Мәтібай Сарбасұлы – Торғай ақындық мектебінің дәстүрін жалғастырушы

0
1253
ҚазҰУ – Ғылымға құштар жандар үшін үздік таңдау
Қазақ әдебиеті тарихында 18 ғасырдан бастап  көнеден қалыптасқан жыраулық дәстүрмен бірге ақындар поэзиясы кеңінен тарала бастағаны белгілі.
Торғай ақындық мектебінің танымал бір өкілі —  Мәтібай Сарбасұлы

Осы кезеңде өмір сүрген Тәтіғара,  Шал, Көтеш шығармаларында жыраулық поэзияға қарағанда ақындық сипаттардың басым болуы осыны көрсетсе керек. Халықтың мұң-мұқтажын, қуанышы мен қайғысын, арманы мен тілегін айта білген ақындар шығармашылығы қазақ сахарасында кеңінен өріс ала бастады. Бірақ бұл ақындар шығармашылығы тек осы кезеңде пайда болды дегенді білдірмесе керек. Бұл мәселе жөнінде көптеген әдебиет зерттеушілеріміз өз пікірлерін білдірген болатын.  Әдебиет зертеушілерінің тұжырымдарына қарағанда, «қазақтың ақын дегені – жыраудың кейінгі кезде шыққан атауы»(Н.С.Смирнова), «тарихи деректерге қарағанда, жырауларды ақындардың ең көне типі деп есептеуге болатын сияқты» (Е.Ысмайылов)[1,87 б]. Мейлі қайсысы қай кезеңде пайда болса да, жыраулықта ақындықта қазақтың қанына сіңген өнер.

Қош, сонымен 18 ғасырда жаңа қарқынға ие  болған ақындар поэзиясы ұлан-ғайыр қазақ даласының түкпір түкпірінде өзіндік мектептер қалыптастыра бастады.Солардың бірі Торғай өңірінде қалыптасқан Торғай ақындық мектебі. Бірақта өз дәуіріне ашық үн қосып, замана шындығын айта білген бұл ақындық мектептің өкілдері ұзақ уақыттар бойына ескерусіз қалып келді. Кеңестік кезең түгелі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да бұл ақындық мектептің өкілдері толық зерттелмей келе жатыр. Осы өңірден шыққан С. Кенжеахметов, С. Оспанов, Н. Бектемісов, Б. Әлмағанбет, А. Қалиев сияқты жергілікті зерттеушілердің бірен-саран еңбектері болмаса, бұл тақырыпта қалам тартқандар аз. Біздің осы еңбегімізді жазудағы басты мақсатымызда  осынау кемшіліктің орынын азда болса толтыру болып табылады.

Торғай ақындық мектебінің белгілі бір өкілі —  Мәтібай Сарбасұлы 1843 жылы Қостанай облысының аумағындағы Ақмешіт деген жерде дүниеге келген. Ұзын қыпшаққа жататын Тілеулі руының Жарбасты атасынан шыққан. Осыған орай ел ішінде «Жарбасты Мәтібай ақын»  атанған.  Патшалық Ресейдің отарлау саясатының  барысында ақын  әулеті 1868 жылдардың шамасында Торғай бойына қоныс аударады. Ескіше хат таныған Мәтібайдың әкесі Сарбас Сүйіндікұлы әнші, домбырашы, ақын болған. Оның Қошқар батырдың баласы Аяпберген биге айтқан:

«Айеке не сұрайсың ауған елден,

                             Баспана күйкене қып қаздым жерден.

                             Еліңнің бір әдетін жақтырмадым,                         

                             Мал келсе маңайына қуа берген[2] – деген шағым өлеңі бүгінгі күнге дейін ел есінде сақталып жетіп отыр. Осындай әкеден тәлім алған Мәтібай ескіше хат танығанмен өлеңдерін суырыпсалып айтқан — импровизатор ақын. Оның «Жалғыз атым жоғалды»,  «Масайраған байларға»,  «Ел аралау сапары»,  «Қыздың қарсы сөйлеуі», «Мекеден оралғанда айтқаны» т.б. толғаулары ел арасында кеңінен таралған.

Ақын шығармаларының зерттелуіне келер болсақ Мәтібай зерттеушілер назарынан тыс қалып келген ақындардың бірі. Ақын жайындағы  ең  алғашқы  көлемді  зерттеу  мақала Аманкелді аудандық «Тың шұғыласы» газетінің 1989 жылғы қаңтардағы 10-11-12-14  сандарында «Асыл мұра» айдарында «Мәтібай ақын» атымен жарық көрді. Авторы белгілі журналист – Бөгетбай Әлмағамбет.  Кейінірек бұл мақала толықтырылып аталмыш автордың «Торғайдың топжарғандары» кітабына енді. Сонымен қатар ақынның ұрпағы Қ. Әубәкіров Аманкелді аудандық «Ақ жол» газетінің 1992 жылдың 19 шілде күнгі санында жариялаған «Мәтібай қажы Сарбасұлы» мақаласында ақын өмірі жайында жаңа мәлімметтер айтып, тың деректер келтіреді. Ақын шығармашылығына назар аударушылардың бірі Ж. Сүлекешевте облыстық «Торғай таңы» газетінде «Мәтібай ақын туралы сөз» атты мақаласын жариялады. Ақын шығармашылығын жинап, зерттеу жайынан айтқан автор қателіктерге де ұрынған. Мысалы

…Атамыз бәріміздің Анас болса,

                                 Нәсілі үш ағайынды Алаш болса,

                                 Есенжол ата жөнін айтар еді,

                                 Мүбаба бір бас қосқан талас болса[3,22 б]- деп келетін Есенжол Жанұзақұлының шежіре өлеңін

Мәтекең аты-жөнін айтар еді,

                                 Егерде бір бас қосқан талас болса [4,103 б] —  деп  жазып,  аталмыш ақындардың  өлеңдерін  шатастырып  алады. Осы  аталғандардан  басқа   жазылған еңбектерде жоғарыда аталған авторлардың деректерін кайталаумен шектелген.

Енді Мәтібай шығармаларына тоқталсақ ақынның бізге жеткен өлеңдері санаулы ғана. Бұл өлеңдерінде ақын ел ішін жайлаған парақорлық, жағымпаздық, ұрлық-қарлық сияқты жағымсыз қылықтарды өткір сынға алып, қулық-сұмдықты серік еткен би-болыстарды, надан байларды уытты жырларымен жасқап отырады.Мысалы Бисарыға арнаған өлеңінде:

Бисары би емессің би дейтұғын,

                                Қаратабан қашаннан құл дейтұғын.

                                Түбінде бір шатағың болмаса егер,

                                Жай адам асқа өкпелеп жүрмейтұғын.

 

…Қой айдап қорасымен асқа бардың,

                                 Бұл күнде алпыс үш жасқа бардың.

                                 Сиырдай тірсегіне жүре тышқан,

                                 Түсіне ұқсамайсың басқа малдың – десе, ел ішінде зорлық-зомбылық жасап, пара алатын Рахмет болысты

…Дара көз Шашамбайдан тажал туып

                                Жалмады болмай жатып жұрттың бәрін.

Немесе:

…Қарсы келер жан барма бұл өңірде

                               Қара жүрек аямас кетер шауып – деп сынға алады. Мекеден оралғанда айтқан өлеңінде қажылықты мансап көріп,халық арасында жалған тақуасып жүрген дін бұзар дүмшелерді Ыстамбұл базарын аралағанда «қажылар қылады екен сауда-саттық» деп әшкерелейді. Мәтібай өз заманына ашық үн қоса біледі. Билікке, әкімдікке таласып «алдауыш ақ таяғын жылмаңдатқан»  атқа мінерлердің қыңыр мінез, қисық істеріне налиды. Өзі

Момынға айып-анжы салық салып,

                               Рақымсыз байтақ елді жатыр талап – деп суреттейтін  шенділердің қиянатына күйінеді. Өзінің тағы бір өлеңінде ақын сөзге тұрлаусыз, іске олақ Кенжебек дегенді

Кенжебек қақ төрімнен келдің жетіп,

                                Не болар қудың қуы сенен өтіп.

                                Сырдағы етікшінің тазысындай,

                                Байлаусыз сөз сөйлейсің сүмеңдетіп – деп сынайды. Осы өлеңдегі «Сырдағы етікшінің тазысындай»  деген  бір  теңеудің  өзінен  қанша  уытты  мысқылды байқауға болады. Жә несіне таңқаламыз. Сөзі байлаусыз, өзі қудың қуынан өткен мұндай адамның ісінде не мархадам болмақ. Бұл Абай айтатын  «мал бағуға, мал табуға пысық кісіге қосылмайтын,  өзі пәле шығаруға пысық, я сондайлардың сөзін «естігенім, білгенім» деп елге жайып жүріп, ырбаңдауға пысық өнерлілердің» айқын бейнесі емес пе? Осындай қушыкештерді көре білген ақын оларды сынап қана қоймай

…Ерінбей еңбек жаса терің төгіп,

                                Болуға жұрт қатарлы талап етіп – деп өз нәсібін  кәсіптен табуға шақырады. Адал еңбекке үндейді.

Ал, туысқандарына арнаған өлеңінде бірінің айтқанына бірі көнбейтін, тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін, бір жеңнен қол бір жерден сөз шығара білмейтін ағайындарына бірліктің болмауы елдің бұзылуына әкелетінін тілге тиек етеді:

Ағайын ала болса бірлік кетер,

                               Дәулетің басыңдағы бір күн өтер.

                               Бірлікті сақтамасаң ағайындар,

                               Ел болудың түбіне сол-ақ жетер.

Ақын да пенде. Жұмыр басты пенде пендешілігін жасамай қоймайды. Мәтібайда өзінің кей өлеңдерінде бай-манаптарға мақтау мен мадақ айтады. Бұл ақынның Аяпберген би мен Бектастың Бірәлісіне айтқан өлеңдерінен көрінеді. Бірақ қазіргі кездегідей кең мүмкіншілігі жоқ заманада ақындардың белгілі бір беделді кісінің жанында жүріп өз тұрмысын түзеуі, сол адамды өзіне қорған тұтуы заңды құбылыс. Мысалға әрідегі Шалкиіз жыраудың «Би Темірдің тұсында көкке жетті бұ мүйіз» деп жырлауы, Марқасқаның Есім ханды мадақтауы, берідегі Марабай, Қадірбайлардың Жәңгір сарайында болуы, Балта ақынның Алшынбай жанында жүруі осы бір жайдың айқын дәлелі болса керек. Мәтібайда осы дәстүрден аса алмаған. Бірақ ол өзі:

  Әй, Көпжан: ірі қараң жүзге жетті,

                               Өлмесе әкең Мәнтен қайда кетті?

                               Жұмабай сенен кейін емес еді,

                               Енсіз тай, сансыз қойын тастап кетті – деп сынаған надан да сараң Көпжандар емес, еліне «алтын қазық, жаяуға – ат, жалаңашқа — азық» болған Бірәлідей көзі ашық, көкірегі ояу жандардың жанында болады. Бір айта кетерлік жайт ақын өлеңінде аталған Бірәлі бай тек Мәтібай ғана емес, өз тұсында елге аты шыққан Сейдахмет, Есенжол, Ақмолда сияқты ақындардан да өз қамқорлығын аямаған кісі. Мұнысы бір жағынан ақын өнерін сыйлағаны болса, екінші жағынан жағымсыз қылықтарын

Қыз алдың Құлан, Жиенбет, Қоңырбайдан,

Затсызды жинап алдың әлдеқайдан.                                                                             Бірәлі дәулетіңе көп мақтанба,

Ел ұстар бала тумас жадағайдан – деп ойындағысын жасқанбай айтып салатын ел еркесін жанына жақын тартқаны деп түсінгеніміз жөн болар. Мәтібайдың да

…Бірәлі, Сейіткерей асқан шынар,

                                Көңілін дұшпанының басқан шығар.                      

                                Күн шалған Ұлытаудың шыңдарындай,

                                Жын-шайтан маңайынан қашқан шығар – деп мадақтауы да осыдан болса керек.Жоғарыдағы өлеңде аты аталған Сейіткерей Бірәлінің інісі. Өз әулетіне қиянат жасаған Рахмет болыстың қызын алып қашқанда осы – Сейіткерей. Бұл Торғай өңірінде үлкен дүрбелең туғызған оқиғалардың бірі. Қызға құда түскен қалың Найман көтеріліп ел іші жік-жікке бөлініп шырғалаңға түседі. Бұл жайды Мәтібай былайша суреттейді:

   Кетіпті Рахметтің қызы қашып,    

                               Маржанның жатырында сідігі ашып.

                               Кешегі Ерден, Берден кеткеннен соң,      

                               Найманның кеткен екен құты қашып.    

   

                               Тартыстың екі қызды пайда қылып,     

                               Бір түрлі кедейлікке қайла қылып.    

                               Түсінен Сейіткерей шықпаған соң,

                               Қыздарың жайдақ қашты тайға мініп…

Өкінішке орай бұл өлең толық сақталмаған. Бірақ бізге жеткен аз ғана шумақтардан-ақ  ақынның бұл өлеңінің үлкен мазмұнды шығарма болғанын, Мәтібайдың өзі өмір сүрген тұстағы ел ішіндегі маңызды оқиғаларға өзіндік пікірін білдіріп отырғанын байқауға болады.  Мәтібайдың бізге жеткен тағыда бір елеулі мұрасы Меккеден оралғанда айтқан өлеңі. Кезінде ел арасында кеңінен таралған бұл өлеңде толық сақталмаған. Қолымызда бары небары 15 шумақ үзіндісі ғана.

Кейбіреу үйде отырып тамаққа тоқ,

Тамаққа тоқ болсада басқаға жоқ…  

немесе:

…Ғарасат майдан күні қалай болар,   

Келмейді жатсам ұйқым ойлағанда – деген ақын «келген жан бұл дүнияға қайтпақ керек» екенін ұғына білген және сол дүнияға келген жанға «ұмытпа бай болдым деп бір құдайды» деп босқа жүрмей имандылық жолында болуды уағыздайды.

Ақын қажылық сапардан келгеннен кейінгі кезеңде де ел ісіне белсене араласып отырады.

Бұған мысал ретінде 1916 жылғы  ұлт-азаттық көтерілісі кезінде баласы Түсіпке батасын беріп өз қолымен  патша жарлығына қарсы шыққан көтерілісшілерге қосуын айтуымызға болады. Осы батадағы «жолдасты жауға тастама

Не болсада бірге көр

Қарабас қамын ойласаң

Кешірмес атаң қатаңды» [4,100 б]– деген жолдардан-ақ ақынның жеке бас емес халықтың жайы үшін алаңдағанын көреміз. Бұл Мәтібайдың елге, жерге деген үлкен сүйіспеншілігін көрсетсе керек.

Сөз соңында Мәтібай өлеңдерінің құрылысына  тоқтала кетсек. Бізге жеткен Мәтібай өлеңдерінің барлығы дерлік 11 буынды қара өлең үлгісіндегі ұйқасы шымыр төрт аяғын тең басқан туындылар. Сөзіміз дәйекті болуы үшін ақын өлеңдерінен мысалдар келтірейік.

Атаңыз ат бермеген, ас бермеген,

                                Ат беріп, ас беруді қош көрмеген.

                                Бұл Ерден, Берден қайдан оңсын,

                                Әкесі Кендірбайға бас келмеген.

                                Тай менен Досмағанбет ақылың жоқ,

                                Бір құлды осыншама қастерлеген.

                                Құлыңнан сары табан биемді әпер,

                                Кетейін бөлек жайлап басқа елменен.             

немесе:

                                Ибрахим пайғамбарым малды болды,

                                Мал біткенде жандының алды болды.

                                Жүз түйе тауға шығып құрбан қылып,

                                Жалғыз ұл Смағұлға салды қолды.

Мысалға келтірілген  шумақтардан  ақынның өлең құрылысын жетік меңгергенін көреміз.

«Ас бермеген, қош көрмеген,бас келмеген, қастерлеген, басқа елменен» деген сияқты 4 буынды ұйқас Мәтібай өмір сүрген дәуірдегі кез келген ақынның жырларынан кездесе бермейді.  Бұл Торғай ақындық мектебін өзге ақындық мектептерден ерекшелейтін құбылыс.. Мәтібай болса осы ақындық мектептің белді бір өкілі. Торғай ақындық мектебінің тағы да бір белгілі өкілі — Әбіқай Нұртазаұлы  өзінің «Өлең туралы ойлар» атты қара сөзінде өлең ұйқастары жөнінде: «Өлең көркі – ұйқас. Ұйқассыз өлең болмайды. Өлеңнің түбірі төрт жол, сол төрт жолдың мағынасы бір-бірімен қабысып келуі шарт. Ол қабыспаса өлең емес. Абайдың « бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы дейтіні де осы. Өлең ұйқасып келуі керек.» — дей келе, «Төрт буынды ұйқас – балталасаң бұзылмайтын, көкірегіңнен сызылмайтын ойлы өлеңнің көркі. Қазақтың қара өлеңі үшін жаралған ұйқас осы — төрт буын. Онсыз ұзақ жолды, шұбыртпалы ұйқасты өлеңіміз ыдырап, іріп, өлеңдік қасиетінен айырылып қалады»[5] — деп құнды пікірлерін келтіреді. Мәтібай бұл мүддеден толық шыға білген ақын. Оның өлеңдеріндегі сөздер талғамалы да таңдамалы да орындарын таба білген шебер үйлесімділіктің үлгісін көрсетеді. Ақынның ел арасына кеңінен тараған тағы да бір өлеңі «Масайраған байларға» деп аталатын толғауы.  Аталмыш толғаудың құрылысы  11 буынды қара өлеңнің 3 буынды ұйқаспен келетін «түрікпен ағымы» үлгісінде.

Табын-табын мал жиясың байеке,

                                Осы бақыт мәңгі болмас тиесі.

                                Өмір бір күн жауар бұлттай өзгеріп,

                                Біз болармыз сол байлықтың иесі…   

Бұл үлгі қазақ жазба поэзиясы дамығанға дейін сирек қолданылғанымен Торғай ақындық мектебінде жиі ұшырасады. Бұл осы өңірден шыққан Сейдахмет, Әбіқай, Күдері, Файзолла, Әлмұхаммед ақындардың өлеңдерінен көрініс береді. Аталған ақындардың бір дәуірде, бір өңірде өмір сүргенін ескерсек бұл әдеби дәстүрдің Мәтібай өлеңдерінен де көрініс табуы таңқаларлық жай емес. Қайта бұл Мәтібай ақынның аты аталған Торғай ақындық мектебінің көрнекті бір өкілі екенін дәлелдей түседі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Сыздықова Р.  18-19 ғ.ғ. қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы: Мектеп, 1984.-248 б.

2.Әубәкіров Қ. Мәтібай қажы Сарбасұлы. // Ақжол. 1992, 19 шілде.

3.Бектемісұлы Н. Ахмет ұшқан алтын ұя. Астана: Елорда, 2007 -200 б.

4.Әлмағанбет Б. Торғайдың топжарғандары. Алматы , 2005 -240 б.

5.Оспанов С. Әбіқай ақын. //  Торғай таңы. 1991, 5 қаңтар.

 

Әсем Қошан

Нұр-Сұлтан қаласы, №27 мектеп-лицейі, қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

 

Басқа материалдар   


ПІКІР ҚАЛДЫРУ