Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған?

0
4788

         «Наурыз» — өте көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Ғалымдар оның шығу негізін дуалистік теорияға — жақсылық пен жамандықтың, жаз бен қыстың, суық пен жылының, қайырымдылық пен қатыгездіктің күрес-тартысына сүйене отырып түсіндіреді.

         Көшпенділердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша жыл алты ай жаз бен алты ай қысқа бөлінген. Көне түркі тілінде жаз айларын «йас», қыс айларын «қыш» деп атаған. Тіліміздегі «алты ай жаз бойы», «ала қыстай» секілді сөз оралымдарын осы бір түсініктің жаңғырығы десек болады. Жаз айларында дүние кеңіп, шаруадан мойын босап, жер бетін қуаныш, шаттық жайлайтындықтан «жағымды», ал қыс айларында суық, аштық, жұт болғандықтан «жағымсыз» саналған. Әуелгі адамдардың жақсылық, жамандыққа жан бітіріп, оларды адам бейнесінде айтыстырып, күрестіргені туралы қызықты мәліметтер көне түркі жазба мұраларда көптеп сақталған. Мәселен, біздің жыл санауымызға дейін дүниеге келген касиетті «Авеста» кітабында, XI ғасырдағы түркі тілдерінің энциклопедиясы «Дивани-лұғат-ат-түрік» сөздігінде, сондай-ақ қазақ халқының қиял-ғажайып ертегілерінде осындай ұқсас сюжеттер қайталанып отырады. Соғдалықтар жақсылыққа «Ахура Мазда», жамандыққа «Ахирман» деп ат қойса, бұрынғы қазақтар жақсылықты «кие», жамандықты «кесір», қысты «зымыстан», жазды «табысқан» деп атаған.

«Атасы мен анасы,

Үш жүз алпыс бес баласы,

Он екі ауыл шамасы.

Отыз ру дуадақ,

Бес балақ сан,

Елу екі қарашы» деп халық жұмбағында айтылғандай, қазақтар бір жылды әрқайсысы отыз күннен тұратын он екі айға бөлген. Жыл соңындағы санатқа кірмей қалқан 5-6 күн «бес қонақ» деп аталады. Бұны парсылар «фәнджи», сотистік күнтізбеде «апагоменей» (шолақай) дейді. Ежелгі сенім бойынша жақсылық пен жамандықтың жан алып, жан берісіп, өмір үшін күресуі осы санатқа кірмей қалған уақыт аралығына сәйкес келеді. Осы бір «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер», елінің әрі тартар, тірінің бері тартар қиын кысталаң күндері қазақ тілінде «өліара» деп аталады. Қазақтар осы өліараны өткізіп жібермей жолаушы шықпайды, қоныс аудармайды, жиын-той жасамайды, мал сойып, қонақ шақырмайды. Ақсақалдар өліарада «Апырай қайтер екен» деп ауыл иттерін де үргізбейді. Қыс пен жаздың халық санасындағы осы күресі ақын М.Мақатаевтың мына бір шумақ өлеңінде әдемі көрініс тапқан:

Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,

Қыс барады қиылып жылап тұрып.

Шатырында үйлердін Наурыз жүр

Мұз көрпесін ақпанның лақтырып.

Халық ақыны С.Оңғарбаев былай деген:

Малдар төлдеп, қой қоздап,

Сүттен бұлақ ағызған.

Жаңа жылдың сипаты

Молшылыққа аңыз боп,

Басталыпты Наурыздан.

         Көшпелілер жыл басын жақсылық жеңген күн — Наурыздан бастайды. Бұл күн — аспан денелері өздерінің ен бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануар түлеп, жер көктеп, мал төлдеп, адамдардын аузы аққа тиетін, жер бетіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні, Ұлыс күн» деп атаған. Григориан күнтізбесі бойынша ескіше 9-наурыз, жаңаша 21 -інен 22-сіне қараған түн осы күнге сәйкес келеді.

         Наурыз мейрамы жыл сайын Алжирде де аталып өтеді. Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы болып саналатын «Наурыз» ескіше жыл санаумен күн мен түн теңелетін 22-наурызға дөп келеді.

         Наурыз — дүниенің ғарыштық сипатын, адам мен табиғаттың кіндіктестігін білдіретін мейрам. Қазақ ордасында Наурыз күні салт-санаға байланысты жеті саны шарт: ақсақалдар алдына 7 дәмнің 7 түрінен жасалған «Наурыз көже» таратылады. Жеті саны әрине, жеті күннен тұратын жұма, уакыт шіркіннің мазасыз мәңгі қозғалысының мезгілдік бұтағы.

         Наурызды мейрамдау дәстүрін дүниеге алып келген біздің тапқан ата-бабамыз жаратылыстың буынын есептеп, дәл тапқанға ұқсайды. Әлімсақтан ата-бабамыз Күн нұрын мінажат тұтқанын біз білеміз.

         Күнге байланысты жарық пен түнді салыстырып бейнелей білген. Сондықтан «Түн баласы ауыр», «Түнде кір жууға, тырнақ. алуға, суға баруға болмайды». Неге? «Жаман болады» деп жауап қайырады үлкендер. Наурыз күні қыздың атын жарыққа байланыстырып Сәуле қойып жатады, үнділер Индира дейді екен.

         Наурыз — халықтың жарқын көңіл-күйін, шаттығын аңғартатын, өзіндік орны бар үлкен дәстүр. Береке басы, еңбек мерекесі наурыз екендігі де сөзсіз. «Наурызда ерте тұр, ерте тұр да тілек қыл»,

«Үйінді, киіміңді, шашыңды таза ұста»,

» Бұлақ көрсең көзін аш»

«Бұрын бір тал ексең, наурызда он тал ек».

         Мұнда мерекенің еңбекке деген ықылас-сүйіспеншілікті арттыратын тәрбиешілік жағына баса көңіл бөлген. Наурыз діншілікке де, кері тартқан көнелікке де жанаспайтын, керісінше көгерер тіршіліктің жыл басы ретінде көңілді көк жиекке көтеріп тастайтын көктем мерекесі.

         Әдетте Наурыз мейрамында дайындық жұмыстары қыс кезінен-ақ үй мүліктерін ретке келтіріп, оның тазалығына кірісуден басталған. Құдықтар мен арықтар тазаланып, құрал-саймандар жөндеуден өткізілетін. Бұрын қыздар мереке алдындағы түнде ет пен уыздан «ұйқы ашу» дайындап, өздерінің көңілі кеткен жігіттеріне дәм таттыратын болған. Бұл әдет «Ұлыстың ұлы күні» ұйықтап қалмасын деген ұғымнан туған. Оның, үстіне «ұйқы ашар» болашақ күйеулерге күш-қуат, махаббат, нәзік сезім әкеледі делінген, жігіттер қыздарға әтір, иіс сабын, айна мен тарақтан тұратын «селт еткізерді» ұсынуға міндетті болған.

         Көршілеріне дәм татқызу мақсатында түрлі тағамдардан әзірлеген «Наурыз көже» беретін. Мұны кейбіреулер құдайы көже дейді. Халқымызда «Наурыз келмей жаз болмас, нәр кірмей мәз болмас» деген сөз бар. Наурыз көжені үлкен тайқазанға қайнатады. Оны қарны тойғанша ішуі керек. Құранда «Артық ішкен ас — харам» дейді. Ал Наурыз көжені артық ішкен оған жатпайды. Халқымыз қандай жағдайда болса да соңғы жылы, жұмсағын Наурызға сақтаған. Мұның өзі «Көктемге жеттік, аузымыз акқа ілінді, күнкөрісіміз түзелді» деген ниеттен туған. Сондай-ақ, Наурыз күні ауыл тұрғындары ұлттық киімдер киіп, өнер және ойын-сауықтар көрсеткен. Бұл күні «Айқыш-ұйқыш», «Аударыспақ», «Жау қашты», «Шашбау салды», ‘Тартыс», «Соқыр теке», «Тоғықұмалақ», бұдан да басқа күлдіргі, жаңылтпаш ойындар, айтыс өлеңдер ұйымдастыратын. Осыған орай халқымыздың салт-сана, әдет-ғұрып, ойын-сауық имандылық сенім дүниесі Наурыз арқылы табиғатпен үндесіп, ізгілік мұратымен байып отырған. Қазақ халқы жалпы европалық күнтізбені колданбай тұрған ерте кезде Наурызды тоғыс есебі бойынша анықтап тойлап отырған. Арнаулы есепшілер Ай мен Үркердін бір жыл ішінде 13 рет тоғыса алатынын біліп, сол арқылы көктемгі күн мен түннің теңелуін анықтап, бұл күндерді жаңа жылдың басы деп белгілеген. Бұл күн қазіргіше 22-наурызға тура келген. Парсыша Наурыз ай аты емес, бір ғана күн. Жаңа жылдың бірінші күні мағынасымен ай аты болып тарихи қалыптасқанын «Қобыланды батыр» жырынын:

Қаз жайлауын саз деймін,

Наурыздан соң жаз деймін.

Көлден ұшқан қаздаймын.

Наурыздан соңғы жаздаймын, —

деген жолдары осы пікіріміздің дұрыстығын айғақтаса керек. Наурыз күні әрбір адам жайдары жүз, жарқын дауыспен амандасып, тақлақтап наурыз тілек білдіретін.

Ассалаумағалейкүм!

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын.

Атымызда жол болсын,

Түйеде қом болсын,

Қара малда қоң болсын,

Ұсақ малда шел болсын,

Сапар шеккен жол болсын, — деген ниет білдірушілерге үлкендер:

Әлейкүмсалам

Айтқанын, келсін, бар бол,

Жүк көтерер нар бол.

Ырыс болып Наурызың

Көп кежедей бар бол! — дейтін еді.

         Қазақ халқы Наурыз мерекесін қастерлеп, соған лайық жаңа туған нәрестеге азан шақырып ат қойып отырған. Ізгі қасиеттерді жұртшылықтың санасына ұялата білуге Наурыз мерекесінің алатын орны ерекше. Наурыз дәстүрін жаңа ұрпақтың бойына дарыта білуіміз кажет.

         Қорыта келгенде жоғарыда айтылғандарымыздың бәрі де сонау ғасырлар қойнауына кететін халқымыздың тарихи шежіресі мен мыңдаған жылдық тәжірибесінің бізге жеткен кәусар бұлақтың бір тамшысы ғана. «Тамшыдан теңіз құралады» дегендей, кейінгі жылдарда көмескіленіп қалса да, көмілмей жеткен халықтың мейрамымыздың нәрі мен сөлін бойымызға дарыта алсақ, — тілегіміздің ақталғаны.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ