Мақал-мәтелдер туралы немесе тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

0
6065

Мақал-мәтел – ауыз әдебиетінің көне де ең мол түрі. Қазақ халқы терең ойды аядай қалыпқа сыйғызып, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» мақал-мәтелдер арқылы жинақтап берген.

Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан болып келеді. Мақал-мәтелдерде халықтың әлеуметтік, шаруашылық, рухани өмірі жан-жақты қамтылып берілген. Халық ауыз әдебиетінде мақал-мәтелдер төмендегідей топталады:

  • Төрт түлік малға, егіншілікке, аңшылыққақолөнерге байланысты мақал-мәтелдер;

  • Отанды, туған жерді, өскен елді, атамекенді сүю тақырыбындағы мақал-мәтелдер;

  • Ерлік, батырлыққа байланысты айтылған мақал-мәтелдер;

  • Оқу, өнер, білім тақырыбындағы мақал-мәтелдер;

  • Еңбек тақырыбындағы мақал-мәтелдер;

  • Ынтымақ, бірлік, татулық туралы мақал-мәтелдер;

  • Достық, жолдастық туралы мақал-мәтелдер;

  • Адамгершілік, жақсы-жаман мінез туралы мақал-мәтелдер;

  • Денсаулық, отбасы, үнемшілдік туралы мақал-мәтелдер

    Мақал-мәтелдерде поэзияға тән жинақылық, саздылық, ұйқас, ырғақтылық кездеседі. «Ел үмітін ер ақтар» деген мақал-мәтел, біріншіден, бірыңғай жіңішке дауысты дыбыстардың қатысуымен, екіншіден, «е» дауысты дыбысының қайталануымен, үшіншіден, сөздердің үнемделіп қолданылуымен ерекшеленеді.

    Мақал мен мәтелдер құрылысы жағынан сырттай ұқсас болып келгенімен, өздеріне тән ерекшелігі, яғни бір-бірінен өзіндік айырмашылығы болады. Мысалы, мақалда ой анық, тұжырымды түрде қорытылып беріледі. Ойдың салдары мен себебі қатар айтылады. Мысалы: Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады.

    Мәтелде ой тұспалды, бейнелі түрде ишарамен беріледі. Істің салдары айтылып, себебі берілмейді. Мысалы: Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ