ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КӘСІБИ ЖӘНЕ БАСҚА ДА МЕЙРАМДАРЫ

0
3039

Оқырман назарына еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелерді ұсынамыз. Бұл күндері Қазақстан халқы демалмаса да бір-біріне жылы сөздер айтып, мереке иелерін құттықтап жатады. Соның бірі қазан айының бірінш аптасындағы «Ұстаздар күні» мерекесі. Ұстаз — бар мамандықтың анасы. Ұстазының қадіріне жеткен ел тозбайды. Оларды ең беделді мамандықтардың біріне айналдырсақ, сөзсіз еліміз өсіп-өркендер еді.

Отан қорғаушы күні — 7 мамыр

1992 жылғы мамырдың 7-інде Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Нақ осы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі — жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштері бас штабтары бекітіліп, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қайта құрылды. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери — Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді. Дәстүр бойынша Отан қорғаушы күні Қазақстан Президенті (Жоғарғы Бас қолбасшы) кезекті әскери атақтар тағайындап, көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсырады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні — 31 мамыр

Елбасының Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып аталған 1997 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл күн Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. Тарих өрісіне орай, біздің республикамыз миллиондаған кеңестік азаматтардың жер аударылған мекеніне айналған. «Халық жауларын» анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілген. Сол кездердегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да жапа шекті. Осы кезең аралығында Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі — 1993 жылғы сәуірдің 14-індегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы.

 Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні — 4 маусым

1992 жылғы маусымның 4-інде тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді —  бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер — мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады. Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етті. 1992-нші жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі болып табылады. 1992-нші жылы республикамыз әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары — Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006-ншы жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды. Бақытты тағдыры өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысынан басталған халық арасында кең танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік әнұранның авторлары — Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекеттік рәміздер күні — Қазақстандағы мүлде жаңа мейрам, әйтсе де оны қазақстандықтар асқан патриоттық сезіммен мерекелейді.

Медицина қызметкері күні — Маусымның 3-ші жексенбісі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Қазақстан полициясы күні — Маусымның 23-і 

1992 жылғы маусымның 23-інде ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. 2007 жылы маусымның 5-інде Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен маусымның 23-ін — Полиция күні деп бекітті. Қазақстан полициясы күні — осы жауапты қызмтетті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіру күні.  Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып та саналады.

Журналистика күні — Маусымның соңғы жексенбісі

2004-інші жылдан бастап маусым айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Оған дейін аталмыш күн 1990 жылдардың басында қазақстандық парламент қабылдаған алғашқы БАҚ туралы заңның құрметіне орай маусымның 28-інде атап өтілетін.

Дипломатиялық қызмет күні — 2 шілде

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2009-ыншы жылғы шілденің 1-індегі «1998 жылғы қаңтардың 20-сындағы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына сәйкес атап өтіледі.

Металлург күні — Шілденің 3-ші жексенбісі

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003-інші жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Көлік және байланыс қызметкерлері күні — Тамыздың 1-ші жексенбісі

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003-інші жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың бірінші жексенбісінде атап өтіледі.

Құрылысшы күні -Тамыздың 2-ші жексенбісі  

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003-інші жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Спорт және туризм күні — Тамыздың 3-ші жексенбісі

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003-інші жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Шахтер күні — Тамыздың соңғы жексенбісі

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1947-інші жылғы қыркүйектің 10-ындағы Жарлығымен бекітілген. Қазақстанның көмір өнеркәсібі еліміз экономикасының ең ірі салаларының бірі болып табылады. Көмір қоры бойынша Қазақстан әлемде 8 орынға ие, республикамыздың кенді қойнауында бүкіләлемдік қор көлемінің 4 пайызы жинақталған. Көмір өнеркәсібі ел электр энергиясының 80 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр.

Білім күні — 1 қыркүйек

Қазақстан Республикасы Президентінің 1998-інші жылғы қаңтардың 20-сындағы Жарлығына сәйкес атап өтіледі. Бұл — мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттаған балғындар үшін асыға күткен күн.

Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні — Қыркүйектің 1-ші жексенбісі

Қазақстан Республикасы Президентінің 1998-інші жылғы қаңтардың 20-сындағы Жарлығына сәйкес қыркүйектің бірінші жексенбісінде атап өтіледі. Қазақстан Республикасы Президентінің 2003-інші жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасындағы кәсіби және басқа да мерекелердің тізімі бекітілді. Осы Жарлыққа сай Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні — қыркүйек айының бірінші жексенбісі.

Қазақстан Республикасы халықтары тілдерінің күні — Қыркүйектің 3-ші жексенбісі

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003-інші жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Қазақстанда жүзден аса ұлт және ұлыс өкілдері тұрады. Әр тілдің өзіндік тарихы, басқа да тілдердің тағдырымен байланысты өз тағдыры бар. Тіл арқылы адамдар бір-бірін тауып, рухани мәдениетті, салт-дәстүрді түсінуге үйренеді.

Атом саласы қызметкерлерінің күні — 28 қыркүйек

Қазақстан Республикасының 2001-інші жылғы желтоқсанның 13-індегі «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңының 4-інші бабына сәйкес бекітілді. Қыркүйектің 28-і — кездейсоқ күн емес. 1942-інші жылы нақ осы күні КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитеті «Уран бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы» жарлық шығарды және Ғылым академиясы жанында арнайы атом ядросы зертханасын құруды мақұлдады.

Мұғалімдер күні — Қазанның 1-ші жексенбісі

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1998-інші жылғы қаңтардың 20-сындағы Жарлығына сәйкес жыл сайын қазанның бірінші жексенбісінде атап өтіледі. 2003-інші жылғы қарашаның 15-інде ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстанда кәсіби және басқа да мерекелердің жаңа тізімі бекітілді. Осы Жарлыққа сәйкес мұғалім күні — қазан айының бірінші жексенбісі. Мұғалім — тек ғылымдарға үйретуші ғана емес, сондай-ақ рухани игіліктер мен адамгершілік ізгі ниеттерді оқушылар бойына сіңіруші де. Ұстаздар айрықша азаматтық парыз — жас ұрпақты тәрбиелеу міндетін атқарады. Олардың білімі мен тәжірибесі, дәстүрлер сабақтастығы мен жаңашылдығы әрбір мектептің негізі боп қаланған. 1994-інші жылы ЮНЕСКО қазанның 5-інде аталып өтетін — Дүниежүзілік Мұғалім күнін (World Teachers’ Day) бекіткен.

Ұлттық валюта күні (Қаржыгерлер күні) — 15 қараша

Теңгенің айналымға енген күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997-інші жылғы қарашаның 13-дегі Жарлығымен Ұлттық валюта күні, еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды. Ұлттық валютаны теңге деп атауды ұсынған — Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов еді. 2006-ыншы жылы қарашаның 15-інде ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары айналымға шықты. Дизайн мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін береді. Қолайлылық үшін номиналдарды сандық және жазбаша белгілеу ірі қаріптермен басылған. Нашар көретін адамдар үшін банкноттарда әр жеке номиналға тән жоғары бедерлі арнаулы элементтер пайдаланылған.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні — Қарашаның 3-ші жексенбісі

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003-інші жылғы қарашаның 20-дағы Жарлығына сәйкес жыл сайын қарашаның үшінші жексенбісінде атап өтіледі.    2011

Энергетиктер күні — Желтоқсанның 3-ші жексенбісі

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998-інші жылғы қаңтардың 20-сындағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіби мерекелер және атаулы күндер туралы» Жарлығына сәйкес жыл сайын желтоқсанның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. ҚР Президентінің 2003-інші жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасында жаңа кәсіби және басқа да мерекелер тізімі бекітілді. Бұл Жарлыққа сәйкес — Энергетик күні — желтоқсан айының үшінші жексенбісі. «Энергетик күні» — бұл энергетикалық жүйелерді құру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысы бар барлық мамандардың мерекесі. Бұл күн — сондай-ақ энергетика саласындағы жауапты орындарда бүгін де қалтқысыз қызметке жұмылған жандар мейрамы. Қорыта айтқанда, «Энергетик күні» — «жарық» пен «жылу» түсінігі жай ғана сөздер емес, олардың ғұмырының айтулы дәуіріне айналған барша білікті мамандар мерекесі.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ