Құлдықтағы өмір

0
1265

Күнделікті жаңалықтарды парақтаған кезде «іс түссіз жоғалып кетті» деген хабарларға еріксіз көңіл аударып, шынында бұл жандар қайда жүруі мүмкін деген ойға ораласың. Құлдық және құлдыққа сату – бүкіл әлемдегі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл әрекет адам құқығын бұзатыны анықтан айғақ.

Қазіргі таңда осы қылмыс түріне әлемдегі барлық бірлестіктер қарсы тұруда һәм барынша күресуде.

Көбіне қазіргі кездегі құл саудасының құрбандары – бұл әйел адамдары мен кәмелетке толмаған жас балалар болып табылады. Адам құқығын қорғау Орталығының бақылауы бойынша, жыл сайын құлдыққа шамамен 4 млн. адам түседі.

Ал бұл қылмысты ұйымдастырушы азаматтар одан жылына 7 миллиард доллар табыс табатын көрінеді. Сондықтан да бүгінгі күні адам саудасы әлемдегі ең табысты кәсіп бойынша үшінші орында тұр. Ал одан алдыңғы екі орынды заңсыз қару-жарақ сату және есірткі саудасы иемденген.

Бұл проблеманың туу себебі ретінде,  жұмыс берушілердің арзан жұмыс күшіне қызығушылығы басым болатындығын жатқызуымызға болады. Сондықтан олар тек адам құқықтарының қорғау заңдылықтары дамымаған елдерге көп көңіл бөледі. Осындай елдерде құлдық саудасы көп тарайды, құлдық саудасының жұмысқа күштеп салу сияқты формалары дами бастайды. Сонымен қатар, мемлекеттің түрлі қылмыс түрлерімен күресу жолдарын қарастырмайды. Ол да құлдық саудасының дамуына оң әсерін тигізеді.

1926 ж. 25 қыркүйекте Женева қаласында қол қойылған «Құлдық туралы» конвенциясының 7-бабында осы мәселе қозғалады. Адамды құлдыққа сату мақсатында ұстау, сату немесе айырбастау үшін басқа біреуге берудің, сондай — ақ еріксіздерді сатудың, алып кетудің кез келген көрінісі — құлдыққа салу саудасы деп түсіндірілген.

Соған орай Біріккен Ұлттар Ұйымы әйелдерді, балаларды және кәмелетке толмағандарды саудаға салумен күрес туралы халықаралық конвенцияның хаттамасын қабылдады. Конвенцияларда және аталған хаттамада әйелдерді жезөкшелікке салу және әйелдер мен балаларды сатумен шұғылданатын адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы айтылады. Сонымен қатар, әр елдің әйелдер мен балаларды саудалайтын кәсіпқой саудагерлері туралы ақпарат беріп отыру көзделген.

Бұған дәлел Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларацияда барлық адамдардың құқықтарының тең екендігі көрсетілген. Сәйкесінше, адамдарды нәсілдік түр-түсі, жынысы, тілі, дінге көзқарасы, сондай — ақ саяси танымы бойынша қандай да болмасын кемсітушілікке тыйым салынатыны айтылған. Осы әмбебап құжаттың 4-бабында: «Ешкім құлдықта ұсталуға тиіс емес; құлдық және құлдыққа сату саудасының барлық түріне тыйым салынады» — деп белгіленген болатын.

Негізінен, адамның құлдыққа түскенін анықтау, үш критерий бойынша жүргізіледі:

  • құлдыққа түскен адамның қызметі — қорқыту, үрейлетумен бақыланады;
  • құлдыққа түскен адам белгілі бір жерде еріксіз және мәжбүрлі түрде қызметін атқарады, бірақ ол жағдайды өз еркімен өзгерте алмайды; 
  • құлдық құрығындағы адам өз қызметі үшін төлемақысын төмен мөлшерде немесе тіпті мүлдем алмайды. 


Аталған осы критерийлерге негізделетін болсақ, құлдық немесе құлдыққа сатуға байланысты қылмыстар қарастырылады. Ол азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, жеке бас бостандығына және еркіндігіне қол сұғады.  Қоғамның байлар мен кедейлер болып әлеуметтік тұрмыстық жағынан жікке бөлінуі, кәсіпкерлер мен өзге де ауқатты адамдардың көбеюі және олардың кейде қылмыстық ортамен байланыста болуы өздерінің еркіндігінен айырылуына әкеп соғады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының трансұлттық қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен қабылданған адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын — алу және жолын кесу туралы хаттама бойынша «адам саудасы» күш қолданамын деп қорқыту және оны қолдану немесе мәжбүрлеудің басқа да нысандарын қолдану, ұрлау, алаяқтық, алдау, билікті асыра пайдалану, пайда табу жолымен адамдарды қанау мақсатында арбауды, әкетуді, жасыруды, сатуды жүзеге асыруды білдіреді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде осы санатқа байланысты бірнеше баптар бар. Олар: 

  • адамды ұрлау;
  • адамның дене мүшелері мен тінін алуға мәжбүр ету немесе заңсыз алу;
  • бас бостандығынан заңсыз айыру;
  • саудаға салу;
  • кәмелетке толмағандарды
  • жезөкшелікпен айналысуға тарту;
  • адамды оның тұрақты немесе уақытша тұратын жерінен алыстатуға және оны — ата — аналары, таныстары мен құқық қорғау органдары үшін белгісіз жерде ұстауға бағытталған қасақана ұрлау, пайдалану болып табылады.

Адам сату аясында «құлдыққа» мәжбүрлеп пайдалану – біздің халқымызға, ұлттық дінімізге мүлдем жат, жан түршіктірер ұғым.  Бірақ осындай келеңсіз оқиғалар да біздің елімізде көрініс тапқан. 2 миллионға жуық халқы бар Алматыда адам саудасымен күресетін бөлімде төрт-ақ маман бар.

Сондықтан да бұл проблема бәсеңдемей, өршіп тұр. АҚШ мемлекеттік департаментінің 2011 жылғы «Адам саудасына қатысты» мәліметінде «Қазақстан адам ұрлау қылмыстарын жүзеге асыратын қолайлы мекен» деп жазылған. Оған дәлел ретінде көптеген мәселелерді жатқызуымызға болады.  

Мысалы, Жамбыл облысында 8-сынып оқушысы бір айға жуық уақыт бойы құлдықта болғандығы, 2014 жылғы Шығыс Қазақстан облысында тұратын 15 жастағы Верамен Ираны (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген)  заңсыз түрде жұмысқа тартып, балалар еңбегін пайдаланғандығы. Бұл бүкіл мәселенің кішкене бөлшегі ғана. Осы сәуірдің 5-і күні шыққан «Айтуға оңай» бағдарламасының  «Күңдікте өткен күндер» атты эфирінде Мәскеуге жұмыс істеймін деп барып, құлдыққа түскен Фатима Мұсабаева, Зарина Әшірова, Несібелі Ибрагимова, Айдана атты қазақ қыздардың құлдықта болуы, осындай мәселелердің қоғамда әлі орны бар екендігіне дәлел. Өрімдей жас өмірлерінің өзекті өртер өкінішке ұрындырғанын айтқанда етектері жасқа толады.

Ал біз білмейтін осындай қылмыстар қаншама… Global Slavery Index ұйымының мәліметінше, әлем бойынша 30 миллион адам әлі құлдықта.

Жалпы әлемді шырмаған бұл шырғалаңның алдын алу үшін біздің елімізде де барлық шаралар қолға алынуда. Алайда, ең бастысы, қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жер-жерде ақпараттық қамтамасыз етуді, халыққа сақтық мәселесін кеңінен түсіндіруді қолға алған жөн.

Сондықтан, әлемдік ауқымды бұл проблеманы алдын алуда, тым болмаса, мынадай шараларын жүзеге асыру қажет:

— кез келген құлдық көріністеріне және құлдық саудасына қатаң тыйым салу, егер кей жерлерде болсын құлдыққа сату байқалған жағдайда, оған қатаң жаза шараларын қолдану;

— жоспарланған құлдық және құлдыққа сатуды жасауға дайындалғандарды, яғни зорлау сияқты әрекеттерге жазалау шараларын барынша қатаңдату;

— жоспарланған құл саудасын жасаған адамдарға жеткілікті түрде жазалау шараларын белгілеу;

— мемлекеттің құлдық және құлдыққа сатудың алдын алу мен болдырмау шараларын қатаң қадағалануы.

Сондықтан, адам саудасына жаппай тосқауыл қою мәселесіне біздің ел азаматтары да барынша көңіл бөліп, осы бір келеңсіз құбылыстың жолын кесуге қарыштаған заманның қалыспаған пендесі ретінде өз үлестерімізді қоссақ екен дейміз.Тәуелсіз еліміздің ертеңінің бүгінгіден нұрлы болуының өзі осыған байланысты екенін әсте естен шығармаған дұрыс.

Өтеп Жібек

Журналистика мамандығының
4-курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ