Информатика пәніне қатысты глоссарий

0
5556

1. Ақпарат – сақтау, өңдеу, жеткізу және пайдалану нысаны болып табылатын, қоршаған әлемде болып жатқан мәліметтер мен өзгерістер.

2. Ақпарат арнасы – ақпарат қолданылатын және тасымалданатын орта.

3. Ақпарат беруші – ақпаратты ұсынатын нысан.

4. Ақпарат қабылдаушы – ақпаратты алушы нысан.

5. Ақпаратты қорғау – ақпаратты рұқсатсыз таратудан, рұқсатсыз көшірмесін жасаудан, бұғаттаудан қорғау үшін жүргізілетін шаралар.

6. Антивирустық программа – вирусқа қарсы қолданылатын программа.

7. Безье қисығы – ерікті қисық сызықтарды (векторларды) салуға мүмкіндік беретін графикалық редакторлардың маңызды құралдарының бірі.

8. Бит (binary digit) – ақпараттың ең кіші өлшем бірлігі.

9. Вирус – өздігінен көбеюге қабілетті зақымдаушы программа.

10. Гироскопиялық датчик – роботтың айналу бұрышын немесе
айналым жылдамдығын өлшеуге арналған құрылғы.

11. Градиент – бір түстен екіншісіне араласып ауысу.

12. Графика – сызба құралдарының көмегімен жасалған сурет.

13. Графикалық редактор – графикалық кескіндермен жұмыс істеуге, оларды түзетуге, өңдеуге мүмкіндік беретін және графикалық ақпаратты өңдейтін программа.

14. Драйвер – компьютерге қосылатын түрлі құрылғылардың жұмыс істеуі үшін қажетті программа.

15. Домен (үйшік) – сайттың Интернеттегі адресі.

16. Дыбыс колонкасы – дыбыстық ақпаратты шығару құрылғысы.

17. Екілік кодтау – ақпаратты екілік алфавитті қолдану арқылы ұсыну. Екілік кодта «0» және «1» символдары ғана қолданылады.

18. Жүйелік блок – ақпаратты өңдейтін компьютердің ең басты құрылғысы.

19. Информатика – ақпараттық үдерістерді (ақпаратты іздеу, жинақтау, сақтау, жөнелту, пайдалану және түрлендіруді) зерттейтін ғылым.

20. Иілгіш магниттік диск – көлемі бірнеше мегабайт қана болатын, қазір қолданыстан шығып қалған тасымалдаушы дискета.

21. Интернет – бүкіләлемдік тұтынушыларды бір-бірімен байланыстыратын мәліметтер қоймасы жинақталған ең ауқымды желі түрі.

22. Кілт – хабарламаларды шифрлау, шифрдан шығару кезінде криптографиялық алгоритмде қолданылатын құпия ақпарат.

23. Код – бір белгі тобынан екінші белгі тобына көшіру ережесі.
24. Команда – компьютер орындауға міндетті әрекеттің өрнектелуі.

25. Командалар жүйесі – орындаушының нақты орындайтын
командаларының жиынтығы.

26. Компьютерлік графика – әртүрлі кескіндерді компьютердің
көмегімен алуды қарастыратын информатиканың маңызды саласы.

27. Қатқыл диск – HDD/Hard disk drive немесе винчестер.

Бұл – көлемі және құрылымы жағынан ең күрделі тасымалдаушы. Көлемі бірнеше гигабайттан бірнеше террабайтқа дейінгі өте үлкен диск.

28. Құжатты шифрлау – шифрлаудың арнайы кілттерін қолдану арқылы компьютерде құжат мәтінін өзгерту.

29. Ленталық ақпарат тасымалдаушылар – өте жұқа магнитті лентадан тұратын тасымалдаушылар. Оларға таспалар (аудиотаспа, видеотаспа т.б.) жатады.

30. Модем – компьютерді Интернет желісіне қосуға мүмкіндік
беретін құрылғы.

31. Мұрағаттау – құжаттың ақпараттық өлшемін кішірейту.
Кең тараған мұрағаттау программалары – WINRАR,
WINZІР, ARJ.

32. Операциялық жүйе – компьютердің жұмысын басқаратын
басты программа.

33. Оптикалық диск тасымалдаушылар – көлемі бірнеше гигабайт болатын тасымалдаушылар. Оларға CD/DVD/ Blu-ray сияқты тасымалдаушылар жатады.

34. Пароль – ақпараттарды қорғауға арналған жасырын сөз
немесе таңбалар жиыны. Пароль ақпаратты рұқсатсыз
кіруден сақтайды.

35. Пиксель (ағылш. picture element – сурет элементі) – монитор экранының ең кішкентай элементі.

36. Плагиат – өзгенің туындысын рұқсатсыз иемденіп кету, автордың туындысын немесе оның белгілі бір бөлігін заңсыз меншіктеу және қолдану. Плагиат болмау үшін жұмысты жасау барысында қолданылған ақпараттардың авторын көрсету қажет немесе материал алынған Интернет ресурсының адрестерін жазу керек.

37. Принтер – ақпаратты қағазға басып шығаратын құрылғы.

38. Растр – қағазда, мониторда, теледидар экранында кескінді
құрайтын нүктелердің екіөлшемді жиынтығы.

39. Робот – адамның іс-әрекетін алмастыратын автоматтандырылған, адамның қажетіне қарай еңбек етуге бағытталған құрылғы.

40. Робо-сумо – EV3 роботының ең қызықты жарыстарының бірі.

41. Робототехника – автоматтандырылған техникалық жүйелерді әзірлейтін және өндірістің дамуына үлес қосатын маңызды техникалық негіз болып табылатын ғылым.

42. Сканер – мәтіндік және графикалық ақпаратты қағаздан
компьютерге енгізу құрылғысы.

43. Таңбаша (ярлык) – кез келген программаға қойылған сілтеме көрсеткіші.

44. Көліктік роботтар – ғарышқа ұшатын роботтар, адамның
қатысуынсыз өнеркәсіпте бұйымды тиеу және түсіру қызметтерін автоматты түрде орындайтын көліктер, жүргізушісіз қалаған жағына апарып тастайтын робот-машиналар.

45. Тұрмыстық роботтар – үй шаруасындағы автоматтандырылған құрылғылар.

46. Түс датчигі – түсті және жарықтылықты анықтай алатын
құрылғы.

47. Утилиттер – белгілі бір программалау орталарында бірнеше
қызмет атқаруға пайдаланатын қосымша программалар. Мұндай программалар программалау тілдерінде жиі кездеседі. Мәліметтердің көлемін кішірейтетін (мұрағаттайтын), компьютерді вирусқа тексеріп, бар болса, оларды жоятын
программалар.

48. Файл – белгілі бір атауы бар, дискіде сақталатын құжат.

49. USB-флеш-жинақтауыш – өте ыңғайлы және кең таралған тасымалдаушы. Көлемі де бірнеше гигабайт болады. Бұлардың MacroSD, MicroSD түрлері бар.

50. Шифрлау – рұқсат етілген тұлғаларға қолжетімді және рұқсат етілмеген адамдардан құпия сақталатын ақпаратты түрлендірудің қайтымды түрі.

51. Шифрдан шығару – шифрланған ақпаратты бастапқы қалпына келтіру, яғни алғашқы мәтінді алу үрдісі.

52. Электронды қолтаңба – электронды цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электронды құжаттың дұрыс тығын әрі мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын
электронды символдар жиынтығы.

53. E-mail (Electronic Mail) – желі тұтынушылары арасында мәлімет алмасуды жүзеге асыратын қызмет жүйесі.

54. Inkscape редакторы – векторлық графиканы құруға және өңдеуге мүмкіндік беретін программа.

55. Paint графикалық редакторы – суреттер салуға, өңдеуге, сақтауға, қағазға басып шығаруға, растрлық бейнелермен жұмыс істеуге арналған редактор.

Дереккөз: Информатика. Жалпы білім беретін мектептің 5-сыныбына арналған оқулық. / Ж.У.Кобдикова, Г.А.Көпеева, Ә.Ә.Қаптағаева,
А.Ғ.Юсупова


ПІКІР ҚАЛДЫРУ