Өнегелі өмір- ұрпаққа ұлағат

0
1091

         Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбеков 1931 жылы 1 наурызда Түркістан облысы, Қызылсу ауылында дүниеге келді.

1949 жылы Шымкенттегі №7 мектепті алтын медальмен бітіріп, В.М. Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің механика-математика факультетіне оқуға түседі. Университетті 1954 жылы бітіргеннен кейін Шымкенттегі Қазақ технологиялық институтының математика және механика кафедрасының оқытушысы, механика факультетінің деканы қызметін атқарады.

1961 жылы ол Мәскеу тоқыма институтының аспирантурасын бітіреді де осы жоғары оқу орнында оқытушы болады. Келесі жылы «СТБ тоқыма станоктары торсианды соққы механизмінің кинематикасы мен динамикасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды.

1962-1964 жылдары Қазақ политехникалық институтының доценті, кафедра меңгерушісі, оқу ісі жөніндегі проректоры болып қызмет істеді.

1972 жылы «Жазық рычагты механизмдер теориясы» тақырыбында диссертация қорғады.

1970-1986 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болды.

Осы жылдары Өмірбек Арыстанұлының тікелей басшылық етуімен университет қалашығы кешенінің ғимараттары салынды. Ол ҚазМУ-да машиналар механикасының ғылыми-зерттеу лабораториясын ашып, студенттер мен оқытушылардың ғылыми ізденістерінің нәтижелері негізінде макеттер мен үлгілер жасайтын Тәжірибелік эксперименттік завод және робототехника бойынша республикалық оқыту-зерттеу орталығын ашты. Алматыда механизмдер және машиналар теориясы Бүкілодақтық семинарының қазақ филиалын ұйымдастырды [1].

«…Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ зиялыларының арасынан Өмекеңдей көксеңгірді жыға танымау таусыла таңғалмау, айрықша бағаламау мүмкін емес. Сонау Оңтүстік Қазақстанның шалғай бір ауылында туып-өскен, арқа сүйер ешкімі жоқ жетім бір құдайға сосын өзінің біліміне сеніп, Ломоносов атындағы Мәскеу тоқыма институтының аспирантурасын тәмамдаған соң, сол институтқа қалдырылуы ондағы оқытушылар мен профессорлардың жас ғалымға деген үмітінің бөлек болғандығын көрсетеді. Өмағаңның өзі еске алып отыратынындай, кісі еліндегі сұлтандықтан, өз еліндегі ұлтандық ілгері еді. Оны ол іспен дәлелдеді. Оған мына жолдар куә:

— Қазақ политехникалық институтының доценті, кафедра меңгерушісі, декан, оқу ісі жөніндегі проректоры;

— әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің 1970-1986 жылдардағы ректоры;

— Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының механика және машинатану институтының директоры;

— Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының тұңғыш президенті;

— Алты дүркін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты;

— Республикалық Саяси еңбек партиясының негізін қалаған әрі тұңғыш төрағасы;

— Халықаралық Инженерлік академияның бірінші вице-президенті…» [2].

         «Адам — бір жұмбақ, оны да ойла», — деп Абай атамыз айтқандай, жұмбақтың шешуі неғұрлым қиын болса, ол соғұрлым қызық, қараңызшы, Өмірбек Арысланұлы алмаған асуы бар ма?!

— Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі;

— Халықаралық Инженерлік академияның академигі;

— Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;

-В.Г.Шухов атындағы Ресей, әл-Хорезми атындағы Ирак халықаралық алтын медальдардың лауреаты;

— Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері…

Екінің бірі бөлене қоймаған абырой, атақ осындай-ақ болсын! Өмағаңның өкшесін басып, ізін қуған ардақты інісі Мырзатай Жолдасбеков айтқандай, дүние жүзіне аты мәлім, инженер-механик, ғалым, жоғары мектепті ұйымдастырудың талантты шебері, даңқы асқан, дарыны бөлек дара тұлға.

 Ал қалдырған ізі қандай? Енді соған зер салыңыз:

— 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде:

— 18 монография, 3 оқу құралы, 120 авторлық куәлік пен шетелдік патент бар;

— ол машинатану жөніндегі тұңғыш терминологиялық сөздік жасады;

— Ол университеттер мен басқа да жоғары мектептер үшін механизмдер мен машиналар теориясы туралы және теориялық механика жөнінде қазақ тілінде тұңғыш оқулықтар жазды;

— ол 24 ғылым докторын, 100-ге тарта ғылым кандидаттарын даярлады.

Бағалай білсек, қадіріне жете алсақ, осынау ұлан-ғайыр еңбек елдің өлшеусіз байлығы. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» Өмірбек Арсылан­ұлы, «шідер үзген шын сүлей» деп таныған эпик суреткер Әбіш Кекілбайұлы жазғандай, ол — «Қазақ рухының нағыз Геркулесі еді. Оның қалдырған мұрасы әрідегі әл-Фараби мен берідегі Қаныш Сәтбаевтар асқақтатқан асқар биіктер сеңгірін аласартпай жалғастырып, оның көрсеткен өнегесі келешек ұрпақтар алар асқар асуларға қарай қаймықпай қанат қағар арман құсы боп алға самғай бермек». Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалдырған, біліммен бірге біліктілікті, іскерлікті, қайтпас қайсарлық пен қажырлылықты қажет ететін еңбек жолын бір шолып шығыңызшы.

Өмірбек келгенге дейінгі 20 жыл бойына талай саққа жүгіртілген университет қалашығын салу мәселесі күн тәртібіне қойылып, жаңа аймақ таңдалды. Қалашықтың бұрыңғы жоспарларында профессорлардың сәнді үйлері мен сән-салтанат нысандары құрылыс қаржысын тым шарықтатып, Мәскеудегі мемлекеттік жоспарлау комитетінде санатқа еніп, ақша бөлінбей келген екен. Құрылыстың осы көргеннің көзін тойдыратын артық-ауыстары мен профессорларға арналатын коттедждерін құрылыс жоспарынан шығарып, республика қаржысына салуға бейімдепті.

Оның үстіне ректорымыз басқа да әрекеттің жөнін тауыпты. Мәскеуде бір кезде оқып, анда-санда кездесіп жүретін Асқар Қонаев арқылы Димекеңе жолығып, бұл мәселенің шешімін тездетуге жағдай жасады. Иә, Димекеңнің қабылдауында болғанда республиканың маңдайына басқан жалғыз  университеттің жай-күйін Мәскеу университетінің деңгейіне көтеруге жағдай жасау мәселесін жан-жақты түсіндіріп, ол кісіні республика абырой-беделін өсіре түсуге бұның өте ыңғайлы қадам болатынына сендіріп, әрі ықыласын аударып, қаржыны молырақ бөлдіруге қол жеткізіпті дегенді естіп жүрдік.

Ешбір айғай-шуға ілікпей Тимирязев көшесіне қарайтын беттен көсілтіп төрт қабатты заң, одан өте 15 қабатты әкімшілік ғимаратын, онан әрі филология, тарих, журналистика, одан әрі бес қабатты биология факультетінің корпустары пайдалануға берілді. Бұдан соң әл-Фараби даңғылын жағалай студенттердің он бес шақты жатақханалары салынды. Оқу корпустары мен жатақханалардың батыс жағында шаруашылық ғимараттары жұмыс істей бастады. Осының бәрін Өмірбектің өзі басы-қасында жүріп прораб сияқты өз көзінен өткізді. Мұндай «шаруақорлыққа» достары қуанса, қайсыбірі іштерінен тынды. КазГУ-дің даңқы бұрыңғыдан да асқақтай түсті [3].

Егер осы тұста әңгіме желісін әлемдік өркениет дамуына ерекше үлес қосар техника ғылымының бір ғана тармағы мәшинетану жағынан өрбітіп, оның ішінде мәшинелер мен механизм теориясын жасауға бұрар болсақ, өткен ғасырдағы сол отандық ғылымның басында Өмірбек Жолдасбековтің тұрғаны хақ. Мұның өзі ғалымның көрегендігімен қатар, әлемдік деңгейдегі оқымысты екенін де дәйектейді. Ол: «Бүгінгі таңда әлемдегі кейбір алдыңғы қатарлы елдерде техниканың барынша дамығаны соншалық — оған жер жүзі ғалымдарын елең еткізерліктей, назарын аудартарлықтай аса құнды жаңалық енгізу мүмкін емес» деген пікірді өзінің жоғары класты механизмдер теориясын жасау арқылы жаңа ілім ашып, практика жүзінде жоққа шығарды. Бұл бүкіл дүниедегі осы саланың марқасқаларынан қолдау тауып, абырой-беделін өсірді [4].

Өмірбектің басшылық, ұйымдастырушылық, ғалымдық — ең бастысы азаматтық бітім-болмысы, тұлғалық қасиеті осы университетте істеген жылдары жетіліп шыңдала түсті. Жұбайы Майя Михайловнаның естелігінен:

— Ол кісіге, ол кісінің адамдық, жұбайлық келбетіне алғысым шексіз, тіпті қарыздармын. Өз-өзін аямайды. КазГУ қалашығы салынып жатқан кезде, іссапардан оралғанда, әуелі үйге соқпайды, «Мен жоқта қанша кірпіш қаланды? Жұмыс қалай жүріп жатыр?» деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, бірден КазГУ қалашығына тартатын. Құрылысты өз көзімен көргеннен кейін ғана барып, үйге оралатын. Ғылымның игілігі үшін, қазақ жастарының келешегін ойлап, өз мамандығы бойынша механика терминологиялық сөздігін жасады, оқулықтар аударды.Өйткені, ол кезде Кеңес өкіметінің тұсында жоғарғы оқу орындарында дәріс тек орыс тілінде жүретін еді ғой. Экзамен қабылдағанда да орысша білмейтін қазақ жастарына жеңілдік жасап, пікірлесу сияқты жеңіл-желпі түрмен қабылдайтын. Өмірбек ұлттық кадрды қалыптастыруға да өзіндік үлесін қосты. Әрбір зиялының міндеті, тіпті, зиялылықтың үлгісі, белгісі — шәкірт тәрбиелеуде! Ұстаз деген ардақты атқа ие болуда! Өмірбек — ұстаз! [5].

Мен оны жуырда ғана теледидардан көрген едім. Бұйра шашты, палуан денелі, келісті келген кісі екен. Университеттің болашақ қалашығы туралы сөйледі. Қызыққаным соншалық «Шіркін, соның құрылысын жүргізер ме едім» деген ой туған еді. Енді міне сол  Жолдасбековтің өзі шақырып отыр. Мұндай мүмкіндіктің екінші рет қайталанбасы анық.

Жолдасбековке өзімді таныстырдым. Жылы қабылдады. Тұла бойымды көзімен бір шолып шықты да, алдыңдағы орындықты ұсынды. Менің қайда оқығанымды, қандай қызметтер атқарғанымды алдын ала біліп алса керек. Ол жағын тәптіштеп сұрап жатпады. Әңгімесін университетке жаңадан қалашық салуға Мәскеуден рұқсат алғанын, қала басшылары тау бөктерінің етегінен жүз гектар бөлгенін, жаңадан «Университетстрой» тресінің құрылғанын айта келіп:

— Ал Тарас бауырым, менің құрылыс жөніндегі орынбасарым болуға қалай қарайсың? – деп жүзіме қадала қарады. Қос жанары от шашып тұр.

—  Өмірбек Арысланұлы, мұндай қалашықты салу әр инженердің арманы ғой, — дедім езу тартып.

— Айлық еңбек ақыңның қанша болғанын қалар едің?

«Сыны ма, шыны ма?». Ішкі ойыммен арпалысып аз ғана  кідірдім.

— Оны өзіңіз біліңіз.

— Екі жүз елу сом берсем жете ме? Егер өз міндетіңді мінсіз атқарасаң, университеттің ғылыми жұмыстарға бөлінген қаржысынан тағы елу сом қосамын.

Мен жақ ашпадым. Оның бір сөзді жан екені көрініп тұр. Сол кезде үш жүз сом еңбек ақыны министрдің орынбасары алатын. Өмекең сөзін жалғады.

— Әзірге астыңа қызмет көлігі берілмейді. Бірақ кейіндеу болады.

— Ол алдындағы қағазын столдың тартпасына салды. Әлдене есіне сап ете қалғандай басын шұғыл көтерді. — Пәтерің бар ма?

— Екі бөлмелі жайым бар.

— Университет қызметкерлеріне үй де саламыз. Содан отбасыңа қанша бөлмелі пәтер тиесілі болса, соншасын аласың.

«Жақсы сөз — жарым ырыс». Ішім жылып қалды.

Ел басына күн туған 1986 жылы Колбин де Жолдасбековті «халық жауы» еткісі келді. Бірақ, оның айла-әрекетінен түкте шыққан жоқ. Қайта Жолдасбеков халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Парламентке депутат етіп сайлады.

«Бұл — Жолдасбеков салдырған университет! Ел санасына осы сөз әлдеқашан сіңіп кеткен. Санаға сіңгенді енді өшіру мүмкін емес. Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» [6].

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Өмірбек Жолдасбеков. Өнегелі өмір//Қазақ университеті 2011. — 7 б.
  2. Әбдірайымұлы С. Жақсының бір кісіге дегені — мың кісіге. «Алматы ақшамы» газеті. — 2001. — №24.
  3. Жаманқұлов М. Қолда бар алтынның қадірі жоқ…. «Өркен» газеті. — 1990. — №12.
  4. Кәкішев Т. Өмірбек өнегесі. «Егемен Қазақстан» газеті. — 2011. — №62.
  5. Б. Жұмағұлов. Тұлғаның ғұмырлық формуласы. «Қазақстанның ғылымы мен жоғары мектебі» журналы. — 2003. — №6.
  6. Жалғабаев А. Тұлғаны тану — халық міндеті. «Заман Қазақстан» газеті. — 1999. — №12.

Ә.А. Әлім, А.Т. Кундахбаева
Әл — Фараби атындағы ҚазҰУ, аға оқытушы
Г.Т. Майкотова
Әл — Фараби атындағы ҚазҰУ, ф.ғ.к., доцент

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ