ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ АҚЫН ҚЫЗДАРДЫҢ АЙТЫСЫ

0
10564

 Аннотация
Бұл мақалада ХІХ ғасырдағы қазақтың ақын қыздарының айтыс өнері сөз етіледі. М.Әуезовтің «Айтыс өлеңдері», С.Мұқановтың «Айтыстар туралы» еңбектерінде аты аталған және «Айтыс» жинағында берілген отызға жуық айтыскер ақын қыздарымыздың кіммен айтысқаны, олардың айтыс өнеріндегі орны зерделенеді. Олардың ішінен Сара, Тәбия, Күйкентай, Дәме, Ұлбике, Шөкей, Ақсұлу, Рысжан, Болық, Меңеш сынды ақын қыздарымыздың айтысы зерттеуге алынып, талданады. Айтыстың мазмұндылығы, онда қандай мәселе көтерілгендігі ашылып қана қоймай, айтыс өнеріндегі ақын қыздарымыздың бойынан табылатын түрлі асыл қасиеттер де дәріптеледі. Айтыс жанрын тереңнен зерттеген С.Мұқанов еңбегінің маңыздылығы да ашып көрсетіледі.
Кілт сөздері: салт айтысы, ақындық, жұмбақ айтысы, замана, мәшһүр, бейнелі, шешендік, талантты, ой-толғам, әлеуметтік мәселе.
Өміршең өнер ретінде тұтас халықтың рухани сұранысын қанағаттандырып отырған айтыстың нағыз шырқау биігіне көтерілген тұсы ХІХ ғасыр екені белгілі. Тіпті, қазақ әдебиеті тарихында ХІХ ғасырға дейін есімі белгілі айтыскер ақындарды кездестіре алмаймыз. Ертеден келе жатқан асыл сөз өнерінің бірі айтыстың шығу тегі тұрмыс-салтқа байланысты туған «жар-жар» (аужар), «Бәдік» өлеңдерімен байланысты екені рас. Бірақ та бізге жеткен сол «Жар-жар», «Бәдіктен» бастап барлық айтыстарда айтысушы ақындардың есімі көрсетілмей, жігіт немесе бозбаланың қызбен айтысқанымен таныс боламыз. Тек «Өлі мен тірі айтысында» Ақбала қыздың Боздақпен айтысы беріліп, есімдері аталған. ХІХ ғасырдағы суырып салма айтыскер ақындардың легінде қазақтың ақын қыздары да тарих сахнасында өзіндік іздерін қалдырды. М.Әуезов «Айтыс өлеңдері» деген еңбегінде «Анығында, қазақ фольклорындағы ең бай жанр – айтыс десек, нелер жүздеген, хатқа түскен айтыстарды қарасақ, солардың көптен-көбі еркек ақын мен қыз ақын, әйел ақындар арасындағы болған айтыстар екенін көреміз. Айтыс үлгісінде туған барлық өлең қазынасының қақ жарымына жақынын атақты ақын қыздар: Ақбала, Күңбала, Тоғжан, Сара, Жантелі, Ырысжан, Тәбия, Мақта сияқты нелер жүйрік, өнерпаз ақын қыздар, келіншектер туғызған» [1, 17-18 бб.] десе, айтыс жанрын терең зерттеген С.Мұқанов «Айтыстар туралы» деген еңбегінде айтыс дәстүрінің өркендеген кезеңі ХІХ ғасыр екенін айта келіп, айтыс арқылы аттары елге танымал болған мынадай қазақтың ақын қыздарын атайды: «Күйкентай, Шәріп-Жамал, Дәме, Ұлбике, Тыныштық, Шөкей, Қадиша, Ақсұлу, Манат, Рысжан, Ақбала, Айқын, Сара, Жөкей, Болық, т.б.» [2, 182 б.]. Осы қазақ қыздарының ел жадында сақталып, есімдерінің белгілі болуының бір сыры айтысқа түскен қарсыластарын жеңіп отыруынан да болса керек. Мәселен, айтыстың жампоздары атақты Сүйінбай ақын Күңбала қыздан, Жанақ ақын Күнекей қыздан, Сабырбай ақын Тойбала қыздан жеңілгенін мойындағанының өзі қазақ қыздарының ақындық өнердегі даңқын асқақтатпай ма?! «Ақын әйелді былайша жалғыз ер ақын ғана емес, барлық ел болып, халық болып сыйлайды, ұлы жиындарда ақын әйелдің беделі, бағасы ер ақыннан төмен болмайды. Әйел ақынның өлеңі де халыққа ер ақыннан кем тыңдаулы емес. Айтыста жеңген әйел ақынды халық жеңілген ер ақыннан артық бағалайды. Сөзден тосылған ер ақын әйел ақынға бас иеді» [2, 188 б.] деп С.Мұқановтың заты әйел ақындарды осылайша бағалауы олардың ертеден-ақ қоғам алдында қаншалықты құрметке ие болғанын байқатса керек. Жалпы, «Айтыс» жинақтарын қолға алғанда жоғарыда аталған ақын қыздармен қоса Ажар, Меңеш, Айман, Гүлханым, Бибісары, Ырысты, Жекей сияқты толып жатқан қазақ қыздарының есімімен таныс боламыз. Ал олар кіммен айтысты дегенде, Күйкентайдың Оспантай ақынмен, Шәріпжамалдың Әжекпен, Дәменің Мансұр ақынмен, Ұлбикенің Күдері ақынмен, Тыныштықтың Мұрат ақынмен, Шөкейдің Жүсіпбек ақынмен, Қадишаның Ысқақ ақынмен, Ақсұлудың Кеншімбай ақынмен, Манаттың Шәді ақынмен, Рысжанның Әсет ақынмен, Ақбаланың Боздақпен, Айқынның Жарылғасын ақынмен, Сараның Біржан салмен, Болықтың Елентай ақынмен, Тәбияның Омарқұл ақынмен, Ажардың Уақат ақынмен, Меңеш қыздың Әжінияз ақынмен, Айманның Майлықожа ақынмен, Гүлханымның Майлықожа ақынмен, Бибісарының Нұржан ақынмен, Ырысты қыздың Оңғар жырау және он алты ақынмен, Жекей қыздың Қарасақал Ерімбет ақынмен, тағы басқа осындай қазақ ақын қыздарының айтыстарын кездестіреміз. Осы айтыстардың мазмұнынан ақын қыздарымыздың бойынан біріншіден, ақындық өнерімен даңқы шыққан талантын, екіншіден, әйелге тән нәзіктік пен сұлулықты, үшіншіден, ой өрісі кең, ақылды да тапқыр әрі өткір тілді шешендікті, төртіншіден, заман шындығын ашына жырлаған қайсар қыздардың келбетін көреміз. Бір ғажабы қыз бен жігіт айтысының қай қайсысын алсаң да ақын жігіттер қыздардың ақындық өнеріне құмартып, өздері арнайы іздеп барып айтысқан. Оған Оспантай ақынның Күйкентай қызға «Сыртыңнан аттай қалап келдім іздеп» деуін немесе Біржан салдың Сара қызға «Мен келдім алыс жерден атқа мініп, Есітіп атағыңды сені біліп» деп айтқандарын мысалға келтіруге болады. Алайда, ақын жігіттердің өз бағын сынау үшін қыздарды арнайы іздеп баруының өзінде үлкен мән бар. Ол – сол қыздардың ақындық даңқының осал еместігі. Мұны айтыс өлеңдерінің мазмұнынан да байқауға болады. Мәселен, Дәме қыз бен Мансұр ақынның айтысындағы «Есіттік Дәме қыздың сырттан даңқын, Жеңілген талай жігіт ойлап білгін» деген жолдарын Дәме қыздың, сондай-ақ Біржан мен Сара айтысынан да Сараның Біржанға дейін Жанақ, Орынбай, Кеншімбай сынды ақындарды жеңгенін, айтыс арқылы ақын қыздың есімі елге кеңінен танымал болғанын, тіпті, Біржанның «Көкшетау дуанына даңқың барған» дегеніне қарап Сара қыздың атағы қаншалықты таралғанын байқауға болады. Және де ақындар қыздардың ақындық өнеріне тәнті болып қана қоймай, жақсы қасиеттерін де айтып отырған. Біржан сал Сара қызды «Шырағым Сара, сендей тумас бала, Шешеңнен туармасын мұндай дара», «Сайраған бейне ұжмақта бұлбұл құстай, Ұқсаттым Сара сұлу айтқан сөзін», «Жаннан артық сөйлер сөзің» деп қадірлеп жатса, «Жаратқан құдай сондай бұлбұл етіп» деп өзі іздеп барған қызды алғаш көргенде осылай таңырқай қараған Әсет ақын да: Сөзінің қайран қалдым кірін таппай, Кенедей лебізінің мінін таппай. Жүйрік ем жеке шапсам жан салмайтын Адастым айтар сөздің бірін таппай,– деп қарсылас қызының мықтылығын мойындайды. Меңеш қыз бен Әжінияз ақын айтысындағы Әжінияз ақынның «Кездейсоқ жау келсе де тартынбаған» деуі де Меңеш қызды еш нәрседен қаймықпайтын, өзіне өте сенімді ақын ретінде танытады. Бұл айтыстың өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда Сыр бойынан шыққан ақын қыздың қарсыласы қазақ ақыны емес, көршілес өзге елдің танымал ақыны, дәлірек айтқанда, қарақалпақ әдебиетінің классигі Әжінияз Қосыбайұлы (1824-1878) болатын. «Жиреншедей болғансып сөзге шебер, Ел алдында мен сені жеңсем егер» деп өзінің айбатын танытқан Әжінияз ақынға Меңеш қыз да қалыспайтынын байқата келіп, «Қазаққа өлең келіп қонып өткен, Сондықтан жеңілерсің қыз Меңештен» деген тоқ етер жауабын қайтарады. Алайда, Әжінияз ақын да Біржан сал сияқты қызды жеңу үшін «Ақ отауға лайық қыз екенсің, Шал байың тек өзіңнің сорың-дағы» деп, Меңештің болашақ айттырған күйеуінің жасы үлкендігін айтып бетіне баспақшы болады. Бірақ ақын қыз бұл арада да жол тауып, өзінің ұтқыр ойлылығын байқатады. Қарақалпақ ақыны Әжінияздың «Өзіңдей ұлы ақын мырза қыздан» немесе «Қыз Меңеш сөзің ащы, тілің майлы» деген сөздері қазақ қызының ақындық дәрежесін жоғары бағалап құрметтегендей. Айтыс өлеңдерінің мазмұнында қыздардың ақындық өнерімен қоса әйелге тән асыл қасиеттері де бағаланады. Әсет ақын Рысжанды «Әйелдің көрдім сондай бағлангерін» деп жырласа, Ақсұлу мен Кеншімбай айтысында Кеншімбай ақын басқа ақындар тәрізді Ақсұлу қыздың ақындық өнеріне тамсанып қана қоймай, «Көрген жан ішпей-жемей болады мас, Аққұба бидай өңді бір қиғаш қас» деп сұлулығын сипаттайды. Ал Дәме қыз бен Мансұр ақынның айтысында: Сонда қыз бізді көріп шықты тысқа, Ұқсаған айлы нұрлы тоты құсқа. Болмаса қаптауында жүрген пері Адамға біте бермес ондай нұсқа… Адамзат қанша айтқанмен ондай болмас, Болмаса ұжмақтағы хордың қызы,– деп Мансұр ақын қызды тіл жеткізбестей суреттейді. Айтыста ақын қыздар ақылды да бірбеткей, өткір тілді шешендігімен де көзге түседі. Мәселен, Ұлбике қыздың Күдері қожамен айтысында Күдері қожаның «Аузың шекер, лебізің балдан тәтті» деп ақын қызға ілтипат көрсетуі немесе «Өршеленіп қоймайсың, әй, Ұлбике, Мал мен бастың бірінен кем боларсың» деп сес көрсетуі ақын қыздың осал еместігін, оған Ұлбикенің «Мал мен бастың бірінен кем болар деп, Қожам қай күн құдаймен тілдескен ең?» деп жауап беруі оның қайтпайтын қайсарлығын танытса керек. Болық қыз бен Елентай ақынның айтысында да ақын қыз ой өрісі кең, ақылды болып көрінеді. Айтысты: Ақын жігіт аталған Елентайым, Өнерпаздың өнерпаз білер жайын. Жауап бер бір азырақ сөз сұрайын, Әуелі не жаратты бір құдайым?– деп бастаған Болықтың сөзіне Елентайдың: Болық маған белгілі сенің сырың, Біздерден артық емес айтқан жырың, Бұрынғы даналардан естігенім, Жер мен көк жаралыпты елден бұрын,– деп жауап қайтаруы, әрі қарай осылайша созыла берген айтыс мазмұнынан ақын қыздың білімдарлығына куә боламыз. Ал Шөкей қыздың Жүсіпбек қожамен айтысында ақын қыз суырып салма талантынан бөлек дүниетанымы мол, өте зеректігімен танылады. Жалпы, Жүсіпбек Қожа мен Шөкейдің, Ұлбике мен Күдерінің айтыстарын сөз етуде С.Мұқанов «қазақ әдебиетінің өркендеу тарихындағы бір дәуірді көрсетеді. Әрине, ол тарих үшін қажет мәселе» [2, 235- 236 бб.] деген пікір айтады. Айтыс өлеңдерінің мазмұнынан заман шындығын ашына жырлаған қайсар қыздардың да тұлғасын көреміз. Рысжанның Әсетпен айтысында ақын қыз төрт түрлі жұмбақ айтады. Бірінші жұмбағында патшалық құрылыстың жүйесі жұмбақталып, ондағы болыс, би, елубасы, ояз, губернатор, патша, сенат сияқты әр түрлі мансап иелері сөз етіледі. Рысжан ел билеушілерді барынша әшкере еткенде оларды әр түрлі құс кейпінде көрсете отырып, халықты қанап отырған арам тамақ озбырлар екенін өткір бейнелеген. Мәселен, жемтік жеген құзғандары елубасы, қанға тояттаған қаршығасы старшин, күйкентайлары онбасылар, т.б. Бұл айтыста Рысжан жұмбақты қиыннан қиыстыра білетін ойы ұшқыр ақын екенін байқатса, Әсет те одан кем емес, өзінің ой-өрісінің кеңдігін көрсете біледі. Ал «Ақсұлу мен Кеншімбай» айтысында Ақсұлу қыздың: Байлық пен бас адамын әлек қылып Неше жыл бүліндірген ол жұртыңды да… Нұреке, Жүсіпбек пен Айып болыс, Біздерге үшеуі де мәлім болыс, Сүгірді Батырбаймен ұстап берген Құдайдан үміті жоқ зәлім болыс,– дей отырып ел ішіндегі патшалық саясаттың құлы болған би-болыстың зорлықшыл қиянатшыл іс-әрекетін ашып көрсетуі, ақын қыздың еш нәрседен қаймықпай, заман шындығын ашына жырлауы нені аңғартқандай. С.Мұқанов та өз зерттеуінде осы тәрізді әділдігі жоқ, елге тырнағы батқан әкімдерді сынап, олардың озбырлықтарын көптің көз алдында әшкере ету көптеген айтыстарға тән сипат екенін ашып көрсетеді. Омарқұл ақын мен Тәбия қыздың айтысында да өз заманындағы әлеуметтік шындықтар сөз етіледі. Айтыстың бір түрі қайымдасуды «қыз бен бозбаланың өлеңмен әзілдесуі» деп тапқан С.Мұқанов «Қайымдасу айтысының басы қыз-бозбаланың жастық әзілінен басталғанмен, аяғы әлеуметтік маңызы бар мәселеге соғады» [2, 196 бб.] дей келіп, Күйкентай мен Оспантайдың, Омарқұл мен Тәбияның айтыстарын қайымдасуға жатқызған. Омарқұл мен Тәбия айтысында ұзатылғалы жатқан қызды құттықтаудан басталған айтыс біртіндеп шиеленісе түседі. Сол тұстағы әлеуметтік шындықты тілге тиек етеді. Құдайда қудың жағы болды білем, Біреуді біреуге әкеп жем қылып жүр. Кейбіреу өтірік айтып, өсек тасып, Жалғанға жанын беріп сендіріп жүр. Халықтың қамын ойлар әділет жоқ, Көнбеске көмескі өмір көндіріп жүр,–деген Омарқұлға Тәбия былай жауап береді: Алтай қыс, алтайыңды жаз қылып жүр, Біреуден кейбіреуді аз қылып жүр. Қарасаң қалпы жаман замананың, Біреуді біреу арбап азғырып жүр. Екі ақын да «халықтың қамын ойлар әділдігі жоқ» замананы сынға алады. Тәбия өзінің ұнатпайтын адамға еріксіз бара жатқанын ашық айтса, Омарқұл бұған себеп қалың малдың қырсығы деп біледі. Сөйтіп, екі ақын да бірінің ойын бірі толықтыра түседі. «Біржан мен Сара айтысында қозғалатын бір ғана күрделі мәселе бар, ол …өзге айтыстан кең масштабта, қаза алынады, айтысты тұтас алғанда қалың мал темасына жазылған бір драмалық поэма қатарында тұрады» [2, 241 бб.] деп С.Мұқанов жоғары бағалаған Біржан мен Сараның айтысына келсек, Сара да осал ақын емес. Оның даңқын Біржан бұрын да естіген. Арнайы іздеп келіп, Сараны көргенде Біржан сал аттан түседі, бірақ қыз алдында кішірейгісі келмейді. Осындай сәтті Сара да өткереді. Жасы кіші болса да, Сараның келіп амандаспағанын тілге тиек етіп, «үлгісіз кеткен халық түрі жаман» деп жазғырады. Айтыс басталып кетеді. Сара да тосын басталған айтыста ұтымды жауап қатуға тырысады. Ей, Біржан, кімге дәрі амандығың, Сөз білсең бұ да сенің жамандығың. Қисасұл-әнбиеден көрмеп пе едің, Делқұлы мағлұм болды надандығың,– деп жауап қайтарады. Сара дәлелді діннен іздейді. «Қисасұл әнбиеде» Адам ата Хауа анаға кішілік көрсетіп, бұрын барады. Сара осы жайды көлденең тартады. «Адамды топырақтан жаратқан хақ, Білінсін надандығың бұл сөзге бақ». Біржанды надансың деп жазғырады. Сара да өзін көтере сөйлеп, «Найманда екі жүзді нар кескенмін» деп шалқи түседі. Дін тарихынан хабары бар екендігін көрсеткен алғашқы кезектен-ақ Сараның ақындық қарымы кең, нағыз төкпе ақын екендігі байқалады. Енді Сараны қалай жеңбек? Ақындар екі мәселеде сүрінеді. «Біріншісі, ақынның білім көлемі тайыз келсе, әр нәрседен мәліметі, хабары болмаса, айтыс үстінде оқыстан қойылған сұрауларға табан аузында жауап қайтара алмай қалса, онда ақын жеңіледі. Ақын өзінің жеңілгендігін мойындап, сөзді доғаратын болады. Екіншісі, ақын әлеуметтік мәні бар мәселеден жеңіледі» [3, 321 бб.]. Алғашқы шарт бойынша екі ақын тең түседі. Екеуі де нағыз өнер иелері екенін көрсете алады. Сараның сүрінуі екінші мәселеге (әлеуметтік) байланысты. Бас еркіндігі жоқ қыз Жиенқұл атты бір жаманға атастырылған еді. Осы жайға қанық Біржан атастырған күйеуінің жамандығын басты мін ретінде көрсетеді. Жалпы, екі ақын да өз кезектерінде кеңінен ұзақ толғап айтысады. Айтыс барысында Біржан Сараның өнерін жоғары бағалап, «Жарайды, жаным Сара, сөйлер сөзің» деп оның өнеріне көңілі толатынын ашық айтады. Екі ақын да намысқа тиетін сөздер айтса да, айтыса келе бірін-бірі қадірлеп, сайысты қыздыра түседі. Сөзден сүріндіре алмаған Біржан жоғардағы ойына қайта оралады. Мырзаңды шақыр, көрейін деп тықсыра түседі. Енді сөз таластырудың артық екенін ұққан Сара Есімбекке қарата тіл қаратып, Жиенқұлдың жамандығын мойындайды. Өзінің бір жаманға жар болғанына қорланған Сара іштегі ашу-ызасын түгел айтады. Қажы аға, көріп келдің хақтың үйін, Мен түгіл бөтенге де зорлық қиын.
Жиенқұл ерім болып тұрар ма екен Күнінде таңда махшар болса жиын. Бұл Сараның жүрек жарды сөзі, басындағы трагедиясы, әсіресе қажыға барып келген Есімбектің қиянатын бетіне басады. Қажы бола тұра зорлық істеп отырсың деп айыптайды. Жанының жарасына айналған әділетсіздікті жайып салады. Өзінің жеңілгенін де мойындайды. Бұдан кейінгі кезекте Біржан не айтады? Өзінің айтыс үстіндегі егесте ауыр сөздер айтқанына жөн көрмей, Сараға жаны ашиды. Ақын, ақылды, сұлу Сараның бір жаманға баруына өзі қорланғандай болады. Есімбек пен Тұрысбекті қағытып, кінәні соларға аударады. Ал Сара болса Жиенқұлды мінездей отырып, «Күжірейіп жауырыны келер ме екен, Он мата арқасына тыққандай-ақ» деп оның құныс екенін де жасырмайды және бас еркіндігін талап етеді. «Қаптағайдың манаптарына» мәселені тура айтады. Сараны сөзден тоқтатқанына Біржан аса қуанбайды. Қайта қыздың қайғысына ортақтасады. Тіпті, кінәсіз Сараны қорғап, Есімбекке талап қоюуы басқа айтыстарда кездесе бермейді. «Аспандағы аққумен ән қосатын» екі ақынның ой-арманы бір жерге тоғысады. Айтыс соңында ең мәнді мәселе – әйел теңдігін қозғайды, қалың малға қарсылық білдіреді. Сондықтан бұл өнер жарысын С.Мұқанов «қазақ әдебиетінде ерекше орын алатын айтыс» деген қорытындыға келеді. Түйіп айтқанда, айтыс өнерін сарқылмайтын қазына, өшпейтін мұра десек, сол өнердің көгінде қанатын құлаштай кеңге жайып қыранша самғаған ХІХ ғасырдағы ақын қыздарымыздың айтыстары да еш ұмытылмақ емес. ХІХ ғасыр әдебиетін жоғары оқу орындарында оқытқанда айтыс ақындарының шығармашылығынан тек Сара Тастанбекқызы мұрасына тоқталатыныбыз белгілі. Ал жоғарыдағы есімі аталған отызға жуық ақын қыздарымыздың сөздері қалыс қала береді. Келешекте олардың айтыстағы мұрасы болса да арнайы зерттелу қажет. Өйткені айтыс өнерінің дамып, қалыптасуына негіз болған осы айтыскер қыздарымыздың ақындық дәстүрі қай ғасырда да жалғасын тауып келеді. Қазіргі Тәуелсіздігімізді асқақтата жырлайтын бүгінгі ақын қыздарымыздың үні де сол дәстүріміздің жалғасы емес пе?!
Әдебиеттер:
1. Айтыс. 2-том. – Алматы: Жазушы, 1965. – 663 б.
2. Мұқанов С. Қазақтың XVIII-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер. І бөлім. Екінші басылымы. – Алматы: Арыс, 2002. – 272 б.
3. Жармұхамедов М. Алғы сөздер // Айтыстар.– Алматы, 1995.– 352 б.

Ахмет К.С.
    Әбдіқалық К.С.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ