Көре алмаушылық неден туындайды?

0
1634

Дана атамыз өсиет қылған бес нашар қылықтан қашық болу керектігі жайлы барлық қазақ біледі. Дей тұрғанмен пендешілік жасап, кейде осалдыққа бой ұрғанымызды сезбей де қаламыз. Солардың бірі — көре алмаушылық.

Көре алмаушылық деген не?

Бұл бөтен біреуді моральдық, материалдық жағынан өзінен артық деп санап, соған қызыға отырып, күйіну.

Ол неліктен туындайды?

Адам өзіне көңілі толмаған сәтте еріксіз өзін басқа біреумен: жағдайы өзінен көш ілгері деп ойлайтын жандармен салыстырады. Мысалы, «Менің ата-анам маған көлік әпере алмайды. Ал Майраға папасы 1-курста жүргенде алып берген. Мен неге кедей отбасында тудым?» Немесе «Айжанның жігіті оны сүйеді, ылғи гүл әкеледі, ал мен де жігіт те жоқ» деген ойлармен өзін-өзі іштей жеп қояды. Сөйтіп, Айжан мен Майраны да, өзін де жек көре бастайды. Құрбыларымен қарым-қатынасы бұзылады. Егер ылғи осындай ойлардың жетегінде өмір сүретін болса, денсаулығына кері әсер етеді. Бауыр, өкпе, өт жолдары, асқазан сияқты адамның іш органдары зақымдалады.

Сондай-ақ көре алмаушылық, реніш, жеккөрушілік сияқты сезімдер адамды теріс жолға итермелейді. Әсіресе ақыл тоқтатпаған жасөсіпірімдік кезеңде жастар бірдеңеге ұрынып қалуы мүмкін. Сондықтан әр адам өзін дер кезінде қолға алып, жағымсыз әсерлерді позитивті сезімдерге алмастырып үйренгені жөн.

Алдымен өз бойындағы жақсы жайттарды қағазға тізіп жазып шығу керек. Енді қараңыз, сіздің бойыңызда қаншама талант, жақсы қасиет бар?! Біреуге қиналмай, көмектесесіз, сурет саласыз, ән айтасыз, дәмді тамақ пісіре аласыз. Бос уақытыңызды соларды дамытуға жұмсаңыз.

Қазіргі жастар өте батыл, іскер. Өзіңіздің қолыңыздан келетін жұмыс тауып, ата-анаңызға көмектесіп, отбасылық бизнеспен айналысыңыз. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін машина да, бәрі де болады. Өз-өзіңізге көңіліңіз толып, жақсы көре бастайсыз. Айналаңызға Күн сияқты нұр сәулеңізді шашасыз, оған ұмтылатын адамдар да көп болады.

Іске сәт!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ