиесiнiң бiрге ұштасып келуiнде)”, деп саралай көрсете келдi де, “халық педагогикасы ру, тайпа, ұлттар мен ұлыстардың ұрпақты тәрбиелеу тәжiрибесiне негiзделiп, халықтың тәрбие құралдары (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойын түрлерi, ауыз әдебиетi үлгiлерi) арқылы iске асыруға құрылса, ал этнопедагогика теориялық ойларға, ғылымға негiзделедi.

Ол халықтың этнографиялық салт-дәстүрiн, тұрмыс-тiршiлiгiн педагогикалық, логикалық ғылыми жүйе тұрғысынан зерттеп қарастырады… яғни, халық педагогикасы ғылымға шикi материал даярлаушы мәлiметтер көзi болып табылса, сөйтiп педагогика ғылымына қызмет етушiнiң рөлiн атқарса, ал этнопедагогика халықтың бала тәрбиелеу тәжiрибесiн, педагогикалық мәдениетiн зерттеп, оның прогрессивтiк үлгiлерiн бүгiнгi оқу-тәрбие iсiне жаратудың жолдарын ғылыми тұрғыда қарастырады” (16, 7), — дейдi.

Ал бұрынғы КСРО Педагогика ғылым академиясының корреспондент-мүшесi, профессор И.Т.Огородников, Г.Н.Волковтың “Этнопедагогика” атты еңбегiне жазған кiрiспесiнде: “Егер халық педагогикасы мен этнопедагогикаға арналып екi хрестоматия жасалған болса, оның бiрiншiсiне бала тәрбиесi жөнiндегi ауыз әдебиетi үлгiлерi мен халықтың салт-дәстүрлерiне арналған этнографиялық тәлiмдiк жазбалары енгiзiлген болар едi де, ал екiншiсiне халық педагогикасы мен халықтың тәлiм-тәрбиелiк ойларын зерттеуге арналған педагог-ғалымдардың еңбектерi енген болар едi” (16, 6), — деп, халық педагогикасының таза тәжiрибеге негiзделген тәрбиенiң эмпирикалық түрi екенiн және оның этнопедагогиканың ғылыми зерттеу объектiсi болып саналатынын ашып көрсетедi.

Халық педагогикасында тәрбие мәселесi бiрiншi орынға қойылып келдi. Ол заңды да едi. Себебi, халық педагогикасы ғылым мен мәдениеттiң жетiлмеген кезiнде пайда болғандықтан, тәрбиенi еңбек пен өнерге, оның iшiнде қол өнерiне негiздей жүргiзудi уағыздады. Бертiн келе, оқу-бiлiм дамып, ғылым мен техника өрiстей бастаған кезiнде, XVII ғасырдағы ұлы чех педагогы Я.А.Коменскийдiң атымен байланысты ғылыми педагогика пайда болды. Ғылыми педагогиканың теориялық зандары қалыптасып өмiрге келдi. Я.А.Коменский өзiнiң атақты “Ұлы дидактика”, “Ағайынды чехтарды тәрбиелеу” атты еңбектерiнде тұңғыш бiлiм беру iсi мен тәрбие iсiн бiртұтас процесс деп қарау идеясын ұсынды.

Тәрбие мен бiлiм берудi бiрiктiру тенденциясы оқу-тәрбие iсiнiң тұтастығынан туындады. Тәрбие-әлеуметтiк процесс, ал адамның жеке басының өсiп жетiлуi, дамып қалыптасуы — ол әрi әлеуметтiк, әрi биологиялық процесс. Осы ерекшелiктен келiп, педагогикада қоғамтану мәлiметтерiн жаратылыстану мәлiметтерiмен бiрiктiре қарастыру қажеттiлiгi пайда болады. Оның себебi педагогика адам тәрбиесiнiң қажетiн өтеушi, қоғамдық сұранысты iске асырушының рөлiн атқарушы болып отыр. Ал педагогиканың жеке басты (индивидиумды) тәрбиелеп жетiлдiрудегi iс-әрекетi оқу-тәрбие орындары арқылы iске асырылады.

Адам тәрбиесiнде бiлiмнiң теориялық жақтары шешушi рөл атқарғанымен, оны (теорияны) жеке басты оқытып тәрбиелеп жетiлдiруге пайдалану үшiн тәжiрибеде қолданудың әдiс-тәсiлдерi керек. Мiне, осыдан келiп, теория мен тәжiрибенiң, оқытудың өмiрмен байланысын, оны iске асырудың жолдарын қарастыратын педагогика ғылымының бiр саласы — оқыту мен тәрбиенiң методикасы туындайды. Бiлiм беру мен тәрбие iсiнiң теориялары мен өмiр тәжiрибесi тығыз ұштасқанда ғана адам қажетiн толық өтей алады. Ғылыми теориялар тәжiрибеге негiзделмесе, ол тиянақты ғылым болмайтыны сөзсiз.

Ол жөнiнде XVII—XVIII ғасырларда өмiр сүрген батыстың, орыстың педагог ғалымдары жақсы ой-пiкiрлер айтқан болатын. Мысалы, Я.А.Коменский “Ағайынды чехтарды” тәрбиелеудегi халықтық дәстүрдiң жақсы нәтижелерiне сүйене отырып, баланы жастайынан еңбекке және жақсы мiнез-құлыққа тәрбиелеудiң жолдарын көрсетiп бердi. Ал Швейцарияның кемеңгер педагогы И.Г.Песталоцци тәрбиенi ана тiлiнде оқытатын халықтық мектептердiң бай тәжiрибесiне негiздей отырып жүргiзудi мақұлдады.

Ол “Адамның ақыл ойының қалыптасуы, дұрыс дамуы ұлт тiлiндегi оқудың мазмұны мен оқыту әдiсiн дұрыс ұйымдастыруға байланысты” деп ерекше атап көрсеттi. И.Г.Песталоцци: “Бала тәрбиесi оның дүниеге келген күнiнен басталуы керек. Баланың дүниенi түсiнуi отбасынан басталып, мектепте әрi қарай жалғастырылуы шарт” (48, 72),— деген қағиданы ұсынды. Француздың ұлы ағартушысы Ж.Ж.Руссо да бала тәрбиесiнiң көзi еңбекте, сондықтан баланы жан-жақты жетiлген азамат етiп тәрбиелеудi жанұяда еңбекке үйретуден бастау керек деп қарады.

Ал әйгiлi орыс педагогы К.Д.Ушинский халықтық тәрбиенiң мақсаты мен мазмұнына және тәрбие мен оқыту әдiстерiне тоқтала келе: “Орыс халқының бала тәрбиесi сол халықтың сан ғасырлық тарихымен тығыз байланысты, тәрбиенiң негiзiн халықтың жақсы-жаман дәстүрiнен iздестiру керек” (82, 482), — дедi. К.Д.Ушинский бала тәрбиелеудегi ауыз әдебиетiнiң рөлiне де ерекше тоқталды. Ол: “Ертегiлер халықтық педагогиканың алғашқы және тамаша үлгiлерi. Ертегiлердегiдей халықтың асқан даналық тәрбиесiмен тепе-тең келетiн бiрде-бiр тәрбие құралы жоқ” (82, 161),—деген едi.

Кешегi Кеңестiк дәуiрдегi ұлы педагогтар А.С.Макаренко адамды тәрбиелеп жетiлдiруде еңбектiң, әсiресе ұжымдық еңбектiң маңызына ерекше мән берген болса, ал В.А.Сухомлинский “Баланы iзгi жүректi азамат етiп тәрбиелеуде ойын түрлерiн кеңiнен қолдануды және баланы жазасыз тәрбиелеудi, ертек айтуға, табиғатты тамашалауға, сол арқылы олардың ой-қиялын өсiруге” баса көңiл бөлдi. “Табиғат тамаша тәрбиешi, тек оны түсiне бiлуге үйрету керек” деп қарады.

Өткен ғасырлардағы педагогика тарихына көз жiберсек, ұжымдық педагогикалық тәрбиенiң мәнi мен маңызына, халықтық тәрбие жөнiндегi данышпандық ой тұжырымдарына әл-Фараби, Ибин-Сина, Фердауси, Омар Хаям, Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, К.Д.Ушинский, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов, Л.Н.Толстой, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев сияқты ойшыл-оқымысты ғалымдардың бiрде-бiрi көңiл бөлмей өткен емес. Олар халықтың бала тәрбиелеудегi тәжiрибесiнiң, педагогикалық ойларының прогрессивтiк жақтарына ерекше мән берiп, халықтық тәрбиенiң негiздерiне ғылыми талдаулар жасады.

Алайда, Қазан төңкерiсiнен кейiнгi Кеңестiк дәуiрде халық педагогикасын зерттеу, оны тәжiрибеде қолдану iсiне керенаулық көрсету, қала бердi адамдардың санасындағы ескi қоғамдық идеялардың қалдығы деп қарау өрiс алды. Ол идея коммунизм кезiнде бiр тiл, бiрыңғай мәдениет болады деп қараушылықтан, пролетарлық жаңа мәдениет жасаймыз деген жалған ұраннан туындаған едi.

Көне мәдениеттiң шедеврi шiркеулер мен храмдарды, мешiт-медреселердi қирату, халықты дiннен, ұлттық тiлден, салт-дәстүрден бездiру, тарихи ескерткiштерге мән бермеу, жер-су, ауыл-село, қала аттарын кеңестiк саясатқа негiздеп өзгерту т.б. солақай саясаттың әсерiнен туындаған терiс әрекеттер болатын.

Кеңестiк дәуiрдiң 1970—1990 жылдарында ғана халықтық педагогиканың прогрессивтiк мәнiн ғылыми тұрғыда қарастырып зерттеу iсi бiртiндеп қолға алына бастады. Халық педагогикасын кеңестiк дәуiрде ғылыми-теориялық, методологиялық жағынан жан-жақты тұңғыш зерттеушi академик Г.Н.Волков болды. Халық педагогикасын ғылыми-педагогикалық тұрғыда зерттеудiң қажеттiлiгi туралы пiкiрлер (1970—1990ж.ж. арасында) профессорлар: В.Ф.Афанасьев, В.X.Артюнун, А.Ш.Гашимов, И.Я.Ханбиков, К.Пирлиев, А.Ф.Хинтибизде, А.Э.Измайлов т.б. еңбектерiнде де айтылған болатын.

Этнопедагогикалық зерттеулердiң Кеңестiк дәуiрдегi маңызы мен мәнi, қажеттiлiгi мен көкейкестiлiгi жөнiнде және оны ғылыми педагогиканың құрамдас бөлiгi деп қараудың керектiгi туралы педагог-ғалымдар: И.Т.Огородников, В.М.Коротов, А.Г.Гордина, М.Ф.Шебаевалар да кезiнде келелi пiкiрлер айтқан едi. Этнопедагогика ғылымы орыс, батыс елдерiнде XVII-XVIII ғасырлардан бастап қолға алынған болса, қазақ этнопедагогикасының зерттелу жайы, ғылым ретiнде қалыптасу тарихын сөз еткенде оны үш кезеңге бөлiп қарастырамыз.

Бiрiншi — XIX ғасырдың екiншi жартысында өмiр сүрiп, қазақтың ұлттық тәлiмгерлiк ой-пiкiрлерi мен салт-дәстүрлерi жайында тұңғыш зерттеу еңбектерiн жазған Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты демократ ағартушылар мен орыс, батыс саяхатшысы, этнограф ғалымдарының (Э.С.Вульфсон, П.С.Паллас, А.Вамбери, А.Левшин, В.Радлов, А.Янушкевич, Н.Г.Потанин, Н.Л.Зеланд. т.б.) қолжазбалары десек, екiншi — XX ғасырдың алғашқы 20-30-жылдарында бұл iстi ғылыми тұрғыда арнайы қарастырып сөз еткен Ә.Диваев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, X.Досмұхамедов, М.Дулатов, Н.Құлжанова, М.Әуезов т.б. болды.

Яғни, бұл кезеңдi қазақ этнопедагогикасының ғылым ретiнде туып, қалыптасу кезеңi деп қараймыз. Үшiншi кезең — 35-40 жылдық үзiлiстен кейiн (1970-2000 ж.ж.) қазақ этнопедагогикасының қайта жанданған, даму дәуiрi деп аламыз. Ежелден Қазақстан жерiнiң байлығына қызыға қарап, көз тiккен және мұхитқа шығар қақпа деп есептеген орыс, батыс мемлекеттерi бұдан әлденеше ғасыр бұрын саяхатшы, елшiлер жiберiп, жер-суы мен шаруашылық кәсi бiн, қазба байлығын, салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын зерттеудi көздеген.

Орта Азия мен Қазақстан даласын мекендеген көшпелi тайпалардың өмiрi батыс оқымысты ойшылдарының назарына ерте-ақ iлiнген-дi. ХVII-ХVIII ғ.ғ. қазақ даласына тұңғыш әскери экспедициялар ұйымдастырыла бастады. М.В.Ломоносовтың замандасы географ және этнограф ғалым И.К.Кирилов 1730-35 ж.ж. Башкирия, Қазақстан далаларында саяхатта болып, көшпелi халықтардың шаруашылық тiршiлiгi мен салт-дәстүрiн зерттедi.

Қазақстан және Орта Азия елдерiнiң картасын жасады. Ал орыстың саяхатшы офицерлерi әкелi-балалы Рычковтар (П.Н.Рычков, Н.П.Рычков) қазақ ауылының өмiрiнен очерктер жазып, қазақтардың ер жүрек, жауынгер халық екенiн суреттейдi. Олар қазақ әйелдерiнiң еңбек сүйгiш, табиғи қарапайым, жылы жүректi болып келетiнiн айта келiп, қазақтардың арғымақ атты ұрлауды үлкен өнер санайтынын баяндап, мәдениетi жағынан “тағы” деген тұжырым жасайды. Әрине, ол көшпендiлер мәдениетiне бiржақты баға берушi ұлы орысшылдық көзқарастың салдары едi.

Қазақ этнопедагогикасының ғылым ретінде туып, қалыптасып, даму кезеңдері

Қазақ этнопедагогикасы

ның туу кезеңi (ХIХғ. 2-жартысы), оның белсендi қайраткерлерi

Қазақ этнопедагогикасының қалыптасу кезеңi (1920-1930жж.) және ол кезеңдегi қайраткерлерi Қазақ этнопедагогикасының даму кезеңi (1970-1995) және оның қайраткерлерi
Ш.Уәлиханов

Ы.Алтынсарин

А.Құнанбаев

2.Орыс,батыс саяхатшы-ғалымдары:

П.С.Паллас

Э.С.Вульфсон

А.Вамбери

А.Левшин

А.Янушкевич

Н.Г.Потанин

Н.Л.Зеланд

В.В.Радлов т.б.

Қазақтың зиялы оқымыс

тылары:

С.Торайғыров

Ә.Диваев

А.Байтұрсынов

Ш.Құдайбердиев

М.Дулатов

М.Жұмабаев

Ж.Аймауытов

Х.Досмұхамедов

Н.Құлжанова

М.Әуезов

С.Сейфуллин

М.Ғабдуллин

Б.Момышұлы

Б.Адамбаев

Ш.Ахметов

М.Әлiмбаев

Қ.Жарықбаев

С.Қалиев

Ә.Табылдиев

С.Ұзақбаева

М.Балтабаев

И.Бөлеев

З.Ахметова

М.Құрсабаев

М.Смайылова

М.Оразаев

К.Қожахметова

Батыс ғалымдарының iшiнде бұдан жетi ғасыр бұрын қазақтар туралы ең алғаш қалам тартып, жылы лебiз бiлдiргендердiң бiрi жазушы, әрi саяхатшы Италия ғалымы Марко Поло (1245-1324) болды. Ол өзiнiң “0 разнообразии мира” деген кiтабында дүние жүзiндегi әр түрлi халықтардың тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-дәстүрлерiн әңгiмелей келiп, қазақтардың бие сүтiнен қымыз ашытатынын, ұзақ жолға жарақты ат мiнiп, жол азық алмай, ет асып жейтiн шәңкесi мен баспана шатырын алып, “Ер азығы мен бөрi азығы жолда” деген тәуекелмен жүре беретiнiн, атына және өзiне қажеттi азықты жол-жөнекей тауып жейтiнiн, малға ен, таңба салатынын, жоғалса немесе ұрланса, сол белгiлер арқылы тауып алып, ұрлаған адамға жетi қамшыдан үш жұз қамшыға дейiн дүре соғу айыбын кесетiнiн сөз етедi.

Ол “қазақтардың қарулары садақ, семсер және шоқпар, олар садақ тартудың шеберi болғандықтан оны жиiрек қолданады. Өте тамаша және ерлiкпен соғысады. Соғыста ар-намысы күштi. Қашып бара жатып, қуғыншы бас сауғалады деп, жаңсақ ұққан жаудың қатары сирегенде қайтып оралып, жаудың тас-талқанын шығарады” (44, 220), – деп, олардың мергендiгiн, қайтпас жауынгерлiгiн сүйсiне сөз етедi.

Ол өзiнiң Жетiсу бойында болған сапарында көрген қазақтың “қызбөрi” ойынының шығу тарихына ой жiберiп, бұл ойын Қазақстан территориясындағы тайпалардың пайда болған кезiнен, яғни таптық қатынаспен бiрге туғандығы жайлы ескертедi. Ұлт ойындарының шығу тарихын зерттеуге көңiл бөлген ағылшын ғалымы Э.Маккей де осы пiкiрдi тереңдете түсiп, “Түрлi құмалақ ойындары, бестас, асық, садақ ату, қарағие т.б. ұлт ойындары Азия елдерiнде тайпалық одақтардың арасында шамамен 5 мың жыл бұрын ойыналып таралғанға ұқсайды” дейдi. Ол ертедегi Қазақстан жерiн мекендеген көшпелi тайпалардың негiзгi кәсiбi аңшылық болған.

Тайпалар аңға шығар алдында дайындық жасап, “қарағие” ойынымен айналысқан. Олар сол арқылы мергендiктi меңгерсе, ал жаумен жекпе-жекте найзаласқанда оңайлықпен берiлмейтiн болған. Сондықтан да Сақтардың өзiнiң жауларына үнемi тойтарыс берiп отырғандығын, қарсы тайпасының Кир (558-529 Ф.д.д) Дарий 1 (5-18 ж.б.д.д.) секiлдi қолбасшылардың басы сақ тайпалары батырларының қанжығасында кеткенiн тарихтан жақсы бiлемiз. Ұлт ойындары қоғамның өзгеруiмен байланысты әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың негiзiнде дамып, Қазақстан жерiнде алғашқы қауымдық құрылыста: аң аулау, таяқ жүгiрту, садақ ату, қақпатас, қарагие ойындары пайда болса, бертiнгi дәуiрде қайталау-жаттығу нәтижесiнде бұл ойындар: аң аулау, бүркiт салу, садақ тарту, жамбы ату, қарагие-найза лақтыру, қақпан-тұзақ құру т.б. аттары өзгерiп, мазмұны байи түскен.

Ертедегi Қазақстан жерiндегi рулардың қалыптасу кезiндегi этнографиясы, ойын-сауықтары, ән-күй, би, қол өнер мәдениетi жайындағы деректер ХIII-ХVIII ғ.ғ. Орта Азия мен Қазақстан жерiнде болған Европа саяхатшыларының алғашқылары Плано Карпини, Вильгельм Рубрук еңбектерiнде жинақталған. Мәселен XIII ғасырдың бiрiншi жартысында Италия саяхатшысы Плано Карпини Хорезм, Жетiсу, Тарбағатай арқылы Монғолияға барып қайтқан сапарынан жинаған материалдарынан “Монғолия тарихы” атты еңбек жазды. Бұл еңбектi кезiнде шыгыс халықтарының этнографиясын зерттеушi ғалым Шоқан Уәлиханов та өз еңбектерiнде пайдаланды.

Немiс ғалымы Александр Гумбольд 1829 жылы орыс өкiметiнен арнайы рұқсат алып Каспий теңiзiнiң бойына, Орал мен Алтай және Орынбор, Семей, Өскемен қалаларына саяхат жасайды. Ол көшпелi қазақ ауылдарының өмiрiмен танысып, “Центральная Азия исследования о цепях гор и по сравнительной климатологии” атты еңбегiн жазады. Осы еңбегiнде “қазақ ауылына келген беттегi қонаққа көрсетiлетiн сый-құрметiне, олардың ойын-сауықтарына, әсiресе қоян-қолтық күрестерi мен ат жарыстарын қызықтамайтын және осы халықтың ойын-сауықтары жөнiнде жазбаған шетел ғалымдары мен саяхатшылары кемде-кем” дейдi.

А.Гумбольд қазақ жерiнде жүрiп, көшпелi халықтың өмiрi жайындағы ойға түйгенiн Канкрин мен Шеллерге жазган хатында: “Мен қазақ аулында болған кезiмдi өмiрiмнiң аса құрметтi кезеңi деп есептеймiн. Мен өмiрiмде осындай қысқа уақыт iшiнде мұндай үлкен тарихтан осыншама мол материал жинап көрген емес едiм. Бiрақ, бұл кең дүниенiң ортасында болгандықтан да солай болуы керек”- дейдi .

Француздың атақты жазушысы А.Дюма “Из Парижа в Астрахань” деген еңбегiнде ұлына жазған хатында “Қымбатты ұлым, сенiң хатың менi Астраханьда қуып жеттi. Менiң саяхаттағы өмiрiмнен мағлұмат алғың келсе, алдымен қолыңа Россияның картасын ал, Астрахань қаласын тап. Бiздер мұнда келгеннен кейiн Каспий теңiзiнiң жағасында аң ауладық, құс салдық. Бұл күндерi мен үлкен тойдың, ойын-сауықтың куәсi болдым. Келген қонаққа сый көрсетумен мұндай ойындар өткiзу әзiрше мен көрген елде, жүрген жерде кездестiрмедiм. Мұндай ойын-сауықтың өтуiне себепшi болғандықтан, маған қаракүлден тiгiлген тон кигiздi” – дейдi.

Ал ұлты француз, өзi Ресей Ғылым академиясының мүшесi П.С.Палластың “Ресей империясының түрлi аймақтарына саяхат” (СПб, 1779) атты кiтабында жалпы қазақ тұрмысына көз салып, оның iшiнде бақсы балгерлердi әр жiкке бөле қарастырса, венгер ғалымы А.Вамберидiң “Орта Азия очерктерi” (М., 1868), “Орта Азияға саяхат” (СПб., 1865) деген еңбектерiнде Бұхар хандығындағы қазақтарға байланысты ой қозғайды. “Ел кезген сапарларымда, – деп жазады А.Вамбери, – олардың тұрақ-мекендерiн кездестiрдiм, халқының сан мөлшерi туралы сауалыма үнемi “әуелi даладағы құмды, сонан соң ғана қазақтарды сана” – деп күле жауап бередi. Сол сияқты, олардың шекараларын дәл анықтау да мүмкiн емес.

Бiздiң бiлетiнiмiз – олар Сiбiр, Қытай, Түркiстан және Каспий теңiзi аралығындағы ұлан-ғайыр сар даланы мекендейдi. Бiздiң аса бiр таң қалғанымыз – олардың музыка мен поэзияға ерекше бейiмдiлiгi, екiншi жағынан байқағанымыз – текшiлдiгi. Екi қазақ жолықса, мiндеттi түрде алғашқы сұрауы: “Жетi атаң кiм?” – деп келедi, тiптi сегiз жасар бала болса да, жауапқа мүдiрмейдi, олай болмаған күнде жетесiздiгiн көрсетедi” (44, 224), – дейдi. Немiс саяхатшысы Иван Шильтберген өзiнiң “Ұлы Татария туралы” деген мақалсында Сiбiр даласын жайлаған: татар, башқұрт, қазақ, қалмақтардың тiршiлiгiн сөз ете келе, қазақтардың киiз үйде жерге отырып тамақ iшетiн, көшiп-қонуға, ыстық-суыққа көнбiстiгiн, хан сайлау, оған арғымақ ат, алтын қылыш сыйлау рәсiмдерiн баяндайды.

“Қазақтардың (қырғыздардың) ұлы татария даласында бүкiл түз халықтарының iшiндегi ең ержүрек ел екенiн айрықша айту қажет” (44, 220), – дейдi. Француз ғалымы Элизе Рекло (1830-1905) “Арал – Каспий көлбеуiн мекендеушi халықтар” (1880) атты еңбегiнде қазақтар туралы жоғарыда айтылған пiкiрлердi қуаттай отырып, ол: “…бүкiл Ресейдiң көлемiндей жердi, Едiл жағалауынан Алатауға дейiн, Амударияның аяғынан Ертiске дейiнгi өңiрдi алып жатқан екi миллиондай адамы бар (халық саны ол кезде 4 миллионнан астам болатын. – С.Қ.) қазақ ұлты Азияның көшпелi нәсiлiнiң iшiндегi ең өсiп-өнген ел, бiрақ бөлшектенуi де шексiз: қазақтар өздерiн қанша жел ұшырса да мұрты сынбайтын теңiз құмына теңейдi.

Бұл халықтың өкiлдерiн тiптi Тибет пен Үндiстан шекараларынан да кездестiруге болады. Бұлардың тiлiнде мұсылман дiнi арқылы енген аздаған араб, парсы сөздерi мен моңғол тiлiнiң аз-маз әсерiнiң барлығы байқалғаны болмаса, бөгде әсерге ұшырамаған, ең таза тiлдi түркi халқына жатқызуға болады” (44, 223), – дейдi. Белгiлi шығыстанушы ғалым Г.Клапорт 1825 жылы желтоқсанда Париждегi “Азия журналы” бетiнде француз тiлiнде жарық көрген “қазақ тiлi жайлы” деген мақаласында қазақтарды моңғол тегiне жатқызуға байланысты жаңсақ пiкiрге ғылыми тойтарыс беру мақсатын көздесе, Р.Карутцтың “Маңғышлақ түркiмендерi мен қазақтардың арасында” атты кiтабы сол кездегi қазақ тұрмысын бiршама байыпты қарастырған.

Ал Э.С.Вульфсон деген дат ғалымы өзiнiң “Қазақтар” атты очеркiнде (М., 1901) қазақтың қыз қуу, ат жарыс, жаяу жарыс т.б. ұлт ойындарын сипаттай келiп, “тап қазақтардай бүкiл өмiрде әндi қастерлеп өтетiн халықты табудың өзi неғайбыл…” деп, олардың өнердi қастерлеуiн кең сахарада көшiп-қонып еркiн жүруiмен байланыстырады. Қазақтың балаларды кiшкентайынан инабаттылыққа, iзеттiлiкке тәрбиелейтiнiне сүйсiнген ғалым, қазақ өз баласына “Егер қарттарды сыйласаң, құдай сенi сыйлайды” деген нақылды титтейтiнен миына құйып өсiредi. Егер үйге ақсақал кiрiп келсе, барлық жас түрегелiп, бас иедi және әзiл-қалжың кiлт тыйылады” – деп жазады. Ғалым “осы халықта қарттар – үлкен ұстаз” (44, 225), – деп, дұрыс қорытынды жасайды.

Осы пiкiр ХIХ ғасырдың екiншi жартысында қазақ даласында болып, салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпын терең зерттеп, өзiнiң “Из Сибири” атты еңбегiн жазған немiс оқымыстысы, академик В.В.Радловтың (1837-1918) еңбегiнен де байқалады: “… менiң, – деп жазды ол, – қазақтар арасында ұзақ уақыт тұрып, олардың салт-дәстүрлерiмен танысқанымда көзiм жеткен ақиқат, бұлардың өзiндiк ерекше мәдениетi бар халық екендiгi. Бiздiң отандастарымыз ойлағандай, олар тiптi де тағы, “ауыздықсыз”, “басбұзар”, “қарақшы”, тұқымын құртуға тұрарлық халық емес. Олардың мiнез-құлқына отырықшы халықтарға қараған көзқарастан басқа көзқараспен қарау керек…

Олардың өмiрге көзқарасы, салт-дәстүрлерi, әдет-ғұрпы, бiр сөзбен айтқанда, бар өмiрi мен еңбегi малмен тiкелей байланысты болғандықтан, жыл бойы көшiп-қонуға негiзделген…” (44, 237), – деп, қазақ мәдениетiне аса жоғары баға берген болатын. Қазақтар жөнiнде Ресейде алғаш монографиялық еңбек жазған адам Алексей Ираклиевич Левшин (1792-1879) болды. Оның “Қырғыз-қайсақ ордалары мен даласының сипаттамасы” (1832) атты еңбегiнiң бiрiншi бөлiмiнде Қазақстанның географиялық жағдайына сипаттама берiлсе, екiншi бөлiмi қазақтардың тарихына, ал үшiншi бөлiмi этнографиясына арналған.

А.Левшин – “Қазақ” деген атқа тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан анықтама беруге тырысқан ғалым. (Осы еңбекке дейiн Ресейдiң баспасөз беттерiнде, сондай-ақ ресми құжаттарда қазақтарды “киргиз-қайсақ” деп келген. – С.Қ.) Ол қазақ халқының Ресейге бодан болуынан бастап ХIХ ғасырға дейiнгi Орынбор әкiмшiлiгi және орыс өкiметiмен арадағы сауда, ресми және саяси қарым-қатынастарынан көптеген мағлұмат бередi. А.И.Левшин қазақтардың табиғат қаталдығына төзiмдiлiгiн, күнкөрiс кәсiбiн төрт түлiк малмен байланыстыра былайша сөз етедi: “…табиғатпен етене өмiр сүрген, қарапайым тамақ iшiп, жайбарақаттықта, таза ауамен тыныстаған қырғыздардың денсаулығы мықты, көп жасайтын, күштi де қуатты, аштыққа, ыстық-суыққа шыдамды келедi. Күннiң ыстығы қаперлерiне де кiрмейдi.

Айналасын көргiштiгi таңдануға тұрарлық. Тегiс жерде тұрып кiшкентай заттарды он не одан да көп шақырымнан көре бiледi. Көздерi аса өткiр келедi. Еуропалықтар заттарды бұлдыр көрiп әзер байқайтын жерден, олар заттың сұлбасы мен түсiн (әсiресе, малдың түсiн) жақсы ажырата бiледi. Бала күнiнен ат құлағында ойнау қазақтың тұңғыш гимнастикалық жаттығуындай, былайша айтқанда, олар ат үстiне туып, ең асау аттың өзiн батыл да шебер ауыздықтайды. Әйелдерi бұл жағынан еркектерден кейде асып та кетедi, …ауылға сырттан қонақ келсе, бәрi жиналып соны тыңдайды, берген тамағына ешкiм әңгiмеден басқа ақы сұрамайды.

Қырғыздар үшiн меймандостық қастерлi заң” (44, 230), – деп, қазақтың қонақжайлық салт-дәстүрiн мадақтаса, олардың психологиялық ерекшелiгiне орай: “…қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға, ақсақалдарға құрмет көрсету олардың ең жақсы қасиетi, халықтың даңқын шығарған ұлдарына батыр деп ат берiп, өлсе де ұмытпай үлгi тұтады. қырғыздар туған жерiн, атамекенiн қатты қастерлейдi. Кiр жуып, кiндiк кескен жерiн тастап, ешкiм ешқайда кетпейдi”, – деп, елiн, жерiн сүюшiлiк олар үшiн ұлттық сезiмнiң ең қасиеттi белгiсi екенiн айтып, биiк адамгершiлiк қасиеттерiн ерекше атап өтедi.

А.И.Левшин қазақ әйелдерiнiң инабатты, шаруақор, iске шебер, ерiне адал болатынын да дұрыс көрсеткен. “қырғыз әйелдерi, – деп жазды Левшин, – түйе жетектеп келе жатып та жасы үлкен ерлерге iзеттiлiк көрсетудi ұмытпайды. Олар ерлерден гөрi бейнетқор, малға қарайды, киiм тiгедi, ерi үшiн бәрiн жасап, оны кетерде атына мiнгiзiп, аттандырып салады. Қазақта балаға әкеден гөрi ана көп қарайды, қыздарын үй-iшiндегi өнердiң бәрiне үйретедi” (44, 231), – дейдi.

Осы еңбектiң ХII тарауында қазақтың балаға ат қою, сүндетке отырғызу, үйлену, өлген адамды жерлеу мен еске алу (жетiсiн, қырқын, жылын беру) сияқты салт-дәстүрлерiн жан-жақты сөз еткен. А.И.Левшиннiң бұдан басқа “Орал қазақтарының тарихы және статистикалық сипаттамасы” (1823), “Кiшi жүз ханымен (Шерғазымен. – С.Қ.) кездесу” (1820), “Татарлардың ежелгi қаласы Сарайшық туралы хабар” (1824), “қазақ халқының аты-жөнi және нағыз немесе жабайы қырғыздардан айырмашылықтары туралы” (1826) деген еңбектерiнде де қазақ халқының ұлттық ерекшелiктерiн шынайы да, әдiл бағалаушылығы байқалады.

Өткен ғасырдың бiрiншi жартысында саяси көзқарасы үшiн қазақ даласына жер аударылған бiр топ орыс зиялылары Батыс Сiбiр өлкесiнде айдауда болып, өздерiнiң тағдырлас бауырлары – қазақ еңбекшiлерiнiң өмiрiнен еңбек жазған. Солардың бiрi декабристер қозғалысының Польшадағы көрнектi қайраткерi, ақын Адам Мицкевичтiң досы, Вильно университетiнiң түлегi Адольф Янушкевич (1803-1857) едi. Оның нағашысы Польшаның бостандығы мен тәуелсiздiгi үшiн шайқасқан атақты Костюшко болатын. А.Янушкевич университетте оқып жүрiп, Костюшко басқарған студенттердiң жасырын саяси ұйымына қатынасып, патша самодержавиясына қарсы үгiт жұргiзiп, 1832 жылғы бiр шайқаста жараланып, қолға түседi, 1832 жылы 4 наурызда А.Янушкевичтi дворян атағынан айырып, өлiм жазасына кеседi.

Бiрақ кейiннен кешiрiм жасалып, Сiбiрге 25 жылға жер аударады. Ол 1832-1849 жылдары Тобыл, Есiл бойларында, Омбыда айдауда жүрiп, қазақтардың өмiрi туралы естелiк еңбектер жазды. 1846 жылы А.Янушкевич Семей, Аякөз, Лепсi, Жетiсу өлкелерiнде мал, адам санағын өткiзуге Омбыдан арнайы шыққан генерал Вишневский басқарған экспедиция құрамында болып, қазақтардың ауылдарын аралап, көрген-бiлгенiнен “қазақ даласынан жазған хаттар” атты естелiк құрастырады. Мұнысы 1861 жылы Парижде поляк тiлiнде басылып шығады. А.Янушкевич осы еңбегiнде Ресей империясы шенеунiктерi арасында қазақтар жөнiнде сол кезде қалыптасқан “тағы көшпелiлер” дейтiн терiс көзқарасты әшкерелеп, дала тұрғындарының өзiндiк мәдениетi, салт-дәстүрi бар, шешендiк, ақындық өнерге келгенде “ақыл-ой тапқырлығы” жағынан Еуропаның ең мәдениеттi деген елдерiнен кем түспейтiндiгiн нақтылы деректер келтiре отырып баяндайды…

Бұл жөнiнде ғалым: “…мереке кезiнде мен ең алғаш рет өлеңшiлердi тыңдауға мүмкiндiк алдым. Бұлар қазақтың трубадурлары, даланың бардтары – ұлы ақындары. Қазақтардың өлең шығаруы мен орындау дарыны осы халықтың ақыл-ой қабiлетiн тамаша айқындайды. “Бұдан бiрнеше күн бұрын өзара жауласқан екi партияның арасындағы қақтығыстың куәсi болған едiм. Сонда Демосфон мен Цицерон туралы ғұмыры естiмеген шешендердiң сөз сайысына таң қалып қол соққанмын. Ал бүгiн оқи да, жаза да бiлмейтiн ақындар менiң алдымда өнерлерiн жайып салады. Олардың жыры жаныма жылы тиiп, жүрегiмнiң қылын қозғады.

Сонымен өзiмдi тәнтi еттi” (44, 232), – дейдi. А.Янушкевич қазақтың ас пен тойын, ат баптауын, қымыз ашытуын, ақындар айтысын, келiн түсiру, ұлға еншi беру, өлiктi жөнелту, барымта сияқты әдет-ғұрыптарын да терең сипаттап, сүйсiне сөз етедi. Сонымен бiрге патша шенеунiктерiнiң осы халыққа орынсыз қамшы үйiрiп, балағаттап боқтау, жазықсыз жазалау әдетiне ренiш бiлдiре, кейбiр содыр-сойқан шенеунiктердi әдiлетсiздiгi үшiн қарапайым халықтың “қамшы майор” атағынан айтады. ХIХ ғасырдың екiншi жартысында Қазақстанға жер ауғандардың iшiнде С.Гросс, Б.Заленскийлер де болды.

Адвокат С.Гросс та А.Янушкевич сияқты саяси сенiмсiздiгi үшiн Сiбiрге жер аударылып, Семейде сегiз жылдай тұрып “материалы для изучения юридических обычаев киргизов” атты еңбегiн жазған. Ол сол жылдары Семейде құрылған статистикалық комитеттi басқарады, басқа да ғылыми қоғамдардың құрылуына еңбiген сiңiредi. Абаймен достасады. Бiр айта кететiн жай поляк халқының алдынғы қатарлы идеяларды таратушыларының бiрi А.Янушкевич (ХIХ ғасырдың 40 жылдарында) Абайдың әкесi Құнанбаймен кездесiп, ол туралы жақсы лебiз бiлдiрсе, ал Гросс 80 жылдары Абайдың өзiмен пiкiрлеседi.

Американ жазушысы Джордж Кеннен де осы Семейде болған кезiнде С.Гросты, оның досы А.Бектi және Абайды кездестiрiп, солардың қазақ халқының тарихын, этнографиясын, географиясын зерттеуде қандай еңбектер жазып, зерттеулер жүргiзгендiгiн өзiнiң “Сибирь и ссылка” атты еңбегiнде ашып жазады.

Қазақ халқының этнографиялық материалдарын жинауда еңбек еткен тек Россия үкiметiнiң Қазақстан жерiне арнайы жiберiлген экспедициялары ғана емес, сонымен қоса көршi отырған екi ел арасында кездесетiн кейбiр қақтығыстарда қазақтардың қолына түскен орыс тұтқындарының да қосқан үлесi баршылық. Осындай тұтқындардың бiрi орыс офицер Ф.С.Ефремов көшпелi халықтың өмiрi жайында көптеген материалдар жинаған. Ол Россияға қайтқан бетiнде тұтқында жүрiп жинаған материалдарынан еңбек жазып, соның “Чем киргизская земля изобильна, каков воздух и жители” атты бiр тарауы қазақ халқының аңшылығы мен ойын-сауықтарының қалай өтетiндiгi, оған өзiнiң бас кейiпкер болып қатысқандығы жайлы баяндайды.

Орыс тұтқындарының iшiнде бұдан басқа да кезiнде еңбектерi жарық көрмей, бүгiнде архив қазынасы болып жатқан С.Матвеев, Я.Гаверлевский сияқты зерттеушi ғалымдар да бар. Қазақ халқының этнографиясы жөнiнде еңбек жазғандардың бiрi орыс армиясының капитаны И.Г.Андреев едi. Оның “Описанием средней орды киргиз-кайсаков” атты еңбегi алты тараудан тұрады. Соның “обряды” деп аталатын бесiншi тарауында шiлдехана тойындағы өтiлетiн ойындар мен нәрестенi тәрбиелеп күту мәселесi сөз болады, ал сол тараудың бесiншi бөлiмiнде үйлену тойындағы ойын-сауықтар туралы айтады.

Өткен ғасырдың екiншi жартысында Орынбор, Омбы, Семей қалаларында болып, қазақтар туралы құнды еңбек жазған, дәрiгер, антрополог ғалым Н.Л.Зеланд (1833-1902) болды. Ол 1885 жылы “қазақтар” (44, 234) атты этнографиялық очерк жазып, Омбы қаласында бастырып шығарды. Зеланд адамның табиғи қасиеттерi, оның iшiнде темпераментiн сол халықтың психологиялық ерекшелiгi деп қарайды. Ол көшпелi қазақтарды сангвиник темпераментiне жатқызады. Олардың адамгершiлiк қасиеттерiнiң iшiнен адалдықты, бауырмалдықты, қайғыға ортақтастық пен қонақжайлылықты, салауаттылық пен төзiмдiлiктi т.б. қасиеттерiн ерекше атап көрсетедi. Аталмыш еңбекте қыр қазақтарының дене бiтiмi жайында қызықты деректер бере келе, баланы бесiкке бөлеудiң пайдасын, балаға ат қою, сүндетке отырғызу, қонақжайлылық, салт-дәстүрлерi туралы да сөз қозғайды.

Ғалым қазақ халқына психологиялық мiнездеме бере келiп, “…қазақ – қызу қанды жан. Оның рухына жайсаңдық пен iзгiлiк тән, ол ылғи да жайдары жүредi, жалпы сергек, әрi елiктегiш келедi. Алайда “жүйкесi” көнбiстi, ашушаңдыққа бара бермейдi. Олардың қызу қанды болуының себебi, бәлкiм, көшпендiлердiң өмiр салтынан да болса керек. Қауырт та шапшаң дене қозғалысы, үнемi ат үстiнде жүруi қан айналымы мен зат алмасуына қолайлы болуы тиiс, бұған қосымша дала тұрғындарының дене қызуының жиi алмасуы, олар жұтатын таза ауа да, шөлейтте жол шеккенде сусынды көп iшуi, дiни жоралғыларға байланысты тағамдар таңдауы, асқазан және iшек жолы қызметiн жақсартуға көмектеседi.

Бұл айтылғандардың рух күшiн сақтауға маңызды ықпалы зор: ақыр соңында арақпен, апиынмен және темекiмен жүйкесiн жұқартуға әдеттенбеудiң де бiраз пайдасы бар”, – деп қазақтардың әдет-ғұрпы мен тамақтану ерекшелiктерiне ғылыми, медициналық талдау жасалған. Н.Зеланд қазақтардың ойлаудағы алғырлығына да шек келтiрмейдi. “Жалпы, қазақтар математикаға басқалардан гөрi жетiк келедi, олардың аналитикалық ойлау қабiлетi күштi”, – дейдi. Ғалым өз еңбегiнiң қорытындысында қазақ ерлерi мен әйелдерiнiң адамгершiлiк қасиеттерiн сөз ете келiп, “әйелдер иман жүздi, олар ақылдылығымен көзге түседi, бұл қазақ қыздарының тәрбиесiне от басында ерекше көңiл бөлуге байланысты” (44, 235), – деп тұжырымдайды.

Бұратана халықтардың тiлi, дiнi, оқу-ағарту мәселесi жөнiнде келелi пiкiр айтқан публицист-ғалым, белгiлi қоғам қайраткерi Николай Михайлович Ядринцев (1842-1849). Ол Томск гимназиясын бiтiргеннен кейiн Петербург университетiне түседi. Осында оқып жүрiп, Шоқанның досы Г.Н.Потанинмен танысады. 1862 жылы Петербургтегi студенттердiң толқуына қатынасқаны үшiн университеттен шығарылады. 1865 жылы Омбы қаласында саяси насихат жұмысын жүргiзгенi үшiн түрмеге қамалып, 9 жыл айдауда болады.

Н.М.Ядринцев Сiбiрдi зерттеу экспедициясына қатысып, Сiбiр халықтарының ауыз әдебиетi мен мәдени-тарихи мұраларын зерттеу iсiмен шұғылданады. Ол аты аңызға айналған қарақорымның қираған жұрты мен Орхон-Енисей таңбалы жазуы атанған көне түркi жазу-ескерткiшiн ашады. Н.М.Ядринцев өзiнiң “Ұлт аймақтарының алғашқы жарық жұлдыздары және мешеу халықтардың ағарту iсi” деген еңбегiнде Ш.Уәлиханов, Д.Банзаров сияқты қазақ, бурят халықтарынан шыққан оқымыстыларды дәрiптеп, осы ұлттардың келешекте көркеюi үшiн оқу-ағарту iсiне ерекше мән беру керектiгiн айта келiп, бұратана халықтарды күштеп орыстандыруды “тағылықтың бiр түрi” – деп айыптайды. Н.Ядринцев “кез келген ұлт өзiнiң ұлтын, тiлiн, дiни нанымын сақтауға тым бейiм… Бұратана халықтың шынайы бiлiм алуы оның өз халқымен байланысынан қол үздiрмеуге тиiс” (44, 243-244), – дептi.

Белгiлi этнограф, фольклорист, өлкетанушы Григорий Николаевич Потанин (1835-1920) көп жылдар бойында Орталық Азия мен қазақстанды зерттеу экспедицияларына қатынасады, Қытай мен Орталық Монғолияның Тибет аймағын зерттеп, көптеген этнографиялық еңбектер жазды. Ол 1870-1918 жылдары Көкшетау, Құсмұрын, Семей, Қарқаралы, Кереку өлкелерiнде болып, қазақтың фольклорлық шығармаларын жинастырды, салт-дәстүрлерiн зерттеп, “Қазақтың соңғы ханзадасының киiз үйiнде” (1870), “Шығыстың таң жұлдыздары Ш.Уәлиханов пен Доржи Банзаров” (1890) атты еңбектерiнде “Аз халықтардың” еркiн мәдени даму қажеттiгi туралы ойды ұдайы уағыздай отырып, қазақ мектептерiнде татарлардың дiни оқуды уағыздануына қарсылық бiлдiредi.

Дiни оқудың орнына дүнияуи ғылымдарды үйретудi құптайды. “Қазақтар етi тiрi, денi салауатты, өмiрге iңкәр халық. Олар өмiрде мереке, той-думандарды ұнатады. Өлгендердi еске алу бұл халықта ойындармен, ат бәйгесiмен, өлең-жырмен, жарыстармен, ән айтумен, ұлан-асыр салтанатпен ұласады. …қазақтардың поэзиясы мен музыкасы тығыз байланысты. Олар өлең айтумен қатар композитор. Ол шығармасына әуендi де, ырғақты да өзi шығарады. Поэзия мен музыка – қолы бос жүретiн еркектердiң қолында, бейнелеу өнерi, негiзiнде, ою-өрнек болуы себептi, онымен әйелдер шұғылданады. Қазақтар арасында ақындық творчество аса дамыған. Ақын деген сахараға сыймайды” (44, 244), – дейдi.

Ресей империясына екi жүз алпыс жылдай бодан болған дала халқының дәм-тұзын татқан, оларға шын тiлеулес болып, жылы жүзбен қараған осынау жат жұрт зиялылары (И.Ганвей, М.Готовицкий, А.Брем, В.Аничков, А.Васильев, С.Рыбаков, А.Седельников, Л.Мейер, А.Костин, М.Шестаков, П.Пашино, Д.Иванов, И.Кастанье, Ф.Шербина т.б.) кең-байтақ өлкенi тек тамашалап қана қоймай, мұны мекендеген елдiң салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпы, өнерi мен мәдениетi, әдебиетi мен ем-домы жайлы бағалы еңбектер жазып, өздерiнiң нағыз демократ, гуманист екендiктерiн көрсете бiлдi.

Мәселен, И.Кастанье дала тұрғындары туралы былай дейдi: “…қазақтар өте қонақжай, өзi аш қалса да соңғы етiн қонаққа ұсынады” (44, 247), ал И.Ганвей: “…қырғыз (қазақ. – С.Қ.) күштi де ержүрек халық. Олар танымайтын адамдарға да кiшiпейiл, қонақты ренжiтудi үлкен ұятсыздық деп бiледi”, – десе, Ф.Шербина: “…қазақ керемет өсiмдiк танығыш, ол әр түрлi өсiмдiктiң жылдың әр мезгiлiне қарай қай түлiкке жағымды келетiнiн жақсы бiледi”, – дейдi.

Қазақ халқының эстетикалық, сұлулық түсiнiк-талғамдары туралы айтылған небiр ғылыми әдiл сипаттамалар аз емес. Мәселен, П.Пашино: “Өлең, жыр – қазақтардың жан серiгi, қарапайым адамдар суырып салып айтуға бейiм тұрады” десе, С.Рыбаков: “…қазақ поэзиясы жалпы сапасы тұрғысынан, тiлiнiң анықтығы, ойларының бейнелiлiгi, лирикалық қасиетi жағынан айрықша даралана түседi. Ал оның музыкасы қазақтың рухани өмiрiнiң байлығы, маңыздылығы жөнiнде қанша айтуымызға мүмкiндiк бередi”, – дейдi.

Орыс зиялыларының қазақ халқының тiл байлығы, оның мағынасы мен айтылу формасының сұлу, нақыштылығы жөнiнде айтқандарына қалайша сүйсiнбеуге болады? Мәселен, атақты түрiктанушы С.Малов: “түркi халықтарының iшiндегi ең суретшiл, бейнелi тiл – қазақ тiлi. Қазақтар өзiнiң шешендiгiмен, әсем ауыз әдебиетiмен де даңқты”, – десе, шығыстанушы П.Меллиоранский: “қазақ… тiлi түркi тiлдерiнiң iшiндегi ең таза, бай тiлге жатады. Қазақтар шешен, әрi әдемi сөйлеудiң шеберi… қазақтардың халық әдебиетi аса бай, жан-жақты”, – дейдi. Орыстың тағы бiр зиялысы А.Брем: “шешендiк тiл өнерiне жетiктiк бүкiл қазақ халқының негiзгi психологиялық ерекшелiгi”, – дейдi. “Қазақтар, – деп жазды ол, – сөз өнерiне аса жетiк келедi. Бұл жұрттың бәрiне: оқыған адамдарға да, әлiптi таяқ деп бiлмейтiндерге де, байға да, жарлыға да тән қасиет” (44, 6).

Алайда бiр медальдың екi жағы болатыны сияқты орыс, батыс саяхатшы ғалымдарының бәрi бiрдей қазақ халқына жанашырлық бiлдiрдi деуге болмайды. Кеңестiк дәуiрдегi Коммунистiк партияның ұлт саясатында үздiксiз марапатталып келген ұлы орысшылдық пен тоталитаризм идеясынан адам психологиясындаәбден қалыптасқан, бiрiншi сортты “ұлы халық”, екiншi сортты “кiшi халық деген жаңсақ пiкiрдiң түп-тамыры бұдан 270 жыл бұрын қазақ даласына орнай бастаған орыс патшасынң отаршылдық саясатынан туындады.

Өткен ғасырда қазақ даласына жат пиғылмен келген миссионерлердiң де болғанын, олардың ұлт аймақтарындағы “бұратана”халықтарды шоқындыру, ана тiлiнен, ұстанған дiнiнен бездiру, сөйтiп, зорлап орыстандыру саясатын жүргiзiп баққаны да шындық.

Олар қазақтарды “үйренерi жоқ, тағы халық” – деп үнемi кемсiтiп, қорлап келдi. Мәселен, патша үкiметi қолдаған осындай жексұрын саясаттың мәнiн бұлтартпай әшкерелейтiнтүпнұсқа құжаттардың бiрiнде жоғары мәртебелi бiр шенеунiктiң орыс патшасына жазған хатында былай делiнген: “Мен қырғыздарға (қазақтарға – С.Қ.), жағдай туғызып, көзiн ашып, оларды Еуропа халықтары көтерiлген деңгейге жеткiзу қажет дейтiн кейбiр филантроптардың ниетiнен аулақпын.

Менiң барынша тiлейтiнiм қырғыздардың (қазақтардың – С.Қ.), мәңгi-бақи көшiп жүретiн малшылар болып қалуы, олардың ешуақытта егiн екпеуiн, ғылымды ғана емес, қолөнердi де бiлмеуiн шын ниетiммен тiлеймiн….” (70, 27), – дейдi.

Қазақ даласында патша үкiметiнiң орыстандыру саясатын iске асырушы миссионерлiк әрекетiмен айналысқан Н.И.Острогорский, А.А.Боброников т.б. орыс ғалымдары болды. Олардың көшбасшысы Қазан университетiнiң профессоры Н.И.Ильминский орыс графикасын қазақ арасына тұңғыш ендiрдi.

Ильминский орыс алфавитiн орыс-қазақ мектептерiне Ы.Алтынсариннiң атымен ұсынуды жөн көрдi. Себебi, бiрiншiден, ғасырлар бойы ислам дiнi ен жайлаған қазақ даласына сол елдiң беделдi оқыған азаматының атымен ұсынуды жөн санады. Екiншiден, орыстандыру саясатын Ыбырай сияқты қазақ ағартушыларының атымен жүргiзу арқылы қазақ оқығандары мен қожа-молдалар арасына жiк салуды ойлады. 1870-80 ж.ж. Қазан, Уфа қалаларынан шыққан мұсылман мектептерiнiң, әсiресе орыс-қазақ, орыс-татар мектептерiнiң оқулықтары орыс графикасымен басылып шықты.

Ильминский ұсынған оқу құралдарында оқудың бiлiмдiлiк мәнiнен гөрi, дiни насихат жағы басым болды. Н.Ильминский өзiнiң миссионерлiк пиғылын жақтас-шәкiртерi арқылы жасырын насихаттап отырды. Оған бiр мысал Ильминскийдiң бұрынғы шәкiртi, Орскiдегi мұғалiмдер курсының директоры А.Г.Бессоновтың үстiнен Ы.Алтынсариннiң 1889 ж. 20 ақпанда Орынбор шекара комиссимясының председателi профессор В.В.Катаринскийге жазған шағым хатында былай делiнген:

“Сiзге өте бiр қайғылы хабар бiлдiруiме тура келiп отыр. Бақсам, ол оқытушылар мектебiнiң 3-iншi және 4-iншi кластарында оқушылардың қарсылығына қарамастан, бiр ай бойы iнжiл мен оның арыздарын уағыздай бастапты. Осының нәтижесiнде, бiр жағынан ол оқушыларға өшiгiп, қатал қарай бастапты да, екiншi жағынан оқушылар оқудан бастартыпты. Тiптi ол шәкiрттерiн залым деу сияқты сөздермен сөгiп, оларды кластан желкелеп шығуға дейiн барыпты. Мұндай iспен орыс-қазақ мектептерiнiң келешегiн мүлде бүлдiрiп алуымыз мүмкiн ғой.

А.Г.Бессонвты масқара жанжал көтерiлiп кетпей тұрып басқа жерге аударуды, орнына басқа бiреудi тағайындаудың жәйiн қарастыруыңызды өтiнемiн”. (Ы.Алтынсарин. таңдамалы педагогикалық мұралары. А; “Рауан 1991) деп өзiнiң қазақ оқушыларын зорлап шоқындыру саясатына қарсылығын бiлдiредi.

Әдебиеттер:

1.Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық мәселелерi және тарихы. – Алматы: “Бiлiм” 2004 ж.

2.Жарықбаев К.Б., Қалиев С. Қазақ тәлiмiнiң тарихы. – Алматы: “Санат” 1995 ж.

3.Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы: “Санат” 2001 ж.

4.Қалиев С., Молдабеков Ж., Иманбекова Б. “Этнопедагогика” — Астана. 2005 ж.

5.Қалиев С., Оразаев М., Смаилова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлерi. – Алматы: “Рауан” 1995 ж.

6.Жұмабаев.М. “Педагогика” – Алматы: “Ана тiлi” 1992 ж.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ