Мамандығым — мақтанышым (эссе)

0
1922
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Ұстаз болу- жүректің батырлығы,

Ұстаз болу- сезімнің ақындығы.

Ұстаз болу мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы.

Шынында, осы өлең жолдарының мән мағынасын мұғалім болғанымда түсіндім. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Себебі ұстаз — мақтан тұтарлық мамандық. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп айтылғандай, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, жыршы ақындар да бәрі – бәрі ұстаздан білім алған. Мағжан Жұмабаев: « Алты Алаш баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп айтқандай, ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен қарайды.

Мектептің басты жүрегі — мұғалім. Мұғалім — баланың екінші ата-анасы, ақылшысы, тәрбиешісі. Баланың мектеп қабырғасынан білім мен тәрбие алып шығуы мұғалімнің еңбегі. Тек өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, баланың қабілетін, талантын ашу, шығармашылық тұлғаға тәрбиелеу – мұғалімнің басты міндеті.

«Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» дегендей, әр баланың жанына жақын сүйікті ұстаздары болады. Менің де сүйікті ұстазым болған: Жеңсікбаева Жанар апай! Ең алғаш рет ұстазымды көргенде сабаққа деген зейінім артып, осы кісідей мұғалім боламын деп ойлайтынмын. Тұла бойынан білімділікті, шеберлікті, мейірілімділікті сезіне білетінмін. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, ұстазымның теккен тері мен адал еңбегінің жемісімін.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осы мамандықты бала күнімнен армандайтынмын. Көрші-қолаң, туған-туыс балаларын жинап алып, «апай-апай» ойынын ойнап, мұғалім болатынмын. Жастық шақтағы арманым алға қойған мақсаттарымның бастауы болды. Бүгінде сол арманым-қазіргі мамандығым. Тіл. Шет тілі. Заман талабы.

Елбасымыздың міндет етіп қойған бәсекеге қабілетті мемлекет құруда шет тілін жетік меңгеріп, жас ұрпақты оқыту басты орында тұр. Міне, осымен байланысты «Үш тұғырлы тіл мәдени жобасы» Қазақстан бойынша оқу орындарында қолға алынды. Қазіргі таңда мектептерде ағылшын тілі пәні міндетті пән ретінде оқытылады. Біздің, яғни, шет тілі мұғалімдердің басты міндеті- заман талабына сай білімді де, білікті, бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу.

Шет тілін үйрету-қиын да қызықты жұмыс. Оқушылардың шет тіліне деген қызығушылығын арттыру мақсатында тиімді әдіс-тәсілдерді жиі қолданып, оқу процесін ақылдылықпен ұйымдастыра білуді талап етеді. Мысалы, ағылшын тілі пәні бірінші сыныптан бастап оқытыла бастады. Енді ғана мектеп табалдырығынан аттап, әліпбимен танысып жатқан балалардың шет тіліне деген ынтасын арттыру, қызығушылығын ояту оңай жұмыс емес.

Дегенмен, жұмыс жасау барысында былдырлап шет тілінде сөйлеп, сөздік қорлары күннен күнге жеткілікті түрде дамып жатқанына қуанып, марқайып қалатынымыз рас. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: « Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады»,-дейді. Сол себепті әр оқушымның жүрегінен «Ұлы мұғалім» болып орын алу басты міндетім!

Менің мамандығым қазіргі замандағы ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мен мамандығымды мақтан етемін.

Менің мұғалімдік тәжірибем осы №278 орта мектебінен басталды. Мектебімізде үлгі тұтар, жас мамандарға «идеал» болатын ұстаздар жетерлік. Әр ұстаздың жеткен жетістіктерін көріп, айтқан ақыл — кеңестерін тыңдап, тәжірибемді арттырып келемін. «Болдым, бәрін білемін» деп те айтуға болмайды, өйткені мұғалім үйрете жүріп, өзі де ізденіс үстінде болуы керек деп ойлаймын.

Жұмыс өтіліме үш жыл енді болса да, оқушыларым өз жетістіктеріне жетті. Түрлі республикалық, облыстық олимпиадалардан орындар иеленіп келеді. Оқушыларымыздың жетістігі — біз үшін мақтаныш. Себебі, мұғалім үшін шәкірттерінің жеңісі — еңбегінің жемісі. «Шәкіртсіз ұстаз — тұл» дегендей, өз шәкірттеріммен, жеткен жетістіктерімен мақтанамын.

«Адам өз өмірінде екі нәрсені таңдауда қателеспеу керек, біреуі — жар таңдау, екіншісі — мамандық таңдау» деп М.Мақатаев атамыз айтқандай, мамандық таңдау өте жауапкершілікті және маңызды іс.

Менің дұрыс шешімім — дұрыс мамандық таңдағаным болды деп санаймын. Абай атамыз айтқандай «Неге арналсаң, соны істе» деп, адам өмірінен өз орнын таңдағаны жөн. Бұл таңдауым жүрегімнің үнін тыңдап, мамандығыма деген махаббатымның нәтижесі деп білемін. Өз мамандығымның арқасында жас ұрпақты тәрбиелеу мүмкіндігін алып отырмын. «Ұстаздық-ұлы іс», бұған лайық болу — үлкен абырой, басты борышым деп білемін.

«Жүрегің қалаған мамандықты қажеттілік бойынша емес, өзіңе ұнауы бойынша таңдауға не жетсін?» (Али Апшерони) Аллаға шүкір! Осы сәтте, «Мен мұғалім болғаныма мақтанамын!» деп бүкіл әлемге жар салғым келеді.

 

Қуандықова Асылзат Абдуллақызы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ