Париждегі 1867 жылғы көрмені өткізу император Наполеон III 1863 жылдың 22 шілдесіндегі жарлығы негізінде жүзеге асырылды.
Көрменің ұйымдастыру комитеті Наполеон III мен оның немере бауыры Фредерик Ле Плейдің бастамасымен жүзеге асты. Комитет Екінші империяның саяси және экономикалық элита өкілдерінен құралды. Көрме мемлекеттің муниципалитеттер мен жекелеген меценаттардың көмегімен қаржыландырылды.
1867 жылдың наурыз айында императорлық комиссия Джоакино Россиниді музыкалық комитеттің құрметті төрағасы етіп тағайындады. Оның «Наполеон III мен оның айбынды халқына» арнаған әнұранын көрменің ресми әнұраны етіп белгіледі. Көрменің басты фотографы болып Пьер Пети сайланды. Ал кескіндеуші Юбер Поскармеге алтын, күміс және қола медальдар құю тапсырылды. Оған Императордың келбетін салу міндеті жүктелді.
1867 жылғы дүниежүзілік көрменің өтетін орны болып Марс алаңы (Champ de Mars) белгіленді. Оған Сена өзеніндегі Бийанкур аралының 8 гектар аумағы қосылды. Ол жерде негізінен ауылшаруашылық және бау бақша экспозициялары қойылды.
1865 жылдан бастап инженер Жан-Батист Кранц пен архитектор Леопольд Арди Марс алаңындағы Омнибюс сарайының құрылыс жұмыстарына жетекшілік ете бастады. 110-да 384 метрлік алып доғал құрылым көптеген жабық аллеялардан тұрады. Жаңа Омнибюс сарайының құрылысына 35 000 тонна болат пен 6 миллион бекіткіш болт жұмсалған. 26 000 адам осы жұмысқа жұмылдырылған. Бұған дейін ешқашан Парижде осыншалық қысқа мерзім ішінде салынып біткен ауқымды жоба болмаған еді.
Омнибюс сарайы 7 тақырыптық галереядан тұрады. Оның әрқайсысы сопақша сақинаға ұқсас болып келеді. Сарайдың орталық бөлігінен шығатын жерге дейін көптеген аллеялар тартылған. Егер сарайды алып бәлішке ұқсатсақ, павильондарды оның үшбұрыштап кесілген бөліктері деуге болатын еді. Павильондардың бұндай структуралық құрылымы келушілердің оны айналып көруіне мүмкіндік берді. Сарайдың ортасынан шығатын жаққа қарай жүріп тамашалауға да болады. Көрме аяқталғаннан кейін Марс алаңы әскери аумақта орналасқандықтан, сарай бұзылып тасталуы тиіс болды.
Бас ғимараттың айналасындағы инженер Жан-Шарль Альфан мен дизайнер Жан Пьер Барийе-Дешам шығармашылығының жетістігі болып табылған саябақ та бұзылып тасталды. Оның орнына көптеген шетелдік павильондар тұрғызылды.
Көрме «экспозициялық архитектура» деген қосымша атауға да ие болған еді. Бұл сәулет өнер туындылары уақытша болса да тақырыптық сипаттағы құрылымдар салумен ерекшеленді. Міне, сол кездерден бастап павильондар салу жобасы көрме бизнесінің негізі болып қалуда. Көрмедегі басты идеялардың бірі әр түрлі елдердің этникалық, ұлттық ерекшеліктері мен адамзат қол жеткізген жетістіктердің ішіндегі олардың үлесін көрсету болып табылды. Сол себепті инженерлер мен сәулетшілер өздерінің ең үздік деген жұмыстарын көрсетуге тырысты. Нәтижесінде, Мексика павильоны Сочимилько шіркеуінің дәл көшірмесін көрсетті.
Көрменің құрметті меймандары – ресейліктер ағаштан салынған орыс деревнясының нақты көрінісін сипаттап берді. Тунистік бейдің сарайы да өзінің ешкімге ұқсамайтын ерекшелігімен көз тартты. Өзге шығыс елдердің павильондарынан оқ бойы озық тұрды. Оған қоса Сена өзенінің жағалауында Омбинюс сарайының бөлімшесі бой көтерді. Онда машиналар галереясы жұрттың назарын аударды.
7 сәуірден кейін билеттердің құны 20 франктен 3 франкке дейін арзандады. Тұңғыш рет көрмелер тарихында павильон қожайынының суретімен абонемент пайда болды. Ол белгілі бір уақытта және арнайы белгіленген бағамен жекелеген көрмелерді тамашалауға мүмкіндік берді. Булон ауылшаруашылық көрмесіне, 1 сәуірдегі көрменің ашылу салтанаты мен 1 шілдеге межеленген марапаттау рәсіміне арналған абонементтер жасалды.
Франция павильоны император Наполеон III ұйғарымы бойынша оның саяси жақтастарының, атап айтсақ Бельгия, Англия мен Ресейдің павильондарымен қоршалды. Осылайша олар көрменің ең ауқымды бөлігін иеленіп жатты. Тұңғыш рет көрмеде Франция Империясының отарындағы елдерге құрметті орындар бөлініп берілді. Ұйымдастыру комитеті өзінің экзотикалық тұрғын-жайларын салу үшін оларға арнайы орын бөлді. Орталық павильонға жайғасқан Марокко, Тунис және Алжирдің өзінің комитеті, тіптен әділқазылар алқасы мен өз марапаты болды.
Өнеркәсіп саласында ғаламат локомотивтер мен гидравликалық жеделсатылар, әлемдегі ең үлкен көтергіш крандар елдің назарын ерекше аударды. Шикізат галереясында шамадан тыс жеңіл әрі төзімді металл алюминий (қалайы) елдің қызығушылығын тудырды. Ал мұнай өнімдерін қалай пайдалану жөніндегі көрсетілімдер оның болашағының зор екендігін көрсетті.
Тарихта тұңғыш рет «Адам аквариумы» (Aquarium hu main) деп аталатын суға сүңгушілерге арналған киімді үлкен су қоймасында көрсету көпшілікке ерекше әсер берді. Ол туралы: «Әйнек көздері бар, алюминий басты, бұжыр-бұжыр каучук терілі құбыжық теңіз түбінде еркін тыныстап, тіптен келушілердің көңілін көтеріп, домино ойнады» деп жазылған.
Елді ғажайып әсерге бөлеген тағы бір көрініс «Адам тозағы» (Enfеr humain). М.Галибер (M.Galibert) ойлап тапқан автономды демалу құрылғысының көмегімен түтін толы ғимараттың ішінде ұзақ уақыт тұншықпастан тұруға болатын еді. Өнертапқыш киімді арнайы қорғағыш бас киіммен, герметикалық көзәйнекпен, арқа жағына орналастырылған ауа толы баллонмен жарақтандырған. Өзінің осы жаңалығы үшін М.Галибор «Monthyon» сыйлығы мен толып жатқан медальдар алған.
Бүгінгі таңда Парижге барып көрген туристерге жақсы таныс Сенадағы өзен трамвайлары 1867 жылғы дүниежүзілік көрме жаңалықтарының бірі болатын.Оларды пайдалану идеясын лиондық су көліктерін құрастырушы Мишель Фелиз (Michel Felizat) ұсынған болатын. Ол өзінің әріптестерімен бірге байқаудан озып, көрмені көлікпен қамтамасыз ету құқығын жеңіп алған.
Нәтижесінде Париж айлақтарындағы 30 мың кеме көрме кезінде 2,5 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған екен. Айта кететін жайт, кемелердің бірінің атауы «бато-муш» ол шығарылған Лионның оңтүстігіндегі Ля муш кварталының атауымен байланысты болған.
1867 жылғы дүниежүзілік Париж көрмесі бұған дейін ешқандай жерде болмаған шетелдік үкімет басшыларының назарын аударып, «Ұлттар балы» деген атауға ие болды.
Оған Португалия ханшайымы Мария Пиа Савойа, Швеция ханзадасы Оскар, Бельгия королі Леопольд II өзінің зайыбы австриялық ханым Мария-Генриетта, Осман империясының сұлтаны Абдулазиз, Уэльс ханзадасы, Бавария королі Людвиг ІІ, Жапон князі Токугава Акитаке, Пруссия королі Вильгельм Гоrенцоллерн өзінің ізбасарлары – канцлер Отто фон Бисмарк пен бас қолбасшы фон Мольткемен, орыс патшасы Александр II өзінің екі ұлымен келіп қатысты.
Парижде поляк студент-ұлтшылы Ресей императорына қастандық жасамақ болды. Абырой болғанда оның бұл пиғылы жүзеге аспай қалды. Виктор Гюго өзінің Париж көрмесі нұсқаулығының алғы сөзінде оның өткізілуінің қандай маңызы болғандығын өте сәтті айшықтап берген. Жазушының пікірінше, мұндай шараларды өткізудегі басты мақсат — халықтардың достық пиғылдағы басқосуы мен адамзат жетістіктерін көрсету болуы тиіс. «Көрмеге кісі өлімі мәселесінің енуіне қарамастан, онда қару-жарақтардың көрсетілгеніне қарамастан, «1867 жылғы ұлттардың басқосу шарасы — бұл бейбіт мақсаттағы ұлы келісім» болды.
Дереккөз: Лондоннан Астанаға дейін: халықаралық көрмелер тарихы кітабы
Әзірлеген: Мәлік Мади Арманұлы
Тұран университеті
3 курс студенті