Қайраткерлердің қазақ тілі туралы айтқандары

0
13457

Радлов В.В. /ресейлік шығыс зерттеушісі/. Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі, ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі.

 

Мелиоранский П.М. /1868 – 1906, шығыс зерттеушісі, профессор/. Қазақ тілін зерттеушілердің барлығы да бір ауыздан ең бай, ең таза түркі тілдердің бірі деп таниды.

 

Ильинский Н.И. /1822-1892, Қазан университеті, профессор/. Ертедегі түркілер тұрмысының көптеген іздерін өзінде сақтап қалған қазақ тілін мен ерекше ұнаттым. Қазақ даласы менің халық тіліне деген сүйіспеншілігімді мүлде қалыптастырды, оған мен тілдік зерттеу үшін нағыз таптырмайтын құжат ретінде қарай бастадым.

 

Бенцинг И. /түркітанушы/. Ғылыми, әдеби, тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең әсем, өте бай тілдің бірі.

 

Малов С.В. /орыс ғалымы/. Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түрік, немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшеленіп тұрады. Қазақ өзінің ауызекі көркем  тілімен, айшықты әсем фольклорымен бұрын  да, қазір де даңқы шығып жүрген халық.

 

Саади А. /татар ғалымы/. Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек.

 

Янушкевич А. /поляк журналисі/. Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді. Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс  бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі.

 

Байтұрсынов А. Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат  тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы мүмкін. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады.

Әуезов М. Көген  көз қазағыма қаратып мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: “Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше болмақ: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасап келе жатқан асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық.

 

Жұмабаев М.  … Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы – асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр.

 

Оңдасынов Н. Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден  май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, не бір алуа шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте  тоймайсың. Ғашықпын  қазақ тіліне… Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсуге болады…

 

Дулатов М. /“Қазақ тілінің мұңынан” үзінді/. “Мен заманында қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.

 

Мүсірепов Ғ. Қыпшақ мемлекеті жаңа жыл қайырудың ҮІ ғасырында құрылған. Сол кезде оның көркем әдебиетке жататын тілі де бар еді. Мемлекет құрамында оғыз, қарлұқ сияқты әлденеше тайпалар болғанымен, тілі бір …

Осы жайларды сипаттайтын Орхон-Енисей жазулары былай сөйлейді: «Қытайдың тәтті сөзіне, асыл дүниеліктеріне алданып түркі халқы қырылдық, түркі халқы жойылдық!

Қытай қолында қандай ерлеріміз құл болып қалды. Біз қағаны бар халық едік. Қайда сол қағанымыз? Енді бұл қорлыққа шыдап отыра бергенше, өзімізді өзіміз құртайық, қырылайық!»

Бұл, әрине, жігерлі жүректің тебіренісі, күреске шақырған ердің айтар сөзі. Сонымен бірге бұл – өскен тілге тән көркем әдебиет тілі. Әрі шешен, әрі көркем сөйлей алатын халықтың тілі. Будандаспаған, сыртқы әсерден таза тіл. ҮІ ғасырда осындай дәрежеге жеткен тілдің түп-тамыры жаңа тіл қайырудың ар жағында, ой жетпес әріде жатпақ.

 

Мұстафин Ғ. Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық.

Қазақтың қара сөзінде көп мән жатыр. Күн шалмайтын қараңғы көңілді сөз шалады. Ендеше, соншалық қуатты да, киелі қаруды қалай болса солай қолдануға болмайды.

 

Досмұхамедов Х.  Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның иілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды… Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол – күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл – сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате.

 

Айтматов Ш. Қазіргі қазақ тілінен үйренеріміз көп. Мен өз басым жаңа шығарма жазар алдында қазақ әдебиетінің озық туындыларын үңіле оқимын, орайлы атауларды өз шығармаларымда пайдаланып отырамын… туыс тілдегі терминдер баламасын тартынбай кәдемізге асырсақ, қырғыз тіліне олжа саламыз!..

 

Бельгер Г.  … Әлдеқалай орыс, неміс таныстарымның арасына түсе қалғанда, олардың әңгімесі қыза-қыза келгенде, маған тұтқиылдан сұрақ қоятыны бар: “Осы қазақ тілі қалай өзі … бай тіл ме?”. Бір ауыз сөзбен қысқа қайырып: “Бай! десем, бәрібір сене қоймайтынын білем. Сондықтан, сөзім дәлелді болу үшін, мен де жауап берер алдында ойланып, атам қазақтың  “біреу ойнап сұраса, сен шындап жауап бер” деген қағидасын ескеріп, көптеген мысалдар келтіремін. Айталық, орыс, неміс тілдерінде тапшы келетін қазақтың мал атауларын ұзақ-сонар әңгімелеп, тізіп ала жөнелемін.

Атап айтқанда, жылқы, түйе, сиыр, қойға қатысты неше түрлі сөздерді тізіп шыққаннан кейін тыңдаушыларға жымия бір қарап қойып, “ал, енді бүркітке келейік” деймін. Онсыз да бағанадан бері жағасын ұстауға әзер отырған кісілер: “Бүркіт?!. Ол не тағы?!” деп таңданысады.

Әрине, менің де аңшылық-саятшылықтан білетінім жоқтың қасы. Көбі кітаптан оқып-тоқығаныма негізделген. Бәрінен бұрын баяғы бала кезімде ауылдасым марқұм Әбілмәжін шалдың бүркітті қалай ұстап, баулығанын көрген едім. Сол кезден бүркіт пен бүркітшіге байланысты біраз қазақ сөздері жадымда қалған: мәселен, балапан құс, тірнек, тас түлек, мұзбалақ, көк түбіт, томаға, тұғыр, қан соқта т.с.с.  Ал осы  сөздердің көбінің баламасын орыс және неміс тілдерінде қолыңызға шырақ алып іздесеңіз де таба алмайсыз. Соған көзі жеткенде, әлгі таныстарым: “Ах, зоо! Вундербар!” немесе “Смотри-ка! Поразительно!” – дейді. Мағынасы қазекемнің “апырай, а!” дегеніне пара-пар.

“…Өмірімнің 43 жылын қазақтардың арасында, қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген екем. Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дархан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл. Тек сол оралымды бай тілді “қиыннан қиыстырар ел данасы” керек. Өз басым осылай түсінемін.

 

Момышұлы Б. Қазақ тілі  еш уақытта  өзімен көршілес халықтың  тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге бермегендігі мыңдаған жыл тарихынан айқындалған.

 

Момышұлы Б. Қазақ тілі түрлі тілдердің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері.

 

Назарбаев Н.Ә. Дауға  салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана  тіліміз.

 

Бақытжан Момышұлы.  Бала кезімде, кейін есейе бастағанымда, менің жанымда шешем мен әкем болды, бірақ тіпті екеуінің көзі тірісінде-ақ өзімді жетім сезіне бастадым. Мен жай жетім болып қалғаным жоқ, ана тілін білмейтін, тілсіз кеңістікте қолдан жасалған мылқау күйге түстім. Сөйтіп, әке-шешем шыққан халыққа бөтен саналдым, одан тым алыстап кеттім. Ал өзім баруға талпынған халық мені өзінің туғаны ретінде қабылдай алмады, одан да шеттеп қалдым.

Иә, иә, мен бір кезде бөтен топыраққа  отырғызылған, жапырағынан қалыбы бөлек, діңгегі қисық ағаш болдым. Ал туған топырағым менің қырқылған тамырым – өз халқымның асыл қасиеті мен бал шырынын бойына сіңіре алмайтынына көзі жетіп, күдерін әлдеқашан үзген еді. Ертеректе бір данышпан екі мәдениеттің тоғысқан жерінде құбыжық пайда болады деген екен…

Мен қаладағы асфальт жолдың баласымын. Егер өзімді тағы да ағашпен салыстырар болсам, арықтың жағасында бетондалып тасталған ағаш тәріздімін. Тап жанымнан сылдырлап су ағып жатыр, әттең, одан қанып іше алмаймын. Ана тілім мен мәдениеттің, ұлттық салт-дәстүрдің, терме-айтыстың дәл қасында тұрсам да шөлімді баса алмаймын. Өйткені біздер – тілсіз жетімдер едік.

Бірде көшеде мені кеудесі орден-медальға толы ақ шашты ардагер тоқтатып, әскери қалашыққа қалай баруға болатынын сұрады. Мен орысша жауап бере бастап едім, сөзімді кілт бөліп, мені тыңдағысы келмейтінін айтты. Мен ренжіп қалып едім, ол зірк ете түсті:

– Әке-шешесін қорлаған, тілсіз жетімек!..

Осы бір көшедегі  әңгімеден кейін мен өзімді екі дүниенің ортасында ұшып-қонып жүрген тұрақсыз пенде ретінде сезіне бастадым. Сол күннен бастап өз ұлтымның мен үшін  сөніп-өшуге айналған халықтың асыл көздеріне оралудың ауыр жолы басталды… Тілді меңгерумен бірге маған қазақ даласының бояуы, туған жердің әуені, өлең-жыры, қазақ әйелінің әдемілігі бірте-бірте буалдыр сағымдай орала берді.

Ең бастысы, өзімді жетім санамайтындай халге жеттім. Қазақстанның кез келген түкпірінде мені бөтен санамайтын болды. Өз халқыммен әрбір жаңадан қауышқан, жүздескен, сырласқан сәттерімде, бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын көшеде бақытыма кездескен майдангер ағаға  рахмет айтам. Кім біледі, бәлкім, ол кісі болмағанда, әлі неше жыл адасарымды.

Міне, қазір де арамызда мен сияқты адасып жүрген балалар болса, жоғарыда баяндалған жай сабақ болар деген ойдамын.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ