Мұқағали Мақатаев өлеңдері

0
30068

«Қырғи жолдас бола алмайды кептермен,
Себебі ол кептер етін жеп көрген.
Қой қоралас бола алмайды қасқырмен,
Қасқырдан ол көресіні көп көрген.
Көбелектер бірге ұшпайды кептермен,
Кептерлер де көбелекті жек көрген.
Мьісықтармен ойнамайды тышқандар,
Ойнаймын деп омақасып текке өлген.
Тіршілікте тамақты кім жек көрген.
Қу тіршілік соныменен шектелген.
Қыбыр тауып, торғай жұтқан жыланды,
Ебін тауып, құмырсқалар бөктерген» —
Дейтін еді,
Дейтін еді қарт ақын,
(Өзгелерге кінәні көп артатын)
Оңашада шарап ішіп екеуміз,
Өзі менен шылым сұрап тартатын.

***

Tay дейтін алып жүрек Ана туған
Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Киіктің сүтін емін ержеткенмін
Қуат алып қыранның қанатынан
Мен таулықпын
Таудан мен жаратылғам.
Бұлт бүркеніп, жай отын ала туғам
Күн алғашқы сәулесін маған шашып
Маған келіп түнейді қара тұман.
Тау ұлымын
Тау — менің дәу бесігім
Мен оның әуресімін, сәулесімін.
Асқар шыңдар желпиді бесігімді
Бір орамын ағытып сәлдесінің.
Мен — таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Тау деген Ана туған дара тұлғам
…Тауға барып
Көкке ұшып кетсем бе екен
Ұстап алып қыранның қанатынан

***

Отырғанын қарашы күйім келмей,
Қайда кеттің?
О, Муза! Құйын желдей.
Аузымды ашсам өкпемнен жел үреді,
Қаңыраған иесіз диірмендей.
Мұздатады жанымды бұйым көрмей.
Жел үреді желпініп, көрік-кеудем,
Күйім келмей отырмын неліктен мен?!
О, Муза!
Қайдасың сен желік берген?
Жалын мен отқа ғана ерік берген
Серігім, қайдасың сен сеніп келген?
Дәптер жатыр парағы аударылмай,
Аударылмай шынымен қалғаны ма-ай!
Ойлар жатыр еңсемді бір көтертпей,
Тонна-тонна қорғасын салмағындай.
О, Муза!
Әуреге салғаның-ай!
Күтемін сенен үміт, сенен жігер,
Қисаң маған, биік пен тереңді бер!
О, Муза!
Маған алыс сөреңді бер!
Ғайыптан кел де, мені демеп жібер.

***

Өкінбеймін
Өшем деп өкінбеймін, жыламаймын,
Жыласам да жұбат деп сұрамаймын.
Қыранның құдіретін қимасаңдар,
Қайтейін, тағдырын бер құралайдың.
Тағдырын бер, тағдырын құралайдың,
Қашан атып алғанша құламаймын.
Сусындатып тұп-тұнық тау бұлағы,
Жанарымда жайнаған тұнады айдын.
Сайраңдаймын сайларда, қырды асамын,
Сыңсыған ну орманмен сырласамын.
Қарауылға ілексем, ілігейін,
Құзғынға ұқсап келмейді мың жасағым.
Өшем деп өкінбеймін, қайғырмаймын,
Өткен өшті.
Енді оған қайрылмаймын.
Қыран да, құралай да болмақ емен,
Атымнан адам қойған айрылмаймын. …
Арпалысып жүргенде өмірменен,
Қай-қайдаға әкетпес көңіл деген.
Өлсем өлем, өзімнің жерімде мен.
Қалсам қалам, өзімнің елімде мен!
Жыламаймын, сондықтан көңілденем.

  ***

Мінез
Кезімде қадірімді сезбес мынау,
Бекер-ақ, қарғам, маған кездестің-ау
Келмеске әлдеқашан аттандырған,
Керемет күндеріммен кездестім-ау!..
Жаныма салдың менің төзбес тұмау
Қарғам-ай, қалай десем айта аламын,
Жалған-ай, қарай берсем, жай табамын.
Арман-ай, қалай келсем қайтарамын?
Қалай десем лаулайды қайта жалын?
Қайталағым келеді, қайталағым…
Көңілімнің сыбырлап көк құрағы.
Аққуы ұшқан ақ айдын көп тұнады.
Солтүстікке жылы ағыс жетті ме екен?’
Бір жылы ағыс сен жақтан бетке ұрады,
Бетім тосқым мен оған кеп тұрады.
Суынбасам, шіркін-ай, суынбасам!
Суытатын суыққа ұрынбасам.
Мұз болса да жүрегің ерітер ем,
Сәл кешірек сен менен туылмасаң,
Сәл ертерек сенен мен туылмасам…

***

Күн қайда асығады?!
Нендей күш күннің нұрын жасырады?!
Қызарып соңғы сәуле шашырады.
Күн түйе алмай барады шашын әлі.
Несіне асығады?!
Көкжиекке ымырт кеп асылады,
Түн келіп, дүниені басынады.
Күн неге асығады, асығады?!
О, жарық дүнием-ай!
Қуатым-ай!
Несіне асығасың, тұра тұрмай.
Өмірді басқа арнаға бұратындай.
Түннен қорқам…
Мәңгілік тұратындай.
Тоқташы!
Тоқтай тұршы, қуатым-ай!
Білмеймін асығатын Жер ме, Күн бе?!
Белгісіз, не күш мені тербетуде?!
Қара жер қашан өткен күнді айналып?!
Қозғалмай-ақ тұрмын ғой жер бетінде.
Жетпедім ұшығына күнде ойланып,
Жер қайда асығады, күнді айналып?!
Тірлікте қара түннің керегі не,
Кетпей ме онан-дағы күнге айналып.

***

Фаризаға
Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?…
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
…Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім…
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,
Жия бергім келеді, жия бергім.
Маңдайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!
Кеп тұрады тілегім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсең де қаншама мынды-мыңға…
Айналаға қарайық анық барлап,
(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ),
He туралы жырласақ, Фариза-қыз,
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап.
Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтен табылармыз…
 
***
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»
Әйтеуір қазбас былық-шылығымды.

Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз онын, бәрін пешенеден.
Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе —
Көшеді өлең немесе өшеді өлең!

Қулары, таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар, біздің үйдің кірпіші дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер!?

***
Осылай болған ,
осылай болады,
осылай тағы болады.
Уақытты ұстап тұратын құдірет жоқ әлі.
Осылай күз кеп,осылай боран соғады.
Қарашы күнге,әуелі өрлеп жоғары
Қүлдилап барып,көзіңнен ғайып болады.

Қамықпа,жаным,
қайдағыны еске салмашы,
Сескене берме
селт ете қалса тал басы.
Сені мен біздер осынау дастан-өмірдің
Жалғанда бітпес жалғастарының жалғасы.

Өтіпті көктем,өтіпті жаз да,
Несі айып!?
Күз кепті,міне,
Қырға жүр,қырман басайық.
Сары таңдардың самалын жұтып ,салқитып,
Салтанатты бір сабан тойларын жасайық.

***
Сатқан емен.
Сатпаймын дінімді мен,
Өлмейтұғын, өшпейтін күнім білем.
Алла есімі – жүрегім жұдырықтай,
Жүрегімнің соққанын біліп жүрем.

Мұхаммедтің үмбеті – мұсылманмын,
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.
Алсын Тағалам, ант етем, ант етемін,
Алла есімін кеудемнен ұшыраған күн!

Алла – ақиқат.
Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен!

***
ТАБЫТ YHI

Meн сені сүйгем
Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.
Ақ сәулең сенің аймалап мені,
Жарық Күн,
Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.

Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,
Сезгемін, білгем,
Мен үшін бір күн тынарын.
Тастама мені,
Тастама мені, Шырағым!
Шуағың түссін,
Шөп болып, мейлі, шығамын.

Қомағай көңіл құмартып өткен әр неге.
Тірлікте сонау түскемін талай әуреге.
Кешкен өмір де,
Көрген бақыт та, барлығы,
Жетпейді екен ғой,
Бір күндік сенің сәулеңе.

Бір күндік сәуле…
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек — қапасқа қалай кетемін.
Келмейді-ау тілім…
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін.

Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі — бөтен ғой,
Өмір дегенің — бір күндік Сәуле екен ғой!..

Тамшыдай ғана, нұрына міне, зарықтым.
Өмір осы екен, сырына міне, қанықтым.
Жаса сен Мәңгі!
Жаса сен Мәңгі!
Жарық Күн!

… Табытпын, табытпын, табытпын…

***
Махаббатым өзімде
Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде,
Білмеймін,сүйдім бе мен,сүймедім бе…
Жастықта жалын атып сүйсем егер ,
Түспес ем дәл мынадай күйге мүлде.

Мен нағыз махаббатты армандаймын,
Оны мен жоғалтып та алғандаймын,
Ақ қаздар арасынан аққуымды
Ажырата білмеген сормаңдаймын.

Өтінем сенен ғафу,асыл жарым,
Көрсетпе тарпаң мінез,тасынбағын.
Сен менен от іздеме,құрмет ізде,
Өртеніп жаңа-жаңа басылғамын.

***
— Туған жерің?
— Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың.
— Туған жылың?
— 1931. Құрдасымын Шәмілдің.
— Жынысың кім?
— Еркекпін ғой, еркекпін!Және-дағы тәуірмін…
— Партияда барсын, ба?
— Жоқпын.
Бірақ, коммунистік көзқараспен қараймын.
— Шыққан тегің?
— Шаруамын.
Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
— Білімің ше?
— Орташа ғой.
Алайда өзім жоғарыға балаймын.
— Ана тілің?
— Қазақша.
Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.
— Қайда істедің?
— Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал.
Оқымаған, дипломсыз демесең,
Бір басымнан бар мамандық табылар.
— Міндеттісің бе әскерге?
— Міндеттімін.
Біздің әлі жас кеуде.
Жауынгердің ұлымын ғой,
Жанын қиған Мәскеуге.
— Сөгіс алып көрдің бе?
— Ол жағынан періште едім дей алмаймын
Мен мүлде.
Ойлы-қырлы бүл өмірде болады ғой мүлт кету,
Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де…
— Шетелдерде болдың ба?
— Болғамын жоқ.
Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.
Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен,
Осы отырған орнымда-ақ.
— Мекен-жәйің?
— Мекен-жәйім — жер менің.
Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгемін!
***
О, Махаббат!
Сен әлі тірі ме едің!?
Көзімнен ғайып болған күнім едің,
Гүлім едің…
Елтіген түнім едің,
О, Махаббат!
Сен әлі тірі ме едің!?
Мен сені ұмытқамын.
Жылытқаның есте жоқ суытқаның.
Суып қаным,
Жинағам құрып халім,
Жығылған отауымның уықтарын.
Содан бері мен сені ұмытқамын.
О, Махаббат!
Сен әлі тірі ме едің?!
Тірі ме едің…
Мен де енді тірілемін!
Ақ періште, алдыңа жүгінемін,
…Қолдай гөр ғашықтардың пірі мені
***
Тay бір аңыз,
Тау — дастан.
Таусылмаған әу бастан.
Тоқтап қалған керуен,
Бір-бірімен жалғасқан.
Жетер жерге жеткенде,
Керуенші кеткенде,
Шығыс пен Батысты,
Жалғастырып шөккен бе?
Бұлттан бұйда тағынып,
Көктен көрпе жамылып,
Таулар жатыр аңырып,
Сапарларын сағынып.
Жетер жерге жеткесін,
Мәңгілікке шөккесін!
Оятпаңдар, байқаңдар!
Таулар тұрып кетпесін,
Тау бір аңыз,
Тау — дастан.
Таусылмаған әу бастан.
Ана — Жердің төсіне,
Алып сәби жармасқан.
***
Сен де кеттің,
Мен де кеттім,
Ол да кетті ауылдан.
Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау,қауымнан!
Ұят болды-ау,
Ұят болды-ау,
Ұят болды-ау, бауырлар!
Момын жұрттың, арқа сүйер,
Азаматы біз едік.
Тұлпарлардан, тұғырлардан,
Қалған бір-бір із едік.
Біз де кеттік,
Басқа жаққа бетімізді түзедік.
…Естимісің, құлақ түрші,
Қырдан ескен самалға.
Сәлем айтып жатыр ауыл,
Саған, оған, маған да.
Телеграф сымы тұрған сүйеніп ап бағанға.
Көремісің,
Заңғар таулар жаулықтарын бұлғайды,
Шақырады Ақбас шалдар,
Сыбызғы етіп қурайды.
Еске салып, қайтқан құстар
Елдің жырын жырлайды.
Күте-күте,
Көзі талып,
Күн сарғайып батқандай,
Күте-күте,
Жұлдыздардың жанары да аққандай,
Зират екеш зираттар да,
Бізді жоқтап жатқандай…
Момын елдің,
Арқа сүйер,
Азаматы біз едік,
Жеке-жеке бақыт іздеп,
Жеке өмір түзедік,
Жетер енді!..
Туған жердің топырағына тізе бүк!



ПІКІР ҚАЛДЫРУ